• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
21 Шілде, 2016

Адами капиталдың сапасын көтеру жолы

482 рет
көрсетілді

Жылдам түрленген қазіргі әлемде дамыған елдер адами капиталдың сапасын арттыруға баса назар аударып отыр. Атап айтқанда, бүгінгі таңда дамыған елдердің адами капиталға құятын инвестиция көлемі заттық капиталдан төрт есеге көп екен. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Ақпараттық-талдау орталығы» АҚ-тың президенті Серік Ырсалиев айтты. Адами капиталдың маңызы мен оны жақсы қалыптастыруда білім берудің рөлі аса жоғары екеніне назар аудартты. Дүниежүзілік банктің деректеріне қарағанда орнықты экономикалық өсудің 2/3 бөлігі адамдарға, олардың білімі мен қабілетіне тәуелді екен. Сондықтан білімге неғұрлым ерте салынған инвестицияның қайтарымы соғұрлым жақсы болатын көрінеді. Ал «Ақпараттық-талдау орталығы» АҚ департамент директоры Елдос Нұрланов Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің білім стан­дарт­тары жөнінде әңгімеледі. Сөйтіп, көп­тіл­ділік тәжірибесіне кеңінен тоқталды. Оның пікіріне жүгінсек, ағылшын тілін қан­ша­лық­ты жылдам игерсек, ел эконо­микасы да жедел жақсара түспек. Осы жөнінде бірқатар мысалдар келтірген департамент директоры, елімізде үштілділік жүйесін енгізуге байланысты мектептерде қазақ тіліне бөлінетін сағат саны да көбейетінін алға тартты. «Еуропа елдері көп тілді білім беруге осыдан 20 жыл бұрын көшті. Әрбір еуропалық оқушы кем дегенде екі шет тілін оқуға мүмкіндігі бар. Нәтижесінде бүгінгі таңда еуропалықтардың 54 пайызы кемінде бір шет тілін біледі. 25 пайызы екі тілді, 10 пайызы үш тілді жетік меңгерген. Тіл мәселесі қозғалғанда көпшілігіміз Жапонияны еске аламыз. Жапония да көп тілді білім беру үрдісінен қалыс қалмақ емес. Онда да 2018 жылдан бастап бала­ларға үшінші сыныпта ағылшын тілін оқы­та бастайды», деді Е.Нұрланов. Оның сөзіне илансақ, бүгінде Жапония көрші елдерден ағылшын тілі индексі бойынша айтарлықтай артта қалған. Осы кемшіліктің орнын толтыру үшін Күншығыс елі 2020 жылдан бастап Азия құрлығында ағылшын тілінен көш бастауды мақсат тұтыпты. «Жапонияда ағылшын тілін 14-16 жастан оқиды деген ақпарат жүр. Бұл ескір­ген мәлімет. Осы жылдың мамыр айында мен Париж қаласында Жапонияның үлкен деле­гациясымен кездесіп, ағылшын тіліне қатысты олардың қандай жоспары барын білдім. Жапонияның білім министрінің сайтына кіріп, балаларға 3-сыныптан бастап ағылшын тілін оқытуға қатысты жоспарының барына көз жеткіздім», деді Е.Нұрланов. Маманның пікіріне құлақ ассақ, ағыл­шын тілін меңгеру деңгейі жоғары мемле­кет­тердің бірқатар даму көрсеткіші де көш ілгері екен. «Ағылшын тілі ана тілі санал­майтын елдерде оның деңгейін саралайтын зерттеу бар. Ағылшын тілі білімінің индексіне сәйкес, осы зерттеуге ілінген мем­лекеттердің дені, олардың басым көп­шілігі скандинав елдері, ағылшын тілін неғұрлым жақсы білсе, экономикалық дамуы да соғұрлым жоғары. Жастардың арасындағы жұмыссыздық деңгейі сон­ша­лықты төмен, ғылыми қызметтерден өнді­рілетін тауарлардың экспорты да сол­ғұрлым жоғары. Бұл дәлелденген факті», деді департамент директоры. Алайда, елімізде халық саны аз болған­дықтан, қоғамда үштілділік саясаты мемлекеттік тілдің дәрежесін төмендетеді деген қауіп те бар. «Еуропаның көптеген елдері білім беру саясатын өзінің мемле­кеттік мүддесіне сай жүргізеді. Сондықтан үштілділікті қаншалықты сапалы жүргі­зетініміз біздің өзімізге байланысты. Жаңар­тылған оқу бағдарламаларына сәйкес, ағыл­шын тіліне бөлінетін сағат саны артады. Сонымен қатар, қазақ тіліне бөлінетін сағат саны да 300-ден астам сағатқа көбейеді. Сондай-ақ, ағылшын тілін пән ретінде ғана оқытып қоймай, шетелдік тәжірибеге сәйкес, кейбір пәндерді ағылшын тіліне көшіру жоспары бар. Бірақ, мұнда екі нәрсені ескеру керек. Біріншіден, біз бұл жоспарды біртіндеп, дәйекті жүзеге асырмақшымыз. Екіншіден, жоғары сыныптарда ғана 2019 жылы белгілі бір пәндерді, соның ішінде физика, химия, биологияны таңдап отырмыз. Мектептердің мүмкіндігі болатын болса, солардың келісімді шешімімен ғана енгізіледі. Демек, біз бұл іс-шараны дәйекті жүргізіп, мемлекеттік тілге еш зиянын тигізбеуді көздеп отырмыз. Сайып келгенде, бұл тікелей орындаушылық мәдениетіне және тілге деген жанашырлығымызға бай­ланысты болады», деп түйіндеді ол. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан»