• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
25 Мамыр, 2016

Бірге, бірлесе әрекет етеді

273 рет
көрсетілді

Кеше  Парламент Мәжілісінде Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының  Әлеуметтік-мәдени және гуманитарлық мәселелер комиссиясының бесінші отырысы өтті.  Жиынға Қырғыз Рес­публикасы Жогорку Кене­шінің депутаты, ТүркПА әлеу­меттік-мәдени және гуманитарлық мәселелер ко­миссияның төрағасы  Са­дық Шер-Нияз жетекшілік етті. Төраға өз сөзінде атап өтке­нін­дей, комиссия ТүркПА-ға мүше-мемлекеттердің тари­хи тамырластығына, мәде­ни байланысына сүйене отырып, парламентаралық ықпал­дастықтың нығаюына, ең бас­тысы, халықтар арасындағы бауырластық қарым-қатынастың нығаюына ықпал етеді. Отырыстың ашылуында сөз алған Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов  түбі бір түркі халықтарының ынты­­мақтастығы тереңде жат­қандығына тоқталды. «Біз сонау көне тарихтың терең түкпірінде тамырласқан, қанымызға қаны­мыз араласқан, жанымызға жанымыз жарасқан халықтармыз. Қанымыз араласқан дейтініміз – түркі халықтары этногенезінің қалыптасуына тілі ұқсас, діні ортақ ежелгі этностар қатысқан. Біз тарихтың қай бел-белесінде де жұбымыз жазылмай, қатар қадам басып келеміз. Жанымыз жарасқан дейтініміз – тілдің ұқсастығы, діннің ортақтығы, жер жақындығы біздің мүдделерімізді де әлдеқашан біріктіріп жіберген. Біздің достығымыз – тарихтың қатал сынынан өткен, ғасырлар қойнауынан жеткен ұлы достық. Біздің мұңымыз ортақ, біздің сырымыз ортақ, біздің жырымыз ортақ. Мұңымыз ортақ болатыны – тарихтың талай қатпар-қалтарыстарында бізге талай рет бірдей қиындықтарды бас­тан кешуге тура келді, жан-жа­ғымыздан төнген қауіптің сипаты да ұқсас еді. Сырымыз ортақ болатыны – сондай қилы кезеңдер халықтарымыздың бо­йында ортақ арман-аңсарлар, ортақ мақсат-мұраттар қалыптастырды, осыдан барып адамдарымыздың мінез бітімінде, өмір салтында, менталитетінде ортақ қасиеттер көбейе түсті. Жырымыз ортақ болатыны – еншіміз бөлінбеген ескі замандарда ата-бабаларымыздың ортақ мұңы мен ортақ сыры оларды жарыса жырлатты. Біздің тарихымыз – тағылымды тарих. Қазіргі дәуірдің алтыншы ғасырында Еуразия құрлығының кең-байтақ даласын еркін жай­лаған тайпалар, халықтар бірігіп, алып империя – Ұлы Түрік қағандығын құрды. Біздің арғы аталарымыз кейінгі екі мың жыл бойында сонау Қиыр Шығыстан анау Батыс Еуропаға дейінгі, терістіктегі Сібірден түстіктегі Үндістанға дейінгі алып ау­мақты алып жатқан жердегі алуан-алуан мемлекеттердің тарихында елеулі рөл атқарғанын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Тарих толқынында» кітабында жеріне жеткізе жазған», – деп еншісі бөлінбеген түркі жұртының  тарихи рөлі жөніндегі салмақты ойларын ортаға салды. Өзінің сөзінде С.