19 Сәуір, 2016

Отансүйгіштік ордасы

351 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

ERA_8336+Елдік қарымы – ерлік тағылымы

Елдік пен ерлік. Қазақстан Қару­лы Күштерінің әскери-тарихи музейін аралау кезінде осынау ордалы ойға жетелейтін егіз ұғымның бірін-бірі ұдайы толықтырып тұратындығына көз жеткіздік. Қазіргі таңда қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мәсе­лесіне айрықша мән беріліп отыр­ғаны белгілі. Өйткені, өз Отанын шын сүйетін өрендер ғана мем­лекеттілігімізді нығайтуға мей­лінше адал қызмет етпек. Ал, енді осындай ұлтжанды ұл-қыздарды тәрбиелеудің ұтымды жол­дары қандай? О, ол үшін ақыл­ды ата-бабаларымыздың арғы заман­дардан бері арқауы үзілмей келе жатқан бай тәжірибесіне арқа сүйегеніміз абзал. Баяғының бала­лары батырлар жырын бас­тарына жастанып оқыған. Содан тұлпар мініп, ту ұстап, туған жері­н басқыншы жаудан қорғаған ер­лерге еліктеп өскен. Азат­тық жолы­н­­да бастарын бәйгеге тіккен баһадүрлердің аттарын ұранға айналдырып, қас дұшпандарына қарсы қасқия шапқан. Бүгінде сол жақсы дәстүр жал­ғасын таппай тұрғандай ма, қалай? Қанына тартудан қалып бара жатқан қарадомалақтарымыз қайдағы бір кертартпа мультфильм кейіпкерлерін пір тұтатынын қай­терсіз. Ондай алтын бастауларынан ажырап, басқа мәдениетке бас ұрушы, адасқан ұрпақтан опа көруі­міз екіталай екенін ескеретін уақыт әлдеқашан жеткен. Сондықтан елдігіміздің тұғы­рын бекітудің бір белгісі ретінде кейінгі толқын өкіл­дерінің бойына арғы-бергі ата­ларымыздың өр рухын сіңіруге көңіл бөлгеніміз жөн. Бұл орайда жеткіншектеріміздің эпостық жыр­ларымызды көбірек оқып, көшелі көнеліктер көрмесіндей мұражайларға жиірек барып, салт-дәстүрлерімізді саралауға саналы түрде бет бұрғандары қажет-ақ. Ашылғанына алты ай толмаған Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери-тарихи музейі де жоғарыда сөз еткен іргелі істің ілгері басуына қомақты үлес қосып үлгергенін байқап, қатты қуанып қалдық. Алғашқы архитектуралық ноба­йын Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі сызған ғажайып ғимаратта орналасқан құтты орда­ның іші құнды дүниелерге толы екенін көріп, көңіл тоғайттық. Есігін ашып енгеннен-ақ еңсеңді бірден көтеріп тастайтын «Мәң­гілік Ел» атты атриум мерей­лі мем­лекетіміздің өткені мен бү­гінгісін байланыстыратын ба­йып­­ты идеяға бағындырылыпты. Көк түріктердің көкейкесті ар­маны болған мәңгілік ел аңсары Тәуелсіз Қазақстан ұмтылар ұлы мұрат­қа айналғанын, Елбасының сарабдал саясаты соған жетуге негіз салғанын санамен сара­лап, қазағыңның қара жер тұрған­ша жаса­ғанын тілейсің іштей. Атриум­дағы барельефтер атам және атом замандарының арасын жалғағандай айшықтарды алға тар­тады. Орталық композициядағы баяғы қазақ батырлары мен бүгінгі жауынгерлеріміздің ортасынан орын алған еліміз Қарулы Күштері Жоғарғы Бас Қолбасшысының бейнесі дәстүр сабақтастығын дәріптеп тұрған сыңай танытады. «Көне заман» көрмесінің экс­­по­наттарымен танысқанда мерейің тасып, мәртебең өскендей ерекше күйге енесіз. Себебі, мұнда этно­антро­пологиялық негіз­дері­мізге, төрт мың жылдықты қамтитын тарихымызға қатысты қымбат қазы­налар бар. Тас, қола, темір дәуір­­лерінен жеткен жебелер, қыс­қа сапты найзаның ұшы, сақ, сармат сайыпқырандарының салақұлаш қанжарлары алғашқы қауымдық құрылыс адамдарының да қолынан талай нәрсе келгенін дәлелдейді. Ойхой, шіркін! Бір замандарда алтын тақта отырған біздің баба­ларымыз ат аяғы жетер жерлерді жаулап, айналасына билік жүргізген ғой. Рим империясын құлатып, қытайларға қорқыныштан қорған салдыртқанын ескі жылнамалар жыр қылып айтады. «Сақ-Парсы соғысы» дейтін диарамада ақ­боз аттың үстінде асқақтаған Тұмар патшаның ирандықтарды тізе бүктірген салтанатты сәті көр­сетіліпті. Ғұндар тұлпарларының тұя­ғымен жазылған ерлік эпопеясы таңға жырласаң таусылмақ емес. Алтын Орда заманының қару-жарақтарына да бейжай қарай алмайсың. Олардың от қаруды сол кездің өзінде-ақ ойлап тауып, ор­ны­мен пайдалана білгеніне қайран қаласың. Орыстарды ойрандаған Тоқтамыс хан Мәскеуді сол сойқан атыс құралының күшімен күлге айналдырғаны әлемге аян. Үлкен бір панорама моңғолдардың соғыс өнеріне арналыпты. Оған зер салсаңыз қоршауды бұзып шығудың алпыс айласына қанығасыз. Қазақ хандығын қастерлеген жәдігерлер жанымызға басқалардан гөрі жақындау екенін жасырып қай­тейік. Өйткені, ол – ешкіммен ор­тақ­тас емес өз тарихымыз. Асыл тек­ті Абылай, Жоңғар шап­қын­шы­­­лы­ғына қарсы атқа қонған Қара­керей Қабанбай, Қанжығалы Бөген­бай, Шапырашты Наурызбай батыр­лар­дың аттары аталғанда арқа­сы қоз­байтын қазақ жоқ. Аңыз-жыр­лар­ға арқау болған арыс­тары­мыз­дың ерлігі елге – мұра, ұр­паққа – ұран. Беліне бес қаруын байлаған қазақ жауынгерінің қызыға қараушылар көп. Әсіресе, «Жас ұлан» мектебі шәкірттерінің көздері шоқтай жанып жайнағаны жанымызды жадыратып жіберді. «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деген емес пе, бұрынғылар. Еуразияның апайтөс даласын қиқулатқан Дешті қыпшақтардың қайқы қылыштары да шыны сөре­лерден лайықты орындарын алыпты. Сарбаздар киген сауыт-саймандардың шынайы шебер­лер­дің қолынан шыққандығы сез­іледі. Жақсылардың көзіндей бұл жәдігерлердің көбісін білікті рес­тавраторларымыз қалпына кел­тірген көрінеді. Келушілер назарын жиірек аудар­татын «ХХ ғасырдың әс­ке­ри тарихы» әралуан сипатта бедер­леніпті. Әсіресе, Алашорда үкі­метінің халық қамын жеген қадам­дары, 1916 жылғы ұлт-азаттық қоз­ға­лысының былайғы жұрт біле бер­мейтін «ақтаңдақтары» біршама ашыл­ған. Мәселен, Алашорда әске­рі­нің құрылымы жайындағы мәлі­меттер кеңінен қамтылыпты. Алаш­тың ар-намысы үшін қызыл өкі­метке қиғылық салған сардарлар мен сарбаздардың уақыт уытынан сар­ғайған суреттерін сирек жәді­гер­лердің қатарына жатқызуға болады. «Арғы атамыз ер түрік, Біз қазақ еліміз...» деп әндеткен Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлерінің ел үшін еңіреп жүріп жасаған еңбектері ешқашан ұмытылмақ емес. Төрде ілулі тұр­ған Міржақып Дулатовтың тай­жақысы тағылымды тарихтың там-тұм тәбәрігі тәрізді. Оны кезінде Гүлнәр апай Міржақыпқызы әке­ліп тапсырғанынан зиялы қауым хабардар. Екінші дүниежүзілік соғыс – айналып өтуге болмайтын тақырып. Еліміздің басына екіталай күн ту­ғанда қаншама қазақстандықтар етігімен қан кешті. Соғысқа ат­тан­ғандардың тең жарымынан астамы майдан даласында мәңгілік қалды. Арттарында қалған ата-аналарының, асыл жарларының, жетім қалған балаларының қайғы-мұңын қандай таразыға