Елбасы манифесі: БЕЙБІТ ӨМІРГЕ ҮНДЕУ
Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесіне арналған брифинг өтті. Оған Парламент Сенатының депутаттары Ақан Бижанов, Жабал Ерғалиев және Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің профессоры Қайрат Қадыржанов қатысты.
Брифингте бірінші кезекте сөз алған Ақан Бижанов еліміздің «Әлем. XXI ғасыр» манифесінде ұсынылған бағыттар бойынша нақты шаралар атқарып келе жатқанына назар аударды.
«Қазақстан «Әлем. XXI ғасыр» манифесінде ұсынылған қадамдардың тиімділігін сөзбен емес, нақты іспен дәлелдеп келе жатқаны белгілі. Мен еліміздің тарапынан ұсынылған манифестің негізгі тезистері БҰҰ-ның 2045 жылға дейінгі Ғаламдық стратегиялық бастамалар жоспарында көрініс табатынына сенемін», – деді сенатор. Оның сөзіне қарағанда, ХХІ ғасырдың басы мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың қатты ушығып, түрлі сын-қатерлердің белең алуымен танылып отыр. Осы жағдаяттар Мемлекет басшысының әлем жұртшылығына «Әлем. XXI ғасыр» манифесін ұсынуына түрткі болды және ол БҰҰ Бас Ассамблеясының ресми құжатына айналды.
Ал Жабал Ерғалиев өз кезегінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесіне қатысты өз ойын білдіре келіп, ядролық отынды адамдар тек бейбіт өмір үшін қолдану маңызды мәселе екендігіне екпін берді әрі Семей полигонының жабылуы тарихи маңызға ие екенін атап өтті.
«Қазақстан өз тарапынан ядросыз әлем құру туралы күллі міндеттемесін жүзеге асырды. Тоқсаныншы жылдары Семей полигонын жабуымыз үлкен тарихи іс. Ядролық қаруды одан әрі таратпас үшін төмен байытылған ядролық отынды Қазақстанның жерінде сақтау жөнінде бастама көтерілді. Бұл көптеген елдер тарапынан қолдау тауып отыр. Мұның мақсаты – ядролық отынды бейбіт өмір үшін қолдану», – деді Сенат депутаты.
Сондай-ақ, Ж.Ерғалиев әлемде орын алып жатқан әскери блоктық қақтығыстардың қатеріне де назар аударды.
«Қазіргі таңда әлемде орын алып жатқан қарулы қақтығыстарды тоқтатып, оның алдын алу үшін әскери блоктардың бір-біріне қарама-қарсы тұруының әсерін әлсірету керек деп есептеймін. Әрине, қазіргі жағдайда НАТО және басқа да түрлі әскери блоктарға қарсы тұру керектігін Мемлекет басшысы өз манифесінде нақты атап көрсетті. Бұл әскери блоктарға қарсы тұру үшін жаңадан әскери блок құрудың қажеттілігі жоқ. Оған әлемдегі бейбітсүйгіш мемлекеттер қарулы қақтығыссыз қарсы тұруы тиіс», – деді ол.
Өз кезегінде Қайрат Қадыржанов бүгінде лаңкестік ұйымдар әлемге қауіп төндіріп отырғанын, осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһан елдерін ортақ мақсат үшін күресуге шақыруы – әлем қауіпсіздігі үшін өте қажет екенін жеткізді.
«Елбасының бұл бастамасын әлем қолдап отыр. Қазіргі таңда жаһан жұртшылығы лаңкестікпен «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» күресуі қажет. Ал бұл манифест осы істің бастамасы болмақ», – деді Қ.Қадыржанов. Сонымен қатар, ғалым Қазақстанның ядролық қауіпсіздікті сақтауда маңызды рөл атқарып отырғандығын сөз етті. Оның айтуынша, елімізде өндірілетін уран қауіпсіз. Яғни, ол уран ядролық қару жасауға жарамайды. Сондықтан, қазақ елі тұрақтылық пен бейбітшіліктің үлгісі болуда.
«Қазақстан ядролық қаруға қарсы күресті ерте бастады. Нақты айтар болсам, Нұрсұлтан Назарбаев осы мәселе бойынша көп шаруа тындырды. Бізде ядролық қарудың мол қоры болды. Еліміз бұл жойқын қарудан өз еркімен бас тартты. Елбасының Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммитте жарияланған «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі осы күрестің заңды жалғасы. Бүкіл әлем Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл бастамасына оң көзқараспен қарауда. Әрі манифест жоғары мәртебеге ие болды», – деді Қайрат Қадыржанов.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»
Бұл – маңызды қадам
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-тың астанасы – Вашингтон қаласында жария еткен «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі Отанымыздың антиядролық дәйекті саясатындағы тағы бір маңызды қадам болды. Мемлекет басшысы бұған дейінгі саммиттерге де белсенді қатыса отырып, еліміздің бейбітсүйгіш бағытына жақын екенін ұдайы дәлелдеп келеді. Ал бұл – жалаң сөз емес, іс жүзінде дәлелденген ақиқат. Жария етілген манифест халықаралық сарапшылар тарапынан оң баға алды. Бұдан бөлек, Қазақстандағы Қоғамдық-саяси үдерістердің сарапшылық-жобалау бюросының арнайы жедел сауалдамасының нәтижелері Елбасының бастамасын еліміздің халқы толықтай қолдайтынын көрсетіп берді. Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит шеңберінде бірқатар шет мемлекеттердің басшылары мен Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан аумағында Төмен байытылған уран банкін орналастыруға қатысты және Қазақстан Республикасы мен Жапония арасында Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың жедел күшіне енуіне қол жеткізу бойынша бірлескен мәлімдемелері қабылданды. Екі тарап ЯҚЖТШ-ның бақылау режімі табысты жұмыс істеп тұрғанын атап көрсетті. Саммиттегі кездесулер барысында Қазақстан мен АҚШ-тың материалдарды қорғауға, бақылау мен есепке алуға, ядролық және басқа да радиоактивті материалдардың заңсыз айналымына қарсы тұруға бағытталған Ядролық қауіпсіздік жөніндегі оқу орталығының құрылысы бойынша бірлескен күш-жігері атап өтілді. Бұдан бөлек, мемлекеттер басшылары мен үкіметтер төрағалары Бірлескен коммюнике қабылдай отырып, ядролық қатерге қарсы шаралар жайын талқылады. Оған сәйкес, Вашингтондағы саммит аталған пішімдегі соңғы басқосу болып табылады. Ал енді халықаралық ұсынымдамалар жасаудағы шешуші жауапкершілік, ядролық қауіпсіздік саласындағы халықаралық күш-жігерді жүзеге асыру мен үйлестіру іс-әрекеттері МАГАТЭ-нің мойнына жүктеледі. Тұтастай алғанда, осындай үлгідегі саммиттер өткізу өте тиімді көрінеді, өйткені, олар ядролық таратпау мен қарусыздану саласында нақты нәтижелерге қол жеткізуді көздейді. Осы орайда, Қазақстанның манифест бастамасымен шығуы бұрынғысынша еліміздің осы саладағы жетекші рөлде келе жатқанын айғақтайды. Эльмира ҚҰМАРБЕКОВА, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің қазіргі заманғы зерттеулер институтының ғылыми қызметкері АСТАНААлыптар әрқашан алыстан көрінеді
Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте жария етілген «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі планетарлық ауқымдағы аса маңызды оқиғаға айналды. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үндеуі, онда тек соғыс пен бейбітшілік проблемаларына деген алаңдаушылық қана білдірілмей, сонымен бірге, дау-жанжалдардың алдын алуда ұлттардың біріккен іс-қимылының алгоритмі ұсынылатындықтан, өзіне әлем қауымдастығының айрықша назарын аударды. Осынау тағдыршешті құжат халықаралық шиеленісті бәсеңсітуге деген үміт отын ұшқындатады. Мемлекет басшысының бейбітшіліксүйгіш бастамалары әр кезде де қолдау тауып отырады, ал Қазақстан болса, қауіпсіздік жолындағы шынайы күрескер болып саналады. Бүгінгідей әлем негізгі адамзат құндылықтарының дағдарысы жағдайында тұрған кезде, отандық тарихты білу өте-мөте қажет. Ол нағыз патриотизм үлгілері негізінде ұлттардың топтасуына жағдай жасайды. Өйткені, біздің отандастарымыз өз өмірлерін бәске тіге отырып, батырлық істерге барғанда марапаттар мен құрметтер туралы ойлаған емес. Рейхстагқа жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаев, қайсар пулеметші, соңғы оғына дейін жауына жұмсаған Мәншүк Мәметова, дұшпандарына орасан зор нұқсан келтірген Талғат Бигелдинов сияқты батырларымыздың есімдері тарихта мәңгілікке қалды. Оларды мұндай қаһармандыққа Отанға деген махаббат итермеледі. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың манифесінен де патриотизм рухы аңғарылады. Мен және менің әріптестерім ол туралы студенттерге геосаясат және саясаттану сабақтарында үнемі баяндап отырамыз. Алыптар алыстан көрінеді. «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің адамзатты ядролық соғыстың ажал әкелер қатерінен құтқаруға бағытталған кемеңгер де көреген саясаттың дәлелі ретінде тарих пәндеріне енетініне сенімім мол. Захот МУХЛИСОВА, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан гуманитарлық университетінің кафедра меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Орал