• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
06 Тамыз, 2016

Алаңдатқан індеттің аты белгілі болды

396 рет
көрсетілді

Атырауда сиырлардың белгісіз індетке шалдыққаны туралы «Аты жоқ індет» («Егемен Қазақстан» газеті, №141, 26 шілде) деген тақырыппен дабыл көтергенбіз. Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті Атырау облыстық аумақтық инс­пекциясы басшысының орынбасары Сұлухия Бисенованың мәлім еткеніндей, дәл қазір індеттің диагнозы қойылды. Құрманғазы ауданында ауырған малдың бірнешеуінен алынған биологиялық сынамалар Ресей Федерациясының Владимир қаласындағы Референттік зертханаға да жолданыпты. Аталған зертхананың қорытындысына сәйкес нодулярлы дерматит вирусы анықталып отыр. Осыған орай облыс әкімі Нұр­лан Ноғаев ауру белгілері анық­талған Құрманғазы мен Исатай аудандары, сонымен бірге, Атырау қаласының Дамбы, Кеңөзек ауыл­дық округтерінің аумағына карантин енгізді.  Мұндай іс-шараны қолға алуға  нодулярлы дерматит вирусымен Құрманғазы ауданында – 2267, Исатай ауданында – 326, ал Атырау қаласының іргесіндегі округтерде 24 сиырдың ауыруы себеп болып отыр. – Бұл ауру Қазақстанда бұрын-соңды тіркелмеген экзотикалық, яғни, сырттан келген ауру. Оның негізгі клиникалық белгілері мынадай. Малдың азық қабылдауының төмендеуі, көзінен және тыныс жолдарынан сұйықтықтың ағуы, жоғары температура,  мойын, кеуде, бауыры тұсында, желінінде, шабында, басында, тері астында консистенциясы қатты бір­неше түйіншек пайда болады. Түйіншектердің диаметрі 2 см-ден 5-11см-ге дейін барады, биік­тігі 0,2-0,5 см. Кейбір малда сол түйіншектердің тіндері өліп, қаудырап түсіп қала­ды. Лим­фаузелдер  ісіп тұра­ды. Мал тез арықтайды. Малдың сүтін қы­здыр­ғанда гель сияқты қою­ланып қалады, – деп түсіндірді Сұлухия Бисенова. Маманның пікірінше, мұн­дай ауру 2014 жылы Ресейдің Дағыстан, Чешенстан және Крас­нод­ар аймағында тіркеліпті. Жел­дің бағытымен маса, сона сияқты қансорғыш насеком­дар қоныс аударып ұшады.  Насеком­дар ауру малдан соң сау малды шақса, аталған ауру жұғады екен. Сол себептен,  жергілікті вете­ри­нар­ларға малдың үстін тазалау үшін дезинфекциялық дәрілерді 3 күн сайын  шашуға  тапсырма беріліпті. Бұдан бөлек, креолин, лизол, скипидарды және  дихлофос сияқты үркітетін иісті дәрілерді де қолдануға болады екен. Осылайша, өңір тұрғындарын алаңдатқан індеттің аты белгілі болды. Облыстық аумақтық инс­пек­ция басшысы Нұрбай Әбді­рах­мановтың мәлім етуінше, 5 тамызға дейін 4147 сиырға нодулярлы дерматит жұққан болса, оның 322-сі өлген.  Өкінішке қарай,  елімізде аталған вирусты індетке қарсы салынатын екпе жоқ болып шықты. Өңірде 5 карантин бекеті ашылды. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан» АТЫРАУ