«Түлкібастан өтсең алманың иісі бұрқырап, жан сарайыңды ашады-ай», дейді Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, атақты қаракөл елтірісінің әлемде сирек кездесетін алтын-сұр сұрыпының дүниеге келуіне өлшеусіз еңбек сіңірген ғалымдардың бірі, ұзақ жылдар Оңтүстік-Батыс ғылыми-зерттеу институтының тізгінін ұстаған, бүгінде Алматыдағы ауыл шаруашылығымен айналысатын ірі институтқа басшылық жасап отырған Әбдірахман Омбаев.
Ғалым ағамыз Шымкентін сағынып қалыпты. Облыста не істеліп жатқандығын, облыс әкімінің жұмысын бес саусақтай біліп отыр.
– Бейбіт Бәкірұлы облысқа өлшеусіз инвестиция әкеліп жатыр. Бұл Елбасының әкімдерге қойып отырған басты талабы, елдің өркендеуіне салынып жатқан мол қаржы. Шикізаттан түсетін табысқа малданбай, өндіріс орындарын іске қосатын мол мүмкіндік. Облыста оншақты индустриялық аймақ бар екен. Көрерсің, елдің келешегі сол өндіріс орындары болады, – дейді.
Біреу сөзіңді сөйлеп жатса ауызыңды ауыртудың жөні жоқ. Алматыдағы ағайын Оңтүстіктің әлеуетін тайға таңба басқандай айтып жатқан соң облыс әкімінің өңірдің даму болашағына жасаған жоспарын ой елегінен өткіздік. Оңтүстік – аграрлы облыс. Мемлекет үшін елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту, соған орай іс-қимыл жасау бірінші кезектегі міндет болып табылады. Бейбіт Атамқұлов жыл басында облыста осы күрделі мәселені шешудің бес бағытын ұсынған.
Облыста ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті өте үлкен. Сондықтан, бұл салаға жаңа технологияларды енгізіп, келесі бесжылдықта саланы дамытуға ерекше көңіл бөлінетін болады, – дейді облыс басшысы. Яғни, ауылшаруашылық саласын реформалаудың негізгі бес бағыты жүзеге асырылатын болады.
Бірінші бағыт – суармалы жерлердің жағдайын жақсартып, жаңадан суармалы жерлерді айналымға қосу. Су ресурстарын басқарудың мемлекеттік бағдарламасы аясында алдағы 5 жылда 500 млрд. теңгеден астам қаржы қарастырылып отырса, оның бестен бір бөлігі осы өңірге бөлінбек.
Соның нәтижесінде, Мақтарал мен Шардара аудандарында 512 тік дренаж қалпына келтіріледі. Облыс бойынша 7 мың шақырымға жуық қашыртқылар мен 3,4 мың шақырым каналдар жөндеуден өткізіледі. Сондай-ақ, 525 мың гектар суармалы жерлердің жағдайы жақсартылып, жаңа 12 мың гектар айналымға қосылады. Бұл жұмысқа мемлекет қаржысынан басқа, халықаралық қаржы ұйымдарынан инвестициялар тартылмақ.
Екінші бағыт – фермерлерге төмен пайызбен берілетін несиелердің көлемін арттыру. Мәселен, осы жылы «Максимум» АИО арқылы бұл салаға 10 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінуде. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 45 пайызға өскен.
Үшінші бағыт – бұл заманауи техниканың тапшылығы. Шағын фермерлердің әрбірінің жеке трактор немесе комбайн алуға шамасы жете бермейді. Бұл проблема кооператив арқылы шешілмек. Жаңа заң аясында бүгіннің өзінде облысымызда 8 кооператив құжаттарын тіркеуге тапсырды, тағы 10-ы әзірлеуде. Алдағы 3-4 жылда әрбір ауылдық округте кооператив құрылады. Осы кооперативтерге қарасты машина-трактор стансалары ашылатын болады.
Төртінші бағыт – ауылшаруашылық саласына ғылым жетістіктерін көптеп енгізу. Бүгінгі таңда ғылыми негізсіз ауыл шаруашылығы бәсекеге қабілетті бола алмайды. Ғылымның, жаңа технологияның көмегінсіз бұл саладағы бизнестің қаупі өте жоғары. Өсімдік қорғау, ветеринария салаларында алдын алу шаралары қабылдануы қажет. Сол себепті, фермерлерге дер кезінде кеңес беру мақсатында арнайы орталық жұмыс істейтін болады. Әрбір ауданда сол ауданның ерекшеліктерін ескере отырып кәсіпкерлік мектептерінің базасында фермерлерге ғылыми консультациялық қызмет көрсететін орталықтар ашылмақ.
