10 Мамыр, 2016

Пәтер және жарты миллион теңге

239 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
DSC_7414Өңір басшысы Өскемен мен Семей қалаларындағы ардагерлердің үйлерінде болды Ұлы Жеңістің 71 жылдық мере­кесіне орай Шығыс Қазақстанда әр соғыс ардагеріне 500 мың тең­геден сыйақы беру туралы шешім қабылданған болатын. Осы орайда, Ұлы Жеңіс күні қарсаңында майданда ел мен жер үшін қан кешкен әр ардагерге 500 мың теңгеден сыйақы табыс етілді. Яғни, облыстық бюджеттен Ұлы Отан соғысының 438 мүгедегі мен қатысушысына 500 мың теңге көлемінде бір реттік төлемақы берілді. Сондай-ақ, бұл қаржы қала мен аудан әкімдіктерінің бюджетінен толықтырылып отыр. Биыл өңір бойынша 11 майдангер-ардагердің үйі жөндеуден өт­пек. Ұлы Отан соғысының қаты­су­шыларына теңестірілген азаматтар да назардан тыс қалмайды. Облыста олардың саны 1535 адамды құрайды. Сондай-ақ, 26 946 тыл ардагері бар. Мереке қарсаңында облыс әкімі Даниал Ахметов Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан Ұлы Отан соғысының ардагерлерін құттықтап, майдангер қарттарға жарты миллион теңгенің сертификаттарын табыс етті. Ал Ұлы Отан соғысының ардагері Анастасия Светочеваға пәтер сыйлады. – Сіздер елімізге бейбіт өмір, бақыт пен қуаныш сыйладыңыздар. Сіздермен кездесу мен үшін үлкен мақтаныш. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңыз бен немере-шөберелеріңізге амандық тілеймін! Елімізде әрдайым бейбітшілік болсын! – деді Д.Ахметов. Пәтер кілтіне ие болған Анас­тасия Павловна 1922 жылы Күр­шім ауданының Буденовка ауылында дүниеге келген. 1942 жыл­дың мамырында Кеңес әскері қатарына шақырылып, Ле­нин­град қаласының 26-шы Қы­зыл тулы жеке байланыс пол­­кінде бо­рышын өтейді. Ленинград қа­ла­сын фашистердің қор­ша­уы­нан босату операцияларына қаты­сады. Кескілескен шайқастарда қайсарлық танытқан бойжеткен I дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ор­денімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін» және «Ленинградты қорға­ғаны үшін» медальдарымен марапатталған. Жауынгер қыз соғыстан кейін Ленинградтың монтаждау тех­никумына оқуға түсіп, оны ойдағыдай аяқтағаннан кейін туған жеріне оралды. Құрылыста шебер, прораб болды. Белсенді қоғамдық жұмыс атқарып, қалалық кеңеске депутат болып сайланды. Тоқсанның төртіне келген Анастасия Светочева: «Жыл са­йын­ соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетіп жатқан бүгінгі ұрпаққа ризамын. Биылғы 9 мамыр мерекесі мен үшін ерекше болды. Пәтер сыйлап, жақсылық жасап жатқан Президентімізге үлкен рахметімді айтамын», – деді. Өңір басшысы одан кейін салтанатты жиынға келе алмаған Құрмет Рахимов, Павел Ященко және Әбілмәжін Байжұманов сынды ардагерлердің үйлеріне барып, арнайы құттықтады. Қа­риялар өз кезегінде хал-жағ­да­йын білген облыстың басшы­сына ризашылықтарын білдіріп, өздерінің тұрмыс жайы мен ден­саулықтары туралы әңгімеледі. Әр ардагердің өзіндік Жеңіс та­рихы бар. Ақсақалдар шерткен сырдан ардагерлер шаңы­рағындағы сылдырлай жар­қыраған орден-медальдардың қандай қиындықпен, қаншама құрбандықпен келгенін білуге болады. Мәселен, Құрмет Рахимұлы 3-ші Беларусь және 1-ші Балтық майдандарында Ке­нингсберг қаласын алуға, Бело­руссия мен Литваны азат етуге қатысқан. Жеңіс күнін Кенингсберг қаласында қарсы алған. Павел Александрович болса, Мәскеу қорғанысына қатысқан майдангер. Ол КСРО Бас штабының тапсырмасымен Мәскеуді қорғау бойынша құрылған жедел жасақ құрамында қызмет етті. 1942 жылдың қаңтар айының соңында Ленинград түбіндегі шайқастарға қатысты. Ленинград майданы және Калинин майданындағы Ржев түбінде екі мәрте жараланды. Жеңісті Венгрияда қарсы алды. Әскери ерлігі үшін «Ұлы Отан соғысы», «Жауынгерлік Қызыл Ту» ордендерімен, «Мәскеуді қорғағаны үшін» және «Жуков» медальдарымен марапатталды. Мерейтойлық медальдары да жетерлік. Ал Әбілмәжін Байжұманов 1942 жылы қыркүйек айында Кеңес Армиясы қатарына шақы­рыл­ған екен. Мәскеу түбіндегі За­горск қаласында қызмет етіп, даярлықтан өткен әскер тара­тылғаннан кейін маршал Рокос­совскийдің бастауымен Белорус­сияны азат етуге қатысты. 1944 жылдың соңында қатты бомба­лауға ұшыраған Литваға дейін жетіп, жан берісіп, жан алысқан ұрыстардың бірінде ауыр жара­ланды. Осылайша, ол Ұлы Же­ңіс­ті әскери госпитальда қарсы алған еді. «Ұлы Отан соғысы» орде­ні­мен, «Берлинді алғаны үшін», «Гер­манияны жеңгені үшін», «Жу­ков», «Литваны азат еткені үшін» медальдарымен марапатталды. Өскемендегі шарадан кейін облыс басшысы Елбасы тапсырмасына сәйкес ардагерлерді құттықтау үшін Семейге барды. Қала әкімі Ермак Сәлімов және депутаттар, қоғамдық ұйым өкілдерімен бірге ардагерлердің үйіне барып, арнайы құттықтады. Семейлік Қалиасқар Ысқақов – жастайынан соғысқа аттанып, ел қорғаған жаужүрек жауынгерлердің бірі. 1941 жылы мектеп бітірісімен соғысқа аттанған ол Мәскеуді қорғауға қатысады. 3-ші Балтық майданында, 1-ші Украина майданында ерлікпен көзге түскен. І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен екі рет және ІІІ дәрежелі «Даңқ орденімен» марапатталған. Сондай-ақ, облыс әкімі Даниал Ахметов 101 жастағы арда­гер Николай Верещагинді құттық­та­ды. Николай Верещагин армия қатарына шақырылып, әскери міндетін өтеп жүрген кезде соғыс басталып кетіп, еліне қайта алмай қалады. Әскери-әуе қорғаныстары батальонының құрамында болып, Украина, Батыс майдандарында соғысқан. Вена, Будапешт қалаларын азат етуге атсалысқан. Облыс әкімі ардагер Ольга Янчуктің шаңырағында да болды. Осылайша, шығысқазақ­стан­дықтар Ұлы Жеңістің кезекті ме­рекесін кеңінен атап өтті. Был­тыр Жеңістің 70 жылдық мерейто­йы­ның құрметіне арнап ашылған veteran-vko.kz сайты жұмысын жалғастыруда. Интернет-порталда соғысқа қатысушы жауынгерлер мен тылдағы кәсіпорындардың жұмысы жөніндегі мәліметтер және естеліктер, облыстағы мұрағаттық мекемелердің материал­дары орналастырылған. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан» Шығыс Қазақстан облысы