19 Сәуір, 2016

Болашақтың кепілі

335 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Тіл бірлігі болмаса, пікір бірлігі болмайды. Сондықтан, бәрінен де бұрын адамдар арасындағы бірлікті ұстап тұрған тіл мәселесі маңызды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – 2050: Мәңгілік Ел» Жолдауында үш тұғырлы тілді дамытуды қадап айтты. «Қазақстан мемлекеттік тілді игеруі керек, орыс тілі арқылы әлемдік мәдениет пен әдебиетке жеткенімізді мойындауымыз керек, бұл тілді ұмытуға болмайды» дей келе, ағылшын тілі елімізді әлемдік аренаға шығарудың жолы екенін мәлім етті. Осы сөзді басшылыққа ала отырып, Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінде қазақ, орыс және ағылшын тілі кафедрасында ауқымды да маңызды істер атқарылуда. Ұлтымыздың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Өз алдына ел болуға өзіндік тілі, әдебиеті бар ел ғана жарай алады» деген екен. Халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздігін нығайтудың, ұлтымыздың тұтастығын сақтап қалудың негізгі алғышарттарының бірі – ана тілі­міздің мерейін көтеру, пайдалану аясын кеңейту. Осы ізгі парызды орындау­да колледжде мемлекеттік тілді оқыту, үйрену, қолдану мен дамытуға бағытталған жұмыстар ұдайы және жүйелі жүргізілуде. Барлық оқу-өндірістік құжаттар: жоспарлау, оқу ісін ұйымдастыру мен басқару буындарының барлық отырыстарының хаттамалары, жоғары орындарға берілген есептер мен анықтамалар 100 пайыз қазақ тілінде жүргізіледі. Еліміз бен жеріміздің ертеңгі иесі – отаншыл, білімді ұрпақты тәрбиелеп өсіру әлемдік өркениет көшіндегі өз орнымызды анықтаумен барабар. Асыл құндылықтарымызды насихаттау, ұлты­мызды әлемдік аренаға алып шығу ағыл­шын тілінің көмегімен іске асырылары сөзсіз. Колледжде білімгерлердің алған теориялық білімдерін іс-тәжірибеде көрсету үшін «Аударма ісі» мамандығы бойынша дәстүрлі үрдіс – жоба жұмыстары жүргізіледі. Жоба жұмыстарының негізгі мақсаты: білімгерлердің ойлау қабі­леттерін дамыта отырып, сөздік қор­ларын молайту, ауызекі сөйлеуге, өз ой-пікірлерін білдіруге, белгілі бір тақырыпты талқылай алуға дағдыландыру. Осындай жобаларымыздың бірі – ертегілер. Балалар­дың сүйіп тың­дайтын «Алдар көсе» ерте­гісінің 25 се­риясы аударылып, субтитр жасалынса, «Бастауыш шет тілі мұғалімі» мамандығы бойынша оқитын білімгерлер 1-сыныпқа арналған «Өзін-өзі тану» оқулығын және ертегілер мен эпостық жырларды ағылшын тіліне аударып қана қоймай, арнайы кітап етіп шығарды. Аударылған жұмыстардың қорытындысын сахналық көріністе көрсету білімгерлердің тілмен қатар актерлік шеберліктерін қалыптастыратын әдістердің бірі болып табылады. Сондықтан, аталған жұмыс­тарды білім алушылар арнайы сахнада сомдап, тілдік дағдысын, актерлік қабілетін, білім мен біліктілігін көпшілік қауымға ұсынады. Ұдайы ізденіс үлкен білімнің бастауы­на апарары хақ. Сол себепті, білім алушы­лар практикалық жобалар аясында Қазақ тарихы, Алтын адам, Қазақстан, Астана, Қазақстанның жеті кереметі деген бірнеше тарихи жұмыстарды ағылшын тіліне аударып, колледж мұражайына қол ұшын беріп, келген шетелдік қонақтардың қызығу­шылығын арттыру жолында пайдалы әрі қызықты жұмыстар атқаруда. Аударма ісімен айналысу кезінде бірінші, екінші курс білім алушыларын төселдіру үшін жеңіл туындылардан алынса, ал үшінші курсқа келгенде, әрине, жұмыстың көлемі мен мазмұны күрделене түседі. Бүгінгі күні Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының режиссері Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың бала» тарихи экшн-фильмі мен белгілі ресейлік режиссер Леонид Белозорович түсірген партизан жазушы, Халық қаһарманы, Ұлы Отан соғысының батыры Қасым Қайсеновтің ерлігі мадақталған, Украинада жарыққа шыққан шытырман оқиғалы тарихи фильмді және төрт бөлімнен тұратын «Бауыржан Момышұлы» фильмін қазақ тілінен ағылшын тіліне аударып, оларға субтитр мен дыбыстау жасау арқылы білімгерлер білімдерін шыңдауда. Бұл орайда жол көрсетіп, ізденіске ұмтылдырып жүрген, әрине, ұстаздар қауымы екені сөзсіз. Мамандықтың мәні мен мазмұнын тереңнен толғай­тын қазақ тілі, орыс тілі және ағылшын тілі мен оқыту әдістемесі кафедрасы­н­ың оқытушылары аталған іс-шараларды жоспарлы және жүйелі атқаруда. Тіл арқылы адам дүниені танып біледі, барлық білімді сол арқылы игереді. Сондық­тан, «Мектептің тілі болмаған тіл мемлекет­тің де тілі бола алмайды», деп Халел Досмұхамедұлының айтқан сөзін ескерсек, тілдің оқыту сапасының жоғары болуы – болашақтың кепілі. Тарихымыз бен мәдени құндылықтарымызды насихаттау – ғылыми бағытта парасаттылықпен дұрыс жолға қойылса, Елбасының алға қойған Мәңгілік Ел болу мақсаты орындалатыны сөзсіз. Нұржан ЖӘРКІМБЕКОВ, Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінің ағылшын тілі пән оқытушысы Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы