Адал еңбегімен, өнегелі ісімен, адамгершілік қасиеттерімен, басшылық қарым-қабілетімен ел мүддесі жолында еш аянып қалмастан, тер төге еңбек етіп, өз есімін тарих беттеріне алтын әріптермен жазып қалдырған ел ағалары елімізде аз емес. Соның бірі – мемлекет және қоғам қайраткері Әріпбай Алыбаев. Кеңестік кезеңде білім қуып, жоғары оқу орнында оқып, мамандық алып, еңбекке араласқан соң, қалған саналы өмірін ауыл шаруашылығын көркейтуге арнаған біртуар тұлғалар қатарында Әрекеңнің аты әрдайым құрметпен аталатыны анық.
Кеңестік кезде білімі терең, өзі іскер, тәжірибесі мол мамандарға жас болса да үлкен сенім артылатын. Басты талап – істің бабын тауып, ұйымдастыра, ұжымды ұйыстыра алу, сөйтіп, жұмыстың нәтижесін көрсету болатын. Жігерлілігін көрсеткен әрі бас бола білген Әрекең көп ұзамай Гвардия аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Қапал аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Алматы облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылық саласы бойынша хатшысы болып, еселі еңбек етті. Мол тәжірибенің арқасында, ерен еңбегі еленіп, әр жылдары Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, Павлодар облысы атқару комитетінің төрағасы, кейіннен Талдықорған облысы партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін жемісті атқарып, еліне мінсіз қызмет етудің өнегелі жолын көрсетті.
1978-1985 жылдары Қазақ КСР Ет және сүт өнеркәсібі министрі болды. Осы кезең аралығында мемлекеттік қызмет сатыларында аса жауапты лауазымдарда болып, мемлекет және қоғам қайраткері дәрежесіне дейін көтерілді. Еңбекпен есейген Әрекең 1986 жылы дербес зейнеткерлік демалысқа шығып, Қазақ шабындық-жайылым институтын басқарды. «Еңбегіне қарай – құрметі» демекші, Ә.Алыбаев мемлекетке сіңірген елеулі еңбегі үшін Ленин, Халықтар достығы, 4 мәрте Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды.
Ауық-ауық осындай ел ағаларын еске алып, еңбегін өскелең ұрпаққа үлгі етіп, туған халқы жадына жаңғыртып қою қалам ұстаған азаматтар міндеті болса керек. «Іздеусіз қалар азамат болмас, елге сіңірген еңбегі ұшан-теңіз болса егер» демекші, Әрекең туралы ол кісіні жақсы білетін, халқына сіңірген қызметіне қанық замандастарын сөйлетуді жөн көрдік. Солардың бірі Алматы облысының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, еңбек ардагері Сүлеймен Көшкінов еді. Ол:
– Менің Әріпбай Алыбаевпен ертерек араласып, тілектес, ниеттес болуыма мамандығым себепші болды. Әрекең институт тәмамдаған соң Талдықорған облысының Гвардия ауданындағы Киров атындағы совхозға бас зоотехниктік қызметке барды. Өзін ұйымдастырушылық қабілетімен, төңірегін біріктіре алатын алғырлығымен тез таныта алған жас маман бұдан ары қызметте сатылап жоғарылады.
Әрекең 1972 жылы Талдықорған облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Біздің қызметтегі жолымыз осы Талдықорған облысында түйісті деуге болады. Мен ол тұста Панфилов ауданындағы асыл тұқымды мал өсіретін «Көктал» совхозында бас зоотехник қызметін атқаратынмын. Әрекең шебер ұйымдастырушы әрі өзінің негізгі мамандығы мал жайын жетік білетініне сан мәрте көзім жетті. Жайылымда жүрген мың малдың ішінен ауру-сырқау, жүдеуін бірден көре қоятын, – деп еске алады ел ағасының басшылық қасиеттері жөнінде.
Иә, жылдар жылжып өткенмен, санада сақталған суреттер ешқашан жадыдан кетпек емес. Сүлеймен Көшкіновтің айтуынша, бұл жылдарда Талдықорған облысында, оның ішінде Панфилов ауданында мал тұқымын асылдандыру ісін қолға алып, шаруашылықтарда қой бордақылау кешендерін салғызып, ондағы еңбекке жастарды тарту үлкен науқандық жұмысқа айналыпты. Бұл істің нәтижелі жүргізілуін Әріпбай Алыбайұлы тікелей өз бақылауында ұстапты. Панфилов ауданындағы екі мәрте Еңбек Ері Николай Головацкий басқарған «Октябрьдің 40 жылдығы» колхозында ұйымдасқан «Армандастар» жастар бригадасында бордақылап, семіртуге қойылған қой саны 100 мыңға жетіпті. Ал кейін Алматы облысындағы білікті басшылардың бірі, айтулы азамат Ыбырайымжан Қожахметов жетекшілік еткен Киров атындағы колхозда «Ұшқын» атты мал бордақылау бригадасы құрылып, жыл сайын 25 мың бас қой семіртіліпті. Сондай-ақ, И.Билялов басқарған «Калинин» колхозында да бір жылда 25 мың қой бордақыланып, етке өткізіліпті. Осы кезеңде облыста мал шаруашылығы қарқынды дамып, мал тұқымын асылдандыру ісі нақты әрі нәтижелі қолға алынған екен. Бұл саланы Дінмұхаммед Қонаев өзі қатаң бақылауында ұстап, үнемі жұмыс барысымен таныс болып, кеңес беріп, ғалымдар назарында болуын жіті қадағалағаны белгілі.
