Патриот – ол Қазақстанды шын сүйетін, ұлттық құндылықтарды қастерлейтін, бойында адалдық, ар-намыс,
ізгілік қасиеттері бар, халқының дәстүрі мен Отанына деген сүйіспеншілігі мол адам.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ
Байтағымызды мекен еткен Отанымыз өз Тәуелсіздігін жариялағаннан кейін көп кешікпей Қарулы Күштерімізді құру жөніндегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығы 1992 жылдың 7 мамырында шыққан болатын. Содан бергі кезең ішінде мемлекетіміздің әскери қуаты қалыптасып, қарулы құрылымдары бекіді. Бұл елдік істегі елеулі кезеңінің бастысы десек, артық айтқандық болмайды. Себебі, бабаларымыздан қалған ұлан-ғайыр мекеннің әр шаршы метрін қорғау, еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейінгі азаматтардың адал борышы екені белгілі. Әскеріміздің қанаты қатайып, буыны бекігеннен кейінгі кезеңде оның арғы-бергі тарихын, бүгінгі жетістігін ұрпаққа жеткізу мақсатында әскери-патриоттық музей жасақтау күн тәртібіне шыққан еді. Бұл барын дамыта отырып, жоғын түгендеу жолындағы ел азаматтарының игілікті іске ұмтылуы болатын. Сөйтіп, бүгінде Отан алдында өз борышын адал атқарып жүрген азаматтарымыз бен арғы-бергі тарихымызда ел қорғау үлгісін көрсеткен бабаларымыздан қалған үлгіні жаңғырту ниеті алға шықты. Арқа төсіне берік орныққан елордамыз Астанада Қорғаныс министрлігінің «Ұлттық әскери-патриоттық» орталығы сол орайда ашылды. Бұл игілікті іс Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен, Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетовтің ұтқыр ұйымдастырушылығымен жүзеге асқанын айта кетуге тиістіміз. Отан қорғау ісіне арналған сол Ұлттық әскери-патриоттық орталығы өткен жылдың желтоқсан айының басында іске қосылып, әскери-тарихи музейдің экспонаттарымен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзі танысып, оң бағасын берген болатын. Біз бүгін сол Отан қорғаушылардың рухын көтеретін орталықтың атқарып жатқан жұмысын, алда тұрған міндеттерін білу мақсатында Әскери-тарихи музей басшысының орынбасары Асқар Қасымовты әңгімеге тартқан едік. – Қасиетті жерімізді, елімізді адал қорғаған баһадүр бабаларымыздың Отан қорғау үлгісі Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары Елбасының сарабдал саясатының арқасында жүзеге асып келе жатқаны белгілі. Тұңғыш рет ашылған тарихи музейдің беташарын «Мәңгілік Ел» композициялық орталығынан бастау алып, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев және оның айналасына әр дәуірлерде Отан қорғаған айтулы батырлардың бейнесі жинақталған барельеф орналасқан. Осы арада мына бір нәрсені айта кетсем деймін, бұл ғимарат 2000 жылы салынып, Президенттің мәдениет орталығы, өзге де мекемелер жұмыс істеген болатын. Соған байланысты еңселі ғимарат қысқа уақыт ішінде музейге лайықталып қайтадан жөндеуден өтті. Аумағы 5 мың шаршы метрді құрайды. – Музейде қазір қанша экспонат бар? – 6 мыңнан асады. 8 зал жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта 2 зал іске қосылатын болады. Мәселен, «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері» атты залда Қарулы Күштеріміздің құрамындағы Құрлық әскері, Әуе қорғаныс күштері және Әскери-теңіз күштеріне тиесілі жауынгерлік тулар қойылған. Мұндағы көптеген жәдігерлер Қазақстанның Тұңғыш Президенті музейі қорынан алынды. Сол секілді, Жоғарғы Бас Қолбасшының 1992 жылдың 7 мамырындағы Жарлығының түпнұсқасы, Жоғарғы Қолбасшының салтанатты шеруге арналған киім үлгісі, тағы да басқа заттар қойылған. Сонымен қатар, 4 өңірлік қолбасшылықтың аумағы көрсетілген карта ілінген. Әскери-теңіз күштеріне арналған жәдігерлер де баршылық. «Көне заман – XIX ғасыр» деп аталатын зал 4 бөлімнен тұрады. Оның біріншісі – Ерте дәуір, екіншісі – Ежелгі орта ғасыр, одан кейін Алтын орда және өткен жылы ғана 550 жылдығын атап өткен Қазақ хандығы кезеңдерін қамтиды. Әр бөлімге қойылған қару-жарақ түрлері бабаларымыздың елі мен жерін қорғаудағы ерлігінен хабар беріп тұрғаны анық. Қазақ хандығына арналған бөлімде батырларымыз ұстаған 5 қару толығымен қойылған. Ал «ХХ ғасырдың әскери тарихы» деп аталатын зал 3 бөлімнен жасақталған. Онда «Алашорда», «Ұлы Отан соғысы», «Ауған соғысы» туралы материалдар орын тепкен. Осыдан 70 жылдан аса уақыт бұрын аяқталған 1941-1945 жылдардағы сұрапыл соғыс туралы оның хас батырлары Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанова, Алматыда құрылған атақты 316-шы атқыштар дивизиясы, оның командирі Иван