• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
30 Тамыз, 2016

Досыңның асын қасыңдай іш

400 рет
көрсетілді

немесе КСРО кезінде кім кімді асырады деген сауал төңірегіндегі ой Кеңес Одағының келмеске кеткеніне ширек ғасырға жуық уақыт өткеніне қарамастан, ол туралы алып-қашпа әңгіме-кептің таяу уақытта тыйыла қояр түрі байқалмайды. Шынын айту керек, ондай сөздердің дені негізінен өмір сүруін әлдеқашан тоқтатқан мемлекеттің жаман жақтарын ашып, көрсетуге бағытталады, кейде тіпті әлем картасынан әлдеқашан жойылып кеткен мемлекеттің соңынан топырақ шашу сияқты өрескелдіктер де орын алып жатады. Ондайды басқа емес, сол заманның барлық игілігін көрген, лауазымды қызметтер атқарып, қолдау-марапаттарға ие болып, атақ-даңқтары асқан адамдардан шығып жататынын көргенде амалсыздан жағаңды ұстайсың. Көзі тұрғанда сынаудан жасқанып, өзі кеткеннен кейін жабыла балағаттау – бұл енді біздің бойымызға сіңген әдет. Дегенмен, әңгіме жамандауда немесе мақтауда емес, әңгіме Кеңес өкіметі құлағаннан кейін бұрынғы одақтас республикалардың барлығында дерлік айтыла бастаған бір өзекті мәселе жөнінде болғалы отыр. Ол қандай мәселе еді? Ол Кеңес Одағын, соның ішінде, әрине, Одақтың орталығы болып саналған Ресей­ді де (ол шақта Ресей Кеңестік Феде­ра­тив­тік Социалистік Республикасы) өмір бойы біздер (одақтас республикалар) асырап келдік деген кең тарап кеткен түсінік болатын. Ол уақытта республикада өндірілген өнімдердің (негізінен шикізат түріндегі) одан әрі өңдеу үшін өзге жақтарға әкетіліп жатқаны рас. Мәселен, біздің еліміз өзінің астығын, мал өнімдерін, темірі мен көмірін алыс жақтарға қарай аттандырумен болды. Түгелдей емес, әрине, деген­мен, Қазақстанда өндірілген өнімнің айтар­лықтай бөлігінің сол жылдарда сыртқа кетіп жат­қанына ешкім де қарсылық білдіре қой­маса керек. Олай болса, кім кімді «асырады» екен, енді соған назар аударып көрейік. Бұл ретте «Комсомольская правда» газе­тінде жарық көрген «Одақта кім кімді асы­рады және оның ыдырауынан кім көбірек ұтылды?» деген мақалаға жүгіну­ге тура келеді. Бірден ескерте кетей­ік, бұл мате­риалда келтірілген цифр­лар мен фак­тілерге күмән келтіріп әуре­ле­ну­дің қажеті жоқ. Өйткені, бұл дерек­тер­дің бәрі де бұрыннан өзіміз айтып жүр­ген, яғни көпшілікке жақсы мәлім жайттар. Айталық, Қазақстанның кең-байтақ жерінің пайдалы қазбаларға ғана бай емес, сонымен бірге, адам өміріне қажетті азық-түлік түрлерін өндіру үшін де өте қолайлы болғаны баршаға аян. Еліміздің мемлекет қоймасына жыл сайын орта есеппен миллиард пұт астық тапсырып отырғанын ешкім әлі ұмыта қоймаған шы­ғар деп ойлаймын. Осындай жайттарды ескере келгенде, біздің кезінде бүкіл Одақ­ты «асырадық» деп айтуымыз мүлде негіз­сіз де емес сияқты. Дей тұрсақ та, дүдәмал тұс­палдауларға бой алдырғаннан гөрі, нақты сандарды сөйлете отырып, осы мәселенің анық-қанығын білгеннің еш айыбы жоқ. Сонымен, цифрлар не дейді? Ең алдымен, Халықаралық валюта қорының мәліметіне сәйкес, 1990 жылы КСРО-ның ішкі жалпы өнімі сатып алушылық қабілетінің паритеті бойынша 2,700 триллион долларды құрап, әлем бойынша 5,800 триллион долларды көрсеткен АҚШ-тан кейін екінші орын алғанын еске сала кету қажет. Бұл әлемдік көрсеткіштің 12,1 па­йызын құрайды екен. Ал бүгінде мақталып жүрген Германияда бұл