тартып өлшерсің. Ерен ерліктері ескеріліп, 500-ден артық жерлестеріміз Кеңес Одағының Батыры атанды. Қазақ халқының қаһарман перзенттері Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Мәлік Ғабдуллин, Төлеген Тоқтаров, Қасым Қай­сенов, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова және басқалардың тағдырын баяндайтын небір де­рек­терді табасыз бұл арадан. Ле­нин­град блокадасына арналған мүйісте жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың жарқын бейнесін кез­дестіресіз. Неміс қоршауында әбден азап шеккен Нева жаға­лауы­ның тұрғындарына әлі күнге дейін дем беріп тұрғандай жарық­тығым. «Ленинградтық өренім, мақтанышым сен едің!» Абыз ақын­ның құдіретті толы үні кел­гендей құлағымызға. «Рейхстаг – Рақымжан Қошқар­баев» атты диарама жеңіс туының драмаға толы хикаясынан сыр шертетін секілді. Кешегі Кеңес Одағының армиясы сапында Ауғанстан алапатын бастан кешкен интернационалист-жауынгерлеріміздің де түрлі құжат­тары қойылыпты жария­ланбаған соғыстың жай-жапсарын жеткізу мақсатында. «ХХ-ХХІ ғасырлардың қару-жарағы» қаз-қатар тізілген бөлімге кіргенде әлдебір әскери қойманың есігінен енгендей екіұдай сезімге бөленесің. Тапанша, пистолет, мау­зер, кольт, браунинг... Автомат, пу­ле­меттің неше атасы бар. Гранат, ми­номет, оның бер жағында зама­науи техникалар көздің жауын ала­ды. Адамды қырып-жоюға ар­нал­ған құралдар екенін біле тұра қызығасың... Дүние жүзіне ең көп тараған атыс қаруы ретінде рекордтар кітабына енген Михайл Калашниковтың менің ауылымнан бар-жоғы 50 ша­қырым жерде алғашқы сынақтан өткізген автоматын айналсоқтап жүріп алуымның өзіндік себебі жоқ емес. 2003 жылдың мамырында аты аңызға айналған конструктормен бірге Алматы облысындағы Матай стансасына барғанымыз есіме түсті. «Мен қазақ даласына қарыз­дармын, осында ойлаған арманыма жеттім, сол үшін ақ қырау шалған басымды сіздер­дің алдарыңызда иемін», деп еді-ау марқұм. «Отан қорғау үшін түн ұйқымды төрт бөліп құрастырған автоматымның теріс пиғылды терроршылардың қолында өлім сеуіп жатқанын естігенде қатты өкінемін», дегені де ойымда қалып қойыпты. «Қазақстан Қарулы Күштері» залы Отанымыздың тынышты­ғын қорғайтын, айбынды әскеріміздің әлеуетін танытқандай. Мұнда Елбасы – Жоғарғы Бас Қолбас­шы Нұрсұлтан Назарбаев респуб­ликамыздың тұңғыш Қорғаныс министрі Саға­дат Нұрмағанбетов, Халық Қаһар­маны Мұхтар Алтынбаев секілді тұ­ғы­ры биік тұл­­ға­л­арға арналған экс­­­по­зициялар өте жақсы жабдық­талған. Сондай-ақ, жаяу әскер, теңіз флоты және әуе күштерінің тыныс-тіршілігін білдіретін көрнекі экспо­нат­тар мұнда жетіп-артылады. Үшінші ғарышкеріміз Айдын Айымбетовпен ғарышқа барып қайтқан Әскери әуе күштері­нің туын көргенде кеудемізді мақ­таныш кернеп, әдемі әсерге бөлендік. Музейдің ғылыми-зерттеу қызметінің бастығы Данияр Қаусылов пен экскурсия бөлімінің жетекшісі Әлия Сәрсенова бізге жан-жақты түсінік бергенін айта кеткеніміз жөн. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсақ, Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери-тар­и­х­и музейі елдік пен ерліктің рухын ас­қақтатқан аса ірі мәдени орта­лық­қа айналыпты. Талғат БАТЫРХАН, «Егемен Қазақстан» ERA_8308+ _KAN4348 KAN_0033 ERA_8314+ _KAN4312