Республика Президенті Жер кодексіне енгізілген өзгерістерге байланысты қоғамдық жаңғырық туғызған бірқатар нормаларға белгілі бір мерзімге дейін тоқтау салды. Мұның өзі тереңнен ойланып, үлкен парасат биігінен жасалған шешім болды. Сірә, халқымыз «ханда қырық кісінің ақылы бар» деп осындайда айтса керек. Бұл ретте Елбасы аталған заңның тетіктері мен нормалары жұртшылықты кеңінен қатыстыру арқылы талқыланбағанын атап көрсетті. «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» дегендей, бұл мәселелерге о бастан кеңінен жариялылық берілген кезде, отандастарымыздың тарапынан бұған дейін орын алған бірқатар түсініспеушілік көріністері орын алмас па еді, қайтер еді.
Сөйтіп түзетулерге Мемлекет басшысы мораторий жариялады. Алайда, мұның өзі жерді қазақстандықтарға сату немесе шетелдіктерге жалға беру жөніндегі әңгімелер сап тыйылады деген ұғымды білдірмейді. Керісінше, барша қазақстандықтар заңнамалық нормаларға қатысты өздерін толғандырып келген мәселелерге қатысты ой-пікірлері мен ұсыныстарын қойдай тоғытатын кезі нақ осы кез. Дәл осы тұс. Міне, сондықтан да мен өзім де ауыл шаруашылығы мамандарын әзірлейтін жоғары оқу орынның ректоры және биолог-ғалым ретінде бірқатар тұжырымдарымды ортаға салғанды жөн деп білемін.
Осы орайда Жер кодексіне байланысты енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бүгінгі уақыт талабынан және жерге байланысты қарым-қатынастарға жанашырлық пен қамқорлық тұрғысынан жасалып отыр деген ойдамын. Менің ойымша, бұл шешімнің арғы астарында жерді аздыру мен тоздыру әрекетінің алдын алуды көздейтін терең мән бар. Осыған барлық отандастарымыз терең үңіліп, ашу – дұшпан, ақыл дос дегендей байыппен ақылға салғанын қалаймыз. Бұл арада алаулатып, жалаулатып, асығыстық танытып, алып-ұшпа көңіл-күйге берілу ешкімге де пайда әкеле алмайды.
Ал шынтуайтына келгенде, Жер кодексіне енгізілген өзгерістерде дау-дабыра туғызатындай түк те жоқ еді. Өйткені, жерді ешкім, тіпті, шетелдіктерді айтпағанда, өз отандастарымыздың өздері қалтасына салып алып кете алмайды. Бұл жер бізге ықылым замандардан бері ата-бабаларымыздан мұраға қалған. Әрі осылай қала береді. Ешқайда ұшып кетпейді. Бұл – ақиқат. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома.
Осы тұрғыда да екі-үш ауыз тілегімді ортаға сала кеткім келеді. Бұл ретте айтайын дегенім, жер – өндіріс құралы. Сондықтан игерілмей бос жатқан жерлер ерте ме, кеш пе пайдаға асуы қажет. Қурай басып, құлазып жатса – жер жетім. Қазіргі кезде республикамыздағы әжептәуір жер аумағы осындай көріністерге тап болып отырғаны жасырын емес. Орыс халқының «Собака на сене» деген белгілі нақылға бергісіз тіркесі осындай жағдайда айтылған болса керек. Яғни, не жерді өзіміз игермейміз немесе оны өзге ел азаматына беруге қызғаныш жасаймыз.
Егер жер қараусыз, күтімсіз қалса сортаңға айналып, зиян шегетінін ескере бермейміз. Жердің тозуына арамшөптер мен зиянкестердің келтіретін зияны да аз емес. Биолог ғалым ретінде айта кетсем, жер бұдан да уланып, зиян шегеді. Мына бір кереғар жайтты да ұмыт қалдыруға болмайды. Құлазып бос жатқан жер өзінен өзі шаңданып, тозаңданып, құнарлылығын жоғалта береді Сондықтан оны тиімді түрде пайдалану жолдарын іздестіріп, қарастыра берген жөн. Жер кодексіне жасалған өзгерістер осындай мақсатты көздегеніне күмән келтіре алмаймын.
Тек сонда ғана біз келешек ұрпаққа иесіз қалған қамысты, қоғалы көлдіктер мен тықырланып кеткен даланы емес, мол өнім беріп, мол пайда әкеле алатын шұрайлы алқаптарды қалдыра аламыз. Сонымен бірге, құр дала емес, бұған қоса өндіріс орындарын да келешек ұрпақтың еншісіне бере аламыз. Әйтсе де мұндай ұғымның өзі бос жатқан жерді алу керек те, жалға бере беру қажет деген ұғым туғызбайды. Жер жалға берілместен бұрын оның құрамы мен сапасы жан-жақты зерттеулерден өткізілгені жөн.
Сондай-ақ, жерасты су көздерінің картасы жасалып, бұл іске кең жариялылық берілсе ешкім ер-тоқымын бауырына алып тулай қоймайды деген ойдамын. Сонымен бірге, өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне де ғылыми тұрғыдан жан-жақты зерттеулер жасалса, мұның өзі жерді кешенді түрде пайдалану кеңістігін кеңейте түседі. Яғни ауылшаруашылық жері екен деп дала арулары ақбөкендер мен киіктердің өсіп-өнуіне кедергі келтірмеуді осы бастан мұқият ойластыруымыз қажет. Сондай-ақ, біздің кең-байтақ даламызда Қызыл кітапқа кірген әрі бүгінде өте сирек кездесетін өсімдік түрлері де аз емес. Бұларға да залал келтірмеу жолдарын осы бастан қолға алмасақ ертең үлкен өкінішке қалуымыз мүмкін. Бұл үшін жергілікті және жоғары атқарушы органдар мен Парламент және әртүрлі деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының әрі ел тұрғындарының ортақ келісімге келуінің маңызы жоғары. Президент тарапынан жарияланған мораторийдің өзегінде осындай өміршең ой бар.
Тұжырымдап айтқанда, жоғарыда айтылған зерттеу нысандарына қоса, бұдан кейін оны нақты бақылау тетігі іске қосылмаса, бұл айтып отырғанымыздың бәрі әншейін, құр, бос әңгіме болып қалады. Егер жерді иелену құқығын алған жаңа меншік иелері қоршаған ортаға зиянын тигізетіндей іс-әрекеттерге барса, оның иелігіндегі жерді қайтадан мемлекет қарамағына алу жөнінде шаралар белгіленгені артықтық етпейді. Қайткенде де жерді ұқыпты әрі тиімді пайдалануды басты мақсат етіп қоя алсақ, тек қана ұтамыз.
Қысқасы, жерге нағыз қамқор көзбен қарап, одан мол өнім алып, бұған қоса халықты жұмыспен қамтуға көңіл бөлетін, бұл істі назарынан тыс қалдырмайтын меншік иелерін моральдық тұрғыдан көтермелеп отырғанның да тигізер оң әсері мол. Уақыты мен кезегі келгенде осындай өнегелі меншік иелеріне жеңілдіктер беру жағы белгіленіп, әрі оның заңдастырылғаны жөн демекпіз.
Нұрлан СЕРҒАЛИЕВ,
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ректоры, биология ғылымдарының кандидаты
ОРАЛ