• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Шілде, 2016

Интернет үрейдің көзіне айналса...

543 рет
көрсетілді

  Ұлттық болмыс пен салт-санаға соққы береді Қазақта «Пышақты бос ұстасаң, қолды кесер» деген тамаша сөз бар. Пышақ – суық қару, құрал. Сол сияқты интернет те құрал. Бірақ, бұл – «ыстық құрал», ол адамның санасына әсер етіп, оның бізге бөтен мәдениет нормаларын тасымалдаудағы, локальдық құндылық пен жаһандық құндылықтар бәсекелестігі майданындағы басты тетікке айналып үлгерді. Сондықтан, интернеттің қазақ қоғамына «әсері мен кері әсері» ғылыми тұрғыдан сараптал­уы тиіс. Өткен ғасырда адамды оның құралына қарай бағалап, дамыған, өркениетті және жабайы деп бөлдік. Адам және құрал арасындағы қатынасты өркениеттілік өлшемі деп таныдық. Оның білімін, танымын, ғылымын, техникасын, технологиясын, экзистенциалдық ерекшелігін даму деп түсіндік. Рас, бұл – даму. Бірақ, ар мен құқықтың, адамдық сипаттың сақталуы мен баяндылығына қызмет етсе ғана даму деуге келеді. Әрине, ғылым мен технология адам еңбегін жеңілдетіп, еркіндігі мен бақытына қызмет етеді. Ол жетістік, әрине. Осы күнге дейін өркениет деп адамдық қалыпты емес, оның техникасын көрсеттік. Бұл жерде терең эпистемиологиялық, болмыстық проб­лема бар. Сол құралдарды ойлап тапқан адамға көңіл бөлуді ұмытып кеттік. Дін, мәдениет, өркениетті эволюциялық диа­лектикалық дамудың сатылары, баспалдақтары деп бағаладық. Бұлар кеше болатын. Бүгін кешегі идеологиялар құлап, «қырғиқабақ соғыс кезеңі» аяқталып, еркіндікке қол енді жеткенде ғана адамды адам еткен құндылықтар мен танымдарға, мәдениетіне, дініне, басқаша анықтамалар жасай бастадық. Бүгін сол әлем­дегі кешегі позитивистік тенденция негі­зінде жасалған анықтамалар қайтадан «антро­пологиялық» сипатқа ие бола бас­тап еді. Неткен шапшаңдық, неткен қысым десе­ңізші. Осы анықтамалардың өзі жылдам өзгеріске ұшырап жатқандығын енді сезіп, қайтадан құбылысқа үңіле бастадық. Бүгін ақпараттық қоғам, интернет қоғамы деген тіркес құлаққа бөтен болмай қалды. Осы ақпараттық қоғам деген не, оның мәні не? Оның мәніне көңіл бөлініп жатыр ма? Жалпы, интернет деген не? Біздің қоғамда осыларды танымай жатып-ақ, «интернет қоғамы» деген шынайы құбылысқа айналып шыға келді. Интернет бүгінгі ғылым мен техниканың жетістігі, үздік ақпарат техникасы, технологиясы, адамға керек құрал. Біз бұл құралды қолдануымыз қажет, сонымен қатар, оның өзімізге, қауіп­сіз­дігі­мізге, болмыстық, адам­дық, ұлттық, мәдени қалып­тары­мыздың сақталуын қамтамасыз ететін «қолдану ережелерін» де қалыптастыруымыз керек сияқты. Себебі, интернет ескі мен жаңаның, бұрынғы мен қазіргінің арасындағы өлшемдер мен құн­дылықтардың құнсыздануын қоспағанда, адам санасында, оның ұлттық болмысы мен танымы төңі­регін­де «белгісіз» құбы­лыс­тардың пайда болуына әсер етуде. Адамның оны тануы да оңай болмай тұр. Ал кез келген «бел­гі­сіздік» ол үрей тудырады. Кезінде қазақ болмысынан ажы­рап қалды. Оның себебі, кеңес­тік идеология дедік. Содан интернацио­нализм, космополитизм деген құбылыстарға сол кеңес­тік атеизм­нің, идеологияның ықпа­лы болды дедік, сосын оған қар­сы шықтық. Тәуел­сіздігімізді жария­лағанда, өзіміздің ұлттық, мәдени, діни болмысымызды қайта жандандырамыз деген үміт оты тұтана бастады. Енді қарасаңыз, қандайда бір идеология немесе мемлекеттің қысымынсыз-ақ, сол баяғы интернационализм мен космополитизм одан бетер салтанат құрып отыр. Өйткені, интернет нормалар мен моральдық этикалық құндылықтарға еркін еніп, баса көктеп, өзіне қарай бейім­деп, ескіні талқандап, сананы сансыратуда. Бұл құбылыс қоғамда әлеуметтік, эконо­микалық, технологиялық тепе-теңдікке кереғар әсер етуде. Ақ­па­рат­тық қауіп­сіздікте, яғни интернет терроризм мен экстремизмді тасымалдаушы, жаюшы құрал ғана емес, өзі де үрейдің көзіне айналды. Қазақ осы тұста да екіұдай пікірде. Бүгінде сол уақыттың өткен шағына, яғни тарихқа мән беріл­мей­тін болды. Кеше мұның себе­бін, кеңестік материалистік диа­лек­тикаға сүйенген идеологиядан көретін едік, енді бүгінгі осы өт­кенді жоқ­қа шығаруды кімнен көрері­мізді біл­мей дал болудамыз. Адам санасындағы дилем­мадан, уақыт­тың осы шақтағы қысы­мынан қашып құтылғысы келеді. Мәсе­ле, адам уақыттан құтыла алмаса, онда қай кеңістіктің шарттарымен қозға­лады. Қай мәдениет, қай моральдық шаблондармен амал етеді? Демек, ол адам уақытпен оның талабымен үндесу ережелерін өзі қалып­тастыруы тиіс. Олай бол­са, «менін» қалыптастырған кеңіс­тігін де өзіне арқалауға тура келеді. Кеңістік те бұрын киелі, қасиетті саналатын. Ол – пана, ол – отан, ол кіндік қан тамған жер ретінде мемлекеттің де, мәдениеттің де, діннің де барлық құндылық атаулының ізі бар, кестелі сана қалыбы бар жеке болмыс еді. Ал қазір діни танымдық ақпарат­тар ешқандай кеңістікті де, тарихты да, ақиқат шаблонын да, дұрыс пен бұрысты да, жазылған мәтінді де, өз отаны мен отбасындағы ұстазын да беделсіз күйге түсіріп, интернеттегі ақпарат орталыққа айналды. Ол ақпа­ратта жаһандық ақиқат тұғы­рын­дағы қысым өзінің орнын көр­сетіп отыр. Міне, ақпаратты беру тәсілі мен сіңіру негізіндегі ғасыр­лар бойы қалыптасқан  әдістер мен тәжірибелер ескіріп, орнына бір орталықтандырылған интернет құбылысы келді. Яғни, адамды ішкі тыныштыққа жеткізетін, терең ой, философия, мораль, дін, мемлекет, мешіт, мектеп, отбасы сияқ­ты институттар да интернет құбы­лысының алдында, бұрынғы қалып­ты функцияларын жүзеге асыра алмайтын жағдайда отыр. Бұл институттардың ең бірінші экзи­стенциялық белгісі ол бедел, автори­тет болатын. Осы бедел оларға құқықтық норма қою мүмкіндігін беретін. Енді сол беделдері әлсіреп, пси­хология­лық эпистемиологиялық дағдарысқа түсу­де. Мысалы, бұрын­ғы дәстүрлі қазақ отбасын­да, кіш­кентай бала, үлкендер отырған жерге рұқсатсыз кірмеу, сөздерін бөлмеу, әңгімелеріне араласпау сияқты нормалар да ескірді. Бүгінгі бала интернетте отырып-ақ, әкесінің «немен қалай айналысатынын» біле алады. Осындай отбасында жас ерекшеліктеріне қатысты қабаттар мен шектеулер құпия қалмады. Сосын бала әкесін бедел емес, тең құқықтағы, бір шаңырақтың астында бірге күнелтетін адам ретінде қабылдай бастайды. Нәтижеде құндылық атаулы құнсызданып, ортақ деген нормалар да ыдырап, адам санасы да сансырап жатқандай әсер береді. Әсіресе, адамның ары, намысы, құндылығы, шектеу мен тыйымды анықтайтын ортақ құқықтық нормалардың да пікірлері ескіріп барады. Мысалы, бұрын, еркіндік, құқық нормалары мемлекеттен мемлекетке, дәуір мен дәуірге қарай өзгеріп отырса, қазір осы құқық пен қылмыс түсініктері мен танымдарын да анықтау, зерттеу, талдау да қиын құбылысқа айналды. Интернетте шекара жоқ. Кеңіс­тік, ық­пал ету аймағы деген атымен жоқ. Сосын уақыты да жылдам. Бұл оған деген «табыну­шылықты» да алып келді. Мәде­ниет, ұлт өкілдері де, зиялылар да, отба­сын­­дағы ақ­сақал да жастарға қарап, олар­дың уақыты осы, заманына қарай ада­мы деген деп, шарасыздық танытады. Жас­тар­ға осы интернет арқылы беретін бас­қа балама ұсынуға келгенде шарасыз. Сосын, әрине, басқа белсенді мәдениет өкіл­дері, белсенділікті өз қолына алады. Бұл жерде белсенділік деп интернетті қалай өз пайдамызға, құндылықтарымызға қызмет ететін­дей етіп жүйелеу тетіктері туралы айтып отырмыз. Елімізде де, жаһанда да терро­ризм­­­мен және экстремизммен күре­су өте өзек­ті мәселе болып тұр. Бұл құб­­ы­лыстың көрін­ген беті ғана, ас­­тары тереңде жатыр. Дегенмен, бұл қан­шалықты саяси болса, сон­ша­­лық­ты да сана мәселесі. Ал ен­ді ин­тер­нет, ақпарат технологиялары да осы адам санасына әсер ету­ші топ­т­ар мен қабаттардың, орта­лық­тар­­дың ең басты құралы екендігі жасы­р­ын емес. Экстремизм саясат, соны­­мен қатар, сана мәселесі болып отырған тұста, интернеттегі қауіп­­ті сайттарды бақылау қажет бол­­са, бұғаттау қалыпты жағдайға ай­­нал­­ды. Негіздемесі де қауіпсіздік ша­ра­­сы үшін. Қаншама жастар сол ар­­қылы санасы уланып, қыл­мыс­қа ба­рып жатыр. Бірақ бұл іс сайттар­ды тек бұғаттаумен ғана бітпес. Кері­­сінше, сол сайттың идеология­сы­на нақты идеологиямен жауап беруді әрі жылдам әрекетті қажет ететін орталықтарды дайындау қажет. Ол да адам, маман факторы. Қазір терроризм мәселесі тек бір елдің ғана емес, жалпыхалықтық, халықаралық деңгейге жетті. «Интер­неттік қылмыс» деген тіркес те құлаққа үйреншікті болып барады. Демек, интернеттік қылмыспен күресу де халықаралық шарттар мен қалыптарды қажет етеді деген сөз. Ақпараттық қауіпсіздік мәселесі – сана­ға арналған ұстаным. Демек, мақсат­тылық бірінші орынға шық­ты деген сөз. Яғни, интернетте ақпа­рат­тың тек мағлұматтық, таным­дық қыры ғана емес, оның мақсатына да ерекше көңіл бөлуіміз қажет. Себебі, қылмыс, оның құқық­тық мақ­саты мен ниетіне, идеология­сына қарап сарапталады. Өйткені, біз мем­­лекетпіз, ұлтпыз. Бұл қабаттар бол­­мыстық қабаттар, яғни құн­ды­­­лық­тардан тұра­ды. Ал рухани құн­­д­ы­­лықтар тұрақты болса ғана адам­ның санасында, іште де, сыртта да тыныштық болады. Жалпы, интернет – ол құрал ғана. Оны қалай қолдансаңыз, солай пайдалы болады. Оны өзі­мізге, мемлекеттік, ұлттық, діни таным­дық, өркениеттік, моральдық тұр­ғыд­ан пайдаланудың ережесі мен маз­мұнын қалыптастырмайынша, үрей орталығы болудан ада болмайды. Ол үшін де «интернет құбы­лысын» философиялық тұрғыдан да зерттеп, саралап алған абзал. Досай КЕНЖЕТАЙ, философия және теология ғылымдарының докторы, профессор АСТАНА