Тарбағатайға тағы да келе жатыппыз. Алғаш рет алты жыл бұрын болғанбыз. «Егемен Қазақстан» газетінің арнаулы тілшісі ретінде. Арнайы тапсырма бойынша.
Екі мың оныншы жылыңыздың жазға ұласар шағытұғын. «Алапат тасқынның артынша аралап көресіз. Байқайсыз. Байыптайсыз. Оқырман қауымға жан-жақты жазып жеткізесіз». Мінекиіңіз, міндетіміз осындай еді.
Бір апта бойы мыңдаған шақырымдарды шарлағанбыз. Көкпекті, Жарма, Тарбағатай, Қатонқарағай аудандарын аралағанбыз. Тұрғылықты жұрт «топан су» деп атаған тасқын ғой ол. «Тасқынға тосқын» деген жалпы тақырыппен «Қалбатау қарғыны», «Тарбағатай тағылымы», «Алтайымнан айналдым» деген дүниелер жариялағанбыз...
Тарбағатай ауданының орталығы Ақсуаттан ақжолтай хабар жетті. «Алты жыл бұрын «Егеменде» жазғандарыңыз есімізде. Жақында Абай ескерткішін еңселендірдік. Енді Мұрын ана әулиенің мүсіні сомдалып бітті. Келіңіздер. Ақсуатты танымай қаласыздар...» Қазақтың қадірменді қаламгері, аймүйіз ақыны Қадыр Мырза Әли ағамыздың Ақсуат туралы атақты өлеңі ой қозғай жөнелді-ай: «Көріп жүрген далаңыз – Ақсуаттың даласы; Көріп жүрген ауаңыз – Ақсуаттың ауасы. Көріп жүрген таңыңыз – Ақсуаттың таңы да; Көріп жүрген шаңыңыз – Ақсуаттың шаңы да. Алайда, мен таң қалдым, Ақсуатқа бардым да; Не керемет? Білмеймін, бір керемет бар мұнда!» Ақкөңіл ақыныңыз Серік Тұрғынбекұлы һәм аһ ұра жырлаған: «Самал желі көкірегімді кернесе; Айдын көлі толқынымен тербесе. Құстай ұшып астанадан жетермін; Ақсуаттың арулары кел десе...».
Ал бізге Ақсуатыңыз көріксіздеу көрінген. Алты жыл бұрын. Апат алып кеткен Жәнтікей, Қызылжыра , Қызылкесік, Уан сияқты ауылдардың аудан орталығына эвакуация жасалған тұрғындары тым-тым көңілсізтұғын. «Ел екенбіз, Елбасына рахмет! Мемлекет екенбіз. Жаңа Жәнтікей, жаңа Қызылжыра салына бастады ғой. Көп кешікпей ауылдарымызға ораламыз», –деседі-ақ. Алайда, тоқсан тоғыз жылда қайталанған «топан судан» әлі де естерін жия алмағандары аңғарылатын. Алтайдың ақиық қаламгері Әлібек Қаңтарбайұлы сонда: «Жер жарықтық суыңызды сіңіре алмай, ықылық атып, қиналып жатыр ғой», – деген.
Ақсуатыңыздан аудан әкімінің орынбасары Қайрат мырза қайтадан қоңыраулатты: «Мұрын ана әулиенің шын аты Жүзей. Бұл кісі Қызай анамен апалы-сіңлілі. Бәйдібек бабаның қыздары ғой. Тарихты тереңірек жазатын, «Бәйдібек» кітабының авторы Еркінбек Тұрысов атамыз келетін болды. Бәріңізді күтеміз», – деді елгезек мінезін байқатып.
Тоқсанға иек артқан, баяғыда, отыздан жаңа асқанда Мұхтар Әуезовтейін кемеңгеріңіздің жанында жүріп, Оңтүстіктің Шаян, Созақ, Қызылқұм сияқты аудандарында бірге сапарлаған, кәнігі аңшы болған Еркінбек Тұрысов: «Барамын. Жолға мықтымын. Мықты мәшине табатын адам бар ма?» – де-е-еп тұрыпты. Біз пақырыңыз екі ойлылау едік, Ерекеңнің екпіні намыс қамшылады. Іздегенге сұраған дегендей, ізетті ініміз, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Оңтүстік аймақтық бөлімшесінің төрағасы, «Киелі Қазығұрт» қоғамдық қорының директоры Жарқынбек Төлтебай: «Тарбағатай ауданының әкімі Ділдабек Оразбаев – менің жездем. Зайыбы Шәһаризада туған әпкем ғой. Жеті жылдан бері бара алмай, ұятты болып жүр едім. Темір көлігімді дайындайын», – дегені. Жанында тұрған Қазақстан Жазушылар одағы ОҚО филиалының директоры, дарынды ақын Бақытжан Алдияр да: «Кеше ғана «Егемен Қазақстаннан» Әбубәкір Қайранның «Мұрын Ана – Жүзей қыз» деген жыр-толғауын оқыдым. «Жаны – нұр, көкірегі ұлы ана; Жаңғырар жадымызда Мұрын ана! Өткеннің, болашақтың бейнесіндей; Маңдайы малынып тұр шұғылаға» деп жазыпты. Мен де Тарбағатайды бетке аламын-ау», – деді.
Жолға жиналдық. Екі күн қалғанда Еркінбек ағатайымыз кеудесін күрсін кернеп, кінәлі кейіппен: «Кеше дәрігеріммен ақылдасып ем, жүрегімді тыңдап көріп, кардиограмма жасатып, рұқсат бермеді. Сендер барыңдар. Ұят болады. Жолдарың болсын. Сәлем айтыңдар», – деді. «Сіздің құлшынысыңызға қарап қанаттанып ек. Қап-ай, ә», – дедік. Біз.
Айналайын қазақтың қай өңірі де өзгеше ғой. Ұлы Даланың, ұлан биік таулардың, бүкіл байтағыңыздың қайталанбас қасиеттерін, Жаратқан Иенің құдіретімен асыл ата-бабаларымыз бен алтын аналарымызға, ұрпақтарына бұйырған Қазақ жерінің киесін ұзақ-ұзақ сапарларға шыққанда шын сезінетіндейсің.
Қазығұртыңыздың баурайындағы Шымкентіңізден таң қылаңыта шығып, Жамбыл, Алматы облыстарын, Таразыңызды, Алматыңызды, Талдықорғаныңызды аралай өткенімізді, Шығыс Қазақстанға сағына жеткенімізді тәптіштесек, талайға кетіп қалармыз. Үшаралыңызға бір түнеп, Аягөзіңізге де аялдамастан, Тарбағатайға тырмыстық.
Таңғажайып Тарбағатай!
Шымкенттен шыққаннан бастап, оң қапталыңызда көгілдір таулар ілеседі де отырады ғой. Бірақ, Барқытбеліңіздің – Тарбағатайдың жөні бөлек, жосығы ерек. Секілді. Сезілді. Сағыныштан шығар-ау, сірә. Темір көлігіміздің тізгінін Жарқынбек пен Бақытжан біраз-біраз ұстады. Алайда, күні-түні зор берген Мейірхан болды. Балуан жігіт. Жарқынбектің жақын інісі. Қабақ шытпайды. Шаршамайды. Сол Мейірхан Барқытбелдің бұйра-бұйра тауларына, бұйрат-бұйрат баурайларына, жосылып жатқан жоталары мен жон-жонастарына, шұрайлы шұраттарына қызыға қарап: «Келгеніме, көргеніме өкінбеймін, − деп кәдімгідей толқыды. – Айналайын ата-бабаларымызға мың тағзым...».
Әуелі ілінген ауылымыз Қызылкесіктұғын. Алты жыл бұрын жазғанбыз. Боғас өзенінің бойы быт-шыт. Шет Боғас пен Орта Боғастың қайда қалғаны беймәлім. Қызылкесіктегі ұзындығы отыз метрден, биіктігі он үш метрден асатын көпірді топан су қопара қиратып, ағызып әкеткен. Деп. Осы Қызылкесіктің тұрғындары да барлық басқа ауылдардың адамдары сияқты облыстың әкімі Бердібек Сапарбаев жөнінде жылы пікірлер, ыстық ықыластар білдірген.
Міне, сол Қызылкесіктің Боғас өзені бойындағы «Елназ» дәмханасында шәй ішіп отырыппыз. Иелері Оңғарбек пен Айгүл екен. «Алыстан ат арытып келе жатқандарыңыз байқалып тұр. Қайдансыздар?» − дейді Оңғарбек. «Оңтүстік Қазақстаннан, Шымкенттенбіз», − дейміз. Біз. «Е, бәсе! Байқап едік. Ол жаққа барып тұрамыз. Қазығұрт ауданында Әбдіқұлов Әбжаппар деген құдамыз бар. Түлкібас ауданында Әбілда деген бажам бар. Мына келіндеріңіз Айгүл – Ақсуаттан. Әбілда бажам сол Ақсуат пен Көкжыраға жас маман ретінде келген ғой. Институт бітіріп. СХИ-ды. Қайынбикем екеуі бір-біріне ғашық боп, Түлкібасқа алып кеткен. Барып тұрамыз. Олар келіп тұрады».
Осыны айтқан Оңғарбек алты жыл бұрынғы Тарбағатай тасқынын, топан судың жан шошытарлық суылы мен гуілін еске алды. Қызылкесік маңайындағы қос көпір де көп кешікпей жөнделген. Боғас өзені бойындағы қызыл шатырлы үйлер көз қызықтырады. «Елдің, ауылдың жағдайы жаман емес, − дейді Оңғарбек. – Анау әдемі үйдің иесі фермер. Бұл ауылдан Қайнар Олжай, Болат Мүрсәлім сынды қаламгерлер шыққан. Мына қырқадан ассаңыздар, Қаракерей Қабанбай батырдың Қубас деген тұлпарына орнатылған ескерткіш бар. Мөлдіреген қайнарбастау басында. Қубас сол жерде мерт болған».
Аудан әкімінің орынбасары Қайрат Мауадинов мырза бізді Күмісті жайлауындағы Ырғызбай ата әулие кешенінде күтіп алды. Ырғызбай Досқанаұлы атақты емші, аса білгір, болжампаз адам болған. Ырғызбай ата әулие атанып кеткен. 1787-1850 жылдары өмір сүрген өзгеше тұлға 63 жасында қайтыс болып, осында жерленіпті. Ел мойындаған тәуіп аға сұлтан Құнанбайды һәм емдеп жазған көрінеді. Қазір Ырғызбай ата әулие кешені құрамында ұлы емшінің кесенесі, мешіт, Дала даналары кітапханасы, өзіндік ерекшеліктері жетіп-артылатын, бас-аяғы бірталай жерді алып жатқан музей, қонақжайлар, дәмханалар, қатымхана, көпшілік іс-шараларын өткізетін орындар бар. Қазақ күресінен облыстық, республикалық, халықаралық жарыстар өтеді екен. Кешен директоры Болат Тағабай мырза – Ырғызбай ата әулиенің ұрпағы. Мамандығы құрылысшы. Суретшілігі, музей үшін жәдігерлер жинайтын жанкештілігі керемет. Қырық мыңнан астам асық жинап, Гиннестің рекордтар кітабына есімі енген ереніңіз осы. Қазір асықтары сексен мыңнан асыпты. Айтпақшы, музейдің аты – Аманат екен. Аманат музейіндегі үзеңгінің оннан астам, ат тағасының оншақты түрі, темір төстер, күбілер, ағаш аяқ-табақтар, кебежелер мен сандықтар, астаулар, алуан-алуан киімдер, қасқыр ішіктер мен елтірі тондар, неміс мәшинесі мен белесебетіне дейін, патефонның бірқаншасы, тағысын-тағы және тағы басқалары таңғалдырады.
«Бұл өзі Күмісті жайлауының Құлабел биігі ғой. Ырғызбай ата әулие негізінен осы өңірдің шөбімен емдеген. Шөптің түрлерін өзі жинаған. Білмейтін шөбі болмапты. Кейбір емдік шөптерге қазан төңкеріп қояды екен. Әлгі шөп өсіп, қазанды аударған кезде кесіп алатын болған, – дейді Тарбағатай ауданының құрметті азаматы Болат Тағабай мырза. – Кешеннің жалпы құрылысы 2001 жылы бітті. Бір ғажабы, мешіт ашылғанда аспанда ақ бұлаттардан құралған Алла деген жазу пайда болды. Біраз газеттер жазған сол құбылысты...» Әулиенің кесенесіне кірдік. Көптен бері көрмеген қарлығаштың ұяларын, қарлығаштың өздері мен балапандарын көріп, сағынышымызды басқандай болдық. Шынында да оңтүстігіңізде, оның ішінде Шымкентіңізде әнебір жыртқыш, бетпақ бәлекет, алақанат, алапат құс қарлығашқа ұя салғызбай қойды емес пе?! Қарлығашты ғана емес, нәуірзекті, қараторғай мен бозторғайды да қырып, құртып тынды. Қаскүнем құс туралы Тынымбай мен Жүсіпбек Қорғасбек жазған. Қайнар Олжай мен мына біз де біраз-біраз тиіскенбіз. Аяр алаяқты Қайнар бауырымыз қаттырақ жазды ма қайдам, Тарбағатайдан қоңырқошқыл, алақанатты емес, қайран қарлығаш пен нәзікеш нәуірзекті көбірек кезіктіріп, қатты қуандық.
Алты жыл бұрынғы топан су әкеткен ауылдар мұқым-мүлде өзгеріпті. Тасқыннан кейін екі апта өтер-өтпесте қолға алынған құрылыстарға куә болғанбыз. Енді қарасаңыз, қызығасыз. Көкжыра ауылы көк шатырлы қалашыққа айналған. Жәнтікей ауылы жаңа жерден салынған. Қаз-қатар тізілген қызыл шатырлы үйлер. Бір-бірімен жарысқан жаңа көшелер. Еңселі мектеп. Мәдениет үйі. Денсаулық сақтау нысандары. Алты жыл бұрынғы алапатта ең қатты қиналған Жәнтікей мен Көкжыра ауылдары ғана емес, өзге елді мекендер де жаңарған. Өзгерген. Өңденген. Сол кездегі ауылдық атыраптардың әкімдері Айгүл Иманғалиева ханымға, Бақытжан Кемербаев мырзаға және басқа да жақсылар мен жайсаңдарға, еңбегіне сеніп, еңсесін биік ұстайтын ерендерге жолықтық. Асықпай сұхбат құрмаққа уақыт шіркін жетпейді-ақ. «Асықпайтындай болып келіңіздер», – дейді Айгүл қарындасымыз.
Ақсуатты, тіпті, танымай қалдық. Алты жыл бұрынғы көңілсіз күйінен мүлде басқаша. Көшелері де, алаңдары да, ғимраттары мен олардың айнала-төңірегі де. Көркейіп кеткен. Көріктеніп үлгерген. Құлпырып-ақ тұрыпты. Жаңа құрылыстар көп. Ескілері күрделі жөндеуден өткен. Қадыр ағамыз жазған жырдағы шаң жоқ. Тозаңның өзі аз-ау. Адамзат Абайының алып тұлғасы заңғарлана зораяды. Жақында ғана орнатылыпты. «Шымкентіңіздегі ешкімге ұнамайтын ескерткіштің авторы Ақсуатқа бір келіп қайтса ғой», – дедік. Ішімізден ғана. Өскемендегі Абайға да таңырқағанбыз. Алты жыл ілгеріде.
Таңертеңнен Мұрын ана әулиеге арналған ғылыми-танымдық конференция басталды. Аудандық Мәдениет сарайында. Оны аудан әкімі Ділдабек Тәжібайұлы Оразбаев мырза қысқаша кіріспе сөз сөйлеп ашты. Бірқатар ғалымдар, зерттеушілер, шежіреші ардагерлер баяндама жасады, ой-пікірлер бөлісті. Оңтүстіктен барған белгілі әнші-сазгер Нышан Төлегенов әндерін әуелетті. «Айғақ» телеарнасы жігіттерінің түсіріп жүргені де жарасып тұрды.