көрсеткіш сол жылдары 7,3 пайызды, Қытай мен Францияда 5 пайызды, ал Ұлыбританияда небәрі 4,4 қана пайызды құраған. Енді жоғарыда айтылған кім кімді асырады деген сауалға келер болсақ, дәл сол 1990 жылы жан басына шаққандағы ІЖӨ Ресейде 17,5 мың доллар болып, өз­дері 11,8 мың доллардың тауарлары мен өнімдерін тұтынған. Одан кейінгі орындарда жан басына шаққандағы ІЖӨ-сі 15,6 мың доллар, тұтынғаны 12 мың дол­лар болған Белоруссия, ІЖӨ-сі 12,4 мың доллар, тұтынғаны 13,3 мың доллар болған Украина, ІЖӨ-сі 10,1 мың доллар, тұтынғаны 17,7 мың доллар болған Қазақстан және ІЖӨ-сі 6,6 мың доллар да, тұтынғаны 17,4 мың доллар болған Өзбекстан тұр. Бұл алғашқы бестік. Одан кейінгі республикалардың жағдайы мүлде «мүш­кіл», егер осылай деп айтуға болатын болса. Бұл жерде біз олардың жан басына шаққандағы өндірген өнімдері туралы айтып отырмыз. Мәселен, Арменияда жан басына шаққандағы ІЖӨ 9,5 мың доллар болса, тұтынғаны 29,9 мың доллар, ал Грузияда ІЖӨ 10,6 мың доллар болғанда, тұтынғаны 41,9 мың долларды құраған. Былайша айтқанда, бұл республикалар өз тапқандарынан әлдеқайда артық (Армения 20 мың долларға, Грузия 33,3 мың долларға) тұтынып отырған. Ақиқатына келсек, не өндірісі, не қазба байлығы жоқ бұл сияқты елдердің мал бағып, астық өсіріп, кен қазып жатқан Қазақстаннан әлдеқайда артық тұратыны туралы сол кездердің өзінде де айтылып жүретін. Бұл сияқты республикалармен салыстырғанда жан басына шаққанда 10,1 мың доллардың өнімін өндіріп, 17,7 мың доллардың тауарлары мен өнімдерін тұтынған (артығы 7,6 мың доллар ғана) Қазақстанды өз тамағын адал тауып жеді деп айтуға әбден болады. Өйткені, Қазақстанның кен қазу, егін егу, мал бағу сияқты ең ауыр да күрделі өндірістермен айналысқанын және азық-түліктің адам өмірі үшін аса қажетті дүние екенін ескерсек, балық консервілерін шығарып немесе теңіздің жағалауында демалыс ұйымдастырып қана жағдайларын жақсартқан республикаларға қарағанда біздің еліміздің аздап артық асауға құқысы да болды. Оның сыртында, Қазақстан климаты­ның қаталдығы да одақтас республи­ка­­лар­дың бір де біріндегі жағдаймен салыс­­тыруға келмейді. Олай болса, қысы қыты­мыр өңірде ауыр еңбекпен шұғыл­данған адамның жылы киініп, калория­лы, яғни қоректік қасиеті мол тамақ ішуге тиіс екендігі де еш талас туғызбаса керек. Ал бұлардың бәрі қосымша шы­ғын­ды талап етеді. Бұл жерде біз тіпті қазақ­стандықтардың Семей атом полигоны мен Байқоңыр ғарыш айлағынан шеккен зардаптарын, өндірістің зиянды түрлері салдарынан ел экологиясына нұқсан келгенін айтып та отырған жоқпыз. Осы тұрғыдан келер болсақ, жаңағы «артық» тұтынған 7,6 мың долларды қазақстандықтардың ауыр еңбек жағдайына төленген өтемақы деп те қабылдауға болады. Егер өз тапқандарынан әлдеқайда артық тұтынған республикалар тізімін одан әрі жалғастырар болсақ, бірінші кезекте жан басына шаққандағы ІЖӨ-сі 15,8 мың доллар болғанда, 35,8 мың доллардың (20 мың долларға артық) тауарлары мен өнімдерін тұтынған Эстонияны, ІЖӨ-сі 16,5 мың доллар болғанда, 26,9 мың доллар (13,1 мың долларға артық) тұтынған Латвияны және ІЖӨ-сі 6,6 мың доллар болғанда, 10,8 мың доллардың туарлары мен өнімдерін тұтынған өз көршіміз Өзбекстанды келтіруге болады. Егер осы мәліметтерге сенер болсақ, өз тапқандарынан әлдеқайда аз тұтынған республикалар