Панфилов, өзге де құнды деректер көптеген келушілердің назарын аударып отыр. Тәуелсіз Қазақ елінің тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы, Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағамбетов туралы мәліметтер де тарихи жәдігерлерімізді толықтырып тұрғаны анық. – Еңселі ғимаратта одан өзге де бөлімдер бар көрінеді. Олар туралы да айта кетсеңіз. – Иә, әскери-тарихи музеймен қатар, концерт залы, Қорғаныс министрлігінің орталық оркестрі мен ансамблі де осы ғимаратқа орналасқан. – Асқар Құсайынұлы, музейді жасақтау ісіндегі ізденістеріңіз, көмек қолын созған мекемелер мен азаматтар жайлы да айта кетсеңіз. – Музейдегі көптеген заттар алда да айттым, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті музей қорынан, сол секілді Тұңғыш Президент университетінен, өңірлерден жеткізілген. Соған бір мысал келтірер болсам, Ұлы Отан соғысы жылдарында қолданған және қазіргі Қарулы Күштеріміздің санындағы атыс қаруларын атауға болады. Олардың қатарында артиллериялық қарулар, танкіге қарсы зымырандар, оқ-дәрілер, зенниттік зымырандар, тағы басқалар бар. Музейді заман талабына қарай жасақтау кезінде ғалымдар да ерекше үлес қосты. Олардың қатарында тарих ғылымдарының докторы, профессор З.Самашев, А.Көшкімбаев, тарих ғылымдарының кандидаты К.Ахметжанов, М.Құсайынов, өзге де зиялылар өз үлестерін қосты. Сол секілді Сағадат Нұрмағамбетовтің немересі Сауық Нұрмағамбетов, генерал-майор Иван Панфиловтың немере қызы А.Байқадамова, Ауған соғысының Қаһарманы Б.Керімбаев, Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант, Мәжіліс депутаты Б.Ертаев, өзге де ұлтымыздың айтулы ұл-қыздары өздерінің көмек қолын созды. – Музейді осы уақытқа дейін қанша адам келіп көрді? – Қысқа уақыттың ішінде 14 мыңнан аса адам келіп тамашалағанын айта кетуге тиістімін. Олардың 332-сі 27 мемлекеттен келген, атап айтқанда, Австрия, Англия, Германия, Үндістан, Иран, Қытай, Ресей, Швеция, Жапония, Франция, өзге де шетелдердің азаматтары бар. – Асқар Құсайынұлы, музейді жасақтау кезінде әлемдік деңгейдегі жетістіктер ескерілген шығар? Халықаралық байланыстарыңыз туралы да айта кетсеңіз. – Қазақ елі Ұлы Даланы мекен еткен ежелгі Ғұн, Түркі қағанаты, Дешті Қыпшақ, Алтын Орда секілді мемлекеттердің жалғасы болып саналады. Ендеше, жауынгерлік үлгі біздің бабаларымызда бұрыннан болған. Біз еліміз осыны өзге жұрттарға таныту мақсатында алда да айттым, Елбасының қолдауымен, Қорғаныс министрлігінің ұйытқы болуымен осы музейді құрып, қазір жұмыс істеп жатыр. Бұл күндері 8 зал ұлттық қорғаныстан хабардар етсе, алдағы уақытта тағы да 2 зал іске қосылатын болады. Онда заманауи техникалар қойылып, келушілерге арғы-бергі тарихтан мол мағлұмат береді. Төрт құбыласы түгел жасақталған кинозалда патриоттық рухыңды көтеретін кинолар көрсетуді жоспарлап отырмыз. Енді сұраққа берер жауабым, біздің музей біраз елдермен тікелей қарым-қатынаста. Олардың қатарында Ресей, Қытай, Моңғолия, тағы басқа мемлекеттер бар. Мамандарды шетелдерге жіберіп, тәжірибе алмасу ісі де жолға қойылып келе жатыр. Музейімізде 105 адам қызмет етеді. Жақында Лондонға 2 адам, Швецияға 3 адам тәжірибе алмасуға жібергелі отырмыз. Әскери-тарихи музейдің басшысы Перизат Өтепова қазір Францияда жүр. Ондағы мақсат – осы музейді заманауи талапқа сай жасақтап, өркениетті елдердегі үлгіде қалыптастыру. Біздің музейде, яғни 29 сәуірден бастап швециялықтар Стокгольм қаласынан арнайы келіп «Өмір мен өлім айқасқан сәт» атты көрме өткізеді. Ол жарты жылға созылатынын еске сала кетейін. Бұл көрмеге қойылған жәдігерлер кімнің де болса көңілінен шығары сөзсіз. Онда сол елдің әскери өнерінің арғы-бергі тарихы қамтылады. Көрермендер сол көрмені көре отырып, өз Отанымыздың, яғни Ұлы Дала жұртының жауынгерлік дәстүрін салыстыра отырып сабақ алады деген ойдамын. Құрылғанына аз уақыт болғанмен, бұл музейден бүгінгі ұрпақ пен келер жас алар тағылым, үйренер үлгі аз болмасы анық. Отанды сүю, елді қадірлеу, тәуелсіздікті баянды ету жолындағы арғы-бергі тарихты қамтыған музей экспонаттары Қазақ халқының іргелі ел, аталы жұрт екенін танытады. Әсіресе, ежелгі дәуір, одан кейінгі замандардағы қару үлгілері, оның жетілген түрлері шайқас өткен байтағымыздағы жекпе-жектер бейнеленген көріністер әрбір көрерменнің көңілінен берік орын алып келе жатқаны айдай ақиқат. Музей экспонаттары алдағы уақытта да толыға берері сөзсіз. Әңгімелескен Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»