Олимпиаданың басталуына 13 күн қалды
Иә, Бразилия жеріндегі айтулы аламанның басталуына екі аптадан да аз уақыт қалды. Оның енді көзді ашып-жұмғанша өте шығатыны еш күмән тудырмайды. Рио-де-Жанейродағы Олимпиялық ойындардың салтанатты жағдайда ашылатын шағына тура 13 күн, яғни жарты ай ғана уақыт қалды. Демек, енді екі аптадан кейін мұхиттың арғы жағалауындағы Оңтүстік Америка жерінде ғаламның ең басты жарысы басталғалы тұр.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан атлеттері қазірге дейін спорттың 26 түрінен 104 жолдама жеңіп алып отыр.
Ауыр атлеттеріміз Риоға баратын болды
Қазақстан ауыр атлеттерінің Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиялық ойындарға қатысатыны ресми түрде айғақталды. Оны Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) жария етті. Федерацияның сайтында кеше жарияланған хабарламада Олимпиадаға қатысатын зілтеміршілердің тізімі жарияланды. Онда біздің атлеттеріміз де атап көрсетілді.
Мұның өзі Қазақстан ауыр атлетика федерациясы құрама мүшелерін қорғай білулері нәтижесінде мүмкін болды. Ал республика командасы сапында ерлерден Арли Чонтей (56 кг), Фархад Харки (62 кг), Ниджат Рахимов (77 кг), Денис Уланов (85 кг), Александр Зайчиков (105 кг), әйелдерден Маргарита Елисеева (48 кг), Карина Горичева (63 кг) және Жазира Жаппарқұл (69 кг) бар.
Енді саңлақтарымызға талай сыннан өтіп алған осы жолдама биігінен көрініп, жоғары жетістіктерге жетуді тілейміз.
Дамир ҚОЖАМҚҰЛ
Жұлдызы жоғары Жәнібек
Биылғы Олимпиадаға боксшы Жәнібек Әлімханұлы алғаш рет қатысады. Ол бұған дейін 75 кило салмақта әлем және Азия чемпионы атанған. Енді Рио-де-Жанейрода жалауы желбірейтін дүбірлі додада еліміздің үмітін арқалап бара жатыр. Жақында біз Жәнібекпен сұхбаттасқан едік.
– «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды» демекші, өзің Олимпиадада еліміздің барлық боксшыларының құрмет тұғырына көтерілуге шамасы жетеді деген екенсің. Лайым солай болсын.
– Солай дегенім рас. Ол ойымнан қайтпаймын. Біздің команда Олимпиадаға жақсы дайындалып жатыр. Алматы облысында соңғы оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Енді Астанадамыз. Содан кейін Бразилияға барамыз. Олимпиадаға ұлттық құрама дайын. Ешқайсымызда жарақат жоқ. Барлығының көңіл күйі жақсы. Әрқайсымыз жауапкершіліктің жүгін жақсы сезініп отырмыз. Олимпиададан жүлдесіз қайтпаймыз. Әрине, басты мақсат – алтын медаль. Менің ойымша, Олимпиадада еліміздің барлық боксшыларының құрмет тұғырына көтерілуге шамасы жетеді.
– Өзің туралы не айтасың?
– Қолдан келгенше барлығын жасаймын. Мен де бәрі жақсы. Енді бір оқу-жаттығу жиынына қатысамын. Содан кейін Бразилияда жаттығуды жалғастырамын. Біз Оңтүстік Америкаға ертерек барамыз. Өйткені, сол жақтың ауа райына, климатына үйрену керек.
– Олимпиадада әлсіз боксшы болмайтынын білесің. Бұл жерде жеребенің де әсері болады.
– Олимпиадаға әлсіз боксшылар қатыспайды. Барлығының іріктеуден өтетінін білесіз. Мен мына боксшы «мықты», мына адам «әлсіз» деп ешкімді бөліп-жарғым келмейді.
– Түсінікті. Ал Мырзағали Айтжанов не дейді?
– Ол бізге сенеді. Біздің әрқайсымыздың жүлде ғана емес, алтын медаль алуға шамамыздың келетініне сенімді. Мен онымен келісемін. Олимпиадаға жақсы дайындалып бару керек. Егер қара терге түсіп еңбектенсең, нәтиже де болады. Бразилиядағы Олимпиада – менің алғашқы Олимпиадам. Сондықтан, елдің намысын қолдан бермеуге күш саламын. Бұл – маған берілген үлкен мүмкіндік. Оны жақсы түсініп жүрмін.
– Айтпақшы, мына нәрсені ұмытып барамын. Кейбір салмақтарда кәсіпқой боксшылар да қолғап түйістіреді. Бокс қызықты болайын деп тұр ғой.
– Олимпиадаға кәсіпқой боксшылар қатысса қатыссын. Одан әуесқой боксшылар қорқып жатқан жоқ. Бұл жерде бәрі спортшының дайындығына байланысты. Шаршы алаңда мысы басатын боксшылар болады. Бірақ біздің жігіттер кез-келген боксшымен қолғап түйістіруге дайын. Менің ойымша, әуесқой боксшылардың кәсіпқойларға қарағанда мүмкіндіктері жақсы.
Бәрінен бұрын жанкүйерлер ұтатын сияқты. Олимпиада сол үшін де қызықты, тартысты болу үшін өткізіледі.
Әңгімелескен
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан»
Мақсаты мығым Максим
Естен кетпейді. Ұмытпасам, 2009 жыл болуы керек. «Максим Раков Тайпейде өткен Азия чемпионатында үздік шығып, Қарағандыға бүгін келіпті», деген хабарды ести салысымен чемпионды іздей бастадық. Таныстардың жөн сілтеуімен салып ұрып, «Дзюдо-Азия» спорт кешеніне келгенбіз. Келдік те таң-тамаша қалдық. Кеше сары құрлықтың саф алтынын алып, үйіне бүгін ғана жеткен сабазымыз ақ тер-көк тер болып жаттығу жасап жатыр екен. «Құдай-ау, банкет қайда? Мына жұрттар неғып жатыр тойламай?», дей жаздап тілімізді тістеп үлгерген едік...
«Дзюдоны өмірімнің салты дегенім дұрыс шығар. Өйткені, таусылып бітпес жаттығулар, оқу-жаттығу жиындары дегендейін, менің өмірім күні бүгінге дейін дзюдодан екі елі ажыраған емес. Аптасына төрт рет, күніне екі рет үш-төрт сағаттан жаттығу жасаймын», дейді апайтөс балуанымыздың өзі.
Иә, осы жанкешті еңбектің арқасында оның есімі қазақ спорты тарихының жылнамасына алтын әріптермен әдіптеліп жазылды. 2009 жылы Максим Раков Голландияның Роттердамында өткен әлем чемпионатында 100 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде топ жарып, Қазақстаннан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атағына қол жеткізді.
Біреу білер, біреу білмес, Максим Раков та әйгілі боксшымыз Геннадий Головкин сияқты Қарағандының түбіндегі Майқұдық елді мекенінен шыққан. Осы киелі топыраққа 1986 жылдың 7 ақпанында оның кіндік қаны тамған.
Балуан әу баста каратэші болуды армандапты. Алайда, тағдыр оны жеті жасқа толғанында Майқұдықтағы №8 орта мектептің спорт залына, дзюдо үйірмесіне алып келген. Алғашқы бапкері Сергей Иванович Борташевич болды, бұл кісінің қарамағында екі-үш жыл жаттығып, дзюдоның әліпбиіне қанықты. Содан кейін барып, әкесінің қарамағына ауысқан. Әкесі – Сергей Капитонович Раков дзюдодан КСРО чемпионы, КСРО халықтары спартакиадасының қола жүлдегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Максимнің Дмитрий және Сергей есімді екі ағасы бар. Сергей де кезінде дзюдомен айналысып, Қазақстанның чемпионы болған. Михаил, Егор есімді екі інісі және бар. Бүгінгі күнде жасы жиырмаға жеткен інісі Михаил болашағынан мол үміт күттіріп жүрген дарынды дзюдошыларымыздың бірі. Былтыр ол жастар арасында Қазақстанның чемпионы атанды. Яғни, Раковтардың әулетін дзюдосыз көз алдыңа елестетудің өзі қиын.
Қазіргі таңда Максим Раковтың қара басында атақ дегеніңіз жетіп-артылады. Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері. Қазақстанның 2009 жылғы ең үздік спортшысы. Дзюдо күресінен Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Азия ойындарының 2006 жылғы күміс жүлдегері, Әлем Суперкубогының 2006, 2008 жылдарғы жеңімпазы, Әлем Кубогының 2008 жылғы күміс жүлдегері, 2009 жылғы Азия чемпионы, 2009 жылғы әлем чемпионы, әлемнің 2011 жылғы күміс жүлдегері, Азия ойындарының 2014 жылғы күміс жүлдегері. Міне, спорттағы осындай толайым табыстары үшін «Құрмет» орденімен марапатталған.
Бүгінгі күнде отыздың ордасынан бері аттаған Максим Раков тәжірибесі толысып, күш-қуаты молыққан спортшы. Өзіне қашанда сын көзбен қарайтын ол 2012 жылғы Лондон Олимпиадасындағы жеңілісті спорттық мансабындағы ең үлкен сәтсіздіктің бірі санайды. Дәл сол кезде біздің балуан өз салмағы бойынша әлемдік рейтингте көш бастап тұрған еді... Несін айтасыз, Лондонда кеткен есе Риода ризық болып алдан шықса, ақ түйенің қарны жарылған күн болар еді-ау, шіркін!
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