• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
25 Мамыр, 2016

Аға, жеңеше

487 рет
көрсетілді

(эссе-элегия) – Келдің бе? – деді Нілжан жеңешем. – Қайып ағаң сені көп күтті. – Иманды болсын. Бұлай болар деп кім ойлаған. Ауырғанын да, қайтыс болғанын да кеш естідім ғой. Көңіл айтып, Нілжан жеңешемді құшақ­­тағанда кеңсірігім жыбырлап, көзіме жас тығылды. Уақыттың тоқтау­сыз, өмір­дің соншама тұрлаусыз, өткінші, жыл­дам екенін жан дүниеммен барынша айқын сезінгендей болып, кеудемді мұң кеуледі. Ауыл дегенде, ел-жұрт, туған жер дегенде еске алатын жақыным Қайып аға, Нілжан жеңешем емес пе еді? Әке-шешем де, бірге туған бауырла­рым да өзімнің туып өскен Шу өңірінде жоқ бүгінде. Ағайын, туыс бар, әрине. Бірақ он бір жасымда әкем өліп, интернатқа алын­ғаннан кейін сол ағайын-туыс дейтін­дердің өзімен де тиіп-қашып, жүз көрісіп, сәлемдескенім болмаса, араласа алма­ғанмын. Он алты жасымда мектеп бітірдім. Комсомолдың жолдамасы­мен сонау алыс шалғайдағы Қостанай облысындағы Рудный қаласын салуға аттандым. Бүкілодақтақ екпінді құрылыстағы таңның атысынан күннің батысына дейін өліп-өшіп атқарған ауыр жұмыс, суық түсіп қар жауғанша палаткада жатқанымыз, екі жылдан кейін Алматыға келіп, емтихан тапсырып, конкурстан өтіп, ҚазМУ-дың журналис­тика бөліміне түскенім, төртінші курс­тан соң «Лениншіл жас» газеті жұмысқа шақырғаны... бәрі-бәрі күні кеше ғана сияқты еді. Енді бүгін қарасам, одан бері де қырық жыл зу етіп өте шығыпты. Мен Нілжан жеңешемнің бетіндегі әжімдеріне, ағарған шашына қараймын. Ол да менің көзімнің қиығындағы әжімдер мен бурыл тартқан басыма қарайды. Жеңешеммен дәлізде құшақтасып көріскен соң, іштегі бөлмелерге өттім. Менің келе жатқанымды естіп, Нілжан жеңешем осындағы ағайын-туысты жинап қойыпты. Олармен де көріспегелі көп болған. Бұл кездесу олар үшін де, мен үшін де осыдан көптеген жылдар бұрынғы, жасырақ кезіміздегі ақырын-ақырын жылыстап ұзап кеткен күндерді тағы бір еске түсіруімен құнды шығар. Адамдардың алыста қалған жылдары мен күндерін жүрегі сыздай сағынатыны анық. Мына тұрған Төлепберген Бекназаров, сонау кездегі Шу аудандық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің бастығы, кейінірек Красногор аудандық атқару комитетінің төрағасы. Жанында әйелі Ұзақкүл. Оның жанындағы Әбжаппар Жәкібаев, бір кездерде осы аудандағы жастар ұйымының бірінші хатшысы, кейін біраз совхоздарда парторг болды, аудандық кәсіподақ комитетін басқарды. Қазір ауданның құрметті азаматы. Жа­нында жұбайы Тұрғанкүл. Одан әрі – Жақыпбек Демеуов, қай жерлерде істесе де өмір бойы бас бухгалтер болумен өтті, осындағы ағайындардың туысқандық жолымен өз іштерінен сайлап алған президенті екен, жанында жары Зейнеп. Одан әріректе Жұмажан Асылбеков, көп жылдар бойына директор болып совхоздарды басқарған. Әрқайсымен амандасқан сайын көз алдымнан алыста қалған, өткен жылдар елесі көшкен бұлттай көзге елес­теп өтіп жатты. (Одан беріде Әбжаппар Жәкібаевтың дүниеден өткенін естідім, иманы жолдас болсын). Нілжан жеңешем де өзінің қашанғы әдетінен жаңылмай, ағайындар ең болмаса бір-бірінің бет-жүзін көріп қалсын деген ниетпен, бүгінгі аяқ астынан ора­йы келе қалған асығыс кездесудің өзіне мұқият даярланыпты. Жеңешемнің тамаққа бап екенін бұрыннан да білемін ғой. Қазір де үстел үсті жайнап-ақ тұр. Әсіресе, қаладан елді сағынып келгенде оның дәмі тіл үйіретін ірімшігі мен жентінің орны бөлек. Басқа тамақтың барлығын қалада да жеп жүр ғой деп, жеңешем бұл жолы мен үшін таңсық ас, қазақтың осы күні ұмыт бола бастаған «қарын бүрме» деп аталатын тағамын әзірлепті. Энциклопедиялық кітаптан, сөздіктен оқығаным бар, «қарынбүрме – қарынның ішіне ұсақталған ет, май, пияз, тағы басқаларын қосып пісіретін тағам» деп жазылған сияқты еді. Жеңешем оны көктемде туған қозының қарнының ішіне етін, қабырғаларын шауып-шауып, құйрықмайын қоса, картоп, сәбіз, пияз, қара бұрыш, болғар бұрышын, шомыр салып пісіріпті. «Шомыр» деген не деп ем, «редька» деген сөз ғой деп ұғындырды ол. Менің көңілімнің түкпірінде осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрынғы Нілжан жеңешемнің бейнесі қайта тірілді. Ол кезде Қайып аға ауылшарушылығы инс­титутында, Нілжан жеңешем ҚазПИ-де оқиды. Әлдекімнің қуықтай ғана кішкене бөлмесін жалдап тұрады. Алматыда біздің ауылдан, ауданнан оқып жатқан біраз студенттер бар. Кейде сенбі, жексенбі күндері біразымыз топырлап Қайып ағаның үйіне келеміз. Нілжан жеңешеміз жайраңдай күліп қарсы алады. Шай қояды. Тамақ істейді. Тамағы және тәтті болады. Қамырды тез ғана илеп, созып жіберіп, бір қора жанға дұнған кеспесін пісіріп бере қоятын. Ашқұрсақ студент кезіміз, рахаттанып, сүйсініп жеп аламыз. Артынан шай ішеміз. «Ол кезде қойдың басы арзан. Бір қойдың басының етімен бір қора жанға дұнған кеспесін пісіріп беруші едім» деп кейініректе бір еске алғаны есімде. Осы күні ойлағанда мені таң қалдыратыны, ауданның студент жастары қашан, қанша адам болып келсе де Нілжан жеңешемнің сондағы қабақ шытпайтыны. *     *     * Жұрт аяғы басылып, мен Қайып ағаның совхоз директоры болып тұрғанда кіріп, кейін тағы да сәулеттендіріп, кеңейтіп салып алған құтты шаңырағының қонақ қабылдайтын, жиһазы жарқыраған үлкен залында, жұмсақ диванда, дауысын басыңқырап қойып, телевизор көріп отырғанмын. – Ана көрші бөлмеге төсегің салынып қойылды. Шаршаған шығарсың. Барып, демалуыңа болады, – деді жеңешем. – Демалу қайда қашар дейсіз. Одан да сізбен Қайып аға туралы, өздеріңіз туралы әңгімелескім келіп отыр, – дедім мен. – Баяғыда сіз де, аға да Алматыда оқыдыңыздар. Біз де студентпіз. Сіздер жалдап тұратын кішкене бөлмеге анда-санда келіп тұрушы едік қой. Сол уақыт, содан кейінгі жылдар туралы әңгімелеп, айтып беріңізші. Нілжан жеңешемнің жүзі жадырап сала берді. Диванның жанындағы креслоға келіп отырды. Шамасы, шешіліп бір әңгімелесетін осындай сәтті ол да көптен күтті ме екен. – Қайып ағаларың оқуға менен үш жыл кейін келіп түсті ғой. Ол ауыл шаруашылығы институтын мың тоғыз жүз алпыс үште, мен ҚазПИ-ді алпысыншы жылы, одан бұрын бітірдім. Мені Көктеректің, немесе Қордайдың он жылдық мектептерінің біріне бар деді. Аудан орталықтарына. Қайып әлі оқуда болған соң мен «бара алмаймын» деп, еркін диплом сұрадым. Пәтерде тұрамыз. Ағаң өзі тамақ істеп ішіп, жатақханада тұра алмайтын адам. Пысықтығы жоқ. Содан тағы үш жылға қалдық Алматыда. – Сіз ол кезде жұмыс істеген жоқсыз ба? – Істедім. Әуелі «Қазақстан пионе­рін­де» корректор болдым. Сол кездерде мен газеттің беттерін оқып отырған­да редакция қызметкерлері Ілия Жақа­нов, Оспанхан Әубәкіров келетін. Қыл­шылдаған жас кездері. Кезекші болатын болулары керек. Менің онда күйеуім, үлкен балам Құрмаш бар. Аяғым тағы ауыр. Сол кездегі бір таңырқағаным – Ілияның ысқырып «Қаламқасқа» салатыны. Баспалдақпен түсіп келе жатып та, шығып бара жатып та ысқырып, ән салып жүргені. Ойлаймын, мына жігіт әнді өте жақсы салады екен деп. Сөйтсем, композитор болайын деп жүрген кезі екен ғой. Оспанханның тілі удай ғой. Маған бірдеме деп әзілдер айтады. Мен үндемеймін. Артынан ол жерден кеттім де, 5-ші теміржол мектеп-интернатына тәрбиеші болып орналастым... Содан Қайып оқу бітірді. Оны өзіміздің Шу ауданына, осы «Алға» совхозына жіберді. Сол кезде ауыл шаруашылығы басқармалары құрылып жатыр екен. Соған Ыбыраев деген кісі бастық болып келіпті. Ол кісі: – Мамандығың не? – деп сұрайды ғой Қайыптан. – Агроном. Мына «Алға» совхозына барсам деп едім, – десе: – Өй, бас инженерлер жетпей жатыр. Сен институтқа дейін Талғардың ауыл шаруашылығы механизациясы техникумын бітіріпсің ғой. Мойынқұм ауда­нының бір совхозына, қазір аты есім­де жоқ, бас инженер етіп жіберейік, – дейді. Білесің бе, Елагин, Нұркеев деген кісілер Хрущевтің кезінде Павлодардың бірі обком хатшысы, екіншісі облыстық атқару комитетінің төрағасы болып тұрға­нында «көзбояушылық жасады» деген айыппен орындарынан алынып, Елагинді Жаңашардағы ауыл шаруашылығы институтының учаскесіне директор етіп, Нұркеев Хасенді жаңа құрылып жатқан «Алғаға» директор етіп жібереді. Совхозды құрған сол кісі. – Егер ренжімесеңіз, мен «Алғаға» барып, Нұркеев ағамен жұмыс істегім келеді. Бұл кісі өмірді көрген, тәжірибелі, ауыл шаруашылығын жақсы біледі. Жақсы адам деп естідім, – дейді Қайып. – Онда бас инженер дәрежесіндегі жұмыс жоқ. Тек учаске агрономы деген ғана орын бар. – Жарайды. Сол учаскеге-ақ барайын. – Мейлің. Сен бір болайын деп тұрған, келешегің бар жігіт екенсің. Лауазымға қы­зықпадың. Үлкен жұмысқа қызықпай, кө­ңілің қалаған кіші жұмысқа барғың келеді екен. Онда бара ғой, – дейді Ыбыраев. Қақаң келіп, учаске агрономы болып жүргенде Петренко деген бас агроном өзі тіленіп, ауданға кетіп, екі айдан соң Қақаң бас агроном болып бекіді. Сол жұмыста жүргенде Нұркеев ағайдың ісі ақталып, қайтадан өлкедегі басшы қызметке ауысты да, орнына Қабышев Қаден деген кісі директор болып келді. Ауыл шаруашылығының тәжірибелі на­ғыз маманы, бірақ білімі жоқ. Анкета толтыр­ғанда «мамандығыңыз» деген жеріне «ма­мандығым – директор» деп жаза­ды екен. Сол кезде Қайыпты енді «Шоқ­пар» сов­хозының директоры Қаб­жан Жұмағалиев өзіне қайта-қайта сұрап жатқан. Ол кісі Шоқпардағы көкеме (Қайып­тың әкесі) келіп, күнде айтатын көрінеді: – Жағдайымызды көріп отырсыз ғой, Дөпе. Түк өнім ала алмадық қой. Ана бала­ңыз оқу бітірген білімді агроном. Біз­ге керек, – дейтін көрінеді. Ол жылдарда жоғары білім алған кадрлар әлі аз еді ғой. «Шоқпардың» директоры Жұмағалиев ол тілегін аудан басшысы Жапар Түйе­бе­ковке де айтатын көрінеді. Түйебеков сөй­лесіп көрсе, Қабышевтің жібергісі жоқ. Сол кезде Әнуарбек Жүнісәлиев – аудандық партия комитетінде екінші хатшы. Содан көкем Әнуәрбекке айтыпты. – Сенің қолыңнан келе ме, келмей ме, анау Қайыпты ауылға, Шоқпарға жі­берт­ші, – деп. Әнуәрбек Түйебековке айтса, ол: – Сендер ол жігітті өнім шықпайтын қу тақыр жерге жіберуге неге құмар бол­дың­дар. Әне, қызылшаның жағдайын жақсартып, жұмысты дұрыс істеп жатыр, – дейді. Содан Әнуәрбек түс кезінде Қайыпқа: – Қақа, үйге жүріңізші. Тамақтанып алайық. Түстен кейін бастықпен қайта сөйлесіп көрейік, – депті. Әйелі Әзиза ғой, Қайыптың туысқан қарындасы. Сөйтіп, түстен кейін қайтадан бірінші хатшыға барып: – Жапеке, бұл жігіттің әке-шешесі Шоқпарда. Бұлар мұнда мал ұстамайды. Дәрігерлер бұл жігітке өне бойы ақ ішуі керек депті, – деген сияқты сөздермен ұқандап-сұқандап, бірінші хатшыны ақыры көндірсе керек. Сөйтіп, Қақаң «Шоқпарға» ауысты. Совхоз соған дейін ондағы суарылмайтын жерлерден, бидайдан небәрі екі жарым центнер ғана өнім алып келген ғой. Қайып барып байқап көрсе қырдағы жыртылған жерлер тым саяз екен. Оны қайта жыртқызады. Басқа да агротехникалық шараларын жасайды. Ақ егіс бригадаларының бірінде – Әукенов Айдай, екіншісінде – Швензель, үшіншісінде – Дрих бригадир, соңғы екеуі – немістер. Тана мен Тілек деген жерде управляющий – өзің білетін Толықбай ағай, мүмкін, есіңде бар шығар, ол кісінің үйіндегі «бидай көже» дәмділігімен бүкіл ауданға әйгілі болған. «Шоқпар» – баяғыда, мектеп оқулығында айтылатындай «тауды бұзып, тасты жарып» Түрксіб темір жолын салғанда өткел бермей, көп қиындықтар келтірген әйгілі Шоқпар асуында, тың жерде құрылған совхоз ғой. Тракторшылар да, комбайншылар да жан-жақтан келгендер. Солардың ішінде Сатановский деген тракторшы бар екен. Осы жерде Толықбай ағайдың да бір кішкене әңгімесін айта кетейін енді. Күзге қарай зябь жыртады ғой. Жұмыс қауырт. Күндіз де, түнде де тоқтамауы керек. Содан Толықбай ағай түнде де барып тексеретін көрінеді. Сөйтіп, барып қараса, Сатановский деген қу ол кісі келеді-ау деген кезде алысыраққа апарып, тракторына от алдырып, малый оборотқа қойып қояды екен де, өзі кабинада ұйықтайды екен. Ана кісі қосқа барып, орысшасы нашар ғой, бәрін жинап: – Әй, адин Сатановский тр-р-тр-р, другие не тр-р-тр-р, не істеп жатырсыңдар? Неге бұлай? – дейді ғой. Аналар бәрі күледі дейді. Сонымен, өнім күрт көтерілді. Бұрын совхоздың қырманы бір-ақ жерде болыпты. Енді Байбике, Қаратөбе деген жерден және Шоқпардан үш бірдей қырман ашылады. Қақаң совхозда біраз жыл істеді. Кейінгі жылдарда егіс алқабына самолетпен тыңайтқыш та шашқызып жүрді. Сөйтіп, совхоз миллион пұтты екі жыл қатарынан алды ғой. Сол кезде «Правда» газетіне шықты, Жамбыл облысы Шу ауданы «Шоқпар» совхозының диқандары самолетпен тыңайтқыш сеуіп, мол өнім алып жатыр деп. Радио саңқылдап, ол да айтып жатыр. Соның бәрін істеген Қайып ағаң еді. *     *     * Шоқпарда бас агроном болып, миллион пұттар бергеннен кейін енді Қайыпты «Алға» совхозына директор етіп жіберетін болды. Сол кезде ондағы Қабышев ағай жасы келіп, пенсияға шығып жатты. Осы екі ортада біреулер Қақаңның үстінен облыстық партия комитетіне домалақ арыз түсіріпті. Сосын сол арызды тексеруге адам келеді. Ол кісінің аты Рахым екен, фәмилиесін ұмытып отырмын. Ол кісінің арыз тексеріп келгенін ешкім білмейді. Ауылда қонақ үй жоқ қой. Арыз тексеруші қонатын үй іздесе, деректірдің үйінде Зәуірбеков жатыр, облыстық атқару комитетінің кәсіподақ жағындағы бастықтарының бірі. Содан кеңседегілер оған «бас агрономның үйіне барып қоныңыз» дейді. Мен өмір бойы күркетауық асыраймын ғой. Соны қуырып, армян коньягін құйып, қонақ еттік. Аузының салымы бар екен, өйткені армян коньягі – ол кезде дефицит. Соның біреуі үйде тұратын. Мәз-мәйрам болып, әңгімелесіп отырды. Сөйтсек, ол кісінің «Волгасы» біздің аулада тұрғанын сельсовет бастығы келіп байқап көреді де, енді тексеріп келген кісінің үстінен жоғарыға арыз жазып жібереді. «Тексеруге келген кісі айыптының үйінде қонақ болды, пара да алған болуы керек» деп. Оны Қайып та, мен де білмеймін. Ертесіне тексеруші бізге айтпай, жұртты жинап, біразынан Қақаң туралы сұраған ғой. Олар: «Бейнетқор адам, арақ ішпейді, темекі шекпейді, ертеден кешке дейін жұмысында жүреді» деген. Содан соң «Алғаға» барады, олардың арызы бойынша бұл арақ ішкіш, әйелі педагог, соған қарамастан әйелін талай сабаған, андай да мұндай деген сияқты. Соны «Алғаға» барғанда жұртты жинап алып айтса, бір звеношы әйел, өзі мұрнынан сөйлеуші еді: – Мынаны қандай ақымақ жазды екен? – дейді. – Ол жігіт Шоқпарға бармай тұрып, осында істеп кетті ғой. Әйелі мұғалім екені рас. Әйелін ұрмақ түгілі, екеуі сондай жарасып, тату-тәтті болып тұрды. Екеуі де үріп ауызға салғандай адамдар. Ақ адамды бұлай да қаралайды екен-ау. Бұған кімнің қолы барды екен? Бұлай қаралауға кімнің қақысы бар екен? – деп. Өзгелер де қостайды. Содан арыздың жала екені белгілі болады ғой. Облысқа барған соң тексеруші обкомның бірінші хатшысы Хасан Шаяхметұлы Бектұрғановқа айтады. «Мына жігіт таза екен. Істі біледі. Миллион пұттан өнім алғанын білесіз. Үстінен жазылған арыз өтірік, жала екен. Облыста болатын шараларға да белсене қатысып, киіз үй әкеліп тігіп, қызмет көрсетіп жүрген азамат» дейді. – Бұл өзі домалақ арыз ғой? – Иә, аты-жөні жоқ арыз. Мақсаты – Кененбаев Қайыпты деректір қойғызбау. Содан Қайыпты бекіту үшін енді облысқа шақырады. Бектұрғановқа кірсе: – Әй, сен өзің бір әп-әдемі жігіт екенсің ғой. Айналайын, бүгін самолетке отыр да, ұшшы Алматыға, – дейді. Ол кезде Жамбылдан Алматыға «ЯК-40» деген кішірек самолеттер қатынайды. Барса, Мұстақым Ықсанов деген кісі, өзі бұрын Жамбыл облысында хатшы болған, ешқандай сұрақ та қоймайды, қағаздарға бірден қол қойып береді. Қайып қайтып келген соң аудандық атқару комитетінің төрағасы, Социалистік Еңбек Ері Галина Андреевна Адаменко мен аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы екеуі Қақаңды «Алға» совхозына алып барады. Қақаң мансапқор емес қой. Совхоздың бұрынғы деректірі: – Деректір болып келдің ғой. Отыр­майсың ба, мына орныңа, – десе: – Қабеке, орныңызда отыра беріңіз. Мен кейін отыра жатамын ғой, – дейді Қайып. – Шыныңмен айтып отырсың ба? – деп, бетіне қарайды да: – Жарайды, қарағым. Саған табыс тілеймін, – деп батасын береді. Сол кезде «Алға» совхозының бас инженері Сырғабай Тұрғанов деген жігіт Қайыптың кластасы болатын. Орта мектепті де бірге бітірген. Ол да Қайып сияқты, Талғардағы ауыл шаруашылығы механизациясы техникумын тауысқан. Ол кезде, айттым ғой, совхоздарда инс­титут бітірген инженерлер мүлдем жоқ. Сондықтан, техникум бітіргеннің бәрі бас инженер. Қақаң алғаш біраз уақыт сол үйде жатты. Қақаңның асқазаны сол жылдарда да ауыратын. Жағдайын жасайтын мен ғой. Содан: – Алғаға көшейік, – деді. Бұрынғы де­ректірдің үйін жөндетіп, қыстың күні, ақпанда осы «Алғаға» көшіп келдік. Шоқпардағы оқушыларым жылап-еңіреп қалды. Қызық болғанда, жәшік­терге салып бір мәшине үйрек, қаз, күрке­тауық әкелдік. Мұнда келген соң күркетауық­тарым жүзге жетті. Қазымыз қырықтан асты. Сонда құрылыстағы немістер айтатын: «Сіздің қолыңыз жеңіл екен. Қаздар мынадай өсім бермейді. Күркетауықтың көбеюі оңайырақ» деп. Бірге жүрген жолдастардың бәріне екі ұрғашы, бір еркек қаздан беремін, сендер де өсірсеңдерші деймін. Еті күркетауықтікіндей емес, төс еті қап-қара, қойдың етіндей деп. Сөйтіп жүргенде Қақаң, бір жыл қызмет атқарған соң Еңбек Қызыл Ту орденін алды. «Алға» совхозы барлық көрсеткіші жағынан үнемі алда болды. «Шу өңірі» газетінің бетінде үнемі «Алға» жүреді. Қозыдан мұнша, жүннен мұнша, қызылшадан бір гектардан 126-130 центнер өнім… Жүнді қойлардың өзінен 113-116-дан қозы алды. Мақтаулы қойшылары, жылқышылары көп. Слет болады. Қайыптар төрде отырады. Ол кездегі сыйлықтың мықтылары телевизор, кілем ғой. Ана жақта да слет, мына жақта да слет… «Алғаның» қойшылары мен жылқышылары қарық болады. Бес жылдық социалистік жарыс болушы еді ғой. Медальдар береді, «5 жылдық социалистік жарыстың жеңімпазы» деген. Конрат деген тағы бір деректір болды, «Далақайнар» совхозында. Осы екеуі Шу ауданының озаттары. Ана кісінің де қойшылары жақсы. Ол кісілер бидайдан алады бірінші орынды. «Алға» – қызылшадан. Гектарының санын білмеймін. Совхоздың жүз жетпістен аса түйесі бар. Үш жүз елудей жылқысы бар. Екі мыңнан аса сиыры бар. Бұлар сүт өткізеді. Сиырды күніне екі сауады. Қызылшаның жапырағы бар емес пе. Оны да сиырға береді. Сөйтіп, сүттен де бірінші орын алады. Сонымен, совхоз үнемі бірінші орында болды да жүрді. Сонымен, 86-жылдың аяғында, 87-жылдың басында ауданға басқа бірінші хатшы келді. (Оның алдында Жүнісәлиев, Әспетов, Торғаев деген хатшылар болған). Сол хатшы келген соң, неге екені белгісіз, Қақаңды қырына ала бастады. Әлде, оған «мынау деректір қашанғы отыра береді, 15 жылдан артық отырды» деп Қақаңды жамандаушылар болды ма деп ойлап жүрдік. Содан ол тексерушілерге тапсырма беріпті. Бірде Қайып аупарткомға барса прокурор Ыбыраев хатшыдан терлеп шығып келе жатыр екен. Қақаң: – Неғып терлеп шықтыңыз? – деп сұраса: – Қақа, тым болмаса бір қойды жазғызбай, ақшасын төлемей жеген уақытыңыз болды ма? Мына хатшы менің қанымды ішті ғой. Сіздің үстіңізден қалайда іс қозға дейді. Қайтіп қозғаймын, қылмысыңыз жоқ болса, – дейді. Ақыры, ол бәрібір қоймай жүріп Қақаңды нақақтан нақақ орнынан алды. Сөйтсек, мұның орнына Қайыптың қол астында істеген бір қызметкерін қоймақшы екен. Ол қызметкерінің алдында әйелі қайтыс болған. Содан соң Қайып оған жанашырлық жасап Алматыға оқуға жіберткен, қой қырқу, тағы басқаларын реттейтіндердің оқуына. Өзі үйренген Алматысы ғой, оқу орындары көп, солардан үйленетін қыз тауып келуіне де болады ғой деп. Бірақ ол әлгі курсты бітіріп келіп, қызды бәрібір ауылдан алды. Сөйтсе, жаңа хатшының руласы, ағайыны, туысқаны екен. Қолыңнан келіп тұрғанда мені деректір етіп қойсаңшы десе керек. Бұл уәде берген деседі. Өмірі ешкіммен соттасып, жүз жыртысып көрмеген Қақаң арыз айтып та ешқайда бармады. «Жарайды, пенсия да алыс емес қой» деді өзін де, мені де жұбатқандай болып. Сол кезде әлгі өздеріңмен мектепте бірге оқыған Советхан Мырзаханов аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болатын. Сол айтыпты: «Қақа, осындағы мектепке механизациядан сабақ берсеңіз қайтеді» деп. «Берсем берейін» депті Қақаң. Өзі де кеуде көтерген адам емес еді ғой. Қарапайым еді ғой... *     *     * Кейін Қайып жұмысты қойған соң үйдің жанында отырамыз. Қой келетін уақыты болады. Қақаң айтады: – Бар, қойларды қайырып кел, – деп. Мен айтамын: – Мен күні бойы жұмыс істеп келдім.