• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
18 Ақпан, 2011

Халық емінің аясы кеңімек

803 рет
көрсетілді

Бүгінде Қазақстан – Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттің бірі.  Еліміз  Ұйыммен ықпал­дасуды өзінің сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі ретінде қарастыра отырып, оған ерекше мән береді. Сондай-ақ, Ұйым  аясында  экономикалық, мәдени-гуманитарлық, әлеуметтік салаларда өзара ықпалдасу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, 2007 жылы ШЫҰ отырысында Ресей Федерациясының президенті В.В.Путин Ұйымға мүше елдер басшыларына денсаулық сақтау саласын  да қамту жөнінде ұсыныс жасаған болатын. Ол ұсыныс барлық   ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларынан қолдау тапты.   Сөй­тіп, 2008 жылдың желтоқсан айында Ресей жағы  ШЫҰ-ның Дәстүрлі медицина ака­демиясын құру жөнінде қанатқақты жоба ұсынған еді. Осының негізінде 2010 жылдың 10 тамызында Мәскеуде ШЫҰ-ға мүше Ресей, Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өз­бекстан және Әзір­байжан (бақылаушы) Дәстүрлі медицина ака­демиясы бөлімшелерінің ынтымақтастығы жөніндегі меморандумға қол қойды. Ал 2010 жылғы  25 желтоқсанда Душанбеде бас қосқан ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер үкімет басшылары осы құжатты рәсімдеп,  қол қойды. Бүгін біз ШЫҰ шеңберінде Дәстүрлі медицина академиясын құру жөніндегі ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің өкілі, Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы «ҚР халықтық және рухани емшілер» ме­кемесінің, сондай-ақ ШЫҰ-ның Дәстүрлі медицина академиясы  Қазақ бөлімшесінің директоры, медицина ғылымдарының кандидаты Шәкен ШЫНТАЕВҚА жолығып,  осындай беделді ұйым­ның денсаулық сақтау саласында алдағы уа­қытта атқарар жұмыс­тары,  сонымен қатар, еліміздегі  халықтық медицинаның бүгінгі  ахуалы жайында айтып беруін өтінген едік. – Шәкен Мұқанұлы, алды­мен Дәстүрлі медицина акаде­миясы мен өздеріңіз қол қой­ған меморандумның мақ­саты­на тоқтала кетсеңіз... – ШЫҰ-ның  Дәстүрлі медицина ака­демиясы бөлім­ше­ле­рін құру –   осы Ұйым Хартия­сы­ның негізіне сүйене оты­рып, жүзеге асырылмақшы. Бір айта кетерлігі, Ұйымда осы уақытқа дейін  ден­саулық сақтау саласы қамтыл­маған екен. Тек соңғы  жыл­дары бұл салаға  мән беріліп, осы мәселені көтеруді қол­ға алған.  Ол үшін  ШЫҰ-ға мү­ше  алты мем­ле­кеттің халық медицинасы сала­сымен  ай­на­лы­сатын мекемелермен ақыл­даса келе, ШЫҰ-ның Дәстүрлі медицина акаде­миясын құру жөнінде бір шешімге келген. Оның штаб-пәтері Пекин мен Мәс­кеу қалаларында орналас­қан. Қалған  төртеуі солардың жеке бө­лімшесі болып  сана­лады. Былтыр Шанхайда ШЫҰ шең­берінде  60-тан астам мемлекет қатысқан дүние­жүзілік көрме өтті.   Сол көрменің бір са­ла­сы халықты сауықтыру жо­лына ар­налды. Оны қалай са­уық­тырамыз дегенде, осы дәс­түрлі медицина акаде­мия­сын құру қажеттігі айтылды.  Біз то­ғыз күн Шанхайда болғанда, сол құжатқа       қол қо­­йып, әр мем­лекет өз елінде дәс­түрлі медицина академиясын құратын болып келістік. Ал оның жұ­мысын одан әрі жүргізуге қол­дау көрсету  Ұйымның, қала бер­ді біздің үкіметтің құзы­рындағы мәселе. Ал бағдарламаның мақсаты­на келсек, ол үш негізден тұра­ды. Біріншісі – дәстүрлі медицина бойынша кадр мә­селесін да­йындау, екіншісі – олардың білімін жетілдіру, үшіншісі – дәс­түрлі медицинамен халықты емдеуді жоғары ғылыми тұр­ғыда негіздеу. Ғылыми тұр­ғыда негіздеуге химиялық қоспасыз дәрі-дәрмек дайындау кіреді. Яғ­ни,  адам­ды   табиғи жолмен емдеп, са­уық­тыру. Мысалы, сүлік салу, шөппен емдеу, нүктемен үгу, үзу, ине салу, био-космо өрісті қолдану тәсілдері, т.б. Сонымен қатар,  дүние жүзіндегі халық емші­лігінің жетістіктерін насихаттау, оларды тәжірибеден өткізе отырып үйрету, үй­рену. Осы мәселеге қатысты жер-жер­лерде өтетін конгресс, симпозиумдерге қа­тысып, үлес қосу. Ағарту  мә­селесінде барлық еңбектерді тұ­жырымдап, кітап   шығару, әдіс­темелік құралдар дайындау, оны дәрігер, емшілерге жеткізу. Ал қол қойған меморандум бойынша ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасында халықтық медицина саласында өзара бай­ланыс орнатып, ғылыми-зерттеуде, дипломнан кейін білім беруде, медицина мекемелері арасында,  ин­новациялық технология, телемедицина сала­сын­да, біріккен са­уық­тыру жо­баларында ынтымақ­таса жұ­мыс жасау көзделуде. Бұл ретте өз та­ра­пымнан ай­тарым, тек ғылыми медицина ғана елдің болашағы деп түсіну және соған қызмет жасау қате түсінік деп білемін. Мәселен, қытай ғылыми да, дәстүрлі ме­дицинаны да қатар алып келеді емес пе... Иә, Қытай дәстүрлі ме­дицинаға бейім. Олар опера­ция­ны мойынсынады, ал қалған ау­руды ха­лықтық еммен сауық­ты­руды жөн көреді. – Сонымен, Қазақстанда дәс­­түрлі медицина академия­сын құр­дыңыздар ма? – Сыртқы істер министрлігі мұн­дай академияны құрып, ашуға Шынтаевтың  құқығы бар деген мәлімдеме жасады. Оған     халық ме­­ди­цинасын он сегіз жыл бас­қарған еңбегім негіз  болуы керек. Расында да, осы уақыт ара­лығында біраз жақсы дүниелер жүзеге асты.  Тіпті, бұған дейін 2008 жылы Құртқа тәуіп атын­дағы дәс­түрлі медицина акаде­мия­сын құрған  бо­латынбыз. Со­ны айтқан едік, ол кісілер оған келісім берді.   Сөйтіп,  құжаттарды жи­нап, ШЫҰ-ның ұлт­тық үйлес­тірушісі С.Нұрышевке, біреуін Ден­саулық сақтау министрлігіне  жібердік. Бүгінге дейін Мәс­­­кеуде  академияның екі рет дөңгелек үстелі, үшіншісі Шанхайда өтіп, онда бағдарламаның тұсауы кесілді. – Сонда бұл жаңадан құ­рылған академия коммерция­лық құрылым ба? – Жоқ. ШЫҰ жағдайында ака­демияны коммерциялық құры­лым­мен ашуға бол­майтын көрі­неді. Сондықтан құрған акаде­миямыз ШЫҰ ережесіне сәйкес келеді. Ака­демия жұмысы Ден­саулық сақтау ми­нистрлігінің ба­қылауында болмақ. –  Академияның қанша мү­шесі бар? – Қазіргі таңда  32 адам мүше. – Шәкен  Мұқанұлы, сөздің реті келіп тұр, енді әңгімені халық емшілері сала­сына бұр­сақ.  Білуімізше, бұрын халық ем­шілеріне заңды түрде емдеу үшін лицензия берілсе, қазір сер­тификат алу­лары  қажет кө­рі­неді. Олардың айыр­масы неде? – Бұл мәселені айтпас бұрын, алдымен елімізде осы күнге дейін үш рет қа­былданған Халық меди­цинасы туралы заңға тоқталғым келеді. Өйткені, мұндай заң дүние жүзінің бірде-бір мемлекетінде   жоқ.   1997 жылы тұңғыш рет Ел­ба­сы қол қойған Заң халық емші­лерінің көзін ашты.  «Денсаулық сақтау туралы» Заңның 64­-бабында халық медици­на­сы­мен ай­на­лысуға қасиет қонған адамдардың шұ­ғылдануына құқы бар делінген. 2003 жы­лы  Парламент депутаттары «Ха­лық емшілігі туралы» екінші заң қабылдады. Онда емшілерге ме­ди­циналық білім  алу міндеттелді. Бірақ, Денсаулық сақтау ми­нис­трлігінің ұй­ғарымы бойынша меди­ци­налық білімі болмаса да халық медици­насымен айналы­суға рұқсат етілді.  Үшін­ші заң 2008 жылы    қа­былданды.   Рас, бұ­ған дейін халық емшілеріне халықты емдеуі  үшін лицензия бе­рілсе, қазір ол алынып тас­талды. Оның орнына  дүниежү­зілік стандартқа сай сертификат берілуде. – Ал сертификатты қайдан, қалай алуға болады? – Былтырдан бастап серти­фикатты тек  аккредитация орта­лығы беруде. Ол үшін Денсаулық сақтау министрлігі екі аккредитациялау орталығын ашты. Оның бірі Алматыда, ҚР халықтық және рухани емшілер мекемесінің құзырында, оған 9 облыс қарай­ды. Екіншісі, Астанада. Сертификат ақысыз беріледі. Бірақ, оны алудың төрт шарты бар.    Бірін­ші­сі – тестен өту, яғни қасиетінің бар, жоғы анықталады. Екіншісі – дайындық курсын оқып бітіруі қажет. Үшіншісі –  сынақтан өту. Мәселен, бұрын сынақтан алты ай бойы өтетін.  Ол үшін  облыс ор­талығына, болмаса Ал­матыға осыншама уақытқа келетін. Сон­дықтан сынақтан өтуге біреудің жағдайы келсе,  енді біреуінің мүмкіндігі болмай, өтпей қала­тын. Төртіншісі, емші кем дегенде 12-14 науқасты қабылдауы тиіс. Оны дәрігердің бақылауымен    аккредитациялау орталығының  ат­тестациялау ко­миссиясы  өткі­зе­ді. Егер науқастың ау­руын анық­тауы, диагноз қоюы 70-80 па­йызға дұрыс болса, сонда ғана осы төрт шарт ескеріліп,  сертификат директордың емес, аттестациялау комиссиясының ұй­ғары­мы­мен беріледі. Оған Денсаулық сақтау министрлігінен бір адам бөлінген. Бір айта кетерлігі, бұрын лицензия бес жыл мерзімге беріліп, емшілерді   ба­қылау қи­­ын­ға түссе, қазіргі сертификат­тың мерзімі бір жыл.  Сертификат Монета сарайында нөмірленіп шы­ғады. Яғни, галаграмма.   Сон­дай-ақ, емшілер бір жыл­дың ішінде  екі рет  тақырыптық цикл бойын­ша білімін жетілдіру кур­сынан өтуге міндетті. – Шәкен Мұқанұлы, бүгінгі мүм­кіндікті пайдаланып, оқыр­мандардың да көкейінде жүрген сауал да болуы керек, био­өріс­пен емдеу, көріпкелдік, сә­­уе­­­гейлік жайында ойыңызды білсек... –  Естеріңізде болсын, биоөріс адамды ешуақытта емдемейді, ол алдына келген науқас ағ­засының биоөрісін ғана кү­шей­те алады. Сөйтіп, адам өз био­өрісімен  өзін-өзі емдейді. Адам­да жеті түрлі күр­делі нүк­те бар, яғни жеті чакра, оның жетіншісі төбеде, төр­тіншісі жүректе.   Жалпы, біз­дің халық­та  көріпкел, қа­сиеті жоғары ғұламалар көп болған. Олар  он бесінші ға­сырдағы Өтейбойдақ Тілеу­қа­был­ұлы, 56 жасқа келгенде тә­уіптік  қасиет дарып, сол жа­сында Петербордағы әс­кери ме­дициналық институт­ты бітіріп, 136 жыл өмір сүрген Сұлтан­қо­жаұлы Құртқа тәуіп, т.б. Осы­ған қатысты сізге бір мысал ай­тайын. 2003 жылы Францияда ғұлама көріпкел М.Нос­тра­да­мустың 500 жылды­ғына орай өткен дүниежүзілік конгреске қатысуға Қазақстан­нан он екі адам бардық. Қазақ емшілерінің беделі сол жолы мойындалды. Бірінші күні-ақ  Қа­зақстан жиынға төр­аға­лық жа­сады. Өйт­кені, біздің елде кө­ріп­келдік, биоөріспен ем­деу жо­ғары  деңгейде дамы­ған. Оны біз мақтан ете аламыз. Сол жиында   Париж  қаласы­ның мэ­рі  көріпкел емшілерді  бай­­қап, сынап көргісі келді.   Біздің емшінің  болжап айтып бер­геніне таң қалып, риза болған ша­һар басшысы Ресей мен Қа­зақстаннан келген емшілерге қо­нақасы беріп, әрқай­сы­сына бір мың еуродан сыйақы табыс­тады. Ал былтыр халық  емші­лерінің құрылғанына 20 жыл то­луына орай өткен халық­аралық кон­ференцияға Қытай, Корея, Жапония, Прибалтика, Ресей, Чехия, Украина, Польша, т.б. елдерден келген қонақтар   біздің  мемлекет басшысының халық­тық ме­дицинаға деген көз­қарасын, халықты дәстүрлі еммен сауықтыру жолына үл­кен мән беріп отырғанын атап өтті. Сондай-ақ Польшаның Қа­зақстандағы тұңғыш елшісінің жұбайы Данутта өз кітабында Қазақстан емшілеріне үлкен баға беріпті. Бұдан екі жыл бұ­рын  сол кісінің айтуымен Поль­шадан төрт шәкірті келіп,  екі жарым ай оқып кетті. Бір қызығы, олар қазақ тілін сол жақтан үйреніп келгендіктен, тілдік қиыншылық болмады. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.