• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
25 Мамыр, 2016

Бір мазһаб бар бірлікке бастайтын

400 рет
көрсетілді

Астанада «Діндер терроризмге қарсы»  халықаралық конференциясы өтеді Кез келген зайырлы мемлекетте дін жоққа шығарылмайды. Мемлекетіміздің басты заңы – Конституциямызда Қазақстанды мекен еткен азаматтардың сенім бостандығына нұқсан келтіріл­мейтіні тайға таңба басқандай анық жазылған. Сондықтан, әрбір адамның таңдауына сəйкес, діни ұстаным­дары заңмен қорғалады, алайда, қашаннан өзін мұсылман санайтын қазақ баласының кеңестік дәуірдегі құдайсыздар қоғамынан кейін дінге бет бұрған уақытында кейбір адасушылыққа да бой алдырғаны ащы болғанымен, өмір шындығы. Біздің тілшіміз аталған тақырыпқа байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб-имамы, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Серікбай қажы ОРАЗДЫ әңгімеге тартқан еді. – Зайырлы қоғамда ұлттар мен ұлыстардың діни сенімі бо­йынша бөлінуіне жол берілмей­тіні белгілі. Халқымыз сонау ықы­лым замандардың өзінде өзге дін­дегі адамдарды еш қудала­мапты, оған еліміздің әрбір аймағында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған заттай айғақтар дәлел бола алады. Мұны тарихи сабақтастықтың үзілмеуі, қазақтың қанында бар толеранттылықтың көрінісі деген жөн шығар? – Дінді ұстану – қоғамнан бө­лі­ну деген сөз емес. Керісінше, иман­ды адамның қоғамның дамуы­на үлес қосып, халық арасында ізгілік, адамгершілік, бауырмалдық сынды құндылықтарды насихаттауда белсенділік танытатыны сөзсіз. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Жақ­сы адам – қоғамға пайдасы тиген пенде», – деген. Еліміздегі бүгін­гі мұсыл­ман жамағаты қоғам­шыл, көпшіл, мемлекетшіл болуы қажет. Көп­шіл адамның қоғамға игілігі тиеді. Өйткені, біз, дін қай­раткер­лері уағыз-насихатта­ры­мызда жа­мағатқа зайырлы қоғам­ның құн­ды­лықтарына құрметпен қарап, оны қадірлеу қажеттігін айтамыз. Жасырып-жабары жоқ, дінге ден қойған кейбір азаматтар мем­лекеттік қызмет, қоғамдық, ұжым­дық жұмысқа араласа бермейді. Өзін бейне-бір орта ғасырда өмір сүріп жатқандай сезініп, қоғамдағы жалпыға ортақ құндылықтарды ескеруден бойын аулақтайды. Біз осыған назар аударуымыз қажет деп санаймыз. Иә, біз – зайырлы елміз. Ерекше­лігіміз де, артықшылығымыз да осында. Зайырлы ел – дінсіз ел дегенді білдірмейді. Керісінше, азаматтардың діни сеніміне еркіндік беріледі. – Өкінішке қарай, бұрын ата-ана баласы намазға жығылып, мешітке барса қуанатын болса, қазір қауіптеніп, балам әлде­бір ағымның ықпалында кетіп қал­ған жоқ па екен деп қауіптенеді. Молда атанғандардың өзіне кү­дікпен қарайтындай жағдайға түсіп кетті. Осы ретте халықтың дін қызметкеріне деген сеніміне селкеу түспеуі үшін не жасалуда? – Қазақ қоғамында ежелден айтылған пәтуалы сөздер діни үкімдерді жүзеге асырушылар – аузы дуалы абыз, би-шешендер мен дін қайраткерлері болғаны белгілі. Құдайға шүкір, бұл үрдіс бүгін де жалғасын тауып, қоғамда имамдардың, діни ғалымдардың рөлі мен ықпалы артып келеді. Қазақ даласында дәстүрлі Исламды уағыздаған кешегі Марал Ишан, Науан Хазірет, Сәдуақас Ғылмани сынды діни қайраткерлеріміздің жалғасы бүгінгі имамдарымыз бен ғалымдарымыз деп санаймыз. Бас мүфти Ержан қажы Малға­жыұлы бастаған Діни басқарманың құрамында қазір 600-ден астам жоғары білімді, 1000-ға жуық орта білімді азаматтар қызмет етуде. Имамдардың білімін ұдайы жетіл­діріп отыру – басты назарымызда. Өйткені, бүгінгі дін қызметкері за­манның ағысынан, уақыттың талаптарынан әсте қалыс қалмауы тиіс. Діни басқарма өз қызметкер­ле­рінен, яғни мешіт имамдарынан заман ағымына сай өздерін үнемі дамытып отыруға және діни білім­мен қатар зайырлы білім алу­ды талап етеді. Жуырда ғана 2 жыл­ға созылған сараптамалық аттес­таттау нәтижесінде 3 мыңнан астам имамның білім деңгейін анық­тадық. Сынақтан сүрінген дін қыз­меткерлері қайта даярлау курсынан өтетін болды. 2015 жылы Астанада өткен І республикалық имамдар форумында «Бүгінгі имамның келбеті», «Дін қызметкерінің этикасы» атты тарихи құжат қабылдадық. Бұл құжаттардың мақсаты – ХХІ ғасырға лайық имамдар тобын дайындау. Қоғамда дін қызметкерінің беделі мен ықпалын арттыру. «ХХІ ғасыр имамы» деген жоба аясында жер-жерлерде дін қыз­мет­керлері арасында интел­лектуал­ды сайыстар ұйымдастырылды. Жуырда «Қазіргі заманның үздік 500 ағартушы имамы» атты жобаны да қолға алдық. Мақсатымыз – имамдардың қазіргі қабілеті мен білімін одан әрі дамыту, үздік ағартушы дін қызметкерлерін игі жұмыстарға жұмылдыру. – Нақты жұмыстар қолға алынып жатқаны, әрине, көңіл қуантады. Осы ретте әңгіме ауа­нын ұлттық құндылықтардың Алла тағала жолындағы имани, адами бейнемен астасып жатуының негізіне қарай бұрсақ. – Ұлтпен бірге оның діні де дамып, бірге қалыптасып отырады. Демек, діннен бастау алған адамгершілік құндылықтар сол қоғамда дағдыға немесе дәстүрге айналады. Керісінше, дін келмес­тен бұрын салтпен сабақтасқан әдет-ғұрыптарды шариғат қуаттай түседі, яки құпталған қағида ретін­де қабылданады. Біз – кеше ғана мұсылман болған ел емеспіз. Ұлт­пен қатар өмір сүріп келе жатқан дініміз, өміршең діліміз, тамыры терең тарихымыз бар. Өткен жылы Діни басқарма Орта­лық Азия ғұламаларының фору­мын өткізді. Бұл – Қазақ­стан мұ­сыл­­мандары діни басқарма­сының баста­­масымен ұйымдасты­рылған тұң­ғыш тарихи шара десек, артық айт­қанымыз емес. Тәжік­станның, Қырғыз­станның Бас мүфтилері, ғұлама-ғалымдары қа­тысқан халықаралық форумда қа­рар қабылдап, үндеу жарияладық. Өйткені, біздің тағдырымыз, тамырымыз, тарихымыз бір. Ғалымдар Орталық Азияның қалыптасқан исламдық дәстүрлі ағартушылық мектебінің рөлі мен ықпалын арт­тыру туралы бастаманы бірауыз­дан қолдады. Біртұтас мұсыл­ман үмметін қалыптастыру, санғасыр­лық тарихы бар діни ұстанымды қайта жаңғырту туралы идея көп­шіліктің қолдауына ие болды. Иә, діни мектеп – кешенді жүйе. Біздің мақсатымыз – өткен күннен сабақ алып, бүгінгі жағдайымызбен сабақтастырып, Ислам өркениетінің қайта өрлеуіне қызмет ету. Игі идеяның дамуына үлес қосатын қабілетті, байсалды, заманның өзі талап етіп отырған бәсекеге төтеп беретін, жылт еткен ағымға алданып, соңынан ере бермейтін зиялы ортаны қалыптастыруды, жастарды осыған тәрбиелеуді көздейміз. Астанада өткен тұңғыш имамдар форумында қабылданған «Бүгінгі мұсылманның тұлғалық бейнесі» атты тарихи құжатымыз да осынау мақсатты бағдар еткен. Жуырда елордада бас қос­қан ҚМДБ-ның жұмысын жетіл­діру бойынша Сарапшылар кеңесі­нің мүшелері де Орталық Азия­ның ислам­дық дәстүрлі мектебін қайта қалыптастыру қажет­тігін тал­қы­лады. Қазақстан мұсылман­да­ры­ның діни басқармасы Исламның Орталық Азия мектебінің ұстаным­дарын қайта жаңғыртуда көшбасшы бола алатыны айтылды. Шариғат негізі (фиқһ), Ислам этикасы (ахлақ), негізгі діни ұстанымдар, Ислам негіздері туралы мол мұра қалдырған ханафи мектебінің белді өкілдерінің тізбегі мен олардың еңбектерін қайта зерттеу жұмысын бастап кеттік. – «Құран Меккеге келді, Мы­сырда жазылды, Ыстамбұлда оқылды, тек Орталық Азияда тү­сіндірілді» деген сөз бар ғой. Ол осы атыраптан шыққан ға­лым­дардың ислам дінін зерде­леудегі орнына берілген баға болса керек. Әбу Ханифа мазһабы­ның негізі де осында қаланды емес пе? – Дұрыс айтасыз, ортақ тари­хымыздан белгілі жайт: Әбу Ха­нифа мазһабы Орталық Азияда үстем­дікке ие болды. Ханафи мекте­бінің белді өкілдері, мысалы, имам Мұхаммед әл-Бұхари, Әбу Мансұр ас-Самарқанди, Әбу Мансұр әл-Матуриди, Жүсіп Баласағұни, Қожа Ахмет Ясауи, әс-Сарахси, Әли ибн Осман әл-Уши, т.б. секілді ғұ­ла­малар мұсылмандық дәстүрлі мек­тептің қалыптасуына зор ықпал етті. Әлемдік деңгейде танылған ғұлама-ғалымдарымыз бен олардың орасан еңбектері күллі мұсылман үмбетінің мақтанышына айналды. Бүгінде дүниежүзі мұсылмандары Орталық Азия жұртын жоғарыда аты аталған ғалымдардың тікелей ұрпақтары деп санайды. Бізге берілген бұл мәртебе баршамызға зор жауапкершілік жүктейді. Қазақ мұсылмандығы туралы сөз еткенде, Түркістан, Сайрам, Самарқан, Бұқара, сонымен қатар, алғашқы Қазақ хандығының астанасы болған Сығанақ сынды ортағасырлық қалаларды, рухани, діни ордаларды мақтанышпен мысал етеміз. Исламның тамыры жайылған Мәуренаһрда жергілікті дін ғұламалары діни шешімдер мен қаулылар шығарып отырды. Аталған ортағасырлық ғалым­дардың шежірелік тізбегі мен олар­дың еңбектерін қазақ даласы­нан шыққан ағартушы-ғалым­дарымыз, ойшылдарымыз – Мәш­һүр Жүсіп Көпеевтің, Шәкә­рім Құдай­бердиевтің, Абай Құнан­баев­тың, Ыбырай Алтынсариннің руха­ни мұраларымен ұштастырып, сабақ­тастырып, халқымызға жеткізуде ғалымдарымыз, дін қызметкерлері белсенділік танытып келеді. Қазақ мұсылмандығының қа­лыптасқан рөлін арттыру мәселесі басты назарымызда. Бұл идеяны жүзеге асыруға біздің қабілетіміз де, қауқарымыз да жетеді. Кеңес отырысында ортақ діни таным, діни сана, діни тәжірибе, діни жол қалыптастыруға қатысты ойлар да ортаға салынды. Ислам әлемінің белді ғалымдары діни-ғылыми салада Орталық Азия ғұламаларының еңбектерін пайдаланып, ислами қайнаркөздің бірі ретінде басшылыққа алып отырған. Тарихты жасау оңай емес, ал сол тарихты жазып, ұрпаққа қалдыру – маңызы бөлек мәселе. Осы ретте бабадан қалған мирасты, ғылыми-діни еңбектерді аударып, қайта басып шығару қажеттілігі туындайды. Осынау игі жобаларды жүзеге асырып жатқан Діни басқарма жанындағы «Әбу Ханифа» ғылыми-зерттеу орталығы мемлекеттік қолдауды қажет етеді. Қаржы мәселесі шешілмеген жоба тұралап қалатыны белгілі емес пе? Кейде кейбір ел ағаларының аузы­нан: «Халықты бір мазһабты ұстануға үндеу – қалған мазһабтың құқығын шектеу емес пе?» – деген уәжді естіп қаламыз. Әбу Ханифа мазһабы – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанған жо­лы. «Діни қызмет және діни бір­лес­тік­тер туралы» Заңымызда да төл маз­һабымызға мәртебе берілген. Әбу Ханифа мазһабы дала хал­қының болмысына, табиғатына жақын болды. Имам Ағзам – мазһаб негізін қалаған ғұламалардың ұстазы болған. Либералды жолды таңдауымыздың тағы бір сыры – мазһабымыздың жергілікті салт-дәстүрімізге құрметпен қарауында. Біз – діні мен дәстүрін ардақ­таған, салтын сақтаған тарихы терең жоралы жұртпыз. Қазақ халқы әлем елдері арасында діні мен дәстүріне берік ел ретінде іргесін қалады. Діни басқарма 2014-2015 жылдары қолға алған «Дін мен дәстүр» жылы аясында көптеген игі істер жүзеге асты. Мүфтият енді өз қызметі аясында 2016 жылды «Дін және тарих тағылымы» жылы деп жариялады. Осынау игі бастама аясында ата-бабамыздан қалған асыл жауһарларды қайта жарыққа шығарудың орайлы сәті, мол мүмкіндігі туып отыр. Жаратушы иеміз осынау ізгі ойлар мен игі істерімізге жар болғай! Алла тағала егемендігімізді ­баянды етіп, екі дүниенің бақытын нәсіп еткей! Әмин! – Әңгімеңізге рахмет.  Әңгімелескен Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»