тек Ресей мен Белоруссия ғана екен. Осы орайда бәзбіреулердің бұл шындыққа сәйкеспейді, орыстардың бізден нашар өмір сүрулері мүмкін емес, деп байбалам салулары әбден мүмкін. Жоғарыдағы цифрлардан басқа менің де ондайлардың алдына кесе-көлденең тоса қояр «жең ұшында жасырған» деректерім жоқ. Бірақ жоғарыда айтылған жайттардың ақиқаттан алыс емес екендігін айғақтайтын және өз құлағыммен естіген мына бір жайттарды айтпай кету де ағаттық болар еді. Сол кеңестік дәуірде Ресейдің көптеген алыс түкпірлердегі деревняларында электр жарығы жоқ екен, азық-түліктің кейбір түрлерін, керек десеңіз, маргариннің өзін карточкамен алады екен дегенді өзіміз талай-талай естігенбіз. Ал алып елдің шет аймақтарындағы жол қатынасының ешқандай сын көтермейтіндігі кеңес адамдарына айтпаса да белгілі болатын. Ол аз десеңіз, өткен ғасырдың 80-ші жыл­дарының ортасында Ресейдің солтүстік-шығысындағы облыстардан құрылыс материалдарын тасыған бір шофер танысымның оларда біздегідей «ГАЗ-53», «ЗиЛ», «КамАЗ» сияқты жаңа автомашиналар жоқ екен, біздің машиналарымызды көргенде айнала қоршап алып, таң-тамаша қалды, дегені бар еді. Осы азғантай мысалдардан-ақ Ресей халқының маңдайлары шылқитындай соншалықты бір жақсы тұрмыс кеше қоймағанын аңғаруға болады. Ал біздер, қазақстандықтар, ол замандарда тәубе дейтіндей дәрежеде өмір сүрдік. Жетпісінші жылдардан бас­тап қала тұрмақ ауылдардың өзінде «Москвичтердің», «Жигулилердің», кейде тіпті «Волгаларыңның» жүйтки бас­тауы оған дәлел. Дәл сол жылдары шалғайда орналасқан елді мекендерге жоғары вольтты электр желілері тартылып, кеңшарларда екі қабатты типтік мектептер мен балабақшалар бой көтерді. Жалпы, Қазақстанның кеңестік кезеңнің өзінде ІЖӨ жағынан көш бас­таушы үштікке енгенін өзіміз әңгіме арқауына айналдырып отырған мақала авторы да мойындайды. Сонымен бірге, ол егемендікке қол жеткізген еліміздің қазіргі күні де жан басына шаққандағы ІЖӨ тұрғысында Ресейден кейінгі екінші орында тұрғанын да теріске шығармайды. Оның есесіне, осы мақалада КСРО заманында жылы жақтарда «күнге қыздырыну» арқылы-ақ экономикасы дәуірлеп тұрған республикалардың бүгінгі таңда өте ауыр жағдайда қалып отырғандығын ашық түрде баяндайды. Бұл енді, әрине, айтпаса да түсінікті жәйт. Кешегі КСРО кезінде кім кімді асырады деген сауал төңірегінде бас ауыртатындар әлі де табыла қалса, олардың жоғарыда келтірілген деректер мен дәйектер төңірегінде ойлануларына толық құқылары бар. Өйткені, бойға біткен дағдымен жайдақ сөзге салынғаннан гөрі, нақты мысалдарға жүгіну әлдеқайда тиімдірек. Осындай жайттарды келтіре отырып біз ол уақыттарда Қазақстанның негізінен шикізат шылауына айналғанын, Павлодарда трактор құрастыру мен Алматыда кір жуатын машина шығарудан өзге елімізде айтарлықтай өнеркәсіп өндірісінің болмағанын, оның сыртында тың игеру деген желеумен миллиондаған гектар алқаптың құйқасын сыпырып, Жер-Ананың обалына қалғанымызды бүгіп қалсақ, әңгімеміз толыққанды болып шықпас еді. Ол енді, әрине, өз алдына бөлек әңгіме. Біздің ең басты айтпағымыз, КСРО кезінде де Қазақстан халқы өз «нанын» адал еңбегімен тауып жеді және құдайға шүкір, соның арқасында ешқандай жоқшылықты сезінген жоқ. Бұл енді ешқандай талас тудырмайтын ақиқат. Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»