Бесінші бағыт бойынша әрбір ауданның әлеуеті мен климаттық ерекшеліктері зерттеліп, 2020 жылға дейінгі нақты индикаторлары бекітілді.
Яғни, әр ауданның басым бағыттары айқындалды. Мәселен, таулы аудандарда интенсивті бау шаруашылығы қолға алынады. Ағымдағы жылы Қазығұрт ауданында 1800 гектарға жаңғақ, 300 гектарға алма бауларының жобасын іске асыру басталды. Төлеби мен Түлкібас аудандарында 1200 гектарға алма бауы жобалары жинақталып, қаржыландыру мәселесі шешілуде. Түлкібас ауданында екі жеміс-жидек өңдеу цехы іске қосылып, индустриялық аймаққа тағы 4 жоба орналастырылды. Бұл аудандарда бау және оны қайта өңдеу кластері құрылатын болады. Таулы аудандардың тағы бір басым бағыты – сүт өндіру және өңдеу саласы. Төлеби ауданында қосымша 20 мың тонна сүт қабылдауға «Фудмастер» зауытының қуаттылығы жетеді. Түлкібаста соңғы технологиямен жабдықталған жаңа жоба іске қосылатын болады. Қазығұртта сүт ұнтақтарын өндіретін жоба мақұлданып отыр. Қайта өңдеу қуаттылығы жеткілікті болғандықтан, сүт кластері Сайрам ауданында да қолға алынбақ. Мақтарал ауданында мақта шаруашылығын дамыту қайтадан қолға алынбақ. Бүгінде қолда бар мақтаның 30 пайызын жергілікті тоқыма фабрикалары игеруде. Құрылысы жүріп жатқан фабрикалар іске қосылғанда мақтаның тапшы болу қаупі бар. Сондықтан, 2016 жылдан бастап, мақтаның егіс алаңы ұлғайтылмақ. Биыл 2,5-3,0 млрд. теңге қаржы осы салаға бағытталады. Су мәселесімен, техниканың және ұрықтық шиттің тапшылығы проблемаларын шешумен арнайы топ жұмыс жүргізуде.
Ағымдағы жылы дренаждарды қалпына келтіру бойынша халықаралық қаржы институттарының есебінен ірі жоба басталмақ. Бұл салада да кооперативтердің маңызы өте жоғары.
Бүгінде республика бойынша жылыжайлардың 46 пайызы Сарыағашта. Дегенмен, бұл жетістікті әрі қарай арттыру қажет. Сарығаш – жабық және ашық топырақта көкөнiс өндiретін нағыз «фабрикаға» айналуы тиіс. Оған ауданда толық мүмкіндіктер бар. Ол үшін ең алдымен, диқандарға қолдау көрсетуіміз қажет. Диқандар өз өнімін республикаға шығару үшін жағдай жасалуы керек. Мысалы, өнім алыс жерге жету үшін – ол өнім бұзылмауы тиіс. Сол себептен, біз Сарыағаш ауданында көлік-логистикалық орталық құруды жоспарлап отырмыз. Бұл орталықта диқандар өз өнімін сақтай алатын болады. Және қысқа дейін сақтап, қыс кезінде жоғары бағамен сатуға мүмкіндік алатын болады. Демек, пайдасы да еселеп артады.
Сырдың бойындағы суармалы жерлерді одан әрі ұлғайтып, істен шыққан су жүйелері қайта қалпына келтіріліп, Шардара, Отырар аудандары мен Арыс және Түркістан қалалары аумақтары жүгері мен көкөніске бағытталатын болады. Жаңа бағдарлама аясында бұл өңірде 80 мың гектарға жуық жаңа жер қосылып, 20 мың гектардан астам жердің су жүйелері жаңғырмақ. Бұл аймақтың ерекшелігі – көрші елдерден су мәселесінде тәуелсіз боламыз. Ал Ордабасы ауданында жүгері өндірісіне басымдық беріледі. Бұл аудандарда мал азығы дамитын болғандықтан, мал шаруашылығына да көңіл бөлінетін болады. Шаруаның өндірген өніміне сұранысты тұрақтандыру мақсатымен Отырар ауданында 100 мың тоннаға жүгері өңдеу зауыты жобасын іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Өндірілген көкөніс өнімдерін нарыққа шығаруға Шымкент қаласында құрылысы жүріп жатқан және Түркістан қаласында жоспарланып жатқан көлік-логистикалық орталықтар оң әсерін тигізетін болады. Созақ, Бәйдібек аудандарында мал шаруашылығына басымдық беріледі. Ағымдағы жылы Бәйдібек ауданы индустриялық аймағында қуаттылығы 20 мың тоннаны құрайтын ет комбинаты жобасы мақұлданды. Бұл жоба шаруаның өндірген етіне сұранысты тұрақтандырып, ірі қара мал шаруашылығын дамытуға жол ашады.