«Ананы мадақтау – адамдықты мадақтау. Қазақ жерінде Сыр бойындағы Бикен ана мұнарасы мен Сырлы ана тамы, Тараздағы Айша бибі мен Баба әже, Сарысудағы Белең ана мен Болған ана, Оңтүстік Қазақстандағы Домалақ ана, Қарашаш ана, тағы басқа аналар кесенелері бар. Бүгін біздің Тарбағатайда, оның орталығы Ақсуатта Мұрын ана әулиенің бейнесі бой көтеріп отыр. Аңыз-шежірелерге қарасақ, Бәйдібек би мен Домалақ ананың ұлы Жарықшақтан белгілі үш ұлымен бірге Жүзай, Қызай деген екі қыз туған. Жүзайды Жүзей, Дүзей, кейде Ақбибі деп те атаған. Кейіннен Мұрын ана әулие атанған. Қаракерейдің Байыс биіне Жүзей (Жүзай), ал Матайдың Аталық батырына Қызай тұрмысқа шыққан. Олардан тараған ұрпақтар Мұрын елі, Қызай елі атанғаны аян», – деді аудан басшысы Ділдабек Оразбаев кіріспе сөзінде.
«Қазақ – қызын қадірлеген, анасын ардақтаған халық. Елбасымыз: «Әйел – ошағымыздың ұйытқысы. Отанымыздың сақтаушысы, береке-бірлігіміздің алтын діңгегі», дейді. Қазақ халқының тарихында елдің шексіз құрметіне бөленген, келе-келе аттары рудың, тайпаның, жұрттың, елдің атауына, ұранына айналған аналар аз болмаған. Сондай қасиетті аналардың бірі – Мұрын ана. Ақсуатта ашылғалы отырған ескерткіш – ұрпақтардың ұлы анаға деген тағзымы, Тарбағатай тағылымы деп білеміз. Осының бәрі – Тәуелсіздігіміздің жемісі. Кезінде мұндай тұлғаларды тұғырға көтермек түгіл, аттарын атауға, жазуға мүмкіндік болмағанын білесіздер. Мұрын анаға қатысты деректер көп. Олар халықтың жадында сақталып келеді. Кейбір бұрмалаушылықтар да жоқ емес. ХІХ ғасырдың басындағы «Жаңа низамға» дейінгі орыс құжаттарынан Көнші-Мұрын, Қыдыр-Мұрын, Мұрын-Байжігіт деген атауларды да кездетіреміз. Кезінде «Қаракерейде кім көп, Мұрын көп, олар он жеті болыс» дейтін болған. «Он жеті болыс Мұрын» деген тіркес, осындай ұғым өте жиі кездеседі, көп қолданылған. Ынтымағы күшті Тарбағатай жұрты, Мұрын ананың бүгінгі ұрпақтары, Аллаға шүкір, Тәуелсіздікті мәңгілік ету мақсатында аянбай еңбек етуде. Ана ескерткішінің тәрбиелік мәні үлкен», – деді Семейдегі Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің Манаш Қозыбаев атындағы тарихи зерттеулер ғылыми орталығының директоры, профессор Мұхтарбек Кәрімов мырза.
Еңбек ардагерлері Төлеуғазы Нұрғалиұлының, Талғат Омардың, аудандық мәслихат депутаты Ержан Құттыбаевтың, тарих пәнінің мұғалімі Өмірбек Төлембаевтың, тағы басқалардың айтары аз емес екен. «Мен Ташкенттегі Орталық Азия қаржы-экономикалық институтын бітіргенмін. Өзбекстанның Президенті Ислам Каримов бізден бір курс жоғары оқыған. Әкесі ректор еді. Бір күні көшеде өзбектің кәтта қаламгері Ғафур Ғұламның қарсы келе жатқанын көрдім. Ұялыңқырап, айналып өтейін дегенімде, ол кісі қолындағы газетін түсіріп алды. Газетті жерден көтеріп алып бердім. Сәлемдестім. Жөн сұрады. «Кімсің? Қайдансың?» деді. «Семейденмін», дедім. «Ол шаһардың аты Семей емес, Самай ғой. Сенбесең, Абдулла Қадыридің «Өткен күндер» кітабын оқып қарағын, қарағым», деді. Сөйтіп, самайын көрсетті. «Қандай рудансың?» деді Ғафур акамыз. «Найманның Мұрын руынанбыз. Мұрын ана атымен аталған. Мұрны үлкендеу болған», деп түсіндіріп жатырмын. «Жоқ, көне түркі тілінде «мұрынды» ұғымы «ақылды, дана» дегенді білдірген. Демек, «Дана ана», – деді Ғұлам ағамыз. Міне, осындай да жағдай бар», – деп экономика ғылымдарының докторы, профессор Нәдір Абсалямов ағамыз бір қызықты әңгіменің шетін шығарды. Нәкең – елге ерекше сыйлы, құрметті ақсақал екен. Көп жыл Семей технология институтын басқарған. Қазір де Семейде тұрады, қаланың, облыстың қоғамдық өміріне, жас ұрпақ тәрбиесіне белсене араласады.
Түске таман Ақсуаттағы Абай ескерткішіне бас иіп, гүл шоқтарын қойып, хакім тұлғасы тұғырланған тұстан әдемі көрініп тұрған Мұрын ана әулиенің ескерткішін ашуға қатыстық. Аудан әкімі бастаған біраз кісілер сөйледі. Ақ жамылғы төмен сусып түскенде, Ана мүсіні жарқ еткендей әсер етті. Ақсуатқа ақ сәуле шашылғандай.
Қазақтың қаламгер әрі қайраткер қызы, Ақсуаттың ақ шағаласындай Сайраш Әбішқызы сандуғаштай сайрайды-ай. Қатты қуанып, тебіреніп-ақ тұрыпты. «Кең-байтақ Қазақ елінің даласы мен қаласын алып қарасаңыз, аналарға арналған кесенелер, күмбездер баршылық. Бірақ, байқаңыздаршы, нақты ананың атын анықтап атап, әдейі арнап қойылған алғашқы мүсін-ескерткіш біздің Ақсуатымызда, текті Тарбағатайымызда орнатылып отыр. Мұрын ана ескерткіші – ұрпақтар ұлағаттылығына, береке басы – бірлік пен ырыс алды – ынтымаққа, татулыққа қызмет ететін, тәрбие-тәлімнің, бесік түзеудің белгісі», – дейді Сайраш.
Сәлден соң жолға шығуымыз керек. Ауыл алыс, жер шалғай. «Ақтолға-а-ай, сағынып, сәулем, келгенде: Қонбаймысың сен қолға-ай...» деген әннің әуені тілге оралар.
Сандуғашыңыз Сайраш: «Үш жыл бұрын әкім болған, Бердібек батыр тағайындаған Ділдабек Тәжібайұлы Тарбағатайға құт боп қонды. Бақ-береке дарытты. Ақсуатты танымай қалдым деп өзіңіз айтып тұрсыз. Тарбағатайға талай-талай қандастарымызды көшіріп әкелді. Мыңдаған гектар жер игеріліп, мал мыңғырып, егін ырғалып, бұрын сирек өсетін көкөністің түрлеріне дейін көбейіп жатыр. Керемет емес пе?!» – дейді қоштасар сәтте.
Таңғажайып Тарбағатайдың басшысына ризалық танытушылардың аз еместігін аңғардық. Қарапайым қариялар, таяқ сүйенген әжелер арқасынан қағып, емін-еркін, емен-жарқын сөйлеп, құшақтап қояды. «Қолжетімді әкім екен ғой біздің жездеміз», – деп жарқын күледі Жарқынбек. Айтпақшы, сол күні Ақсуаттың жанындағы Екпін ауылының түлегі, ақын ініміз Әбубәкір Қайран мен «Көк тудың желбірегені» әнінің сөзін жазған талантты баламыз Алмас Ахметбекке «Тарбағатай ауданының құрметті азаматы» атағы берілген. Жұрт қолдап, қуаттап, қос шайырға қол соққан. Әбубәкірді бұрыннан білеміз ғой. Ал Алмасты жүзбе-жүз көргенімізге ризаландық. Рухы биік, жазған жырын жалындап оқитын, жігерлі жас екен.
«Қайта айналып келгенше!» дейміз Ақсуатқа. Ақеділ адамдарға. Қадыр Мырза Әлидің: «Сенбегендер сөзіме, барып көрсін, байқасын; Тумасаң да бұл жерде, перзенті боп қайтасың. Менің жұртым осындай, деп мақтанып айтасың; Өз еліңе он есе жақын болып қайтасың. Тарбағатай тауының еске сақтап, әр тасын; Түк алмай-ақ туысқа қарыздар боп қайтасың», – деген жыр жолдарын қайталайсың.
Тарбағатай тауларына қайта-қайта, қимай да қимай қарайсың. Ақ тамақ қарлығаштар ілесіп ұшады.
Мархабат БАЙҒҰТ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Шығыс Қазақстан облысы