Жақында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының жанындағы Дүниежүзілік экономика және саясат институтында «Еуразиялық экономикалық одақ және Еуропалық одақ – жақындасу жолдары» тақырыбында Берлин Еуразиялық клубының 17-ші отырысы өтті. Оған Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасының қоғамдық-саяси, іскерлік және сарапшы топтарының белгілі өкілдері қатысты.
Қазақстанның Германиядағы елшісі Болат Нүсіпов өзінің сөзінде Қазақстан мен Германия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың негізгі аспектілерін, сондай-ақ, осы жылдың 31 мамырында Астанада өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мәжілісі барысында Мемлекет басшысының үстіміздегі жылы ЕАЭО-ның үшінші мемлекеттермен және негізгі интеграциялық бірлестіктермен экономикалық қарым-қатынастарды нығайту жолындағы Қазақстанның ЕАЭО-дағы төрағалығының негізгі басымдылықтарын белгіледі.
Баяндамашылар ретінде қазақстандық тараптан А.Рау, С.Әкімбеков және Е.Бәкенов сөз алып, ЕАЭО мен ЕО арасында түрлі салалық бағыттар бойынша экономикалық ынтымақтастықты ұлғайтудың үдемелі мүмкіндіктері туралы баяндады және Қазақстан мен Германия арасындағы өзара әрекеттесудің жеке мысалдарының негізінде ГФР-дың экономикалық ұйымдарын және Германияның Еуроодақтағы жетекші рөлін интеграциялық бірлестіктердің экономикалық мүдделерін жақындастыруға көмектесуге шақырды. Өз кезегінде сөз алған М.Хармс, Э.Кинсбрунер, Й.Хетч және У.Вокурка кездесуге қатысушыларды Қазақстандағы неміс экономикасы тарапынан екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынастарының өзекті дамуы жөнінде хабарландырып, оларды ЕАЭО мен ЕО форматында кеңейтудің елеулі мүмкіндіктеріне назар аударды. Сондай-ақ Германия экономикасының шығыс комитеті жыл сайын Берлинде ұйымдастыратын Шығыс пен Батыс арасындағы экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және жандандыру үшін сенімді негіз болып отырған «East-Forum» халықаралық экономикалық форумын атап өтті.
Тараптардың пікірлері бойынша, Қазақстан – интеграциялық үдерістерге белсенді қатысушы бола отырып, келешекте Лиссабоннан Владивостокқа дейін еркін сауда аймағын құру мақсатында ЕАЭО мен ЕО арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды дамыту және нығайтуда сенімді әрі тиімді байланыстырып тұратын буын болу үшін барлық қажетті алғышарттарға ие мемлекет.
Астанада болу кезінде Михаэль Хармс бастаған Германия экономикасы шығыс комитетінің делегациясы Сыртқы істер министрлігінің, Инвестициялар және даму министрлігінің, Ауыл шаруашылығы министрлігінің, сондай-ақ, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-тың, «Атамекен» ҰКП-ның және «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-тың басшыларымен де кездесті.
Берлин Еуразиялық клубы 2012 жылы Президент Н.Назарбаевтың Еуразияшылдық бастамасы мен «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында Қазақстан мен Германия арасындағы қоғамдық-саяси мәселелерді кең ауқымды талқылау үшін пікір алмасу алаңы ретінде құрылған. Клуб Қазақстанның Еуропадағы осындай жобаларының алғашқы нұсқасы болып табылады және жаңа мүмкіндіктерді зерттеуге, еуропалық және азиялық мәдениеттер арасындағы үнқатысуды нығайтуға бағытталған. Бүгінгі күнге дейін клубтың он алты отырысы өтті.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АСТАНА