Әдебиет • 27 Қыркүйек, 2021

Оралханның образы

644 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ақын-жазушылардың жүріс-тұрысы, өзін ұстауы, кей-кейде қайталанып тұратын тосын қылықтары деген өз алдына бөлек бір әлем. Тіпті әртүрлі қызыққа қалдырып, күлкі шақыратын әрекеттерін естігенде, «солай екен-ау» деп таңғалдыратыны тағы бар. Олар да пенде, ет пен сүйектен жаралған жан баласы, бірақ қалам ұстаған соң, бір қасиеті артық тұрғанын қалайсың. Алтайдың Кербұғысы Оралхан Бөкей айтпақшы, «Аспан болған соң, ашығы жақсы». Шығармасын оқып, әртүрлі ой мен сезімге қаныққан соң, әлгіндей артық қасиеттерді де сол автордың бойынан көргісі келмей ме адамның? Оралханның жоғарыдағы сөзіне салсақ, «жазушы болған соң, жақсы киінгені жақсы» дегендей, әңгіме әр қиырға жетелейтінін кәнігі оқырман әлден байқап та отырған шығар.

Оралханның образы

Мәселен, біз тек фотодан немесе экран­нан ғана көрген Оралхан Бөкейді қалай елестеткен болар едік. «Құм міне­зіндегі» Бархан немесе «Өліарадағы» Қойшы, «Сайтан көпірдегі» Аспан не Аман, «Қар қызындағы» Нұржан, Аман­жан, Бақытжан – үшеуінің бірі деп елес­тете алмайсыз. «Атау кередегі» Таған деп те айта алмас едік қой. Жазушы осы кейіпкерлердің артықшылығы мен кем­шілігін бағамдап, бұл кейіпкерлер өмір сүрген заманды сезініп, оған дейінгі дәуірлерді жүрегінен өткізіп, бүгін мен болашаққа көз тігіп тұрған тау сияқты елестейді кейде. Жер жаралып, су ағып, таудан қар көшіп, Аспан қар астында қалып, АНАЛАР АЙҚАЙЛАҒАЛЫ уақыттың жанын таудан артық ұққан кім бар дейсіз? Тауда туып, тауда өскен, Бұқтырмадай буырқанып тауда ағатын өзен-ғұмырдың табиғатынан Алтайды алып тастау дегеннің өзі ақылға сыймайды. Демек жазушыны Алтайдың Кербұғысы деп тегін атамаған («Кербұғы» – шығармасы өз алдына бөлек әңгіме). Ол – таудың ажырамас бір бөлшегі немесе оқшау шыңы. Таудан түсіп, қалаға енгенімен, көкірегінен сол алып бейне мәңгі өшпейді. Шығармаларында тау үне­мі көрініс табады. Өйткені ішіне тау кіріп кеткен. Елі-жері мен жанды-жансыз құбылыстары һәм ең бастысы, аңыз-әңгімелерімен қоса ұя салып алған болуы керек. Әйтпесе, жазушы Марат Қабанбай: «…Қайда жүрсе де Алтайының бір қолатын аю, сілеусіндерімен қоса қолтығына қысып, сеңгір-сеңгір қарымен қоса еш ауырсынбай ала жүретін қызық кісі еді», демес еді ғой.

Марат Қабанбай айтпақшы, қызық кісі болса, қалыпты адам қатарынан емес. Сонда тау адамы қалай киініп, өзін қалай ұстауы керек? Суреттер мен бейнелерді сөй­летсе, киім жағына аса кірпияз бол­ғаны байқалады. Шаш қойысының өзі біраз жайды аңғартады. Ал ауылдастарымен сұхбаттасып, оқырмандармен кездес­кен сәттеріндегі сән үлгісі «аһ» дегізіп, таң­дай қақтырады. Тіпті экрандағы кей­бір бейнелерінде киген киімі қазіргі сән үлгісінен бір кем түспейді. Неге еке­нін қайдам, Оралхан ағаның киім үлгісі Антон Чеховты еске түсірді осы жолы. Алдында бір деректі фильмнен орыс жазушысының киімдерін көріп қай­ран қалғанбыз. Арнайы тапсырыспен тігіл­ген сән үлгілеріне келіңкірейтін. Ал қазақтың Оралханы ше? 

«...Оралхан қандай еді! Бір көруге арман болатын. Кескіні де, келбеті де сайма-сай. Оралхан аты ұмытылып, Кер­бұғы деп атаған, ардақтаған тұлғамыз еді.

...Орекеңнің киім киісі, жүріс-тұрысы бәрімізге үлгі еді. Кеңес өкіметі кезінде мойнымызға шоқпардай галстук байлап жүрген кезде жіптей галстукті мойнына таққан Ор-ағаңды көріп таңғалғанбыз. Бәтеңкенің бауы сияқты. Әуелі бізге біртүрлі көрінді. Сөйтсек, елде жоқ дүние, заманынан озып кеткен. Өзінің эстетикалық талғамы қандай болса, шығармаларының да деңгейі сондай! Ол оқырмандардың талғамымен өмір сүрген адам», дейді Көпен Әмірбек. Ішкі талғамы биік, сана-сезімі жоғары болған соң олай болмағанда қалай деуге де, демеуге де келетіндей бұл жерде. Өйткені заңғар тұлғаға айналған ақын-жазушының бәрі келісті киіне бермегенін байқау қиын емес тарихтан. Сондықтан сән үлгісін келістіріп, адамның өзін ұс­тауы да баланың жаратылысына қа­рай қалыптасатын қасиет сияқты кө­рінеді. Бұлай деуімізге жазушының қарындасы Ғалия Бөкейқызының мына естеліктерінен кейін де батылымыз жетіп отыр.

«Ауылдағы үй шаң болып кетсе, шаң­ға біздің атымызды жазып қоятын. Мына жерді сүрт дегендей. Кішкентай кезімде басымды қарап берші деп алдыма кеп жата қалатын. Мен шашын қолыммен тарап, олай қайырып, былай қайырып, ойнап отырушы едім. Сол әдетін өмірінің соңына дейін үзген жоқ.

Әрбір костюмінде бір-бір орамал болатын. Оның бәрін жуып, үтіктеп отыру –  менің мойнымда. Бала кезден-ақ әкелген киімдерін әкеміздің Күләми деген тігінші қарындасына сөктіріп, өзіне лайықтап, жаңаша үлгімен қайта тіктіреді екен. Өзіне не жараса­тынын жақсы білуші еді. Осы сұ­лулығы мен сәнқойлығы қашанда ай­наласындағы адамдардан ерекшелеп тұ­ратын. Алматыда жүргенінде орыс­тың қыздарына дейін ғашық болады екен».

Қалай болғанда да, жазушының өзі жазған «Кербұғыға» соқпай кете алмаймыз. Шығармада, әдетте, бұғылардың мүйізі он бес салалы болып келетіні айтылады. Алайда Кербұғының мүйізі он сегіз салалы екен: «Мүмкін, он сегіз салалы оқыстан жаралар асыл хайуанның ең ақыры – өзі де. Мүмкін, анау тау-тасты азан-қазан «ауаға» бөлеп жүрген жас періден туған қозықаның мүйізі он үш, одан кейінгінікі он бір, сосын сегіз...», дейтін тұсы және бар. Әрине, бұғы мүйізсіз туатын заманның бетін аулақ қылсын.