Екі Келес, бір Талас,
Бал татыған жерің-ай.
Ағайының аралас,
Тату екен елің-ай!
Желмаяға өңгеріп
Алып кетер едім-ай.
Сыймаған соң алдыма
Әттең, дүние дедім-ай!
Асан қайғы бабамыз осылайша тамсанған сулы Келес пен Құр Келестің бойында Келес деп аталатын аудан болғанын біреу білсе, біреу білмес. Қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында алғашқылардың бірі болып құрылған аудандардың бірі Келес ауданы талай теперішті басынан өткерді. ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарының басында алғашқы ұжымдық шаруашылық – Коммуна да осында ұйымдастырылған екен. Өз тарихында төрт рет таратылған бұл аудан бүгінде көршілес Сарыағаш ауданының құрамына қосылған. Бұрынғы Келес ауданында осы аудан атауымен аттас кеңестік шаруашылық та болған. Атақ-даңқы алысқа кеткен, тіпті Мәскеуге дейін жеткен бұл кеңшарды кезінде Түймебай Егемқұлов сынды директор басқарған.
Кейіпкеріміз – киелі Келестің төл перзенті. 1929 жылы Қызыл ту ұжымшарында (қазіргі Қошқарата ауылдық округіне қарасты Бәйтерек ауылында) кедей шаруа отбасында жарық дүниеге келген. Әкесінің аты Егемқұл, ал анасының аты Ханбибі болатын. Балдәурен балалық шағы бақытты өтті дей алмаймыз. Отызыншы жылдардың ойраны мен қырқыншы жылдардың қырғыны ауыл өмірін де әбден титықтатып жіберген. Сұрапыл соғыстың тыл өміріне әкелген ауыр тауқыметті тіршілігі де осы ұрпақтың еншісіне тиген. Түймебай титімдейінен алғыр да зерек болып өскен. Орта мектепті ойдағыдай бітіріп шыққан бозбала Түймебай агроном болуды армандайды. Сөйтіп, осы ойын өзінің немере ағасы Ерназар Абауовқа айтады. Білікті маман ретінде ауыл шаруашылығын, оның экономикасы мен мәдениетін еселеп көтеруді қалайтынын жеткізеді. Ақ батасын берген ағасы оны арман қала Алматыға шығарып салады. Ол ауыл шаруашылығы институтына құжаттарын тапсырады. Алайда, өзі армандаған агрономия емес, инженер-механика факультетінің студенті атанады. Алтын дәуір саналатын студенттік өмір, институт қабырғасындағы бес жыл да зырлап өте шығады. Жоғары білімді жас маман өзінің туған ауылына оралады. Өйткені, мұнда оны аяулы анасы мен інісі зарыға күтіп отырған. Сөйтіп еңбек жолын «Келес» ұжымшарының (Қошқарата ауылдық округінің) орталығы – Бесқұбыр ауылындағы мәшине-трактор стансасында (МТС-та) механик болып бастайды. 1957 жылы ұсақ ұжымшарлар біріктіріліп, соның негізінде кеңшарлар құрылады. Жас маманның біліктілігі мен ұйымдастыру қабілетінің мықтылығын байқаған басшылар оны «Келес» кеңшарының бас инженері қызметіне көтереді.
Іскерлігі мен белсенділігі ескерілген Түймебай Егемқұлов коммунистік партия қатарына қабылданады. 1964 жылы «Келес» кеңшарының директоры лауазымына тағайындалады. Жеті жылдай уақыт кеңшар диқандары мен мақташыларын, малшылары мен күллі еңбекшілерін ерен еңбек етуге жұмылдыра отырып табысты еселеген үстіне еселей түседі. Сол бір жылдары «Келес» кеңшарының атақ-даңқы алысқа тараған болатын. Шаруашылықтың тасы өрге домалап, жемісті жетістіктер мен толағай табыстар арта түскен. Кеңшар Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің алтын медалімен марапатталған. «Ер еңбегімен еңселі» демекші, ерен еңбегі еленген Түймебай Егемқұлов Ленин орденімен марапатталады. Кеңес Одағы Коммунистік партиясының ХХІІІ съезіне делегат болып сайланады. Жаңа әлеуметтік нысандар бой көтерген. Атап айтатын болсақ, Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектептің (Сәкен Сейфуллин атындағы № 77 жалпы орта мектебінің) 640 оқушыға лайықталған заманауи ғимараты, мәдениет үйі, балабақша, жас отбасыларға арналған қосқабатты бірнеше тұрғын үйлер, монша бой көтеріп, асфальт жолдар салынумен қатар бұрын-соңды болмаған ауызсу жүйесі іске қосылады. Халықтың тұрмыс жағдайы жақсара түседі.
Жетпісінші жылдардың басында Ғани Мұратбаев атындағы кеңшардың экономикалық көрсеткіштері күрт төмендеп кеткен болатын. Міне, осы жағдай аудан басшыларының бас ауруына айналған. Сөйтіп, аудандық партия комитетінің ұйғарымымен орын алып отырған кемшіліктерді жою мақсатында Түймебай Егемқұловты артта қалған шаруашылықты басқаруға жібереді. Істің көзін таба білетін білікті басшы мұнда да асқан ұйымдастырушылық қарым-қабілетімен танылады. Жұмысты жүйелі жүргізу үшін күндіз-түні тыным таппайды. Оның қызмет көлігінде өзімен бірге қашанда резіңке етік, кетпен, фонарь жүретін. Түнде жолда жүргенде мақталықтың суарылуын қатаң қадағалайтын. Осындайда бастықпын деп бәлсінбестен аяғына резіңке етігін киіп алып, фонарын жағып жіберіп, қолындағы кетпенімен судың асып-тасыған, яки жетіспей тұрған тұстарын ретке келіретін. Агроном, инженер, зоотехник, басқа да мамандардың басын жиі қосып, қай жерден ағаттық, кемістік кеткенін айқындауға әрекеттенетін. Өзара ақылдаса отырып жіберілген кемшіліктердің орнын толтырып, жұртшылықты жетістікке қарай жетелейтін. Соның нәтижесінде бұл кеңшар әр гектардан 30-35 центнердан «ақ алтын» жинауға жетіседі. Осылайша, мақта өнімділігімен қоса мал шаруашылығы да өркендей түседі. Сегіз жыл бойы кеңшар Келес ауданын былай қойғанда облыс көлеміндегі алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың біріне айналады. Бұл кеңшардың атауы Мәскеудегі Бүкілодақтық Халық Шаруашылығы Жетістіктері Көрмесінің Құрмет тақтасына жазылып, оның директоры осы көрменің күміс меделімен марапатталады. Түймебай Егемқұлов кеудесіне «Еңбек Қызыл Ту» және «Октябрь революциясы» ордендерін тағады. Қазақстан Коммунистік партиясының кезекті бір съезінде Орталық Комиттің мүшелігіне сайланады. Халық депутаттары облыстық, аудандық және ауылдық кеңестеріне бірнеше рет депутат болып сайланып, қыруар қоғамдық тірлік те атқарады. Оның өз сайлаушыларының аманаттарын орындаудағы еңбегі де елеулі. Мұнда да орта мектеп, әкімшілік ғимарат салдырады. Өкінішке қарай, ердің жасы – елуге келгенде денсаулығына байланысты шаруашылық жұмыстарынан шеттетіліп, құрметті демалысқа шығады. Ол республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер болатын. Екі жылдан кейін көгілдір көктемде дүниеден озады.
Түймебай Егемқұлов өмірден ерте өткенімен, соңына із қалдырған ізгі жүректі жан болатын. Ел-жұрты мен ұрпақтары оның еңбегін, адамгершілік қасиеттерін әлі күнге дейін тамсана айтып жүр. Жетпіс жылдық мерейтойына орай волейболдан жарыс ұйымдастырып, аруағына арнап ас бергені де жадымызда. Ол сүйікті жар, өнегелі әке, қамқор ата бола білді.
Осы орайда басқасын былай қойғанда 15 жылдай уақыт қос бірдей кеңшарда директор қызметін атқарған абыройлы азаматтың есімі еленіп, ескерілмей жүргені өкінішті дер едік.
Әбдісаттар ӘЛІП,
журналист
Шымкент