Сырт көрінісі ашамайға ұқсайтын тарихи ескерткіш – Қазақстандағы ең көне қаланың жұрнағы. Бес жыл бұрын археологтардың күрегі тиіп, үш жыл бұрын «Қазқайтажаңғырту» мекемесі осы тарихи кешеннің үстін қымтап жапқан екен. «Шығасыға – иесі басшы» дейді халқымыз. Бізде қит етсе болды «қаржы жоқ, қаржы керек» деген сөз айтылады. Бұрынырақта көрнекті жазушы Дулат Исабеков: «Мен ес білгенде Қожа Ахмет Ясауи кесенесі жөндеуге жабылатын еді, әлі жыл сайын жөндеу көріп келеді. Өзбекстандағы тарихи кешендерге саяхатшылар самсап барып жатыр. Өзбектер бір рет мықтап жөндейді, сосын қол тигізбейді. Ал біздегілер жыл сайын алақан жайып ақша сұрайды», деп күйінгені бар. Расы осы. Ұқсата алмаймыз. Көне қала асығыс-үсігіс жабылып, картон аралас жабынынан су өткен. Қабырғалары болаттан құйылса да, тасты тесетін су қойсын ба?! Өзіміздің жауапсыздығымызды, немқұрайдылығымызды былай ысырып қойып, бар кінәні Үкіметтің мойнына артып қоятынымызды қашан қояр екенбіз? Төбесін картонмен қымтағаннан кейін алғашқы қыста-ақ езіліп, су ішке өтіп, пақсадан тұрғызылған қамалдың қабырғалары құлай бастаған. Ә.Марғұлан атындағы археология институтының аға ғылыми қызметкерлері Ерболат Сымағұлов қорғанның бір бөлігі мүжіліп құлады дейді. Жақында Отырартөбеде болып қайттық. Археологтар қазған жер опырылып жатыр. Керекті қаржыны әу бастан жоспарлап алмаса, неге күрекке жүгінеді, неге көне тарихтың жүрегін жаралайды? Яссы қаласының орталық бөлігі болған қорған да осындай немқұрайдылықтың құрбаны болуда.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы