• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
09 Тамыз, 2016

Халықаралық қатынастардағы Қазақстан медиаторлығы

485 рет
көрсетілді

Бүгінде Қазақстанның әлем­дік қауымдастықтағы орнына байланысты халықаралық сарапшылардың пікірлері көптеп жариялануда. Солардың ішінде халықаралық қатынастар бойынша исламабадтық маман Ирфан Шахзад пен бразилиялық сарапшы Ариел Гонзалес Леваджидің жазғандары назар аударарлық. Ариел Гонзалес Леваджидің пікірінше, Кеңес Одағы құлаған соң посткеңестік мемлекеттер әлемдік аренада барынша абыройлы орындарға ие болуға ұмтылды. Олардың ішінде Елбасы Н.Назарбаевтың басшылығымен халықаралық қатынастарда мәр­тебесі артып келе жатқан Қазақ­станды айрықша атауға болады. Қазақстанның халықаралық қатынастардағы рөлінің қазіргі таңда аймақтық деңгейде кеңі­нен мойындалуы – қазақ елінің жаһандық ойыншыға айналар мүм­кіндігінің зор екендігін көрсетеді. Аймақтық және жаһандық қаты­настарда лайықты орын алудың басты элементтерінің бірі – шие­леністерге медиаторлық жасау. «Бұл мақалада мен Қазақстанның медиаторлық бастамаларының табысы мен қиыншылықтары туралы сөз қозғамақпын. Басқа айтпағым, Қазақстан өзінің медиаторлық қызметін жетілдіре отырып, ай­мақ­тық ойыншыдан жаһандық ойын­шыға айналуға мықты негіз қалап алғандығы» деп жазады сарапшы. Қазақстанның сыртқы саясаты үшін басты шаралардың бірі – Орталық Азиядағы, сондай-ақ, аймақтан тыс өңірдегі шие­леністерге медиаторлық жасау болмақ. Қазақстанның сыртқы саясатына қатысты «2014-2020 жылдарға арналған сыртқы саясат тұжырымдамасы» атты ресми құжатта бұл елдің аймақтық медиатор ретіндегі рөлін жетілдіруге қатысты бірқатар мақсаттар айқындалған. Атап айтар болсақ: аймақтық және жаһандық деңгейде бейбітшілікті одан әрі дамыту, елдің беделін арттыра отырып, жағымды жаһандық бейнесін қалыптастыру, экономикалық және сауда ынтымақтастығына негіз­делген аймақтық және халық­аралық интеграцияға ден қою. Қазақстанның географиялық орналасуы, аймақтағы мәртебесі, саяси және экономикалық тұрақ­тылығы, сонымен қатар, мем­лекеттің саяси белсенділігі қазақ еліне аймақтық медиатор болуға үлкен мүмкіндік береді. Алайда, осынау мүмкіндіктерді пайдалана отырып, ұтымды медиатор болу үшін мынадай төрт талап­қа сай болу қажет: оңтайлы уақытты таңдай білу, тараптарды бір арнаға тоғыстырар жеткілікті материалдық әрі бейматериалдық мүмкіндіктердің болуы, мақсатты дұрыс қоя білу. Бұл Ариел Гонзалес Леваджидің пікірлері. Ал пәкістандық маман Ирфан Шахзад төмендегідей ойларымен бөліскен. Оның айтуынша, осыдан алты жыл бұрын Қазақ­стан ЕҚЫҰ-ға (Еуропадағы қауіп­сіздік және Ынтымақтастық ұйымы) төрағалық етті. Сенім, дәстүр, транспаренттілік және тө­зімділік қағидаларын ұсына отырып, Қазақстан өзінің ұлттық стратегиялық таңдауын жасай білді. ЕҚЫҰ тәжірибесінен кейін Президент жаңа сыртқы сая­си өлшемдерді кеңейте келе, Қазақстандағы Еуразия кеңістігінің қақ жүрегінде әрі бейтарап, әрі бейбітсүйгіш, әрі сенімді әріптес ретінде аймақтық медиаторға айналдыруды қолға алып отыр. Алайда, соған қарамастан, бұл қадам ұлттық стратегия мен мүм­кіндіктер шеңберінен тыс шыға алмайды. Осы тұста ерекше атап өтетін жағдай, Қазақстанның медиаторлық саясаты стратегиялық тежеу мен саяси салқынқандылыққа ие. Дегенмен, аймақтағы жағдайдың кешенділігіне және өңірдегі ұлы державалар ықпалының жоға­рылығына байланысты Қазақстан үшін аймақтық және жаһандық шиеленістерді реттеу­ге белсенді атсалысу қазіргі күннің талабы болмақ. Сонымен қатар, пост­кеңестік кеңістіктегі Ресей ықпалының одан сайын күшеюі аймақтағы жағдайға өзгеше сипат беруі де ықтимал. Қазақстанның көпвекторлық сыртқы саясатының бір тармағы болып табылатын қазақ медиаторлығын үш гео­графиялық өлшемге бөлуге болады: посткеңестік кеңістік, Еуразия және аймақаралық. Орталық Азияда Қазақстан екі негізгі аймақтық шиеленісте ұтымды рөл ойнайды. Біріншісі, бөген салу жобасы бойынша Өз­бекстан мен Тәжікстан арасындағы кикілжің. Тәжікстан өзінің оңтүс­тігінде орналасқан Вахш өзеніне «Санктуда-2» ГЭС бөгенін салу жос­пары өңірдегі су бөлінісіне орасан зор нұқсан келтірмек. 2013 жылдың наурыз айында Қазақстан екі тарапты аталмыш мәселені талқылау үшін келіссөзге шақырды. Екіншіден, Украина шиеленісі. Ресей мен Украина арасындағы дау-дамайда Қазақстан бейтараптық танытып келеді. Минск келісімі талаптарын қолдай отырып, өз кезегінде ашық сұхбат алаңын құру үшін белсенді жұмыс атқаруда. Осы тұста «Телефон дипломатиясы» туралы айта кету керек. Президент Н.Назарбаевтың 2014 жылдың желтоқсанындағы Ресей мен Украинаға жасаған ресми сапары барысында тараптарды келіс­сөздерге шақыра отырып, сұхбат алаңын құруға тырысты. Жағ­дай мүлде шиеленісіп кеткен соң да Қазақстан Украинамен тығыз қарым-қатынастарын жалғастырып, мәселені бейбіт түрде шешуге үндеумен болды. Негізінен, 2013 жылдың ақпаны мен сәуірінде болған келіссөздер бірден ойдағыдай нәтиже берме­генімен, кейіннен 2015 жылы қол жеткізілген Иран ядролық бағдар­ламасы бойынша кең ауқымды келісімге Алматыда өткен алғашқы оты­рыстар негіз болғанын бай­қау қиын емес. Ирандықтар да, Р5+1 өкілдері де қазақ елінің медиа­торлық мүмкіндігін жоғары баға­лай отырып, Астанаға үлкен сенім білдірді. Бұл тұста сан тараптың қыспағына ұшырап отыр­ған Иран­ның сеніміне ие болу қан­шалықты қиын болғандығы айтпаса да түсінікті. Қазақстан қазіргі таңда аймақ­тық және жаһандық деңгейде сыртқы күштердің тегеурінді ықпа­лының кесірінен ұзаққа созылып бара жатқан Украина мен Сирия шиеленістеріне де саяси делдалдық жасауға ынта білдіріп отыр. Сирия оппозициялық фракция­лары 2015 жылдың алғашқы жартысын­да Астанада кездесіп, өзара бірауы­з­дылыққа қол жеткізген еді. Алай­да, өткен жылдың соңын ала Ресей әскери ұшақтарынан жауған бомбалар онсыз да қақтығыстар мен қантөгістерден көз ашпаған Таяу Шығыстағы жағдайды одан сайын ушықтырып жіберді. Бірқатар сарапшылар қазақ­стан­ның бітімгершілік бағытта мүм­кіндіктерінің шектеулі болуы себепті, қазақстандық медиа­торлық аса тиімді емес деп пайымдайды. Алайда, бұл пайымға келісе алмайтындығымды білдір­гім келеді. Бітімгершілік пен медиаторлықтың арасында нақты айырмашылықтар бар. Екі ұғым бір-бірін толықтырғанымен, екеуі бір бүтіннің сыңары бола алмайды. Астананың медиаторлық бастамалары мен ұсыныстарын қаржылай, материалдық және адам ресурс­тарымен қамтамасыз етілуге тиіс бітімгершілікпен араластырудың жөні жоқ», дейді Ирфан Шахзад. Медиаторлық ірілі-ұсақты дау­лар мен шиеленістерді шешуде көмек болар қалыптасқан халықаралық тәжірибе болып табылады. Баку мен Ереванның, Мәскеу мен Анкараның арасындағы текетіреске медиатор болуда Қазақ­станның мүмкіндіктері зор екеніне күмәнім жоқ. Еуразиялық сарапшылар (қатарында әзербай­жандық зерттеушілер де бар) ресми Баку Астана тарапынан болар медиаторлық бастамаларды құп көреді деп пайымдайды. Қазақстан басшылығы мұндай қадамға бара қалған жағдайда, Қазақ елінің Әзербайжан және Армения екеуімен де жақсы қарым-қатынаста бол­уы, сондай-ақ, тату көршілігі мен туыстығы тарихи сабақтасқан орыс-қазақ, қазақ-түрік қатынастары ЕҚЫҰ-ның Минск тобына немесе өзге де бастамашыл топтарға қарағанда Астана медиаторлығы анағұрлым жемісті болмақ. Сараптаманы дайындаған Ақбота Жолдасбекова, саяси ғылымдар кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры