Әкім есеп берді. Ел не деді?
Кеше Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов қала тұрғындарымен кездесіп, шаһардың өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы бойынша есеп берді. Конгресс-холл сарайында болған кездесуге халық барынша көп жиналды. Олардың арасында барлық әлеуметтік топтардың өкілдері бар екендігі де сезіліп тұрды. И.Тасмағамбетов өзінің сөзін Астананың ЕҚЫҰ Саммитін абыроймен өткергенінен бастады. Шынында да қазақ жерінде осыдан үлкен, осыдан атақты әлемдік шара осыған дейін болған емес. Астана дүние жүзінің 70 елінен қонақтар қабылдады. Бірақ қазақтың жас елордасы – Астана мызғымады. «Шетелдік қонақтардың барлығы да Астанамыздың арайлы ажарына сүйсінді. Ынтымақты – ұран, татулықты ту еткен Қазақстан халқының қонақжай көңілі мен бейбіт пейіліне риза болып аттанды. Мұның барлығы да, ең алдымен, Ұлт Көшбасшысы – ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп келе жатқан сындарлы саясатының жарқын жемісі, көреген көсемдігінің көрінісі», деді Иманғали Нұрғалиұлы. Әкім одан әрі Азиаданы да ұтқырлықпен ұйымдастыра алғандарын сараң сөзбен сипаттап өтті. Шын мәнінде бұл да ұлан-ғайыр істер еді. Президент тапсырмасын мүлтіксіз орындаған Астана бұл шаруаны да мызғымай атқарып, абыройдың асқарынан көріне алды. 2010 жылы аймақтық жалпы өнімнің (АЖӨ) көлемі 2009 жылмен салыстырғанда 7 пайызға артып, 1 трлн. 470 млрд. теңгеге жетті, деді И.Тасмағамбетов. Өнеркәсіп өндірісіндегі өсім 9 пайызға артып, 111 млрд. теңгені құрады. Қаржыландырудың барлық түрлері бойынша 1 млн. 382 шаршы метр тұрғын – үй пайдалануға беріліп, ол 2009 жылмен салыстырғанда 9,7 пайызға артқаны белгілі болды. Әрине, бұл істің жандануына құйылған инвестиция көлемі 2009 жылмен салыстырғанда 17 пайызға, яғни 56 млрд. теңгеге артқаны үлкен септігін тигізгені даусыз. Әкім ауызға алған өндіріс саласының барлық түрлеріндегі өсім 7-ден 18 пайызға дейін болып отырған екен. Осыған қарағанда ол тек өсім жоғары салаларды ғана айтқан екен деп ойлауға әсте болмайды. Мәселен, баяндамада шағын және орта бизнес санының өсімі 2009 жылмен салыстырғанда 5 мың болғанын айта келіп, олардың өндірген өнімі бар болғаны 0,4 пайызға артқанын да атап өтті. Кәсіпкерліктің осы түрлерімен айналысатын адамдар санының өсімі де үлкен бизнеске қарағанда мардымды емес көрінеді. Ол 2009 жылмен салыстырғанда бар болғаны 2,5 пайызға артыпты. Бұл басқа өсімдердің ат адымындай болып өсіп жатқанына қарағанда қарға адымындай ғана. Осы мәселеге қатысты кейінірек нақты тоқталғанда әкім шағын және орта бизнес өнімінің Астана ЖАӨ-дегі жалпы үлесі 60 пайыз екенін атап өтті. Соның ішінде осы кәсіпкерліктегі қызмет көрсету түрінің өсімі 2009 жылмен салыстырғанда 45 пайызға артыпты. Мұның өзі шағын бизнес белсенділігінің артқанын көрсетеді, деді ол. 2008-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының орындалуы бойынша айтқанда, үй алуға тиісті барлық 5612 азаматтың 2113-і 2010 жылы пәтер алғаны айтылды. Ал қалған азаматтар пайдалануға беру мүмкіндігіне қарай 2011 жылы үй алатын болады, деді әкім. 2005-2007 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарлама бойынша үй алу мүмкіндігінен айырылып қалғандардың наласын да әкім айналып өткен жоқ. Әкімдік те жолдары болмай, үй ала алмай қалғандардың жолын құшып, алақол құрылыскерлерден зардап шегуші болып отыр. Әрине, ондайлардың көбінің жазасын сот берген, бірақ жасап кеткен шалалықтарын әлі толық игере алмай келеміз. Бірақ қазір тұрып қалған нысандардың бәрін де біз қолға алып, құрылыс жұмыстарын жалғастырып жатырмыз, деді И.Тасмағамбетов. Елбасының араласуымен олардың бәріне де қажетті мөлшерде қаражат бөлінді. Биыл сол бағдарлама бойынша үй ала алмай қалған 1574 адам толығымен тұрғын үйге қол жеткізетін болады дей келіп әкім, нысандарды нақты атап, олардың қай айларда тапсырылуға тиісті екенін жеткізіп берді. Сонымен бірге, көп дүрмек пен шудың себебі болған, үлескерлердің қатысуымен салынып жатқан құрылыстар да толық аяқталып, осы жылдың ортасында бұл мәселе күн тәртібінен толығымен алынады, деді ол. Ал бұл дегеніңіз 218 тұрғын үй кешеніне үлеске енген 35 мыңнан астам адам екен. Соның қалғаны тек 5944 үлескерге қатысты 25 нысан ғана. Осы арада мына жайға да тоқталған жөн. Алданып қалған үлескерлердің ашуы да, ашынуы да орынды. Оған сөз жоқ. Алайда, әр нәрсенің жөні бар. Әкім есебі кезінде еркін микрофонға шыққан бір кісі бірнеше пәтерінің дауын қозғады. «Жақсылықты білу керек. Ақшасын салып, алданып қалғандарға бүкіл әлемде бұл өзіңіздің проблемаңыз деп қана қарайды. Бізде Елбасы осы мәселеге мемлекеттің мүддесі тұрғысынан келіп, орасан қаржы бөлдіртті. Соның ішінде бірнеше үйге үлес салғандардың бір пәтерін алуға қол жеткізетін жағдай жасады. Қалған пәтерлерді ол адамдар өзі даулап, заң жолымен алуға әрекет етуі керек», дей келіп, Иманғали Нұрғалиұлы тойымсыздықтың нақты мысалдарын да келтірді. Сөйтсек, бір басында бірнеше пәтері бар адамдардың өзінде осы қалада тағы бірнеше үйге ақша құйған фактілері жеткілікті болып шықты. Өзге микрофонға жасқана жақындап, талай жылдан бері кезекте тұрғанын айтып, бір мүмкіндігі болар ма екен деп жаутаңдаған жандардың жанында бір басына бәлен үй бұйырғанын қанағат етпей, жұлқына сөйлейтіндердің жөнсіздігін ашық айтқан әкім сөзіне зал толы жұртшылық ризашылықпен қол соғып жатты. Кәсіпкерліктің қосалқы әлеуетін арттыру да Астанада жақсы жолға қойылған. Осы бағдарды жандандыру жолында шағын және орта кәсіпкерлік үшін «Жол картасы» бағдарламасы жасалғаны белгілі. Оны іске асыру үшін Астанада 600 млн. теңге бөлініп, игерілген. Ол негізінен бизнестің өндірістік инфрақұрылымы және қызмет көрсету саласын қолдауға, несиені кепілдендіру мен пайыздық ставканы субсидияландыруға бағытталған. Бұдан басқа, деді әкім, 2010 жылы аталған бағдарламадан тыс ШОБ субъектілеріне екінші деңгейдегі банктер арқылы 109 млрд. несие берілді, ал бұл 2009 жылмен салыстырғанда 2 есе көп. 2010 жылы қалалық бюджетке түскен салық 5,5 млрд. теңгеге артқан. Астананың айрықша қасиеті – оның қалалық бюджет шығындарының 40 пайызы әлеуметтік салаға арналғандығы. Мұндай көрсеткішпен мақтана алатын қалалар әлемде кем де кем шығар. Соның арқасында мектеп пен