• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
24 Мамыр, 2016

Лебіздер легі

630 рет
көрсетілді

Сағындық ЕЛЕУСІНОВ, Парламент Сенатының депутаты, Жер рефор­масы бойынша комис­сияның мүшесі: – Жер Қазақстан азаматтарына жекеменшікке берілуімен қатар, жалға алуда да оның тәр­ті­бі сақталуы тиіс. Жерді жал­­ға ала алмаған адамдар да бар. Жекеге бе­рілетін жер шек­теулі болуы тиіс. Бір адамға ма, әлде алатын өніміне байланысты ма шек­­теу болғаны жөн. Бірақ бұл әділетті түрде шешілгені абзал. Жермен жұмыс істеуді жандандыру үшін мемлекет тарапынан көптеген қолдау болуы қажет. Ең негізгісі, елді мекендерді газбен, ауызсумен қамтамасыз ету керек. Әлі күнге дейін ауылдардың 50 пайызы жүйелі түрде таза ауызсумен қамтамасыз етілмеген. Одан кейін жол мәселесі. Әрине, мынадай үлкен территорияға бірден жол төсеп шығу мүмкін емес. Бірақ, көптеген аудандарда облыс орталығына дейін тас жолдар жоқ. Егер жол салынатын болса, онда жермен жұмыс істеу әлдеқайда жеңіл болар еді. Нұртай САБИЛЬЯНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, Жер реформасы бойынша комиссияның мүшесі: – Жалпы, 2003 жылы қабыл­­данған заңда жекеменшікке беру қарастырылған. Бірақ жер тек қана Қазақстан азаматтарына берілуі керек екені көрсетілген. Сондай-ақ, еліміз­дің азаматтары жерді игермейтін болса, ол жерде дұрыс жұмыс істемейтін болса, онда мемлекетке қайта алу тетігін де қарастыруымыз керек. Сонымен қатар, бір азаматқа, бір заңды тұлғаға жер берудің шекті мөлшерін бекіту қажет. Бізде жер дауын шығарып жүргендер латифундистер. Өйткені, олар кезінде 100-200 мың гектар жерді алып алды. Енді сол жерлерді арзан бағаға сатып алмақ. Біз оған жол бермеуіміз керек. Саха МАНАТОВ, «Манат» шаруа қожа­лығының басшысы, Жер реформасы бойынша комиссияның мүшесі: – Жердің қадірін тек қана жермен айналысатын азамат біледі. Менің ауыл шаруа­шы­лығы саласында еңбек етіп жүргеніме біраз жыл болды. Негізі, жалға берілген жерлерді Қазақстан азаматтарының сатып алуына мүмкіндік беру дұрыс деп есептеймін. Бізге қазір жер реформасы қажет. Жекеменшік болса, жердің сұранысы артады. Қажеттілігі пайда болады. Тағы бір жайт, жерді Қазақстан азаматтары сатып алса, онда оны банкке кепілдікке қоюы арқылы несие ала алады. Осы жиын үстінде Қазақстанда тумаған азаматтарға жер сатылмасын деген пікір айтылып қалды. Мен өзім Жамбыл облысының тұрғынымын, Жамбыл облысында атажұртқа атбасын бұрған 270 мың қандасымыз тұрады. Яғни, Қазақстанда дүниеге келмеген қазақтар. Сонда біз 270 мың қандасымыздың құқығын шектейміз бе? Осы мәселеде дұрыс шешім қабылдауымыз керек. Берік ӘБДІҒАЛИ, саясаттанушы, Жер реформасы бойынша комиссияның мүшесі: – Жайылым мен шабындық жерлерді сатуға болмайды. Жайылымның өзі өзекті мәселе. Мал бағатын ауылдар үшін бұл проблеманы терең зерделеу керек. Өйткені, мұны сатсақ, ертең ауылдарда қақтығыстар орын алуы мүмкін. Халық та жекеге өтсе мал бағатын жер қалмай қала ма деп қорқады. Ал егін шаруашылығына келсек, бірқатар жылдар бойы өңделіп жатқан жерлерді сатуға болады деп есептеймін. Сонымен қатар, жердің игерілуін тексеруге де жіті назар аудару қажет. Әрине, тексерудің өзектілігі де бар. Мәселен, елі­мізде егіншілікпен айналыспайтын, азаматтар босқа иеленіп алған жерлер баршылық. Ол жерлер тозып жатыр. Мәселен, не өзі екпейтін, не елге бермейтін жерді қайтару керек. Егіншілікпен түбегейлі шұғылданатын адамдарға жер беріп, оны әрі қарай игерген жөн. Жалпы, менің көзқарасым бойынша жерге жекеменшік керек. Алайда, жайылымдық пен шабындықты жекеге беруге болмайды. Өйткені, мұндай жағдай мал шаруашылығымен айналысатындарға біршама қиындықтар тудыруы мүмкін. Иван САУЭР, «Родина» агрокомпания­сының басшысы, Жер реформасы бойынша комиссияның мүшесі: – Жекеменшік болсын, не болмасын деген тақырыпқа терең ойланудың қажеті шамалы. Бірақ жер реформасын жөнге, ақылға келтіру қажет деген тақырыпты қозғау өте маңызды. Менің көзқарасым бойынша, егер мемлекет инвентаризация жасап, 3-5 жыл қатарынан жермен шұғылданып келе жатқан, 50 гектардан аспайтын аумақты жалға алып отырған шаруаға еркіндік берсе, меніңше мемлекетке тиімді. Мемлекет оған сол жерді сыйға тартсын, сонда халқымыз одан тек пайда көреді. Мұндай қадамнан ешкім ұтылмайды. Әрине, ертең алыпсатарлық болмас үшін, ол сол жерде еңбек ететінін, терін төгетінін дәлелдеуі тиіс. Оны тексеру қиын емес. Осы жүйені ашық, көрнекі түрде жасауға болады. Сайран БҰҚАНОВ, «Каркен» ЖШС директоры: – Халық жердің сатылуынан неге шошып отыр? Мұның түп-төркінінің бір шеті ауыл-аймақтар мен елді мекен­дер­дегі жұмыс көздерінде жатқан секілді. Мәселен, мынадай жағ­дайды бәріміз білеміз. Қазір ауыл­ды жерлердегі жұмыс көзі­нің негізін ауқатты шаруа қожалықтары құрайтыны сөзсіз. Қарапайым ғана халықты немесе қараңғылау азаматтарды келісімшартсыз-ақ жұмысқа жегіп, жалақы ретінде қолына 10 мың теңге ғана ұстататын шаруашылық иелері жоқ емес. Ал ауылда қара жұмыс­шыларды қабылдайтын өзге жұмыс орындары жоқ. Әлеуметтік теңсіздіктің туындауына сеп болатын мұндай мысалдар қазіргі қоғамда көптеп кездеседі. Сондықтан да осы отырысты пайдалана отырып, мен прокуратура органдары мен Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мұндай шаруашылықтарды мұқият тексеруі керек дегім келеді. Мен Қостанай облысынан, шалғай жатқан шет ауыл­данмын. Өзім ауылда тұрамын. Былайша айтқанда, ауылдардың өркендеуі ондағы басшыға байланыс­ты. Басшысы жұмысты жақсы жүргізетін ауылдар жақсы тұрып жатыр. Қазір ауданда ірі деген бір-екі шаруа­шылық бар, қалғандарында жағдай қиын. Оны түсінеміз. Сол себепті жақсы дамыған ауылдардың тұрғындарында ешқандай у-шу жоқ. Мазаны алмайды. Жалақысын уақытында алып отырады. Жұмыс істейді. Жер менікі ме, мемлекеттікі ме, олар оған бас қатырмайды. Жалпы, жерді сатуға дегенге өз басым қарсы емеспін. Меніңше, жерді сатуға шығарғанның өзінде тиісуге болмайтын жерлерді мемлекеттік қорда қалдыру керек. Себебі, қазір сатып ала алмаған адамның ертеңгі күні баласы да, оның немересі де жерсіз қалуы мүмкін. Міне, осы мәселе халықты алаңдатып отыр. Сосын, жерді сатып алмай, жалға алып отырған адамдарды мазаламау керек. Ертең ол жерді сатып ал, алмасаң қайтарып аламыз дегендей мәселе туындамауы тиіс. Тіпті, бұл жерде ертең салықтың мөлшерін, жалға алу ақысын көтеріп жіберу деген сияқты сылтаулармен сатып алуға мәжбүрлеу мәселесі де туындауы мүмкін. Ал әркімнің жағдайы әртүрлі, қазір сатып ала алмайтындар жалға алынған жерінде жұмысын жалғастыра берсін. Сосын сатып алған жағдайда шаруаларға ақшаны жылына бір рет төлеу мәселесін қарау керек. Себебі, бізде ақша күзде ғана түседі. Оны бәріңіз білесіздер. Ал ай сайын төлеу қолайсыз. Сондай-ақ, жерді беру мөлшерінде шектеу болғаны дұрыс. Сонымен қатар, жердің кадастры жайындағы мәселелерді шешу керек. Мен осы жерде тағы бір мәселені айтқым келеді. Яғни, ауылдарға газ тартылса, көп мәселе шешіліп, елдің жағдайы барынша дұрысталар еді. Қазір әңгіме осында болып отыр. Самұрат ИМАНДОСОВ, «РЗА» акционерлік қоғамының президенті: – Жер Қазақстан азаматта­рына сатылуы керек. Онда тұр­ғ­ан ешқандай қауіп жоқ. Сонымен бірге, жалға беру құқы­ғы сақталуы керек. Халықтың тұрмысының бәрі бірқалыпты теңесуі үшін жердің иесі болуы керек. Тек біраз мәселені рет­теуіміз қажет. Біріншіден, кадастрлық мәселені ше­шуіміз керек. Тағы бір мәселе, айналымдағы жер­лер­дің арасында ауылдағы адамдардың бұрынғы жалпы жеке­шелендіруден пайға алған жерлері бар. Біреуінде 5 гектар, енді бірінікі 20 болуы мүмкін. Ендігі мәселе, сол жерлер ертеңгі күні саудаға түскенде пай иелерінің құқығы нақтылануы керек. Айналымдағы жер бол­ғаннан кейін негізінен оның өз заңдылығы бар. Сол заң­дылыққа сәйкес жер иеленушілердің барлығына өз жерлерін пайдалануға кедергі келтірмейтіндей жағдай болуы шарт. Мен өзім Қызылорда облысынанмын. Ондағы жерлердің көбі cуармалы жерлер. Сол суармалы жерлердегі жалпыға пайдаланатын ортақ, бірнеше меншік иелері пайдаланылатын канал-қондырғылар, сусорғыш құралдар, негізінен су таситын магистральдар, бұлардың барлығы жекешелендіруге жатпай, сатылмай, шекарасы белгіленіп, мемлекеттің құзырында қалуы керек. Оған басшылық жасайтын құзыретті орган мемлекеттік болуы тиісті. Жалпы алғанда, жер реформасына қатысты мәселеде ауыл жұртының жағдайы басты назарда болуы керек. Дос КӨШІМ, «Ұлт тағдыры» қоғамдық бірлестігінің төрағасы: – Отырыста «жерді өз аза­мат­та­рымызға сату керек пе?» деген мә­селе қозғалды. Отырыс менің көңі­­лімнен шықты. Себебі, көп адам­дар өзінің ойларын ашық айтты. Пікірталас та болды. Сон­дықтан демократиялық тұрғы­дан алып қарағанда жақсы өтті. Менің ойымша, бүгін бұл мәселенің тек басы ғана ашылды. Одан кейін біз осы айтылған пікірлердің бәрін жинақтаймыз. Мен комиссия мүшелерінен құрылған 4 жұмыс тобының біріне жетекшілік ететін болдым. Бастапқыда топтың негізгі мақсат-мүддесін анықтау керек, содан кейін жоспар жасаймыз. Топтың ішінде, жерді сатуға да, жалға беруге де қарсы адамдар, барлығымыз жиналғанбыз. Оның ішінде белгілі ағаларымыз, ақын-жазушыларымыз бар. Біз осы комиссия жұмысының жариялылығын қамтамасыз етуге тырысамыз. Және де бүкіл халықтың осы мәселені талқылауына кепілдік беретіндей етіп механизм жасауымыз керек. Әрбір облыста дәл осыған ұқсас жер реформасына байланыс­ты комиссиялар құрылуы керек. Осыған байланысты жұмыстың барлығын жүзеге асыруға тырысуымыз қажет. Жерге байланысты сан түрлі пікірлер бар ғой. Біздің топ солардың бәрін комиссияның құлағына жететіндей механизм жасайды. Сондықтан, біздің тобымыздың жұмысы күрделі.