20 Сәуір, 2016

Ертіс өңіріндегі елеулі істер

575 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

SAM_5315Сенім жүгі ауыр

Өңірлерде «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары жүзеге асырыла бастады. Осы мақсат жолындағы Елбасы талаптарын, тапсырмаларын орындау – міндет. Ұлт Жоспарын жүзеге асыру үшін облыста арнайы комиссия құрылып, алты жұмыс тобы жұмыс жасауда. Басты мақсат – «100 нақты қадам» алға қойған міндеттерді орындау. Сондықтан негізгі басымдық өндірісті өңірдің өркендеуіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, халықтың өмір сүру деңгейінің жоғары болуы үшін жұмыс жасайтын салаларға беріледі. Павлодардағы өңірлік коммуникация­лар қызметінде брифинг өткізген облыс әкімі Болат Бақауов осы бағытта атқарылатын жұмыстарға шолу жасады. Әкімнің айтуынша, өз ісін жаңа бастаған шенеуніктерге тәлім­герлер бекітіліп, бейімделу жоспары құрылады, яғни мемлекеттік қызметшілер жұмысқа қабылдану тәртібімен мансап сатысымен көтеріледі. Өйткені, алдымызда ел дамуының басты бағыттарын айқындайтын нақты міндеттер тұр. Бірінші реформа – «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру». Ал­ғаш­қы тоқсанда облыста өткен 16 байқаудың нәтижесінде 6 мем­­лекеттік қызметші жоғары лауазымға тағайындалды. Бірінші рет мемлекеттік қызметке орна­ласқандарға үш сатылы іріктеу жүйесі енгізілді. Облыста жыл басынан бері 537 адам тест тап­сырған. Олардың 297-сі жоғары нәтижеге қол жеткізді. Өңір басшысы мемлекеттік қызметке бірінші рет қабылданушылар үшін міндетті түрде сынақ мер­зімі беріліп, еңбекақы жұмыс нәтижесі бойынша төленеді,  деді. Бұл күндері 32 мемлекеттік қызметші сынақ мерзімінен өтуде. Мемлекеттік органдарда мем­лекеттік қызметшілердің қызметін бақылау әдістемесі бекітілді. Ал, «Б» корпусы қыз­мет­шілерінің сапасы жылдық жеке жоспар бойынша бағаланады. Бірінші тоқсанда 2380 мемлекеттік қызметші бағалаудан өтті. Елімізде жүргізіліп жатқан ре­формаларға сәйкес заң үстемдігін қамтамасыз ету үшін облыста жер­гілікті полиция жұмысын бас­тады. Қоғамдық тәртіпті қорғау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу үшін жаңа жоспарлар жасалып, жергілікті полицияның жұмысына ақпараттық қолдау жасалуда. Жылдың алғашқы тоқсанында қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысты 140 факті анықталған. Мал ұрлығы және бұзақылық бойынша қылмысты әшкерелеу 75 пайызға ұлғайды. Бұдан бөлек, жергілікті полиция қызметкерлері ауылдық жердегі мал ұрлау мәселесіне ерекше мән беруде. Жергілікті әкімшілік, ша­руа қожалығының басшысы және малшы арасында ресми түрде шарт жасалып, еңбекақы белгіленеді. Облыста ауылдардың картасын құру жоспарлануда. Сонымен бірге, «Қылмыстық құқық бұзушылық картасы» рес­публикалық интернет-порталы құрылды. Тұрғындар портал арқылы қылмыстық ахуал туралы пікірлерін қалдыра алады. Бұл жұмыс үшін облыстық бюджеттен 28 миллион теңге бөлінді. Жалпы, алғашқы тоқсан қорытындысы бойынша қоғамдық орындардағы қылмыс саны 9 пайызға дейін, көшедегі қылмыс 16,6 пайызға, жол-көлік оқиғалары 0,7 пайызға, жол апатынан қайтыс болғандар саны 40 пайызға дейін төмендеген. Сот отырыстарының 92 залы аудио-бейнетіркеу құралдарымен жабдықталды. Екінші реформа – «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету». Реформаның мақсаты – азаматтардың сот төрелігіне қол­жетімділігін жеңілдету. Осы орайда «Қоғамдық келісім» медиация орталығы құрылды. Өткен жылдың қорытын­дылары бойынша өңірге 450 млрд. тең­ге инвестиция тартылды. Бұл еліміздегі өңірлер арасында инвестициялар тарту бойынша облыстың көшбасшы болуына жол ашып отыр. Алғашқы бесжылдықта облыста 274 млрд. теңгеге 68 жоба енгізіліпті. Бұл жобалардың іске асуы барысында 5,5 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, құны 200 млрд. теңгеден астам өнім өндірілді. Екінші бесжылдықта да инвестициялар көлемі 1,2 трлн. теңгеге жетпекші. Яғни, 7 мың жұмыс орнын ашатын 31 жоба жоспарланып отыр. Биылдың өзінде құны 24 млрд. теңге тұратын, 700 жұмыс орны ашылатын 11 жобаны іске қосу көзделуде. Ұлт Жоспарының «Индус­трия­ландыру және экономикалық өсім» атты үшінші бағытын жүзеге асыруда инвестиция тарту жергілікті атқарушы органдардың негізгі міндеті болып табылады. Инвесторларға қолайлы жағдай жасау мақсатында өткен жылдан бас­тап облыста Инвестициялар тарту агенттігі қызмет етеді. Оның негізгі міндеті – өңірдің оң ин­вес­тициялық имиджін құру және алға бастыру, болашағы бар жобалардың тізбесін қалып­тастыру, инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде «бір терезе» қағидаты бойынша қызметтер ұсыну, жобаларды іске асыру барысында туындайтын жүйелі мәселелерді шешу. Инвестиция ағынын арттыру жөнінде ұсы­ным­дар әзірлеу үшін облыста Инвесторлар кеңесі құрылған, оның құрамында ірі отандық және шетелдік компаниялар, банктер мен сарапшылар бар. Инвесторлар үшін арнайы сайт іске қосылмақ. «Ертіс Инвест» инвестициялық форумын өткізу дәстүрге айналды. Былтыр 500 млрд. теңге көлемінде келісімдерге қол қойылды. Жерді тиімді пайдалану және нарық айналымына түсіру экономиканы дамыту бағыттарының бірі болып саналады. Өткен жылы және жылдың ағымдағы кезеңінде айналымға 653 мың га тартылды, оның 497 мың га алаңындағы 655 жер телімі өткізілген 43 кон­курстың нәтижелері бойынша уақытша пайдалануға берілді. Және де 156 мың га тұрғындардың малдарын ұстауға сатудан тыс ұсынылды. Пайдаланусыз жатқан ауылшаруашылық жерлеріне ай сайын мониторинг жүргізілуде. Бүгінгі күні бұрын қабылданған қаулылардың және жалға беру шарттарының күшін жою арқылы мемлекетке 323,3 мың га жер қай­тарылды, сот органдарына 30,3 мың га жерді мәжбүрлеп алу жө­нінде талап арыз жіберілді. Алдағы науқанда өңірдегі егіс алқабы 1194000 гектарды құрап отыр. Ауыспалы егіншілік жүйе­сін сақтай отырып, 1 гектар суар­­малы алқаптан 1 миллион теңгенің өнімін алуға болады. Табысқа кенелу үшін шағын шаруашылықтардың кооператив құруы керек. Ауылшаруашылық тауар өндірушілері бәсекеге ба­рын­­ша төтеп беруі тиіс. Былтыр 700 мың тоннадан астам астық жиналды. Кар­топтың өнімділігі 1,2 есеге өсті. Аудандардағы бос тұрған Ертіс және Уәлиханов элеваторлары іске қосылды. Успен ауданында жаңа екі астық сақтау қоймасы пайдалануға берілді. Тұрғын үй мәселесіне орай «Алю­минстрой» шағын ауданында көп қабатты заманауи тұрғын үйлер салу ісі жалғасады. Өткен жылы өңірде мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 12 тұрғын үй пайдалануға берілді. Облыс орталығында осы аптада «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясында 72 отбасы пәтер алды. Жаңа 5 мектеп ашылды. Облыс орталығында перинаталдық орталықтың жаңа ғимараты бой көтерді. Аудандарда 7 дәрігерлік амбулатория іске қосылды. Облыста жылжымайтын мүліктің шамамен алғандағы жалпы құны 4,4 млрд. теңге болатын 2344 нысанды заңдастыруға 1090 өтініш берілді. Ұлт Жоспарының 56-шы қадам аясында мемлекеттік меншікті жекешелендіру жүргізілуде, қал­пына келтіру және банкроттық әрекеттер жетілдірілуде. Кешенді жекешелендіру жоспарының шеңберінде облыста құны 1,4 млрд. теңге тұратын 9 нысан сатылды. Білім саласында көптілді білім беруді іске асыру шеңберінде осы бағыт бойынша бағдарламаларды жүзеге асыратын мектептер саны артып келеді. 79-қадам – «Білім беру жүйесінде – жоғары сыныптар мен ЖОО-ларда ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен көшу» бойынша көп тілде білім беретін мектептер саны биыл 66-ға жетпек. Бастауыш білімнің жаңа стандартының «Адам және қоғам» бөлімінде «Мәңгілік Ел» идеясының құндылықтарын тәр­биелеуге бағдарланған «Дүние­тану» және «Өзін-өзі тану» пәндері енгізілген. Денсаулық сақтау басқармасы мемлекет-жекеменшік серіктестігі шеңберінде 5 жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. Ленин кентінің дәрігерлік амбулаториясы қаладағы №3 емханаға, Кенжекөл ауылының дәрігерлік амбулаториясы №4 емханаға, Екібастұздағы №1 емхана сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға берілмек. Ал, облыс орталығындағы №1 аурухана және Екібастұз қалалық ауруханасы ғимараттары компьютерлік томограф орнатуға арналып қайта құрылады. 84-қадамға сәйкес әлеуметтік көмекті оңтайландыру жүргізілуде, бұл мақсатта «Өрлеу» жобасы жүзеге асырылуда. Қазіргі кезде отбасын тұрақтанудырудың әлеуметтік шарттарын 44 отбасы жасасты ( адамдарының саны – 209), оларға 1,9 млн. теңге шартты ақшалай көмек берілді. Жыл басынан «Өрлеу» қанатқақты жобасы Павлодар облысының 4 өңірінде жалғасуда. Өңірде 24 облыстық, 83 қалалық және аудандық этно­мәдени бірлестік, облыстық ассамблеяның 13 филиалы, 43 қоғамдық кеңес, 21 аналар кеңесі өз жұмыстарын жүргізуде. Облыс орталығындағы Достық үйінде мерейтойлық жылға бастау болған «Үлкен Ел – Үлкен Отбасы» ак­циясы өткізілді. Елбасының қатысуымен ағымдағы жылғы наурыз айында Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құру шеңберінде еңбек ұжымдарының республикалық форумына 4 мыңнан астам жұмысшы мамандығының өкілдері қатысты. «Үлкен Ел – Үлкен Отба­сы» жалпыұлттық жоба­сы­­­­­ның шеңберінде облыс­та қайы­рымдылық жұмыс­та­­­ры ұйымдастырылуда. «Қайы­рымдылық керуені» және «Қайы­рымдылық» акцияларына барлық меншік нысандарындағы ұйымдар, этномәдени бірлестіктер белсенді қатысып, іс-шара барысында тұрғындардың осал топтарына, ардагерлерге, мүм­кіндіктері шектеулі адамдарға, аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасыларына материалдық қолдау көрсетеді. Облыста қоғамдық кеңес құрылды. Кеңес мүшелерінің үштен екісін азаматтық қоғам өкілдері құрайды. Қоғамдық кеңестер қызметінің басты мақсаты – тұрғындардың әлеуметтік маңызды мәселелер бойынша пікірлерін ескеру. Брифинг қорытындысында Болат Бақауов өңірдегі мем­ле­кеттік қызметшілерді «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының орын­далуын жауапкершілікпен атқаруға шақырды. Әр мемле­кеттік қызметші өзінің нақты учаскесінде не істегені және қандай жұмыстарды атқарып жатқандығына байланысты кез келген уақытта нақты жауап беруге дайын болуы тиіс», деді әкім баспасөз мәслихатында. Соңынан облыс әкімі журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Баянауыл да ЭКСПО-2017-ге дайындалуда

