• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
18 Ақпан, 2011

Игілігі мол «Ижевский»

450 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Нұр­сұл­тан Назарбаев сәрсенбі күні жұмыс  бабындағы сапармен Аршалы ауда­нын­да­ғы Ижевское ауылында бо­лып, осындағы көп салалы өндірістік кооперативтің жұ­мы­сымен танысып, тұр­ғын­дардың жарасымды тыныс-тіршілігіне қанықты. Аты об­лыстан тысқары жерлерге де кеңінен мәлім кәсіпорынның уақыт талабындағы қарыш­ты да қуатты қадамы мемлекет тарапынан жасалып жат­қан ауқымды шаралардың қайтарымы молдығын ай­қын аңғартты. Елбасының кортежі қалалық үлгідегі ауылдың әсем көшелерін бойлап, бірден «Ижевский» өн­дірістік алаңдарына атбасын тіреді. Ашық алаңдағы өнімдер көр­месін, өнімділігі жоғары зама­на­лық техникалар тізбесін тамашалап, жаңадан бой көтерген өнді­ріс­тік ғимараттардағы еңбек ыр­ға­ғына ден қойған Нұрсұлтан  Әбішұлы жиналған қауымға ықы­­лас сөзін арнады. – Ақмола облысы – біздің мемлекетіміздің ірі аграрлық-өнеркәсіптік аймақтарының бірі, – деді Елбасы. – Ауыл еңбек­кер­лерінің өнім шығаруда жетекші орындардан көрінетін жақсы дәстүрі бар. Менің арнайы тап­сыр­мам бойынша бұл өңір елі­міздің азық-түлік қауіпсіздігін қам­тамасыз ету мен Астана ма­ңында азық түлік белдеуін жасау бағдарламасына қатысып, нәти­желі істер атқарып келеді. Оның ішінде ерекше көзге түсері – мал тұқымын асылдандыру қадам­да­рын, бордақылау алаңдарын, ірі тауарлы-сүт фермаларын іске қо­су жұмыстарын атауға тиіспіз. Өз­гелер үлгі аларлық істер, бү­гінгі басқосуымыз өтіп отырған «Ижевский» өндірістік кооперативінде жақсы жолға қойылған. Біз биылдан бастап аграрлық секторда етті мал шаруа­шы­лы­ғын дамыту жөнінде бұрын-соң­ды болып көрмеген жобаны жү­зе­ге асырмақпыз. Бұл мақсатқа жету үшін жемшөп, оның ішінде сүрлем мен пішендеме өндіретін салаға зор маңыз беріп отырмыз. Соңғы үш жылдың өзінде об­лыс­та жаңа өндіріс қалыптастыру, қай­та өңдеу саласын дамыту ба­ғытында 40-тан астам бизнес-жоба іске асырылды. Ауыл ша­руа­шы­лығы кәсіпорындарының көп­теген басшылары уақыт тала­бы­на сәйкес жаңаша ойлап, серпінді қимылдай бастады. Оны «Ижевский» өндірістік кооперативінің тәжірибесінен де айқын көруге болады. Елбасы риза сезімін білдіргеніндей, өткен жылы көпсалалы кооператив 1,8 миллиард теңге­нің өнімін өндіріп, ел дастар­қа­нын байытты. Жылдық өсімнің 118 пайызды құрауы мұндағы қай­та өңдеу қуаттарының мықты­лы­ғын байқатады. Кәсіпорын са­ғатына 3000 бас құс етін өңдей алады. Желтоқсан айында қатар­ға қосылған құрамажем зауыты тәу­лігіне 480 тонна өнім дайын­дау арқылы ұжымды ұтымды ұм­тылыстарға бастауда. Шаруа­шы­лық макарон цехының, май зауы­тының, шұжық цехының, нау­бай­хананың, астық қабылдау пунк­ті­нің, диірменнің, жұмыртқа ұнта­ғын шығаратын цехтың қуатын тиім­ді пайдаланып отыр. Кәсіп­орын басшысы Социалистік Ең­бек Ері, Ақмола облысының құр­метті азаматы Ибрагим  Жанғора­зов­тың іскерлік қабілеті өзге де салалардағы үдемелі үрдістердің қайтарымынан айқын байқалады. Елбасы, тұтастай алғанда, бұл барлық тауар өндірушілердің ор­тақ міндеті екендігіне екпін тү­сір­ді. Ауыл шаруашылығы өнді­рі­сін дамытуда экспортқа бағдар­ланған еттік мал шаруашылығын дамытудың озық жобаларын жү­зеге асыру жоспарлануда. Мемлекет осы мақсатқа 130 миллиард тең­гелік несие ресурстарын жұ­мылдырады. Облыстың шаруа­шы­лық нысандары аталған мүм­кіндікті тиімді пайдалануы тиіс. Бұл өндірісті дамытуға, жаңа тех­нологияларды енгізуге, бәсекеге қабілетті өнім шығару арқылы кіріс көзін толықтыруға, жұмыс орындарын көптеп ашу арқылы тұрмыс  деңгейін көтеруге сенімді жол салады. Біздің осы ба­ғыт­тағы ұмтылыстарымыз алдағы он жылға есептелген кең ауқымды ісіміздің негізгі мән-мағынасы саналады. Кооперативтің басқарма төр­аға­сы И.Жанғоразов Мемлекет бас­шысына кәсіпорынның негізгі саласы – құс фабрикасының жұ­мысы туралы жан-жақты баяндап берді. «Ижевскийдің» 60 түрлі азық-түлік өнімдерін (ұн, макарон өнімдері, сары май, ірімшік, қаймақ, жұмыртқа, құс еті, т.б.) Астана қаласының, Ақмола және Қарағанды облыстарының тұты­ну­шылары зор сұраныспен пай­да­ланады. Кеден одағының жұ­мыс істей бастауы жаңа экс­порт­тық мүмкіндіктерге жол аша­тыны айтылды. Жыл санап қуаттанып келе жат­қан кооператив өндірісті жаң­ғыртуға 1,6 миллиард теңге инвестиция жұмылдырып отыр. Қазір мұнда 280 ауыл ша­руа­шы­лығы техникасы, 83 автомобиль жұмысқа қосылған. Техноло­гия­лық үдерістерді жетілдіру нәти­же­сінде еңбек өнімділігі артып, бұрынғы 1,5-1,6 мың адамның ісін 700 білікті жұмысшы атқарады екен. Сапа көрсеткіштеріне де мін тағу қиын. Кәсіпорын «Қа­зақстандық сапа орталығының» СТ РК ИСО 9001:2001 серти­фи­катымен жұмыс істейді. Ұжым мүшелерінің орташа айлық ең­бек­ақысы 33 мың теңгеден аса­тын өндірістік кооператив әлеу­меттік саланы өркендетуге жыл сайын 3-4 миллион теңге қаржы бөледі. Былтыр кәсіпорынның өз күшімен мәдениет үйі қайта жаб­дықталып, мектеп пен дәрігерлік амбулатория жаңа қазандыққа ие болды. Нұрсұлтан Әбішұлы жұмырт­қа сұрыптау цехындағы замана­лық технологияға ден қойды. Цех бастығы Ирина Яруллина авто­мат­тандырылған шағын ғана екі мәшинемен күн сайын 380-400 мың дана жұмыртқаны сұрыптап, кез келген сәтте жөнелтуге дайын ұстайды екен. Салмағына қарай жұмыртқа 5 категорияға бөлінеді. Ең жақсысы 78 грамдық, одан кейін бірінші, екінші сорттар бо­лып кете береді. Бір жұмырт­қа­ның өзін­дік құны – 6 теңге. Осы жерде әңгімеге араласқан Ибрагим Жан­ғоразов кооперативтің соны ізденістері Қазақстанда жаңа кәсіп­орын­дардың ашы­луы­на қозғау салғанын айтты. Мә­селен, Павло­дар­дағы картон-рубероид зауы­тын­да жұмыртқаны жайласты­ра­тын гофроыдыс дай­ын­дайтын желі іске қосылған. Президент қосымша құрылыс жүргізіліп, заманалық жаңа жаб­дықтар орнатылған жұмысшы ас­ха­насын аралап көрді. Құс өсіру­ші­­лердің құрмет көрсете шақы­руы­мен дастарқан жайылып, ашық-жарқын әңгіме өрістеді. Дөң­гелек үстел басында ұжым мү­шелерімен қатар, ауыл тұрғын­дары, ауданның белгілі азамат­та­ры әр жылғы Жолдаудың игілігін, ертеңгі күнгі жарқын жоспарлар­дың шарапа­тын айтқан тілек білдірді. Елена Батыева, зоотех­ни­ка­лық зертхананың меңгерушісі: «Біздің құрамажем зауыты Қа­зақстан, Бель­гия, Германия және Ресей өнер­тапқыштарының бірлескен туындысы деп айтуға бо­лады. Ол былтырғы жылы ғана іске қосыл­ды.  Мұндай зауыт Қа­зақстанның өзге өңірлерінде әлі жоқ. Біздің кешен тәулігіне 480 тонна құрама­жем өндіре алады. Бұл әрбір сағатта 20 тонна өнім шығары­лады деген сөз. Ал бізге күніне 150 тонна да жетеді, қал­ғанын сырт­қа шығарамыз. Бірақ зауы­тымыз әлі толық күшінде жұ­мыс­қа кіріскен жоқ. Осы өнеркәсіп кешенінде бар болғаны жеті-ақ адам жұмыс істейді. Қол­данатын шикізатымыз техника­лық зертха­на­дағы тексерістен өте­ді. Құрама­жем­нің ең негізгі шикізаты арпа болып табылады, ол өзіміздің жерімізде өсіріледі. Құражем әртүрлі жастардағы шөжелерге арналған. Әрқайсына қажетті витаминдер компонент ретінде құрамажемге қосылып отыра­ды», – деді. Өзіміз зауытта бол­ға­нымызда, құрамажем­ге қосы­ла­тын компоненттердің ара­сында ұлу қабыршығы, күнбағыс майы, балық ұны, аскорбин қыш­қылы және т.б. барын байқадық. Гүлмира Жұмабаева, бас зоотехник: «Мен Қырғызстаннан көшіп келіп едім. Жағдайымыз жақсы, балаларым оқып жатыр. Үлкен ұлым құс фабрикасында жұмыс істейді. Біз тәулігіне 400 мыңнан астам жұмыртқа аламыз. Бәрімізге, әсіресе, шетелден елі-жұртым деп келген ағайындарға бауырмалдық танытып, жағдай жасап жатқан Елбасына үлкен рахметімізді айтамыз. Елімізді әрдайым биіктерге бастай бе­ріңіз», – деді. Ұлты күрд болғанымен, қазақ тілінде еркін сөйлейтін мал дәрігері Ибо Касымов:  «Ауылда 27 ұлттың өкілі тату-тәтті тұра­ды. Мен Қазақстанда туып, Қа­зақстанда өстім. Адамға қажетті жағдайлардың бәрін пайдалану­да­мыз. Целиноград ауыл шаруа­шылығы институтын бітіріп, 23 жылдан бері осында жұмыс істеп келемін. Сізді осында қарсы алғанымызға қуаныштымыз. Біз шөжелерді Голландия мен Ресейден аламыз, ол жақ бірінші вак­ци­наны жасайды, қалған­да­рын, жұ­мыртқа тууға дейінгілерін, өзіміз жасаймыз. Алғаш­қы­сы алты күн­де, одан кейін 18, 45, 56 күнде солай-солай кете береді. Ең соңғы вакцина 95 күнде жасалады. Осы­дан кейін жұ­мырт­қалай бастайды. Арасында өзіміздің зертханада 10 күн сай­ын араларынан таңдап алып, тексеріп, қадағалап отыра­мыз», – деді. Сөзінің соңында ол: «Қадірлі Елбасы, біздің халқы­мызды 20 жылда үлкен дәрежеге көтер­діңіз. Қазақстанның жетістіктерін Сізбен байланыстырып, қатар жүріп игілік өндіріп жат­қаны­мызға қуанамыз», – деді. Өндірістік кооперативтің трак­тор-егіс бригадасын Виталий Иванов басқарады екен. Сіздің агроөнеркәсіп кешенін қол­дау саясатыңыздың арқа­сында біз соңғы бес жылда мәшине-трактор паркін толық жа­ңа­ладық, деді ол. Мәселен, кешенді бір трактор 5 К-700-ді ауыстыра алады. 15 мың гектар жерімізді өзіміз өңдейміз. Соның 25 пайызын жылда парға тас­тай­мыз. Ұжымымыз негізінен құ­рама­жем және тұқымның элиталы сорт­та­рын шығарады. Сіздің «Ауылдың өркендеуі – Қазақ­станның өркен­деуі» деген ұра­ны­ңыз барша­мызды іргелі істерге қанат­тандырады. Денсаулығыңыз мық­ты болып, елімізді алға бастай беріңіз. Күлзия Төкенова,  құс өсіруші оператор: Біз  43 мың бас құсқа күтім жасаймыз. Сіздің келге­ні­ңіз үлкен қуаныш. Мен осы ауылға 1999 жылы көшіп келдім. Цехымыз толығымен автоматтан­ды­рылған, соның арқасында біз­дің жұмысымыз жеңілдеп, сапа­сы да артты. 18 жасар ұлым да осында істейді, екінші ұлым оқу бітірген соң осында келеді. Бұл Сіздің «Дипломмен – ауылға» бас­тамаңыздың терең мазмұнын білдіреді. Көңіліміз жақсы, ауы­лы­мыз өркендеп келе жатыр. Сізге жақсылықтар тілеймін», – деді. Осы жерде Елбасы бастама­ның баяндылығын атап көрсетті. Қазірдің өзінде 13 мыңнан астам жас маман ауылдарда жемісті жұ­мыс істеп жатыр. Менің тапсыр­мам бойынша олардың барлы­ғы­на тиісті жағдай жасалуда. Қоз­ға­лыс дәстүрлі жалғасын табады. Жаңа әңгімеге араласқан жас жігіт те «Ижевскийдің» қамқорлы­ғын көріп отыр екен. Астана агро­техникалық университетін бі­тірген мал дәрігеріне үй беріліп, қаржылай көмек көрсетілгені қолдауға тұрарлық, деді Н.Назарбаев. Мектепте  20 жыл директор болып істеген, қазір ардагерлер кеңесінің төрайымы Любовь Пан­кратова ауылдағы 240 зейнет­кер­дің мемлекет қамқорлығына риза көңілін жеткізді. Бәріміз де Сіздің қолдауыңызды сезінудеміз. Қаңтар айынан бастап, әрқай­сы­мыздың зейнетақымыз 10 мың теңгеге өсті. Сізге көп рахмет. Мен өзім Ресейде туғанмын, бір­ақ 43 жыл осында тұрамын. Қа­зақстанды үлкен Отаным деп са­най­мын. Елін еңселендірген Елбасын біз де қолдаймыз. Сізге ұзақ ғұмыр, қажырлы істер тілеймін. Баршамызды жарқын бола­шаққа бастай беріңіз! деген толғанысын білдірді ол. Владимир Биджиев, аудандық аурухананың бас дәрігері: «Ме­нің бас дәрігер болып істегеніме 29 жылға таяп қалды. Бұл сала­ның барлық өзгерістері менің көз алдымда өтіп жатыр. Соңғы 10 жылдықты ерекше айтқым келеді. Жақсы өзгерістер болды. Аудан­ға соңғы 5 жылда 200 млн. теңгенің медицина құрал-жаб­дықтары келді. Оларды аудан кө­ле­міндегі медицина мекемелеріне таратып бердік. Ауданымызда 28 ауыл бар, соның 10 ауылында санитарлық автокөлік бар. Кеңес өкіметінде де ондай мүмкіншілік болған жоқ еді. Қазір, міне, соған қол жеткіздік. Соның арқасында болар, көкірек ауруы мың адамға шаққанда 160-тан  90-ға түсті,  балалар өлімі мың адамға шақ­қанда 21,7 еді, қазір 5,4 адамға кеміді. 2007 жылдан бастап бала тууы артып, өлім азайды. Осы ауылда 140 орындық аурухана және емхана бар. Қазір дәрігерді таңдауға мүмкіндік болса да сырқат адамдар өзімізде емделіп жатыр», – деді. Кездесу соңында Елбасы Н.На­зарбаев: «Сіздер арқылы бар­лық ауыл тұрғындарымен кездесіп отырмын деп есептеймін. Біздің халқымыздың 40 пайызы ауылдарда тұрады. Біздің жаңа бағдарламаларымыз әлеуметтік әлеуетті арттыруға бағдарланған. Адамға жақсылықтар жасауға ұмтылу қажет. Тәуелсіздік жыл­дары 560 жаңа мектеп салынды. Заманалық емханалар мен ауруханалар салу жалғасатын болады. Дәрігерлерді өзімізде ғана емес, шетелдерде де оқытып жатыр­мыз. Медициналық орталықтар аштық. Олар әлемдегі ең жетілдірілген әдістермен жұмыс істейді. Сондай-ақ, оқыту сапасын арт­ты­ру бағытында да көптеген жұ­мыс­тар істелді. Мемлекет басшысы Нұрсұл­тан Назарбаевтың сапары бары­сында оның жанында Президент Әкімшілігінің Басшысы Аслан Мусин, Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев, Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко бірге болды. Жақсыбай  САМРАТ, Бақберген  АМАЛБЕК. Ақмола облысы. ----------------------------------------- Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.