Жәнібек ӘЛИМАН
Жәнібек ӘЛИМАН«Egemen Qazaqstan»
212 материал табылды

Руханият • 26 Желтоқсан, 2021

Аманжолдың мақамы

«Екейде елу бақсы, сексен ақын, гулейді жын соққандай кешке жақын» деді Жамбыл жырау. Аузымен құс тістеген Алатаудың Жамбылы болған соң арқасы қозып осылай демегенде ше?! Сол сексен ақыннан қара үзіп шығып, жыр алыбына айналарын сезген соң да айтты, бәлкім.

Тәуелсіздік • 14 Желтоқсан, 2021

Алтын тамырлы азаттық

Халқымыздың басты байлығы Тәуелсіздік екенін жиі айтады Елбасы. «Тәуел­сіздікке қол жеткізу бар да, оны уыстан шығармай ұстап тұру – одан да маңыз­ды» деуден жалықпай келеді. Әрине, бұл қанша қайталап айтса да, дәмі кет­пейтін сөз. Азаттық алғанға дейін қазақ даласында ел мен жер үшін болған кез кел­ген күрес Тәуелсіздіктің қадірін білуге жетелейді. Ұлттық намысқа жан бітіреді.

Егемен Қазақстан • 06 Желтоқсан, 2021

«Egemen Qazaqstan» газеті мен «Российская газета» өзара келісім жасасты

Республикалық «Egemen Qazaqstan» газеті мен «Российская газета» баспасы өзара іс-қимыл туралы әріптестік келісімге қол қойды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Руханият • 01 Қараша, 2021

Жер мен жыр

«Қайырлы болсын сіздерге, менен қалған мынау Еділ жұрт...» Қазтуған жыраудың «Алаң да алаң, алаң жұрт» деп басталатын осы толғауының тақырыбын «Қайран Еділ» екен деп ойлап келдік. Елдің жадында сақталып, осы заманға жеткен сөз – ХV ғасырда туған ең көне толғаулардың бірі. Әшейін толғау деуге келмейтін ұлы туынды десе жарасады. Ел айырылған алмағайып кезеңнің бейнесін кейіптеген шығарма жерін тастай көшкен жұрттың зарын да, заңғарлығын да аңғартады.

Әдебиет • 12 Қазан, 2021

Ақындық серт

Ақындар сертпен туатын сияқты. Ақын­ның миссиясы, азаматтық кредосы деп жатады кейде. Маралтай Райымбекұлы «Ар» өлеңінде «тұлпардың ары – озу тек» дейді. Ақындық (адамдық) серт пен ардың бітісі бір. Серт жолынан тайған күні арың азап шегеді. Ал сол арға дақ түсіру – өліммен пара-пар. Біреулері тірідей өледі, біреулері серт жолында шаһит кетеді.

Әдебиет • 27 Қыркүйек, 2021

Оралханның образы

Ақын-жазушылардың жүріс-тұрысы, өзін ұстауы, кей-кейде қайталанып тұратын тосын қылықтары деген өз алдына бөлек бір әлем. Тіпті әртүрлі қызыққа қалдырып, күлкі шақыратын әрекеттерін естігенде, «солай екен-ау» деп таңғалдыратыны тағы бар. Олар да пенде, ет пен сүйектен жаралған жан баласы, бірақ қалам ұстаған соң, бір қасиеті артық тұрғанын қалайсың. Алтайдың Кербұғысы Оралхан Бөкей айтпақшы, «Аспан болған соң, ашығы жақсы». Шығармасын оқып, әртүрлі ой мен сезімге қаныққан соң, әлгіндей артық қасиеттерді де сол автордың бойынан көргісі келмей ме адамның? Оралханның жоғарыдағы сөзіне салсақ, «жазушы болған соң, жақсы киінгені жақсы» дегендей, әңгіме әр қиырға жетелейтінін кәнігі оқырман әлден байқап та отырған шығар.

Руханият • 20 Қыркүйек, 2021

Паспорт

Әліппеден білдік пе, әлде әке-шеше не мұғалім жаттатқан ал­ғашқы өлең сол ма, біздің тұңғыш танығанымыз Абайдың «Әсемпаз болма әрнеге-сі» еді. Айтылуы да, жатталуы да тез, біреу өлең сұра­са тақылдатып оқып беретінбіз. Ке­йіннен бұған Абайдың қаншама өлеңі қосылды. Ең мықты өлеңдері осы екен деп, шіреніп оқушы едік. Анығында Абайдың әр өлеңі өзінің төлқұжатындай құмбыл дүние екен­дігіне әлі күнге ой талдырып ке­леміз. Жақсы араласатын бір ағам­ның айтқаны бар.

Руханият • 20 Қыркүйек, 2021

Жеке пьеса жазуға лайық

Жұматай Жақыпбаевтың тақырыпсыз өлеңі бар. Джоконданың жамалы, қасиеті туралы айтып келе жатады да, Ләйләні жырлап кетеді. «Джоконда миығында – жымиыс, қарайды енді ол басқа арулар заманын» дейді. Тура сол сияқты, өнер, сұлулық сияқты Тәңірінің берген артық қасиеттері қай заманның болсын құрдасы болып жүре беретіні белгілі. Келер заманға Джокондаға ұқсап картинадан сығалауы мүмкін, өлең, ән болып сырласып, тіпті тіл бітіп сахнадан сөйлеп шыққанын да көрдік. Мұндай құбылысқа әсіресе, театрда көп ұшырасамыз.

Әдебиет • 13 Қыркүйек, 2021

Жырдың күйі

Қазақта жырдың күйіндей деген сөз бар. Әңгімені жырдың күйіндей қылып жеткізетіндер болады. Ақ тазының алғанын айтып қоя салмай, әуелі қара тазының шалғанын, сол уақытта желдің қалай соғып, жалт бұрылғанда тымағының қисайып бара жатқанын, оны түзей бергенде ер-тоқымы ауып, аттан түсіп қала жаздап зорға түзеліп, міңгі торының жуастығынан аман қалғанын, жынды торы болғанда құлап мертігіп, не жаяу жете алмай қиырда қаларын бір қаперге салып өтіп, әйтеуір сөйтіп жүргенде ақ тазының түлкіні аузына түсіргенін әсірелеп айтқанда, аузыңның суын құртып қояды. Аз ғана дүниені жырдың күйіндей қылады. Бұлай әсірелеп сөйлеудің жақсы, жамандығы бөлек әңгіме.

02 Қыркүйек, 2021

Мемлекет басшысы Премьер-Министр Асқар Маминді қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаевқа А.Мамин биылғы Жолдауды жүзеге асыру шаралары туралы баяндағанын хабарлайды Egemen.kz Ақордаға сілтеме жасап.