• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
19 Ақпан, 2011

Жастарға жайдарылық жарасады

1183 рет
көрсетілді

Қоғамда “түнгі клуб жағалағаннан дұрыс жас шықпайды” деген ұшқарылау пікір бар. Бүгінгі күннің жасы ретіндегі менің пікірім қай заман мен ұрпақты, қай елді алмайық, жастардың көңіл-көтеруі орынды саналған. Біз­ге дейінгі қазақ қоғамында да ауыл жас­тары бас біріктіріп, бастаңғы жасаған. Қа­зіргідей арақ ішіп алып азғындамаса да ойын ойнап, көңіл көтерген. Айлы түнде алтыбақан теуіп, сырласқысы келсе ақсүйек ойнаған. Ал қазіргі жастардың түнгі клубты жағалап, би билегенінде тұрған әбестік жоқ. Әрине, қазіргі күні еркіндік пен бос­тандықты абсолютті ақиқат деп білетін жастар жауапкершіліктен қашар жолды да жақсы таңдап алған. Дегенмен бүгінгі күні бастаңғы жоралғысын ішімдік ішпей-ақ дәстүр ретінде жал­ғастырып сенбі, жексенбі күндері дема­латын жастарды бұзылған деуге де келмейді. Аптасына жеті күн жұмыстан өзгені білмейтін бикештер мен үйленбей жүрген сүрбой­дақтарымыз қарақан басын көшбасшы санап, “бэби-бумға” үлес қоспайтынын айтып зар қақсаймыз. Жеке өміріне уақыт арнап, ешқай­да шықпаса, қатарлас замандастарымен пікір алыспаса несі жас? Тұла бойында жастық жа­лыны жалындап тұрған замандастарымның түнгі музыкаға елтуі табиғи заңдылық секілді. “Жастар әлем-жәлемге әуейі, жұріс-тұ­рыс­та­ры жадағай, беделді кісілерге бетбақтық көр­сетеді. Үлкендерді сыйламайды, жұмыссыз сенделіп, өсек өрбіткеннен басқаны білмейді. Ата-ана­ларымен айтысады да жатады, әңгімеге жөн­сіз килігіп, өздеріне жұрт назарын аудартумен болады, обырлыққа бейім, ұстаздарын ман­сұқ­тайды”. Бұл сөздерді атақты Сократ б.э.д.V ғасырда айтып кеткен. Бірде ағылшын парламентінде жастар туралы мәселе көтерілген көрінеді. Шешен мінберден жастар, келешек ұрпақ туралы 4 сөйлем келтіреді. Олар былайша өрбиді. Қазіргі жастар сән-салтанатпен, бай киінуді ұнатады. Олар нашар тәрбиеленген, бас­шыларын мазақтап-мысқылдап, қарияларды құрметтемейді. Біздің қазіргі балаларымыз мейірімсіз тирандарға айналды. Олар бөлмеге үлкен кісі кіргенде орын­да­рынан тұрмайды, ата-аналарына қарсы сөй­лейді. Қарапайым түр­де айтсам, олар өте нашар. Егер қазіргі жастар басқару билігін қолына алып, елді басқаратын болса, онда мен елім­нің болашағына қатысты барлық үмітімді жо­ғалттым. Өйткені қазіргі жастар адам төзгісіз, шыдамсыз, сұмдық. Біздің әлеміміз өзінің соңғы даму саты­сы­на жетті. Жас ұрпақ өз ата-аналарын тыңда­май­ды. Ақырзаман жақындап қалған сияқты. Бұл жастар әбден бұзылған. Олар зұлым, арам ойлы және ебедейсіз, икемсіз. Келешек ұрпақ ешқашан алдыңғы буын өкілдеріне ұқ­сағылары келмейді. Бүгінгі күннің жастары біздің мәдениетімізді сақтай алмайды. Бұл ой-пікірлер парламентте қызу қол ша­палақпен қарсы алынып, үмітсіз болашақ пен тәр­биенің нашарлығы туралы мәселе қуат­талады. Сол кезде әлгі шешен бұл ойларының шешімін жариялайды. Сөйтсе бұл ой-пікірлер 4 кезең ғұламаларының артына қалдырған сөздері екен. Алғашқы пікір Сократқа, екіншісі – Гесиодқа, үшіншісі – египеттік абызға тиесілі, ал соңғысы Вавилонның қиран­ды үйіндісінен табылған қыш құмырадағы жазу. Ал қыш құмыра жасы 3000 жылдан асып кеткен көрінеді. Яғни, жастарды икемсіз, ебедейсіз деп ойлау 3 мың жылдан бері жал­ғасып келе жатқан мәселе. Адамзат тарихы циклды дүние екені белгілі. Аға ұрпақтың қашанда кейінгілерге сын көз­қараспен қарауы заңдылық. Алайда аға буын уақытында өздерінің де жас болған­дығын ұмытып кететін сияқты. Біздің пікірімізше, еңбексүйгіш, өз мүддесі мен талабы, мақсаты бар жастар әрдайым болған және бола береді де. Олай емес дейтін болсақ, адамзат дамуына, өркениет пен мәдениет үдерісіне келтірер уәжіңіз қайсы? Оған қалай қол жеткіздік? Сондықтан қай кезде болмасын адамға заманға тәуелсіз болашақ ұрпағы үшін сенімсіздік, болмаса алаңдаушылық басым. Мүмкін осы алаңдаушылық осындай пікірлер айтуға мәж­бүрлейтін болар. Жастар қасаң қағидаға жа­ңа дем, қоғамға жаңа нәрсе, жаңа құн­дылықтар әкелетіні үшін жастар болмақ. Жастар енгізген жаңалықтың барлығы бірден қа­былданбайды. Адамзат жа­ңашылдықтан қор­қады. Алда-жалда дүние өзгере қалса мен қайтпекпін деген таптаурын ой арқылы жа­уап­кершілік көбіне жастарға артылады. Тө­менде замандастарымның екі жағын да ашып көрсетуге тырыстым. Әрине, жастар бірыңғай демалып кетсе мәселе сонда тумақ. Оларды күндіз машинадан, түнде тек клубтан көрсеңіз дабыл қағуға болар. Өйткені, жақсы мен жаманның, бұрыс пен дұрыстың ара жігін ажырата білмейтін жастың түнгі клубтан дұрыс нәрсе үйре­не­тініне кім кепіл? Ал күндіз кітапханадан көрсеңіз немесе ізденіс үстінде жүрсе ол бас­қа әңгіме. Қала берді, екі аптада бір рет түнгі клубқа баратын жастар айына бір рет операға немесе балетке бара ма екен? Осы жөнінде ойланып көрейікші. Қызығушылық танытып, музейге жолай ма? Адамзат баласы ақпаратты 30-35-те жақсы қабылдайды екен. Ғылыми тұрғыда деп алып, ойға келмейтін оралымсыз неше түрлі нәрсені айта береміз. Жұрттың бәрі данышпан емес. Бұл жастан асқан соң көп­шілігінің алған білімі мен ізденісі тесік қапшыққа салынған нәрсеге тең. Сондықтан жас кезде реті келсе бос уақытты тиімді өткізген жөн. Бассейн, суға жүзу, коньки тебу, тіл үйрену – тек көңіл шіркін қаласа деңіз. Сын садағына ілінер бойкүйез, енжар жастар туралы не айтуға болады? Қазіргі кезде қай басылымды алсаңыз, қайсысында да қап­таған “жұлдыздар”. Қол жеткенінің бәріне өзін жарнамалап, қолынан келсе жалпақ әлемді жалпағынан басып жүргендерді көрген тоғышарлық санада соған еліктеу басталады. “Жұл­дыз” атанып, жарық дүниені қоны­шы­нан басу үшін қаржысы жетпейтіндігін көрген кезде ата-анаға қарсы шығушылық, оларды тыңдамау, қадірлемеу секілді қылықтар бой көтереді. Міне, осындай санасы төмен, білімсіз жастар өз мүдделеріне қол жеткізу бары­сында қаржымен қамтамасыз етпегендігі үшін әке-шешесін кінәлай бастайды. Осындайдан адал еңбекпен барлығын бірден ала алмайсың деген ой қалыптасады да, заңды айналып өтсең бәріне бірден қол жеткізуге болады деген дақпыртқа ерген жас ойламаған жерден от басқанын әдетте кеш түсінеді. Өзіміз жиі жү­гінетін Еуропаңыздан үйренетін бір нәрсе бар. Жастары “сақал шыққанша” әке-шешенің мойнында отырмайды. Кәмелетке толысымен бөлек шығып, қаржылық тұрғыда ата-анаға тәуелділіктен құтылуға ұмтылады. Шешімді өзі қабылдайды. Айтпағым, біздегі секілді өз аузына өзі қолы жетер жасқа келсе де ата-ана нәпақасына ортақтасып отыра бермейді. Білім із­дейді, болмаса жұмыс жасауға талпынады. Ұялы байланыс телефондарынан соңғы кезде жиі көрінетін бейнероликтердің бірі – жастар арасындағы төбелес. Тек ұлдар емес, қыздардың да шаштасып төбелесетінін бай­қай­тын болдық. Жан түршіктірер сол көрі­ністердің арғы жағында жасөспірімдер ара­сындағы қатыгездік, күшпен қорқытып ақша талап ету, жәбір көрсету белең алып бара жат­қандығын жасыруға болмайды. Жауапсыз махаббат, үй ішіндегі жағымсыз жағдай – бос сылтау. Соңғы кезде өзіне-өзі қол жұмсау фактісі көбеюде. Статистикаға сөз берейік. Рес­публикамыздағы әр 100 мың адамға шаққанда 26,9 өзін-өзі өлтіру жағдайлары тіркелген. Бұ­ның қорқыныштысы саны 16 210 144 хал­қы­мыз үшін тым көптігі. Бүкіләлемдік денсау­лық сақтау ұйымының мәліметтеріне жүгін­сек суицидтің ең жоғары деңгейі – әр 100 мың адамға 20-дан екен. Жас көрсеткіші бойынша есепке алсақ, еліміздегі осындай өкінішті өлімдердің негізгі бөлігі жастарға тиесілі. Бұл сан әр 100 мыңға шаққанда 34,5-ті көрсетеді. Әлем бойынша 3-орын. Еліміз үшін мақ­та­нарлық емес, дабыл қағарлық жәйт. Ішкі істер органдарының берген мәліметі бойынша, 13 мың жайсыз отбасы және 16 мың жасөспірім арнайы тіркеуде тұр. Бұл нені білдіреді? Еліміздің іргесін бекітетін 13 мың уық пен кереге солқылдақ деген сөз. 16 мың жасөспірім ертең елді өрге сүйрейтін болашақ жастар. Олардың тіркеуде тұруы да болашағымызға алаңдауымызға себеп болып отыр. Сарап­шы­лар болса үйдегі тәрбиенің нашарлығы мен мектеп психологтарының әлсіз жұмыс ат­қаратындығын алға тартады. Оның үстіне қазақы діл психологқа баруды аса жақтыра бермейтіні де рас. Мәселенің екінші жағы бар. Замандас­та­рымның арасында өздеріне сенімді, қай істе болмасын бастамашы бола алатын азаматтар барлығы қуантады. Олар – өз мақсат-мүддесі жолында талмай тер төгіп, сапалы білім мен оны дұрыс қорыта білу арқылы ерінбей еңбек ететіндер. “Ақша, болмаса қызмет баспал­да­ғымен” деген арзан түсінік олар үшін ма­ңызды емес. Білімді мыңды жығатынына сенетін, дүние дамуының тетігі білімді жас­тардың қолында екендігіне көз жеткізген олар ілім-білімнің соңына түскен. Білімдінің ал­майтын асуы, жетпейтін биігі жоқ. Дарын­сыздардың сатып алып жатқан құжаты дұрыс ұйқыға кепілдік бермейді. Қазір Қытайда, Ресейде, АҚШ-та, Ұлыбританияда, Жапонияда, Сингапурде әлемнің түпкір-түпкірінде оқып жүрген қазақ жастарының қатары көбейіп келеді. “Болашақ” бағдарламасымен ғана емес, білім күштері арқылы оқуға түсіп жатқандары қаншама. Ерік-жігері мықты олармен пікір алысудың өзі ғанибет. Жоғарыда келтірілген ғұламалар пікірі қа­зіргі жастардың кейбір сипатын нақты­лай­тын секілді. Ақтай отырып, даттаймыз. Бірақ бір нәрсе айқын, ол – жастар тәрбиесі. Жас­та­ры­мыз саналы болып өсуі үшін оларды тәр­бие­леу ісінде үлкендер үлгі көрсетіп жатса құба-құп. Сіз қалай дейсіз? Венера ТҮГЕЛБАЙ.