балабақша тапшылығы бүгінгі күнге шұғыл еңсерілген. Әкімнің айтуына қарағанда, Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен көтерілген мемлекеттік «Балапан» бағдарламасына сәйкес тек 2010 жылдың өзінде балалардың мектепке дейінгі 50 мекемесі пайдалануға берілген. Ал бұған дейін қалада бар-жоғы 38 осындай мекеме бар екен. Тағы бір қуаныштысы сол, 2011 жылы 8775 орынды тағы 27 балабақша ашылмақшы. Осы кезеңде, деді әкім, жалпы білім беретін мектептердегі орын тапшылығы 18 мыңнан 13 мыңға дейін қысқарды. «100 мектеп» бағдарламасы шеңберінде 2010 жылы 3600 орынды 3 мектеп пайдалануға берілді және шаһардың әкімшілік орталығында бағдарламадан тыс 1200 орынды мектеп ашылды. Ал 2011 жылы 3 мектептің құрылысы аяқталып, жаңадан 5 мектептің құрылысы қолға алынбақ. Барлық мектептерде оқушыларға ыстық тамақ беру ұйымдастырылған, осы мақсатқа бюджеттен 440 млн. теңге бөлініпті. Есепті кезеңде білім беру саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 14 млрд. теңге бөлінді, бұл 2009 жылмен салыстырғанда 2 млрд. теңгеге артық, деді әкім. Денсаулық сақтау саласы бойынша соңғы үш жылда 10 емдеу мекемесі пайдалануға берілді. «100 аурухана» бағдарламасы бойынша ағымдағы жылы тағы да 4 емдеу нысаны салынады. Қаланың қалыпты өмір сүруіндегі үлкен қажеттілік – энергетика саласына да өткен жылы жіті көңіл бөлінгенін айта келіп әкім, қазір жылу энергиясы 1250 ГКАЛ/с, электр энергиясы – 357 МВт болса, қаланың өсімін ескере келе 2012 жылы ол тиісінше 2095 ГКАЛ/С және 680МВт болатынын және оны шешу жолында жасалатын шаруаларды атап берді. Сонымен бірге әкім 2010 жылы Астанада жаңадан 33 шақырым жол салынып, 68 шақырым жөнделгенін айтты. Ал үстіміздегі жылы барлығы 120 шақырым жол салынып және жөнделетін көрінеді. Соның ішінде жеңіл рельсті трамвай жолдарын салу мәселесі де қарастырылуда екенін атап өтті. Сөзінің соңында И.Тасмағамбетов Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай іске асырылатын жобаларды да атап өтті. Сондай-ақ Қазақстанның ИКҰ-ға төрағалығы, экономикалық форум және ШЫҰ саммиті сияқты шаралардың өткізілуіне де жіті дайындық болатынын айтты. Биыл Опера мен балеттің классикалық театры, Оқушылар сарайы, Тарих музейі, Телерадиокешен, темір жол вокзалының жаңа терминалы сияқты құрылыстардың жүргізілетінінен де жиналғандарды хабардар етті. Тасмағамбетовтің тастай етіп жасаған баяндамасынан кейін де сауал қоюшылар аз болған жоқ. Олардың арасында жыл ішінде атқарылған жұмысқа жоғары баға беріп, ақ алғысын айтушылар да, шешілмеген мәселелердің түйінін тарқатуды сұраған өтініш иелері де баршылық. Көпті көрген көшелі әкім олардың бәріне де шешен тілмен орнықты жауап қайтарып жатты. «Елбасымыз Астанадағы жұмыстың жайын дәйім назарда ұстайды, мұндағы мәселелердің бәрін де жете біледі. Сондықтан да әлем таныған басшымыздың қадағалауында тұрған жұмысты жүргізу бізге ерекше жауапкершілік жүктейді. Әкімдік Елбасы сенімінен шығу үшін қажет нәрсенің бәрін де жасайтын болады», делінді есепті кездесудегі сөз қорытындысында. Жақсыбай САМРАТ.
•
18 Ақпан, 2011
Астана алған асулар
694 рет
көрсетілді