Сәрсенбіде жұртшылық пен мәслихат депутаттары алдында облыс әкімі Серік Үмбетов өңірдің 2010 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы негізгі бағыттары жайлы есеп берді. Баяндама Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты халыққа Жолдауын басшылыққа алып, алдағы атқарылатын ауқымды істерді жүйелеумен өрбіді.
Жолдауда еліміздің өсіп-өркендеуінің басым бағыттары мен келелі міндеттері, қалыпты даму үстіндегі қуаты, берекелі болашағы айқындалған. Мұның өзі Жетісу жұртшылығынан да қолдау тауып, барлық деңгейдегі әкімдердің есептік кездесулерінде ашық пікір, орынды ой қалыптасып, ашықтық сипатта жалғасқаны айтылды.
Облыстағы ауылдық, кенттік, қалалық округ әкімдері 10-20 қаңтар аралығында 90 мың адам қатысқан 724 кездесу өткізіпті. Онда 2522 тұрғын сөйлеп, 914 ұсыныс енгізгенін халықтың белсенділігінің артуымен байланыстыруға болады. Ал аудан, қала әкімдерінің тұрғындар алдындағы 286 есеп беру кездесулеріне 70 мыңдай адам қатысып, 1287-сі жарыссөзге қатысқан.
Өткен жылғы облыстық мәслихаттың кеңейтілген сессиясында есеп берген облыс басшысына 26 ұсыныс пен ескерту айтылған еді. Бүгін олардың 24-і орындалғаны халыққа жеткізілді. Нәтижесінде, Талдықорғандағы 86 тұрғын үй тексеріліп, шатырларын үш кезеңде жөндеу үшін сметалық-жобалық құжаттама әзірленіп, құрылыс жұмыстары жалғасса, өзге де мәселелердің тиянағы келтірілген.
Жетісулықтар өткен жылы өнеркәсіпте 345,1 млрд. теңгенің өнімін өндіріп, жыл өткен сайын өңдеу кәсіпорындарының үлесі өсу үстінде. Өңірде үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасымен өткен жылы жалпы құны 18,3 млрд. теңгелік 10 нысан пайдалануға берілген. Сондай-ақ, индустрияландыру картасынан тыс 34 жаңа нысан іске қосылып, жүздеген адам жұмыспен қамтылса, бағдарлама аясында Талғар ауданында корейлік жүк автомобильдері мен автобустарын ірі тораптағы құрастыру зауытының бірінші кезегі іске қосылған. Ағымдағы жылы тағы 10 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.
Аграрлық секторда 227,8 млрд. теңгенің жалпы өнімі өндіріліп, өнім өндіру көлемі жөнінен облыс республикада бірінші сатыда тұрғаны да айтылды. Ауыл шаруашылығын мемлекет тарапынан қолдау көлемі жыл сайын артып, есепті кезеңде бұл мақсатта облыста он миллиардтан астам қаржы игерілген.
Алматы қаласының маңынан азық-түлік белдеуін құру мақсатында 44,2 млрд. теңге болатын 48 инвестициялық жоба әзірленсе, оның ішінде 2010 жылы құны 7,4 млрд. тенгені құрайтын 9 жоба жүзеге асырылыпты. Ал, 28 жобаның 12-сі ағымдағы жылы іске асырылса, 16 жоба 2015 жылға дейін орындалмақшы. Мәселен, азық-түлік өнімдерін молайтуда шикізат өңдеуге ерекше көңіл бөлінген. Көксу және Іле аудандарында майлы дақылдарды, Еңбекшіқазақ ауданында жеміс-көкөніс, Іле және Талғар аудандарында сүт өнімдерін өңдейтін жаңа зауыттар тұтынушы сұранысын қанағаттандырғаны соның дәлелі. Жалпы, облыста аграрлық сектор өнімдерін қайта өңдеу саласында 819 кәсіпорын жұмыс істеп, онда 17 мыңдай адам жұмыспен қамтылды, деді баяндамашы.
Облыс әкімі, сонымен қатар, қант өндірісін арттыру, суармалы жерлерді ұтымды пайдалану, бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнімдерін ұқсату бағытында неғұрлым белсенді, ұтымды жұмыс жүргізу қажеттігін нақтылады.
Өңір экономикасының дамуы орта және шағын бизнестің өркендеуіне тәуелді. Өткен жылы аталған салада 472 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, жергілікті бюджетке 12,7 млрд. теңге көлемінде түсім түсіпті. Есепті кезеңде шағын несие беретін ұйымдар арқылы шағын және орта бизнес жобаларына 3,8 млрд. теңге несие берілген. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 1,5 млрд. теңге бөлініп, оның 509 млн. теңгесі индустриялық инфрақұрылымды дамытуға жұмсалғаны да айтылды.
Өңірде 69 елді мекен табиғи газбен қамтылған. Облыс бойынша газ құбырының жалпы ұзындығы 1,6 мың шақырымды құрайды. «Жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыру кезінде Талдықорған қаласындағы сұйытылған газдың 94 топтық резервуарлық қондырғылары жөндеуден өтті. Нәтижесінде, 14 мыңнан астам пәтерді орталық газбен жабдықтау жүйесіне қосуға мүмкіндік туғызылды.
Баяндамада «Ауыз су» бағдарламасы аясында қолға алынған жұмыстар мен «Сарыөзек – Қорғас – Қоғалы – Көксу – Қарабұлақ» автожолдары қайта қалпына келтірілгені, білім беру мен денсаулық сақтау, мәдениет салаларындағы атқарылған жұмыстарға егжей-тегжейлі тоқталған облыс әкімі бұл мақсаттағы жұмыстар алда да жалғасатынын атап өтті.
Өткен жылы 33 000 жаңа жұмыс орны ашылса, жұмыссыз ретінде тіркелген 27 441 адамның 26 236-сы жұмысқа орналасқан. Өткен жылы 8 жаңа мектеп, 10 балабақша салынса, 59 шағын орталық ашылып, 130 білім шаңырағы күрделі жөндеуден өткен.
2010 жылы 13 емдеу мекемесі салынса, 171-іне күрделі жөндеу жүргізіліп, республикалық бағдарламамен Еңбекшіқазақ ауданында аурухана, Достық кентінде көп салалы аурухана, Өтеген батыр кентінде аймақтық балалар ауруханасы халық игілігіне айналған.
Сондай-ақ, мәдениет мекемелерінің материалдық базасын нығайту барысында да жақсы істер жалғасуда. Халықтың саламатты өмір салтын қалыптастыруы мен спортқа деген ынтасын арттыру жемісін беріп келеді.
Өткен мерзімде облыс әкімінің электронды сайтына тұрғындардан 866 хат-хабар түссе, олар дер кезінде жауап алған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, мемлекеттік қызметшілердің «Ар-намыс» кодексін сақтау мәселелері тұрақты бақылауға алынып отыр.
– Бүгін өткен жылы 11 наурызда болған Қызылағаш оқиғасына тоқталмай кете алмаймын. Апат аймағында 542 үй салынып, 105 үй күрделі жөндеуден өтіп, осы заманғы жаңа кент пайда болды. «Жансүгіров» қоғамдық қорына түскен қаржы есебінен әрбір отбасына қажетті жабдықтар мен жиһаз, басқа да жағдайлар жасалды, – деді С.Үмбетов.
Елбасының «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» Жолдауы бүгінде жалпыұлттық идеяға айналып, «Нұр Отан» партиясының таяуда өткен съезінде Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, «Біз берік бірлігіміздің арқасында ұлан-ғайыр жетістікке қол жеткіздік. Алдағы уақытта ауызбірлігімізді нығайта түссек, бұдан да биік белестерді бағындыра береріміз анық», деген сөзі біздің барлық жұмысымыздың өзегі болуы тиіс. Және ел мерейін асқақтататын биіктерді бағындырамыз, деді С.Үмбетов.
«Онлайн» режімінде тікелей байланыс арқылы барлық аудан, қалаларда әкімнің есебін тыңдағандар сұрақ қойып, нақты жауап алуына мүмкіндік туғызылды. Облыс әкіміне Ескелді, Қарасай, Сарқан аудандарының жұртшылығы жол жөндеу, дәрігерлік қызмет көрсету, тағы басқа сұрақтарына жауап алса, Панфилов ауданы, Сарыбел ауылындаға көп жылдан бері құрылысы тоқтап қалған білім шаңырағын салу жайындағы мәселе шешімін табатын болды. Ол бойынша тиісті мекеме басшыларына жедел тапсырма берілді.
Жарыссөзге қатысқан шаруа қожалығының жетекшісі, Еңбек Ері Күләш Айтжанова қара жердің қасиетін қадірлеген жаркенттіктер қол жеткізген жұмыстарға тоқталды. Іле аудандық мәслихатының депутаты, «Дәулет-Бекет» кооперативінің төрағасы Сыдық Дәулет асыл тұқымды түйе өсірудегі қол жеткізген табыстарын ортаға салды. Түйе сүтін өңдейтін зауытта өткен жылы 850 тонна шұбат өндіріліп, 50 тонна ет Алматы, Астана қалалары мен басқа да облыстар тұтынушыларына ұсынылыпты.
Сондай-ақ, Райымбек ауданы, Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп мұғалімі Іңкәр Қуанышбекқызы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен келгенін жеткізді. Жас мамандарды қолдау мақсатында ауданда жақсы жұмыс жалғасын тауыпты. Қазіргі кезде мектеп бітірген 27 жас түлек облыс әкімінің грантымен жоғары оқу орындарында білім алуда. Олар да күні ертең қатарымызды толықтырады, деді ол.
Ата-ана қамқорлығынсыз қалған қамкөңіл балғындарға өңірде мүмкіндігінше қолдау көрсетілуде. Соның бірі облыс әкімінің өткен жылғы есебінде «Айналайын» балалар үйінің түлегі Дәурен Тобажанов бауырларымен баспанасыз жүргенін қынжыла айтқан-ды. Бұл жолы Дәурен сол өтінішінің орындалғанын, пәтерлі болғанын жеткізді. Осындай әлеуметтік жағынан жеткіліксіз қамтылған І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің студенті Әйгерім Шаншарбаева облыс әкімінің грантымен білім алуға қол жеткізіпті. Және 354 замандасым осындай жеңілдікті иеленуде, деді.
Сұрақ бергендер мен сөйлегендер қатары едәуір болды. Бәрі де сауалдарына нақты жауап алды.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.