1973 жылы Димаш Ахметұлының ықпалымен Америкадан әкелінген «Сантагертруда» тұқымды сиырын жерсіндіру тәжірибесі қолға алынады. Сол асыл тұқымды бұқалар жергілікті сиырлармен шағыстырылып, тәжірибе үлкен жетістікке жеткізеді. Мысалы, АҚШ-тан жеткізілген «Марс» атты бұқаның салмақ шегі 960 кило тартқан болса, одан өнген жергілікті «Көктал» деген бұқа бес жылдан соң 1100 кило салмақ тартыпты. Бұл сол кезеңдегі отандық ғалымдардың зор табысы болғаны сөзсіз. Міне, осылайша Алматы облысын Әрекең басқарған алты жылда көптеген іргелі жұмыстар атқарылды. Мысалы, Панфилов ауданының малшылары облыс бойынша мемлекетке өткізілетін еттің 30 пайызын тапсырып тұрғанын айтсақ артық болмас.
Бұл Әріпбай Алыбаев сынды іскер басшы, мал шаруашылығының жетік маманы, абзал азаматтың сан алуан қырынан бір ғана мысал. Әрекең жетекшілік еткенде Талдықорған облысы 1973 жылдың қорытындысы бойынша КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен екінші рет Ленин орденімен марапатталған.
Халқымызда «Көңіл көңілден су ішеді» деген даналық сөз бар. Ел мүддесін ойлап, жұрт қамын жеген басшы, тұғырлы тұлға Әріпбай Алыбаевтың Талдықорғанда қызмет атқарған жылдары туралы мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков белгілі жазушы Болат Бодаубаевпен сұхбатында («Жастығымның жалыны қалған жылдар», «Егемен Қазақстан», 24.02.2016 ж.) мынадай жылы пікірін білдіреді. «Алматыдан таяқ тастам жерде тұрса да, мен соған дейін Талдықорғанға бармаған екенмін. Ұмытпасам, халқының саны 110 мың-ақ еді. Көшелері тап-таза, мәшине де аз, үріп ауызға салғандай, жап-жасыл қала екен. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Әріпбай Алыбаев мені бірден қабылдап, көп ақыл-кеңес беріп, жұмысыма табыс тіледі. Өзі тұратын үйдің екінші қабатынан үш бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті. Талдықорғанға 1977 жылдың қаңтар айында көшіп бардым», – деп еске алады Әрекеңмен алғаш кездескен кезін қазақтың асыл ұлдарының бірегейі.
Одан әрі Әрекеңнің іскерлігі, адамгершілігі жөніндегі ой-пікірін Мырзағаң төмендегідей таратады: «Обкомның бірінші хатшысы Әріпбай Алыбаев аға өте бір ширақ, мемлекеттің жұмысына жанын салатын, талап ететін, ондайда кейде қаталдығы да болатын, әркімді еңбегіне қарай бағалайтын, кісілігі мол, кеудемсоқтығы жоқ, қарамағындағыларға әділеттілікпен қарауға тырысатын азамат еді.
Иә, артынан ерген жастарға, елге қызмет етіп жүрген әріптестеріне, жалпы, жас мамандарға Әрекеңнің ілтипаты көп тигенін осы бір әдемі сөзден-ақ ұғынсақ керек. Тегінде, «Ғалымның хаты өлмейді» демекші, жақсының шарапаты да ешқашан ұмытылмайды екен-ау!
Ауыл шаруашылығын өркендетуде Әріпбай Алыбаевтың Павлодар облыстық партия ұйымының екінші хатшысы қызметіне бекігеннен кейінгі тұста еңбекке білек сыбана кіріскені – бүгінгі күн үшін орны бөлек тарихтай көрінеді. Өйткені, ол кез Павлодар облысында топырақты жел суырып (эрозияға ұшырап) бүкіл облысты шаң басып, экономикасы құлдырап, тың игерушілер кете бастаған тағдыршешті уақыт еді. Д.Қонаевтай кемел тұлға облыс басшылығына Әрекеңдей іскер маманды жіберу жөнінде шешім қабылдап, оның келісімін сұрамай-ақ Орталық Комитет бюросының қаулысын шығарып, үлкен жауапкершілік артыпты. Ә.Алыбаев бұл сенімге еш селкеу түсірместен, өте ауыр да қиын жұмысқа бел шешіп, білек сыбана кірісіпті. Эрозияға қарсы күресте, дүниежүзілік тәжірибені, нақтырақ айтқанда, 30-шы жылдардағы Канаданың тәжірибесін зерделей үйреніп, оны облыстың жағдайында іске асырыпты. Шортандыдағы Астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен бірлесе отырып, көп іс тындырыпты. Сөйтіп, бес-алты жылдың ішінде топырақ эрозиясын тоқтатуға қол жеткізген. Әрекең кейіннен осы жайында: «Димекең 1967 жылы көктемде облысқа келді. Басты көңіл аударғаны топырақ эрозиясының мәселесі. Бұл кезде облыста жеңіл өнеркәсіп те, ауыр өнеркәсіп те дамып қалған. Бірақ Димекең эрозия болған аудан мен шаруашылықтарды түгел аралап, канадалық тәжірибенің Павлодар облысындағы өндірістік тәжірибеге айналғанын көзімен көрді», деп еске алады («Замана толқындары», Алматы, «Нұрлы Әлем», 1999 ж.).
Әріпбай Алыбайұлының ұтымды ұсыныстары мен батыл іс-қимылы Шығыс Қазақтан облысында басшылық қызметте болған жылдары жақсы жағынан танылып, Қазақстан басшыларынан қолдау тауып, іске асырылған жетістіктерді көзкөргендер мен әріптестері қазір де үлгі етіп айтады. Әрекең қызмет ете жүріп тың бастамаларын тиісті орындарға жеткізіп отырған. Мысалы, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Мәсімхан Бейсебайұлына: «Қант қызылшасының жоспарын шығыстан алып, басқа облысқа берсе, Шығыс Қазақстан өзіне керегінше күнбағыс дәнін өсірер еді, соған мамандандыруға екі-үш ауданды бөлер едік», деген келелі ұсынысы дәлел. Көп ұзамай-ақ бұл пікір жоспарлау комитетіне жетіп, оның арнайы қызметкерлері облысқа келіп, зерттеп Әрекеңнің айтқаны орынды деген байлам жасайды. Кейін Үкімет шешімімен Шығыс Қазақстан облысынан қант қызылшасының жоспарын алып, оның орнына күнбағыс өсіру жүктеледі. Сондағы май зауыты жыл бойы жұмыс істейтін дәрежеге жетеді. Солайша, мәселе оңтайлы шешімін табады.
«Адам ғұмыры ұзақтығымен емес, мазмұнымен өлшенеді» деген қанатты сөз Әріпбай Алыбайұлына арналып айтылғандай. Оның елге жасаған еңбегі, іскер басшылығы, адамдарға қамқорлығы, белсенді жұмысы онымен қызметтес, әріптес, сыйлас, ниеттес, тілектес болған қаншама жандардың көкейінде жаңғырып тұрғаны шындық. Оны біз ол кісінің замандастарымен ой бөліскенде көз жеткіздік.
Әріпбай Алыбаев биыл 90 жасқа келер еді. Ортамызда жүрсе елі қаумалап бірге мерейтойын атап өткен болар еді. Енді азамат рухын жаңғырту, атын ардақтау кейінгінің парызы болып тұр. Бұлай деуге себеп, еңбек тарланбозының есімін есте қалдыру іс-шаралары бірнеше мәрте қолға алынғанымен, аяқсыз қалып келеді. «Ештен кеш жақсы» деп алаштың бір азаматы ретінде жұрт тілегі қабыл болып, туған өңірінде, қызмет еткен облыстарда есімі еленсе нұр үстіне нұр болар еді.
Әрине, қарашаңырағының отын түтетіп отырған ұрпағы, қадір тұтар ел-жұрты бар. Ендеше, Әріпбай Алыбайұлының ғұмыры мәңгілік екені даусыз.
Сөз түйініне келгенде айтар тұжырым, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы аясында Отанымыздың нығаюына, халықтың әл-ауқатының артуына, өңірлердің дамуына орасан зор үлесін қосқан Әріпбай Алыбаев сынды қайраткерлерімізге, қайталап айтайық, лайықты құрмет көрсетілсе, оған үш облыстың, яғни Алматы, Шығыс Қазақстан, Павлодар жұртшылығы, басшылары, халық қалаулылары ұйытқы болса, құба-құп.
Нұрлан ҚАЛҚА,
Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың лауреаты
Алматы