Халықаралық көрмеге келетін шетелдік туристер саны көбейері анық. Отандық туризмнің жолын ашуға тамаша мүмкіндік. Облыстық ин­­дус­триялық-инновациялық даму басқармасының хабарын­ша, біз­дің өңірдегі «Саят Павлодар» және «Пять звезд» туристік компаниялары «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясымен келісімшартқа отырып, көрмеде шетелдіктерге қызмет көрсететін ұйымдардың қа­тарына қосылды. Келісімшарт шеңберінде облыста 5 туристік маршрут ашылмақшы. Шетел­діктер «Павлодар – Ертіс жаға­сындағы қала», «Баянауыл аңыз­дары – 1», «Баянауыл аңыздары – 2», «Шалдай орманына саяхат» және «Ертіс-Баян өңірі» маршруттарымен жүре алады. Баянауылдың Жасыбай, Са­бын­дыкөл көлдері, Мәшһүр Жүсіп кесенесі, Ғаб­дұлуахит Хазірет кесенесі, «Қаз қонақ» ескерткіші бар. Негізгі маршруттар өңірдің Баянауыл, Лебяжі, Шарбақты ау­дандарының және Павлодар мен Екібастұз қала­ларының аумағына арналып отыр. Қазір туристік маршруттарды, саяхаттау бағытына енген әр ны­санды дайындау шаралары жүргізілуде. Бұдан соң «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы тексеріп, тиісті рұқсатын береді. Яғни, біздің облыс ха­лықаралық көрмеде транзиттік өңір атанады. Ресейдің бірқатар өңірлері Астанаға біздің облыс арқылы жолға шығады. Туристік белгілерді де үш тілде дайындау басталады. Маршруттар ау­дио­гидпен қамтамасыз етіл­мек. Еріктілер жұмыс жасайды. Өңірге жаңа инвесторларды тартуға және туристік нысандарды дамытуға жол ашылмақ. Қазір облыстан ЭКСПО нысандарының құрылысына «Қазэнергокабель», «Кастинг», «KSP Steеl» және «СТИРОЛ» кәсіпорындары қа­тысуда. Құрылысқа қажетті болат өнімдерін, электр өткізгіш сымдарды және жол құрылысына қажетті пенополистирол жеткізуде. Олар «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық ком­паниясымен келісімшартқа отырған. Ал, ЭКСПО-2017 көрмесінің тақырыбы – Болашақтың энергиясы. Облыс орталығындағы жоғары оқу орындары да жобаларын ұсынуда. Өңірде көрмені насихаттайтын 26 билборд орнатылған. Бүгінде 150 ерікті сертификат алған. 2017 жылға дейін облыс­та еріктілер саны 1 мың адамға жетпекші. Ж.Аймауытов атындағы облыстық музыкалы-драма театры Астанада өнер көрсетеді.

Бозшакөл әлем назарында

2015 жылдың желтоқсан айында Мемлекет басшысының қа­тысуымен өткен жалпыұлттық те­лекөпір аясында Бозшакөлде іске қосу-реттеу жұмыстары бас­талған болатын. Биыл ақпанда алғашқы мыс концентраты алынды. Бозшакөл өнімінің алғашқы партиясы Қытайға экспортталмақ. «KAZ Minerals Bozshakol» ком­­паниясының мәліметтерінше, Бозшакөл кен байыту комбинаты өндірісі 2016 жылдың соңына қарай толық қуатында жұмыс жасайтын болады. Ол кезде кен байыту комбинаты жылына 30 миллион тонна мыс өндіреді. Алдағы жылдары өндірілетін мыстың көлемін 49 миллион тон­наға жеткізу жос­парлануда. Бұл күндері фабрикада тәулігіне 120 мың тонна кен өн­дірілсе, келер жылдан бастап бұл көрсеткіш 140 мың тоннаға жетеді. Кә­сіп­­­орында вахталық тәртіп бойынша еліміздің әр жерінен 1500 жұмысшы, құрылысшы еңбек етуде. Компания кәсіпорынға жас­тарды жұмысқа қабылдауға басым­дық береді. Екібастұз даласындағы Бозша­көл – әлемдік деңгейдегі бірегей ке­ніш. Кеніштің қолданылу мер­зімі – 40 жыл. Кен байыту ком­би­натының құрылысын жүргізу еліміздің Индустрияландыру кар­тасы бойынша жү­зеге асты. Бозшакөл, жалпы, игерілмеген кен орындарының бірі. Павлодар-Астана бағытындағы жолдың бо­йы, Шідерті кентінен өткен соң, оң жақтан алып құры­лыс алаңы көрінеді. Негізінде, Бозшакөлдегі жобаны игерудің үшжылдық кезеңі 2012 жылы басталды. Бозша­көл сынды ауқымды кенішті салуға 6-7 жыл уақыт ке­те­ді екен. Кен орнының жұмыс жасауына Екібастұздың ГРЭС-1 стансасы және Шідерті су қой­масының қоры пайдаланылады деп есептелген. Алғашқы 10 жыл ішінде жылына орта есеппен 100 мың тонна кен алынады. Боз­ша­көлдің мысы жер астына түспей-ақ бетінде ғана тұр, қазуға дайын, сондықтан ашық әдіспен өндіріледі. Бұл далада мыс қана емес, сондай-ақ, молибден, алтын, күміс және басқа да құнды металдар жетеді. Бозшакөл даласының кен қорларының ерекшелігі де сол. Табиғи байлықты сатудан қа­зы­намызға кіріс құйылады, ор­нықты экономикалық өсуге тиім­ділік туғы­зады. Яғни, Бозшакөл эво­лю­­­циялық өркендеудің ғасыр­лық жобасы деуге болады. Кен байыту комбинатының құрылысы әлемдік стандарттарға сай жүр­гізілуде, дейді мамандар. Кен байыту комбинатының іске қосылуы елдің металлургиялық шикізат қуаттылығын елу жылға қамтамасыз етеді.

19-04-СЛайд на брифинг

777Түркиялық бауырлардан үйренеріміз көп

Болашақта облыста кеңсе тауарларын шығара­тын кәсіп­орын іске қосылуы мүмкін. Түркиялық кәсіп­керлер өңірде осындай инвестициялық жобаны қолға алмақшы. Өңір үшін 25 миллион доллар инвестиция салып, арнайы экономикалық аумағында кеңсе тауарлары мен балалар ойын алаңдарын шығаратын кәсіпорындар ашуға дайын. Бұл туралы облыс әкім­дігінде болған кездесу барысында айтылды. Екіжақты тиімді әріптестік мүмкіндіктері тал­қыланды. Бұл облысқа шетелден құйылатын инвестициялар арта бастады деген сөз. Бұдан басқа, мысалы, Түркия елінің тауар тасымалдаушылары да жұмыс істейді, бірқатар бірлескен кә­сіпорындар да бар. Өңіріміздің тиімді географиялық жағдайы инвестициялар тартуда үлкен басымдық беруде. Инвесторлар үшін салықтық жеңілдіктер қарастырылған «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы орналасқан. Аймақтың негізгі бағыттары – химия, мұнай-хи­мия салаларын және түсті металлургия салаларын дамыту. Инвесторлар өңірде өндірілетін алюминийге, «Нефтехим LTD компаниясы» ЖШС мен басқа да өнеркәсіп кәсіпорындарының өнімдеріне қызығушылық танытты. Алюминий өнімдері әлемдік экономикалық дағ­дарысқа қарамастан, Түркия мен Беларусь елдеріне экс­порт­талуда. Облыстық индус­триялық-инновациялық даму басқармасы мәліметінше, өткен жылы өңірден алыс-жа­қын шетелдерге алюминий металы тасымалданған. Павлодарлық алюминий Түр­кия еліне де жет­кізілуде. Өт­кен жылдың ал­ғашқы бес айында тауар айна­лымының көлемі 102,6 миллион АҚШ долларына жетті. Маманның сөзінше, жергілікті төртінші деңгейлі алюминийге деген сұраныс жоғарылай түскен. Мысалы, 2013 жылы ме­талдан жасалған сымдар 6,2 млн. доллар көлемінде экспортталса, араға жыл салып аталмыш көр­сеткіш 9,7 млн. долларға жетті. Түркиялықтарды да павло­дарлық алюминий мен полипропилен қызықтырады екен. Абдуллах Экинджи басшылық ететін «Burak Aluminyim» зауыты – өз еліндегі ірі өн­ді­ріс орын­дарының бірі. Алю­минийді өңдеуді осы кәсіпорын басшы­лығы қолға алмақшы. Ал, «Pensan A.S» компаниясы жылына 1-1,5 миллион дана қалам шығарып, 58 мемлекетке жеткізеді. Компанияның бас директоры Фатих Чифтчиоглу енді сыртта өндіріс ашатын уа­қыт жетті. Павлодарлық кә­сіп­­­­керлермен бірлесіп, кеңсе тауар­­ларын шығару ісін қолға ал­мақпыз, дейді. Дәптер, қарындаш, өшіргіш, сызғыш жасап шығаруға жер­гілікті билік пен кәсіпкерлер дайынбыз деп отыр. Ыстанбұл кәсіпкерлері қауымдастығы­ның басшысы Мұстафа Баш­құрт павлодарлықтарға алғыс айтып, алдағы уақытта ортақ инвестициялық жоба­лардың сәтті жүзеге асуынан сенім біл­дірді. Бетті дайындаған «Егемен Қазақстан» газетінің Павлодар облысындағы тілшісі Фарида БЫҚАЙ