Өндірілген өнімге, яғни түйенің еті, жүні, сүтіне сұраныстың аздығынан түйе шаруашылығы дамымай отыр. Осы бағытта жұмыс жүргізіп, шетелдік инвестормен бірлесіп Түркістан индустриялық аймағында ірі түйе сүтін өңдеу зауыты жобасын іске асыру жоспарлануда. Іске қосылғанда бұл экспортқа бағытталған өндіріс болмақ. Сол аймақтағы аудандардан (Түркістан, Арыс, Отырар, Созақ) түйе сүтін жинау пункттері ашылатын болады. Бұл жобаның аясында, алдағы жылдары түйе жүні мен етін өңдеу өндірістері де зерделенуде, дейді өңір басшысы.
Оңтүстік Қазақстанда орталықтандырылған ауыз сумен 8 қала мен 596 ауылдық елді мекен қамтамасыз етілген. Көрсеткіш қалалар бойынша – 92, ауылдық елді мекендер бойынша 71 пайызды құрайды. Жалпы, орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы республикада 4-орынды иеленіп отыр. Жоспар бойынша 2020 жылға дейін орталықтандырылған сумен қала тұрғындарын – 100 пайыз, ауыл тұрғындарының 80 пайыз қамтамасыз ету жоспарлануда.
Ал өңірді табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында Елбасымыздың тікелей қолдауымен «Бейнеу-Бозай-Ақбұлақ» магистральды газ құбырының құрылысы жүргізіліп, облысымыздың бірқатар аудандарын табиғи газбен сапалы қамтамасыз етуге мүмкіндік жасалынды. Осы бағытта Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Отырар, Бәйдібек, Ордабасы, Созақ және Сайрам аудандарына табиғи газ жеткізу үшін 7 автоматтандырылған газ тарату стансасы құрылысы жүргізіліп, оның төртеуінің құрылысы аяқталып, тапсырылды. Нәтижесінде Түркістан қаласы мен Бәйдібек ауданының орталығы Шаян ауылының тұрғындарына тұңғыш рет табиғи газ беріле бастады. Қазіргі таңда облысымыздың 268 елді мекені немесе 31,6 пайызы табиғи газбен қамтамасыз етілген.
2020 жылға облысымыздың барлық аудан, қалаларындағы қосымша 318 елді мекендерінде 825,8 мың халықты 30 пайызға газдандыру құрылыстарын жүргізіп, барлығы 611 елді мекенде 2,5 млн. халықты 90 пайызға орталықтандырылған табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарланды.
Бұл ауылшаруашылығы мен әлеуметтік салада атқарылып жатқан, алда жұмысы жалғасатын бағыттар бойынша жүлгеленген шаруалар.
Халық жаңадан тағайындалған облыс басшысынан бұрынғы таптаурын жолды сүрлеу қылмай, жаңаша іс қылуын қалайды, жаңашылдығына, тиімді жұмысына қарап баға береді. Бейбіт Бәкірұлы бұл бағытта да ел сенімінен шығып келеді. Өңір басшысының «Ақылды аймақ» кластерін құру жобасы көптің көңілінен шықты.
ХХІ ғасыр – жаңа технологиялар заманы. Демек, өмірдің қай саласына болсын инновацияларды енгізу – уақыт талабы, дейді облыс әкімі. Сол себепті облыста «Ақылды аймақ» кластерін құру қажет. Яғни, қоғамның әр саласына, әсіресе, әлеуметтік салаға IT-технологияларын көптеп енгізу керек. Соның бірі – «Smart Ontustik» жобасы. Бұл жобаның негізгі мақсаты – халықтың өмір сүру сапасын жақсарту. Болашақта «Smart Ontustik» жобасы арқылы жер телімдерін ресімдеу, баланы балабақшаға кезекке тұрғызу, баланың денсаулық паспортын жүргізу сияқты мәселелер жеңілдетіледі. Сол секілді, тұрғын үй-коммуналдық, көлік, денсаулық сақтау салалары бойынша халықтық бақылау орнатуға мүмкіндік туғызылады.
Тағы бір технологиялық жаңалық – «Ашық Әкімдік» жобасы. Бұл жоба 3 негізгі бағытты құрайды. Біріншіден – әкімдік тарапынан қабылданатын шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету. Екіншіден – барлық мемлекеттік қызметтер болашақта толық автоматтандырылған болуы қажет. Үшіншіден – жақын болашақта электронды қызметтердің порталы жасақталатын болады. Бұл әкімшілік кедергілерді жойып, халыққа барлық мемлекеттік қызметтерді ашық және кедергісіз алуға мүмкіндік туғызады. Облыс басшысының байламы осы.
Бұған қоса айтарымыз, бұрын жұрт мемлекеттік қызметке тамыр-таныс, қалтаңда шытырлаған көк қағаздарың болмаса бара алмайтындай көрінетін. Айтса айтқандай, орта мектеп пен жоғары оқу орнын үздік бітірген, бірақ көк тіреп тұрған көкесі жоқтықтан өзінен білім-білігі төмен біреулердің қолында, ілінген қызметке ие болғанына шүкіршілік қылып жүргендер жететін. Өйткені, адам ресурсына бай Оңтүстікте қолыңда оттай жалындаған қызыл дипломың болса да жұмысқа кіру қиын болатын.
Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметке білім-білігі мықты, қызметіне адал, жаңа технология жағдайында жаңаша жұмыс жасайтын азаматтарды тарту мәселесін Үкіметке тапсырды. Елбасының осы тапсырмасын Оңтүстік табысты жүзеге асырып жатыр.
Енді мемлекеттік қызмет көке, жәкеңе, оның бағалы орнына қарамайды. Облыс әкімдігі жанынан құрылған комиссия қоғамдық бақылаушы, үкіметтік емес ұйым өкілдерін қатыстыра отырып, әртүрлі санат бойынша бос орындарға құжат тапсырған үміткерлерден емтихан алып келеді. Сауатты кадрлар осылайша таңдалып жатыр.
Оңтүстік – мәдениет пен өнердің, руханияттың қайнар бұлағы. Биыл жыл соңына дейін 8 мәдениет ошағы салынбақ.
Бүгінде жастар кітап оқымайды деген сыңаржақ пікір басым. Облыс әкімінің бастамасымен өткен «Әлемді кітап оқып таны» шарасы бұл деректің негізсіз екендігін танытқан. 7-14 жастағы балалар мен жасөспірімдердің үлесі кітапханаларда төрт жарым мыңға дейін көбеюінің өзі болашақта қандай ұрпақ өсіп келе жатқандығының хабаршысындай. Театрдың жаңа премьераларынан қалмайтын, облыстық мәдениет қорын рухани дүниелермен байытып жатқан әкім Оңтүстіктің тек жақсы атын шығаруға жүйелі жұмыс жасап жатыр.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы «Алдымыздағы бес жыл Қазақстанның ХХI ғасырдағы тағдыр-талайы қандай болатынын айқындайды. Бiздiң елiмiздiң берiктiгi, бiздiң бәрiмiздiң берiктiгiмiз сынға түсетiн болады. Баршамызды елдi жаңарту орайындағы ауқымды жұмыстар күтiп тұр. Бiздiң мiндетiмiз – елдi сақтау, егемендiктi нығайту және ұлттың болашаққа барар жолын батыл ашу. Бiз жаһандық сын-қатерден бұғып қала алмаймыз. Бiз осыған қасқайып қарсы тұруға тиiспiз», деп алдымыздағы міндеттердің ауқымдылығын айқындап берді, – дейді Бейбіт Атамқұлов.
«Елбасы біреу, халқы оған тіреу» болған жағдайда Қазақстан алмайтын қамал жоқ. Біз осы мақсат үшін бір үйдің баласы, бір қолдың саласындай жұмылып, Елбасының төңірегіне топтасып, Отанымызды әлемдегі бәсекеге қабілетті мемлекеттердің қатарына қосылуына үлес қосамыз.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы