АЛЕКСАНДР,
Қазақстан православие шіркеуінің басшысы, Астана мен Қазақстан митрополиті:
– Қазақстан ядролық қарудан өз еркімен бас тартып, ядролық қарусыз держава атанғанына да ширек ғасыр толды. Семей полигонының жабылуында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі орасан. Бүгінгі өткізіліп отырған халықаралық конференция адамзаттың игілігі үшін жасалған сол іргелі еңбекке берілген баға болып табылады.
Қазақстан ядролық қарусыз ел ретінде көптеген елге өнеге ретінде танылды. Бұл – бір ғана мысал. Кез келген салада басқа елдердің назарын өзімізге аудартып келеміз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өркениеттер үндестігі, бейбітшілік пен келісім төңірегіндегі даналық саясатына құрметпен қарайтындар қатары көбейе түсті.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің басқосуы біршама жылдан бері елордада өткізіліп, түрлі дін өкілдері бас қосатын ортаға айналды. Бұл бастама да Мемлекет басшысының сындарлы саясатының арқасында жүзеге асты. Президенттің айтқанындай, Ұлы Дала төсінде асқақтаған құстың қос қанатындай – бір қанаты дәстүрлі ханафи мазһабы, екіншісі – христиандық, яғни православиенің еліміздің дін саласындағы орны бөлек. Қазақстанның дамуына, халықтың бірлігі мен келісімінің нығаюына үлес қосып отырған қос діннің қызметі де «Діни бірлестіктер туралы» заңда нақты таңбаланған.
Елорда төрінде өткен ядролық қарусыз әлем құру туралы халықаралық конференция – Қазақстан тарапынан, оның басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тарапынан атқарылған ұлан-ғайыр жұмыстың нәтижесі.
Бақытжан ЕРТАЕВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты, Халық қаһарманы:
– Астанада өткен алқалы жиынның тарихы тым тереңде. Осыдан ширек ғасыр бұрын Елбасының Жарлығымен халықты 40 жыл қырғынға ұшыратқан Семей полигоны жабылды. Нұрсұлтан Назарбаев елдің болашағы мен тыныштығын ойлағаннан кейін осындай батыл қадамға барды. Қазақстан Президентінің батыл қадамына бейбітшіліктің қадір-қасиетін бағалай білетін жандар сүйсініп, оны басқа мемлекет басшыларына өнеге ретінде ұсынады.
Осыдан үш жыл бұрын Венадағы басқосуға қатысушылар арасында «Бейбітшілік дарабозы» («Рыцарь мира») атты марапатқа кімдер лайық деген төңіректегі ұсынысқа куә болған едім. Жиында 23 елдің өкілдері бас қосқан-ды. Сонда таңғалғаным, барлығы бірауыздан Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін қуаттады. Қазақстан Президентінің бейбітшіл бастамаларынан күллі әлем жұртшылығы хабардар екенін осы жиын барысында анық байқадым.
Бір қызығы, халықты жаппай қырып-жоятын қаруды ойлап тапқандарға Нобель сыйлығы беріліп келгені мәлім. Парадокс. Төрткүл дүниенің тыныштығын ойлап, бейбітшілік жолында күш-жігерін жұмсап, ядролық қаруды ауыздықтау үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген тұлғалардың еңбегі ғана Нобель сыйлығына лайық қой. Ендеше, біздің Елбасымызды осы сыйлыққа бірден-бір лайықты тұлға деп есептеймін.
Бүркітбай АЯҒАН,
Мемлекет тарихы институтының директоры:
– Ядролық қару қаупі қазіргі кезде бұрынғыдан де күшейе түсті. Қазақстан – тарихта ядролық қарудан бас тартқан бірден-бір мемлекет. Әлем жұртшылығы Елбасының бейбіт бастамасын қолдағанымен, уысында ядролық қаруы барлары шешім қабылдауға асығар емес. Қайта соңғы жылдар бедерінде ядролық қарудың қожайыны болуға ұмтылушылар саны көбейе түскен тәрізді. Сол себепті, қазіргі таңда халықаралық конференцияның маңызы зор деп айтуға болады.
Ядролық қару 7-8 мемлекетте болса, жиырма шақты мемлекет «табалдырықта тұрған мемлекеттер» саналады. Үндістан, Пәкістан, Израиль, Солтүстік Корея, Иран сияқты елдер соңғылардың санатында. Елдер арасындағы өзара бәсекелестік ядролық қарудан біржола бас тартуға кедергі болып отыр. Ядролық қаруды таратпау жөніндегі конвенция да бар. Алайда, оған әзірге дейін 144 мемлекет қол қойса, әлі де оны мақұлдамаған мемлекеттер саны жеткілікті.
Жалпы, Елбасы өзінің «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде айтқанындай, ядролық қарудың таралу қаупі бұрынғыдан да ұлғая түсті. Террористік топтардың қолдарына түсу қаупі кім-кімді де ойландырмай қоймайды. Ең қауіптісі де осы. Елорда төріндегі алқалы жиын барысында ядролық қарусыз әлем құру төңірегінде бәтуалы пікірлер айтылды. Ең бастысы, Астанадағы басқосудан көпшілік орнықты ой түйіп, ядролық қарусыз әлем құруға қарай бір қадам ілгерілесін дейміз.