• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
23 Шілде, 2016

Өзгенің қалтасында кеткен қайран теңге

392 рет
көрсетілді

Өткен жылы Атырауда жұмыс істеген Өзбекстан азаматтары 750 миллион теңгені пошта аударымдары арқылы еліне жіберіпті Атырауға жұмысқа келетін шетелдік көп. Әсіресе, көршілес Өзбекстаннан екі қолға бір күрек ұстап, табыс табуға ұмтылушылар қандай жұмыстан болса да бас тартпайды. Қара жұмыстың бәрінде дерлік солар жүреді. Қолынан келе ме, жоқ па, бір өзіне ғана аян, бірақ, құрылыс индус­триясында тұрғын үйлер де, өзге нысандар да солардың қолымен қаланып жатыр. Олар тікесінен тік тұрып, базарда да сауда жасайды. Күннің аптап ыстығында егін өсіруден де қашпайды. Тіпті, жолаушылар тасымалдайтын қоғамдық көлікті жүргізетіндері де кездеседі. Көше тазалап жүр­гендері де бар. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағ­дарламалар басқармасының басшысы Еркін Шпановтың айтуынша, өткен жылы Атырау облысында жұмыс жаса­ған Өзбекстан азаматтарының қатары 16 мың­ды құрапты. Әрине, олардың бәрі де еріккеннен емес, тиыннан құралатын миллиондаған теңге табыс табуды көздеп келгені анық. Еңбек етіп, маңдай термен табыс табуға келгенде ала шапанды ағайындар шаршап-шалдығуды да, ерінуді де білмейді. Әрі олардың: «Мына жұмыс қолымнан келмейді, атқара алмаймын», «Аз төлейсіз, жалақыны көтеріңіз», деген сылтауды айтқанын есті­мейсіз. Рас, көршілес елдің азаматтарын мақтаудан, мақтан тұтудан аулақпыз. Дегенмен, кө­кейде «Өзбекстан азаматтары атқарып жүрген жұмыстар өз қандастарымыздың қолынан келмей ме?» дейтін сауал­дың бары рас. Әлде мұның біз біле бермейтін басқа бір құпия себебі бар ма? – Шындығын айтқанда, кейде «Біздің жастарымыз жалқау емес пе?» дейтін сауал туындайды. Жастардың айтқанына сенсеңіз, «жұмыс жоқ» дегенді алға тартады. Бірақ, бізде жұмыс орны жоқ емес. Қолдағы мониторинг нәтижесі бойынша, өңірде жұмыс бар, тіпті, өте көп. Мәселен, «Сичим» компаниясы өткен айда 1100 бос жұмыс орнын ұсынды, – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ер­кін Шпанов. – Тіпті, облыс орта­лығынан алысқа жұмысқа ба­ру қажет емес. Атыраудағы «Спец­­ав­то­база» меке­месінде 200 бос жұмыс орны бар. Бұл мекемеге электриктер, дәнекерлеушілер мен жүргізушілер қажет болып отыр. Осындай мамандықтармен жұмысқа орналасушыларға 70-80 мың теңгеден жалақы төленеді. Алайда, біздің жастары­мыз осы секілді жұмыстарға барғысы кел­мейді. Оның мәліметінше, тепсе темір үзетіндей бұла күші бар азаматтар жо­ғарыда айтылған жұмыстарды ескергісі келмейді. Басқаша айтқанда, қазіргі жас­тар жалақысы көп жұмысқа орналасуды қалайды. Алайда, мұнай-газ өнер­кәсібіндегі кәсіпорындардан бәріне бірдей жұмыс табыла бермейді. Ал өз жастарымыздың 70-80 мың теңге көлемінде жалақы төленетін жұмысқа бармауы шетелдік жұмысшылардың табыс табуына жол ашып отырған жоқ па? Мәселен, былтыр Атырауға алыс және жақын шетелдерден 56 117 азамат келген. Оның ішінде Өзбекстаннан 16 000 еңбек мигранты келгенін жоғарыда айтып өттік. Ал енді былтыр Атыраудан жұмыс тапқан Өзбекстан азаматтарының қанша табыс тапқанын білгіңіз келе ме? – Ұлттық банктің мәліметіне сүйенсек, былтыр олар Атыраудан Өзбекстанға түр­лі пошта аударымдары арқылы 750 мил­­лион теңге жіберген, –дейді Еркін Шпанов. Өзбекстан азаматтары тапқан табысын тек поштамен жібермейді. Олар табысын шекарадан қолма-қол алып өтуі де мүмкін. Осыны ескерер болсақ, Еркін Шпа­новтың есебінше, Өзбекстан азаматтарының Атырау облысынан былтырғы жылы тапқан табысы 1 миллиард теңгеге жуықтайды. Яғни, осынша көлемдегі теңге көршілес ел азаматтарының қал­тасында кетіп жатыр. – Бұл нені білдіретінін білесіз бе? – деп қынжылысын жасырмады әңгіме иесі. – Демек, біздің теңгеміз өзге елдің экономикасына кетіп жатыр... Ал биыл ше? Тағы да жұмыс берушілердің өтінішіне сәйкес Өзбек­станнан 1100 еңбек мигрантын маусымдық жұмысқа тартуға квота беріліпті. Демек, биыл да төл теңгеміз отандық экономика үшін емес, көлденең көк аттыдай табыс тапқан ала шапанды ағайынның қалтасына түсіп, өзге елдің экономикасына құйылады дей беріңіз. Ал жұмысы жоқ болса да, тамағы тоқ өз жастарымыз не істеп жүр, сонда? Бос сенделіп жүр дейсіз бе? Әрине, бұзақылық жасайды, өзге де теріс әрекетке барады. Прокуратураның мәліметінше, тіркелген барлық қылмыстардың 30 пайызын жастардың жасайтыны анықталып отыр. Осыдан кейін «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық, Аздырар адам баласын», деген данышпан Абайдың тәмсілін қалайша еске алмайсың?.. Төл теңгеміздің өзгенің қал­та­сында қайтарымсыз кетіп жат­қаны қаныңды қайнатпай қоя ма?!. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан» АТЫРАУ