Архив деректеріне жүгінсек, Ошақбай Ілебайұлы Апбасов 1942 жылдың қаңтарында 19 жасында Жамбыл облысының Жамбыл аудандық әскери комиссариаттан соғысқа шақырылған. Майданда түрлі әскери амалдарды меңгеріп, қысылтаяң кезде қырағылық танытқан сержанттың жауды қапыда қалдырып, әбжілдік танытқан кезі аз емес. Алдымен, 1944 жылдың маусымында жауға қарсы шайқаста көрсеткен жанқиярлық қайсарлығы үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады (№30674078 жазба). Бұл медальға ұсынылған марапаттау қағазында 1-дивизионның 2-батареясы есептобының командирі, гвардия сержанты Ошақбай Апбасовтың 1944 жылдың 27 маусымында жасаған алғашқы ерлігі жайында баяндалады. Дәл осы күні сағат
11-де Бешенковичи ауданынан ілгері жылжып бара жатқан кеңестік әскерлерінің колоннасына бір топ неміс солдаты Верховье селосында шабуыл жасайды.
Ал, 1944 жылдың 23 маусымындағы гвардия сержанты О.Апбасов берген нақты деректердің арқасында, Шумилино ауданында жаудың екі батареясы табанда жойылған. Міне, осылайша қазақ сарбазының ұрыс даласында көрсеткен табандылығы мен қырағылығын, жаудан сескенбес қайсарлығын, ақылдылығы мен білгірлігін жоғары бағалаған 1-дивизионға қарасты 2-батарея командирі, гвардия капитаны Угрюмов мемлекеттік наградаға лайық деп тапқан. Бұл әскери құрылымның Белоруссия жерін азат ету майданына белсене қатысқанын архивтік деректер айғақтайды.
Қазақ жерінен аттанған майдангерлердің қай-қайсысы да елден жырақ, қан майданның қақ ортасында жүріп, сол кездегі ортақ Отанын басқыншылардан азат ету жолында бар қабілетін, білімін жұмсап, жау қолында қалған қалалар мен ауылдарды босатып алуда кескілескен ұрысты бастан кешіп, ерліктің үлгісін көрсеткені ақиқат. Олардың алдыңғы сапында гвардия сержанты Ошақбай Апбасовтың болғанына тарихи деректер куә.
Тағы бір архивтік мағлұматқа көз жіберелік. Бөлімшенің 1944 жылдың 23 қыркүйегіндегі №68 бұйрығында (архив ЦАМО, қор 33, хаттама 690155, сақтау бірлігі 6243, жазба №35454998) гвардия сержанты Ошақбай Ілебайұлы Апбасовтың «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынылғаны жөнінде толық мәлімет келтірілген. Марапаттау қағазында баяндалғандай, Витебск бригадасы 1/37 гвардиялық армиясы зеңбірек артиллерия басқармасы бақылаушылар взводының аға барлаушысы О.Апбасов 1944 жылдың 13 қыркүйегінде жау әскерінің күшті қарсылығына қарамастан, өз өміріне қауіп-қатер төніп тұрса да, қаһармандықпен жау шебіне бақылау жүргізген. Қазақ барлаушысының себелеген оқтың астында қалып, батыл әрі жедел іс-әрекетінің нәтижесінде жаудың 2/105 мм батареясы мен 3/75 мм батареясының орны анықталып, Балдон ауданында дұшпанның жаяу әскерінің танкке шоғырланып жатқаны туралы мәліметі дер кезінде қолбасшылыққа жеткізіледі. Соның нәтижесінде кеңес артиллеристері жаудың 2 батареясының тас-талқанын шығарады. Сондай-ақ, неміс басқыншыларының жаяу әскер батальоны жауындай себелеген зеңбірек оғынан тоз-тозы шығып, жан-жаққа бытырай қашады. Сөйтіп, фашистердің бір машинасы табанда істен шығады. Аға барлаушы Ошақбай Ілебайұлы осы ерлігі үшін 1-барлаушылар дивизионының бастығы, гвардия аға лейтенанты Тюхов пен бригада командирі, гвардия майоры Кулиштің ұсынуымен жоғары марапатқа – «Қызыл Жұлдыз» орденіне ие болады. Бұл майдангердің ұрыс даласында елін қорғау жолында көрсеткен жанқиярлық ерлігіне көрсетілген үлкен құрмет екені сөзсіз.
Әрине, оқ пен оттың астында, толарсақтан саз кешіп, ел мен жердің азаттығы үшін күші басым, айлалы жаумен алысқан жауынгерлердің бәрі де қолынан келгенше аянып қалмағаны белгілі. Қай майдангер де жеңіске жету үшін кескілескен майдан шебінде бірінші болып басқыншыларға тап беріп, жусатып салуға ұмтылатынын әр ардагердің әңгімесінен естіп, ұғып жүрген жоқпыз ба?! Сол себепті кейіпкеріміз Ошақбай Ілебайұлының біз сөз еткен істері де басқа майдангер серіктестерімен бірге жүзеге асырылған сәтті операциялардың бірі екендігінде еш күмәніміз жоқ.
1945 жылдың сәуірінде неміс басқыншылары жеңіліске ұшырап, Кеңес Одағының аумағынан өз жерлеріне қарай тықсырылып, кеңестік армиясының жеңіске қол жеткізе бастаған кезі еді. Бұл уақытта кіші лейтенант әскери шенін алған Ошақбай Апбасовтың тағы бір ерлігі үшін 1945 жылдың 9 сәуірінде дивизион командирі, гвардия майоры Малышевтің ұсынуымен, оған II дәрежелі «Отан соғысы» ордені беріледі. Гвардия кіші лейтенанты О.Апбасов бұл жолы қандай ерлік жасады дейсіз ғой?! Енді соған тоқталайық. Бұл кезде Кеңес әскерлерінен күн-түн санап, сағат санап, сәт санап үлкен шығынмен, зор күшпен ығысқан неміс басқыншылары әрбір сүйем, әрбір орам үшін жанталаса тойтарыс беруге тырысқаны тарихтан аян. Әсіресе, Кенгисберг қаласы үшін қанды шайқас жүріп жатқан болатын. Ошақбай Апбасовтың осынау шайқаста көрсеткен ержүрек іс-қимылы жөнінде марапаттау қағазында гвардия майоры Малышев былай деп нақты әрі сүйсіне жазады: «Кенигсберг қаласы үшін болған шайқаста өзін ержүрек офицер ретінде көрсетті. Жаяу әскер қатарында жүріп, жаудың батареяларын, ДОТ, ДЗОТ орнын анықтауды ұйымдастырды, осылайша 4 артиллерия батареясын, ДОТ, 6 ДЗОТ-тын байқаған. Бір өзі 2 артиллерия батареясын, 3 миномет батареясын және 4 ДЗОТ-ты тапты. Батареяның оқ ату нысанасына түзетулер жасау арқылы жаудың артиллериялық батареясының көзі жойылды, 2 ДЗОТ-ы мен жаяу әскер взводына дейін талқандалды». Міне, нағыз ерлік деген осы болар, сірә!..
Осылайша, Ошақбай Ілебайұлының жаудың берік бекінісін дөп басып, анық танып, артиллериялық, минометтік батареяларының орналасуы жөнінде аса құнды деректерді алуы арқасында, олардың көзі жойылып, әскерлерімізге жеңіспен алға жылжуына мүмкіндік туған. Архивтерде қатталып, осы күнге дейін құнды құжат ретінде сақталып келген фактілер бізге батыл барлаушы, қайсар майдангер, қаһарман қазақ офицері жайында осылайша сыр шертеді.
Ошақбай Ілебайұлы елге оралысымен, еңбекке бел шеше араласып, партия ұйымдарында бірқатар жауапты қызметтер атқарды. Атап айтқанда, Жамбыл облыстық партия комитетінің партия бөлімінде нұсқаушы, кәсіподақтар және комсомол органдарында жауапты жұмыстар атқарады. Өз ісіне мығым, ортасына сыйлы еңбек ардагері партия қызметінде де үлкен абыройға бөленгені анық.
Жамбыл облысы Жамбыл ауданындағы сол кездегі Сталин атындағы кеңшарда партия бюросының хатшысы, Жамбыл атындағы кеңшардың, Жуалы ауданының Ленин атындағы кеңшардың төрағасы болып абыройлы қызметтер атқарған. Бейбіт күнде де бір тыным таппаған еңбек ардагері, партия қызметкері Ошақбай Апбасовтың бар қажыр-қайраты, қабілет-қарымы, білімі мен тәжірибесі туған елін көркейтуге, экономикасын еселеуге, өзіне жүктелген қыруар тапсырмаларды белсенділікпен атқаруға жұмсалғаны шүбәсіз.
Нұрлан ҚАЛҚА,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың лауреаты
Жамбыл облысы