Ақсу ферроқорытпа зауыты және Еуразиялық энергетикалық корпорация атты екі алып кәсіпорны бар өндірісті қала екенін биік мұржаларынан шығып жатқан түтінінің бір толастамайтынынан-ақ аңғарасыз. Қалалық әкімдікке қарасты 28 мыңдай халық тұратын үлкенді-кішілі 33 ауылы және бар. Жалпы, өндірісі көп қай қаланың болмасын тұрғындарын ең әуелі ауаның тазалығы, қалыпты экологиялық жағдай ойлантады. Көпшілік қала тұрғындары осы өндіріс орындарында еңбек етеді. Ақсулықтар Елбасы тапсырмасы бойынша электр стансасында жүргізіліп жатқан қайта құрулар мен жаңа заманғы техникалық жабдықтаулар болашақта қаланың экологиялық тазалығын сақтап қалатынына сенімді. Қалаға келген беттен-ақ «Жол картасы» бағдарламасының нәтижесі байқалады, көшелері жөнделіп, біршама өзгеріс енгені көрініп тұр. Кәсіпорындар индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруда. Қала әкімі Оразкелді Қайыркелдиновпен әңгімеміз осы өндіріс тақырыбынан бастау алды. Қазір 16 инвестициялық жоба қолға алыныпты. Бұл ретте құны 37 млрд. теңгенің екі жобасы Еуразиялық энергетикалық корпорацияның, 24 млрд. теңгенің 13 жобасы Ақсу ферроқорытпа зауытының, ал бір жоба шағын және орта бизнес бойынша жылына 200,0 миллион теңгенің полиэтилен құбырларын өндіретін “ДАНиЕР” өндірістік сауда-құрылыс фирмасы үлесінде екен. Осы жобалардың арқасында 369 жаңа жұмыс орны ашылған. Биыл ферроқорытпа зауытында жылына 350 мың тонна агломерат шығаратын нысан пайдалануға берілді. Шлакты қайта өңдеу цехы іске қосылды. Сондай-ақ № 14, № 26-пештер күрделі жөндеуден өтті. “Еуразиялық энергетикалық корпорацияда циклді аршу кешені және 10 миллион текше метрлік қуатпен көмір түсіру бағыты іске қосылды. Стансада №2 энергоблокты қалпына келтіру жұмысы жүріп жатыр. Бұл стансаның жалпы қуатын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыру мақсатында ферроқорытпа зауытымен қаланың 4-шағын ауданында 60 пәтерлі екінші тұрғын үй пайдалануға берілді. Кәсіпорындар балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға қолұшын беруде. “Ақсу – біздің ортақ үйіміз” қоғамдық бірлестігінің қаржылай көмегімен жағажайда балалар қалашығы мен жасанды жабындысы бар спорт алаңы іске қосылды.
Сөзіміздің басында айтқанымыздай, қала ауылдармен де бай. Яғни, 160-тан аса шаруа қожалығы, сүт пен ет дайындайтын 31 орын, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдейтін 21 нысан бар. Өткен жылы ауылшаруашылық өнімін өндіру көлемі 7,8 млрд. теңгені құрады. 2010 жылы 27 мың тонна сүт, 6 мың тонна ет, 42 миллион дана жұмыртқа, 59 тонна шұжық өнімі, 370 тонна нан өнімдері шығарылыпты. Өнімді қыс мезгілінде сату үшін 8400 тонна картоп пен көкөніс қоймаға салынды. Қалада “Ауыл” коммуналдық базары жұмыс жасайды. Ауылдықтар 82 рет облыстық, 6 рет қалалық жәрмеңкелерге қатысып, 133 миллион теңгенің өнімдерін сатып қайтыпты. Сонымен қатар, ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер қаражаты есебінен жалпы сыйымдылығы 9500 тонна 3 көкөніс қоймасы пайдалануға берілген.
«Жол картасы» бағдарламасы аясында бірқатар жолдар жөнделген. Елді мекендерді көріктендіру жұмысында 40,3 миллион теңге игерілген. Бүгінде 13 ауылда халықты сумен жабдықтайтын кешенді блок-модульдер орнатылған. Ал 8 ауылда су құбыры бар. Қазіргі уақытта 844 балаға арналған 22 шағын орталық және балабақшаларда қосымша 350 орын ашылды. Қалада “Балапан” мемлекеттік бағдарламасы бойынша 330 орынға арналған балабақша құрылысы басталды. Өткен жылы Төртқұдық ауылында бастауыш мектеп пайдалануға берілді. Ауылдықтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін дәрігерлік амбулаторияларда және медициналық қызмет көрсету пункттерінде 3 жылжымалы және 11 стационарлық дәріханалық пункттер ұйымдастырылды. Сонымен қатар, облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бастамасымен қолға алынған «Жайлау» бағдарламасы арқылы ауылдықтар 100 бастан қой алып, бағып-қағуда. Бүгінгі күні ауылда 1662 ірі қара мал, 2181 қой, 191 жылқы бар. Бұл күнде Ақсудың ауылдарында 1186 оралман отбасы тұрады. Тұрмысы төмен оралмандар отбасыларындағы 30 бала қала әкімінің гранты бойынша жоғары оқу орындарында оқып жүр. Жеке кәсіпкерлікпен айналысатын ағайындар да бар.
Қаладағы су, жылу желілері бойындағы кемшіліктер реттелді. Бұл үшін республикалық және облыстық бюджеттен бөгет құрылысына және желілерді ауыстыруға, кәріздер коллекторын қайта жаңартуға 600,0 миллион теңгеден аса қаржы бөлініпті. Талай жылдардан бері іске қосылмай тұрған көп қабатты үйлердегі 26 лифт толығымен қалпына келтірілуі де өзгерістерді көрсетеді.
Фарида БЫҚАЙ.
Павлодар облысы.