• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Тамыз, 2016

«С5+1» – Орталық Азия мен ақш ынтымақтастығын арттыра түседі

326 рет
көрсетілді

Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хат­шысы Гүлшара Әбдіқалықова мен АҚШ Мемлекеттік хатшы­сының азаматтық қауіпсіздік, демократия және адам құқық­тары жөніндегі орынбасары Сара Сьюэллдің кездесуі өтті. Шара аясында тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жай-күйі мен перспективаларына қатысты кең ауқымды мәселелерді талқылады. Сондай-ақ, өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті жайттары жөнінде де пікір алмасты. «Мен ең алдымен Вашингтонда өткен кездесу үшін арнайы алғыс айтқым келеді. Өйткені, сол кезде ашық түрде диалог құрып, өте маңызды мәселелерді талқыладық. Ал енді биылғы жылы біз ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтудеміз. Осы жылдар ішінде Қазақстан мен АҚШ арасындағы әріптестік қарым-қатынасқа ерекше көңіл бөлінді. Атап айтқанда, Обама мырза президенттік етіп отырған қазіргі уақытта біздің байланысымыз едәуір нығая түсті. Сондай-ақ, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстанның кандидатурасын қолдағаны үшін АҚШ-қа айрықша алғысымызды білдіреміз», – деді Г.Әбдіқалықова. Кездесуде Гүлшара Наушақызы Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте Президент Н.Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» атты мани­фесін жариялағанына да тоқталды. Айта кетейік, Елбасы мәлімдеген маңызды құжатта дүние жүзін ядро­лық қатерден құтқару, орнық­ты әлем географиясын кеңейту, әскери блоктарды жою және әлемдік дамудың түбегейлі жаңа парадигмаларын әзірлеу жөніндегі нақты ұсыныстар баяндалған болатын. «Бүгінде бұл манифест БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы мен Қауіп­сіздік Кеңесінің ресми құжатына айналды. АҚШ сапары аясында жарияланған манифест қазір халықаралық шеңберде қол­дауға ие болып отыр. Мұны АҚШ та мақұлдайды деген үміттеміз», – деді Мемлекеттік хатшы. Сонымен қатар, Гүлшара Нау­шақызы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сі­нің тұрақты емес мүше­лігіне 2017-2018 жылдарға Қазақ­стан Рес­­пуб­ликасының канди­да­турасын қол­да­ғаны үшін С.Сьюэлл­ге ел атынан зор ілтипат, ықыла­сымызды жет­кізді. Бұдан кейін Г.Әбдіқалықова әңгіме ауанын Орталық Азия елдері мен АҚШ сыртқы саясат ведомстволарының басшылары деңгейіндегі «С5+1» пішіміндегі үнқатысуға қарай бұрды. Қазақстан мұндай деңгейдегі пікір алмасу алаңын қолдап, қуаттайтындығын атап өткен Мемлекеттік хатшы, бұл бастама өңіріміздің жаһандық экономикалық үдерістерге кірігу жолындағы Орталық Азия мемлекеттері мен АҚШ арасын­дағы ынтымақтастықтың өзара тиімді дамуына жағдай жасау керектігіне тоқталды. Сондай-ақ, кездесу аясында Қазақстан Президенті ұсынған Бес институттық реформа мен «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары елімізде жаңа институттық орта қалыптастыратыны айтылды. Осы күндері жүзеге асырылып жатқан «Нұрлы Жол» және Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламалары жөнінде де жан-жақты баяндалды. Г.Әбдіқалықова орайы келгенде АҚШ Мемлекеттік хатшы­сының орынбасары Сара Сьюэллді ЭКСПО-2017 көрмесінің ашылу салтанатына мәртебелі мейман ретінде қатысуға шақырды. Соны­мен қатар, АҚШ компанияларын көрмеге белсенді қатысуға үндеп, ол жерде «Астана» Халықаралық қаржы орталығы ашылатынын атап өтті. Бұл ретте спикер Қа­зақстан тарапының Америка ин­вес­тициялық қорлары мен кор­по­рацияларын тартуға мүдделі екендігін де ескерді. Діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері төңірегінде ой қозғаған Гүлшара Наушақызы осы бағыттағы қызметте Қазақстан мен АҚШ тығыз қарым-қатынас жасайтындығын айтты. «Қазіргі уақытта Қазақстан БҰҰ Бас хатшысының экстремизмге қарсы іс-қимыл жоспары бойынша жұмыстарды белсенді жүргізуде. Осы ретте біздің өзіміздің ұлттық жоспарымыз бар. Сол сияқты, терроризмге қарсы арнайы топ қызмет етуде. Менің ойымша, бұл бағыттағы бірлескен жоспар, жобалардың жүзеге асырылуы жалғасын таба түсетін болады», – деді Мемлекеттік хатшы. Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан» Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