Абдрах­манов отырыстың күн тәртібіне қойылып отырған мәселенің өзектілігіне де тоқталды. «Парламенттік Ассам­блеяның Әлеуметтік-мәдени және гуманитарлық мәсе­лелер комиссиясының бесінші отырысы «Апат және дағдарысқа қарсы күрес жағдайында ТүркПА елдерінің ынтымақтастығы» та­қырыбында өткізіліп отыр. Әлемдік алпауыттар арпалысқан, дағдарыс шиеленіскен жауапты шақта, жаһандық тұрақсыздықтың қазіргідей күрделі кезеңінде қаралып отырған бұл тақырып айрықша маңызға ие. Біздің ойымызша, осы мәселе тек Түрк­ПА мемлекеттеріне ғана емес, барлық мемлекеттерге де қатысты. Өйткені, апат та, дағдарыс та бір ғана мемлекетте болып, басқаларда болмайды немесе оларға әсерін тигізбейді деп айта алмаймыз. Бұл проблемалар баршамызға ортақ», – деген Мәжіліс депутаты ТүркПА елдерінің апат және дағдарысқа қарсы ынтымақтастығы бұдан әрі де жалғасын табады деген сенім білдіретінін жеткізді. Отырыс барысында «Апат және дағдарысқа қарсы күрес жайында ТүркПА елдерінің ынты­мақтастығы»  туралы Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің депутаты Мұстафа Бозкурт баяндама жасады. Ол сөзінде түркітілдес елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайту қа­жет екендігіне, оның болашақ ұрпақ алдындағы қасиетті борыш екендігіне тоқталды. Сондай-ақ, Мұстафа Бозкурт қазіргі кезде әлемде болып жатқан апаттар мен дағдарыстарда шекара жоқ екендігін айта келіп, оған қарсы ынтымақтаса күрес жүргізу керектігін еске салды. Ынтымақтастығымызға негіз болатын шарттар жеткілікті. Апат пен дағдарысқа қарсы күресу үшін жан-жақты қолдау керек. Әрине, олардың алдын алу шараларын жүргізудің орны бөлек, деді Мұстафа Бозкурт. ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер күн тәртібіндегі кезекті мәселе «Қазақстандағы апатты жағдайлардың алдын алу, төтеп беру және бұл мәселеде басқа елдермен, оның ішінде түркітілдес елдермен ынтымақтастық мүм­кіндіктері» тақырыбында сөз сөйледі. Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы еліміздегі  табиғи апатқа бейім аймақтары төңірегінде айта келіп, апаттың алдын алу, азаматтарды апаттан қорғау мәселесіне жан-жақты тоқталды. Баяндаманы талқылау барысында сөз алған Әзербайжан Милли Меджилисінің депутаты Севиндж Гусейнова радиация, ядролық қарудың қолда­нылуы мен экологияның ластануы мәселесін қамтыды.  Ол жиын­ға қатысушылардың назарын Әзербайжан мен Армения арасындағы Таулы Қарабақ қақтығысына аударды. Ал Парламент Сенатының депутаты Нұрлан Оразалин болса, қазіргідей қиын-қыстау кезеңде ТүркПА төрт мемлекеттің атынан, түркі жұртының атынан  сақтандыру ретінде осындай мәжіліс өткізіп, жерімізде апат болып жатса, не істейміз деген  сұрақтарға жауап іздеп және соған орай мемлекеттеріміздің алдарына осындай ұсыныстарды енгізу өте маңызды екендігін айрықша өтті. Әзербайжанның Қазақс­тан­дағы Төтенше және өкі­лет­ті елшісі Рашад Маммадов  ТүркПА тарапынан қабылданған шешімдердің маңызы жоғары екендігін атап өтті. Қазіргі за­мандағы техногендік және та­биғи апаттардың салдарынан дағ­дарыстар белең алғандығына, осындай дағдарыс сәтінде қандай әрекетте болу керек, сол жағын қарастыру керектігіне баса назар аударды. Сонымен қатар, жиынға қа­тысушылар апат және күрес жайында ТүркПА елдерінің ын­­тымақтастығы жөніндегі ұсыныстарды қабылдады. Ол келер жылы өтетін Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының  Әлеуметтік-мәдени және гумани­тарлық мәселелер бойынша ко­мис­сиясының алтыншы отырысына шығарылмақ. Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»