Сен демалып үйде отырсың. Сен бар, – деймін. – Әй, сенің менен жасың кіші. Сен бар, – дейді ол. Сөйтіп отырып: – Қап, мына Гүлмираның бізге жасаған қиянаты-ай, – дейді. – Неге олай дейсің? Тамағыңды істеп, жағдайыңды жасап отыр, – десем: – Егер ол Емілден кейін бір-екі бала тапса, ана қойларды қайырып келетін еді ғой, – дейді. Кенже немереміз Жәнияны келініміз Емілден соң он төрт жылдан кейін туды ғой. – Қой, өйтіп айтпа. Біреу естісе ұят болады, – деймін. Сөйтіп күліп отырамыз. Осылай екеуміз далада, үйдің жанында отырғанда анау да, мынау да келіп: – Апа, халіңіз қалай? – дейді. Мәшинемен кетіп бара жатқан балалар да: «Тәте, халіңіз қалай?» деп амандасады. Атпен кетіп бара жатқандар да жақындап келіп, аттан түсіп амандасады. Сондағы Қақаңның айтқаны ғой: – Ту-у, неғып мұғалім болмадым екем. Баласы да, әкесі де, баласының баласы да сенімен амандасады. Өй, бар болғырлар. Менің бір управляющиім, немесе мен жұмысқа қойғандардың бірі келіп, «Аға, ата, халіңіз қалай» демейді ғой, – деп ренжиді. Енді қазір ойлаймын, ол тірі болғанда үлкен ұлымыз Құрмаштың салған фазендасына екеуміз барып отырар едік қой деп. Малға да қарап, қаз, үйрек, күркетауықтарды да асырар едік... *     *     * Нілжан жеңешемнің айтқан әңгі­месі өткен ғасырдың алпысыншы жыл­дарының басында институт бітіріп, ауыл шаруашылығы саласы бойынша ғылымға, білімге, тәжірибеге сүйенген жан-жақты жоғары, толыққанды білім алып, алғашқы агрономдар, инженерлер, мал дәрігерлері, зоотехниктер болып елге аттанған, республикамыздың ауыл шаруашылығын көркейтуге, өркендетуге өлшеусіз үлес қосқан тұтас бір ұрпақтың өмірін көз алдыма әкелгендей болды. Олар алған білімдерін өздері еңбек етіп жүрген салаларда қолданып, тәп-тәуір нәтижелерге жетті, шаруашылық жүргізу мәдениетін жаңа сатыға көтерді. Алайда, уақыт деген сынап сияқты. Уысыңда ұстап тұра алмайсың. Олардың біразы бұл күндерде бақилық болды, біразы – зейнеткер, әдемілеп айтқанда «құрметті демалыста». Бірақ өмірде олардың тындырған істері, іздері, өнегесі қалды. Халқымыздың ғасырлар бойғы арманы орындалып, тәуелсіз мемлекет болған Қазақстанымыздағы бүгінгі таңдағы мерейлі істерді енді олардың ұрпақтары жалғастырып жатыр. Суретте: 1. Қайып Кененбаев зайыбы Нілжанмен; 2. Д.Қонаев Шу ауданы­ның озат шаруашылығы – «Алға» сов­хо­зының директоры Кенен­баев­пен (сол жақтан екінші) сөйлесіп тұр Болат БОДАУБАЙ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері