• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
03 Қыркүйек, 2016

Ажалға аттанғандар

563 рет
көрсетілді

– Жарайды, солай болсын, – дейді де, Махмұд өзінің аты тұр­ған қораға беттейді. Қасымхан да ерге қонып, екеуі ауладан шы­­ға­­­ды. Қамалға барар жолда олар­­­ға ақы­рындап басқалары да қосы­ла­ды. Міне, тапсырма орын­дау­шы­лар қамалдың қақпа­сына да жетеді. Махмұд ерден жеп-жеңіл секіріп түсіп, шылбыр­ды ұс­та­ған күйі қақпаға жақын­дай­ды да, қарсы жолыққан қытай­дан адью­­тантқа өзінің жолдас­тары­мен келгенін хабарлауды сұрай­ды. Атаман Нехорошконың ұстал­ғаны­нан және Қасымханның қашып құ­тылғанынан хабардар болатын. Сондықтан ол келгендердің бәрін кідіртпей қамалға өткізуді бұйы­ра­ды. Бірақ мұнда олардың бәрі кір­мейді. Солтанай Маралбаев қақ­па сыртында қалады. Ғазиз Ушурбакиев, Көдек Байсымақов және Юсуп Қадыров атаманның жеке үйінің ауласына кіреберіс тұсқа кідіреді де, Қасымхан Чаны­шев атының шылбырын Ғазизге беріп, өзі ауланың қақпаға жақын тұсындағы күзетшілер отыратын үйдің есігі алдында кез­дейсоқ бө­гел­ген қалып танытып тұрып қала­ды. Махмұд болса өз атының тіз­гінін Көдекке ұстата салып, ата­ман­ның үйіне қарай жүреді. Күзетші Махмұдты үйге еш бөгетсіз кіргізіп жібереді де, өзіне жақындап келген Мұқай Байсымақовпен жайбарақат әңгімелесіп кетеді. ...Кенеттен үй ішінен бірінен соң бірі атылған үш оқ дауысы естіледі. Мұқай қалтасынан алты­атарын суырып алғаны сол еді, есін жиып үлгермеген күзетші дәліз сатысының жақтауына орақпен орғандай сұлап түседі. Күзет үйінен атып шығуға ұмтылған казактарды есік пен терезеге оқ атқан Қасымхан қайта қуып тығады. Зәрелері зәр түбіне жеткен олар қаруларын тас­тай сала тақтай төсектердің астына зып береді.Осы кезде іштен бірін бірі сүйеген Махмұд Қожамияров пен Мұқай Байсымақов көрінеді. Олар дәліз сатысына жеткен бойда аттарға қарай ұмтылады. – Жылдамдат, – дейді Қасым­хан. Тапсырманы орындаушы топ қас қағым сәтте шығар қақпаға қарай құйғыта жөнеледі. Қамал аузын­да тұрған қытай шеріктері әл­дене жайында өзара даурыға әңгі­ме­ле­сіп тұрған еді. Қасым­хан мен Сол­танай оларға қарай дүркіндете оқ жау­дыр­ғанда, аналар естері шығып жан-жаққа бытырай қаша жөнеледі. ...Қаладан ұзап шыққан соң ғана Махмұд атаманның жұмыс бөл­месінде болған жай­ды әңгі­ме­леуге кіріседі. Осы та­қы­рыпты зерт­теуші Н.Миловановтың жазуына қара­ған­да, мәселе былай болған. «Мен бөл­меге енген кезде, – дейді Махмұд Қожа­мияров, – Дутов стол басында әл­денені оқып отыр екен. Мен белім­ді бүге ізет көрсеттім де, стол­ға жа­қын­дап, оған сол қолыммен хат­ты ұсын­дым. Ол салқын аманда­сып, хатты оқи бастады. Атаман ма­ған бұл жолы бұрынғы әдетінше оты­руға орын ұсынған жоқ. Оның кө­ңіл-күйі болмай тұрғаны анық еді. Хат­ты оқып шыққаннан кейін қатқыл үнмен: – Чанышевтің өзі қайда? – деді. – Ол шекарадан бері өтерде ая­ғын қатты мертіктіріп алғандық­тан келе алмады. Сізден мархабат етуді сұрап, үйінде күтіп отыр, – дедім. – Бұл оның қай әзілі, – деген ол мен жауап бергенше болмай қарсы бұрыштағы шағын стол жанында отырған көмекшісіне бұрылды да: «Ұста мынаны!» – деп айғай салды. Анау маған қарай ұмтылды, ал мен алтыатарым­ды суырып алдым да, алдымен Дутовты сұлаттым. Сонан соң өзіме атылған адьютантты қақ маң­дайдан тарс еткіздім. Ол жа­нып тұрған май шам­ды тұғырымен құлатқан бойы еденге гүрс етті. Мен атаманның ау­нақ­­шып, ыңырсып жатқанын көріп оны екінші рет аттым да, не бол­ғаным­ды білмей, үстімді тер жауып, қабырғаға сүйене тұрып қалдым. Сол кезде Мұқай кіріп келіп, далаға сүйемелдей алып шықты. – Мүмкін ол әлі тірі шығар? – дейді мазасызданған Қасымхан. – Қайдан білейін... Бірақ мен оның жанын жаһаннамға жіберген сияқты едім, – деп жауап қатады Махмұд. – Тыңдаңдар, қамалдан дабыл үні естіліп жатыр, – деп айқайлап жібереді Насыр Ушурбакиев. – Бұл қуғын болады деген сөз, – дейді Солтанай. – Атқа қамшы басайық. Атаманды атқан соң құрамында Махмұд Қожамияров, Ғазиз Ушур­бакиев, Көдек пен Мұқай Байсы­мақов­тар, Юсуп Қадыров, Солтанай Маралбаев бар жеті адамнан тұратын жасақ Сүйдіннен шығып, Кеңес шекарасына қарай емес, керісінше Құлжа жаққа бет алады. Осы себепті де тапсырманы орындаушылардың ізіне түскен казактар олардан көз жазып қалады. Чекистер бұдан кейін оқиға өткен маңайдағы Дағыр қыстағында мәселенің мәнісін білу үшін қалып қойған Насыр Ушурбакиевтен бір хабар келгенше қалада бой тасалайды. Ақыры: «Арғы беттен ауып келген орыстардың жандаралын белгісіз біреулер атып кетіпті. Оны жерлеу үшін кәпірлер тайлы-таяғы қалмай Сүйдінге жиналып жатыр екен», – деген базардағы гу-гу әңгіме бұларға хабаршының сөзімен қатар жетеді. Атаманды және онымен бірге қаза тапқан казактар Лопатин мен Масловты жерлеуге Шыңжаң өңірін­де тұратын орыстардың біразы қаты­са­ды. Сол жылдары Қытайда өмір сүр­ген эмигрант әйел Елена Саф­ро­но­ва 1999 жылы Мәскеуде жарық көр­ген «Қай­да­сың, менің Отаным?» ат­ты кі­табында атаманды жерлеу рә­сі­мін былай суреттейді: «...Дутов­ты соңғы сапарға шығарып салу сән-сал­танатымен, сазды әуез­бен бас­талды. Алдыңғы лекте мар­құмның денесі бар табытты көтерген адамдар, ал олардың ізін ала қарақұрым халық жүріп отырды. Дутовты Сүйдіннен төрт шақырымдай жердегі Доржинки деп аталатын христиан зиратына қойды. Кейіннен анықталғандай, ата­манға келген басмашылар Чанышев, Қожамияров және Бай­­­сымақов оның көзін жою үшін арнайы тапсырмамен Кеңес жерінен жіберілген екен. Жер­леуден кейін екі-үш күн өт­кен соң әлдекімдер Дутовтың қабі­рін ашып, марқұмның басын ке­сіп алған және мәйітті көмусіз қал­­дыр­­ған. Ұрланған бас жендеттерге өздерін жібергендердің ал­дын­да тап­сырманың мүлтіксіз орын­дал­ға­нын дәлелдеу үшін қажет болған сияқты». Бұл туралы Шыңжаңда тұрған эмигрант В.Мищенко да жазады: «Атаманды жер қойнына тап­сырған соң апта өтпей оның қабірін әлде­біреулер қайта ашып, мүр­ден­ің басын кесіп алыпты. Қані­шер­ге ол бас қауіпсіздік қызмет­кер­лері кепілге алған өзінің отбасын құтқарып алу үшін Төтенше комиссияның алдын­да тапсырманың орындалғанын айғақ­тайтын дәлел ретінде керек бол­ған». Осы оқиғаны әңгімелей оты­рып ол: «Сол күндері Сүйдінде штаб­қа кемінде бір тірі жансызды ұс­тап әкеліп тапсырған адамға 5 000, ал өлі жансыз үшін 3 000 алтын рубль беріледі деп жария­ланды», – дейді. ...1921 жылдың 11 ақпанында Ташкенттен Бүкілресейлік Орта­лық Атқару Комитеті Түркі­стан комиссиясының және РСФСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төр­ағасы, Түркістан майданы Әс­ке­ри Революциялық Кеңесінің мүшесі Григорий Сокольниковтың атына, көшірмесі РКП(б) Орталық Ко­митетіне төмен­дегідей жедел­хат жолданады: «6 ақпанда ком­му­нистердің Жаркент тобы арқылы жіберіл­ген адамдар генерал Дутов­ты және оның көмекшісі мен ата­ман­ның жеке нөкерлерінен екі казакты төменде баяндалып отырған жағ­дайда өлтірді нүкте Операцияға басшылық етуші адам Дутовтың бөлмесіне кіріп келіп оған хат ұсын­ды да ұрымтал сәтті пайдала­нып екі рет атып Дутовты және үшінші оқпен көмекшісін жайратты нүкте Шегініс үшін тосқауылға қалдырылған екеу атыс шыққан үйге қарай ұмтылған атаманның жеке күзетіндегі екі казакты өлтір­ді нүкте Біздің адамдар бүгін аман-есен Жаркентке оралды нүкте». Осы арада мына бір жайтқа тоқ­­тала кетейік. Ол жоғарыда атал­­ған жеделхатта қолданылған «опе­ра­цияға басшылық етуші адам Дутов­тың бөлмесіне кіріп келіп» де­ген сөз тіркесі. Осы жолдар зерт­­теу­шілерді: «Бұл нақты кім бол­­­ғаны?» деген сұраққа жетелері анық. Мұнда, яғни, алғашқы жедел­хатта фамилияның аталмауын біз­діңше сол кездегі өте құпия түр­де өткен аса жауапты опера­ция­ға қатысқан адамдардың және олар­дың отбасы мүшелерінің өмірі­не төнуі мүмкін қауіптен сақ­тану шарасы деп түсінгеніміз жөн. Ал бірақ..., иә, бірақ арада екі ай өт­кен соң әзірленген екін­ші құжат­та мем­лекеттік мәні зор осы ша­раға кімнің «тікелей бас­шы­лық жасағаны» кімнің «тіке­лей қатыс­қаны» тайға таңба ба­сыл­ғандай етіп көрсетілген. Ол Ташкенттен жоға­ры­дағы тапсырманы орындаушыларды марапаттау туралы жіберілген бұйрық еді. Онда былай делінген: «АРНАЙЫ АДРЕСКЕ. МЕЙЛІНШЕ ҚҰПИЯ. Түркістан өлкесіндегі ВЧК уәкілетті өкілінің №44 бұйрығынан көшірме. 1921 жылғы 12 сәуір. Ташкент қаласы. Құлжада атаман Дутов­тың көзін жоюды тікелей ұйым­дас­тыр­ға­ны үшін Қ. Чанышевты ВЧК атынан «Дутовтың көзін жоюға тікелей бас­шылық жасағаны үшін» деген жазуы бар алтын сағатпен марапаттаймын. Атаман Дутовтың көзін жоюға тікелей қатысқаны үшін ВЧК атынан М.Қожамияровты тап сон­дай жазуы бар алтын сағатпен мара­пат­таймын. Атаман Дутовтың көзін жою­ға тікелей қатысушылар ретін­де М.Байсымақовты, Ю.Қа­дыров­ты, Ғ.Ушурбакиевті ВЧК аты­нан «Дутовтың көзін жоюға тікелей қатысқаны үшін» деген жазуы бар күміс сағатпен марапаттаймын. ВЧК-ның Түркістан өлкесіндегі уәкілетті өкілі Я.Петерс». Өте күрделі, аса жауапты тап­­сыр­­маны орындағандардың қалған­дарына атаулы қарулар мен марапат қағаздары беріледі. 5. Тағдыр Қанқұйлы атаман Александр Дутов, оның көзін жою жөніндегі кеңес чекистерінің жасырын жос­пары және ол операцияны орын­­даудағы жеті жаужүрек жігіттің жанкештілігі туралы бізде аз жазылған жоқ. Өткен ХХ ғасырдың екінші жартысы мен үстіміздегі ХХІ ғасырдың басында көптеген зерттеу мақалалар мен жинақтар жарық көріп, тарихи-көркем фильм де түсірілді. Бірақ, солардың бәрінде бір нәрсе ескерілмеді. Ұмыт қалып жүрді. Ол: «Ажал аузына аттанған сол азаматтар қашан, қайда, қан­дай ортада өмірге келіп еді? 1917-1918 жылдардағы төңкеріс, азамат соғысы кезінде бұлар кім болған? 1921 жылғы өздері үшін қияметтің қылкөпірі дерлік атышулы операциядан аман оралғаннан кейін сол есіл ерлер­дің тағдырлары не болды? Олардан ұр­пақ қалған ба? Қалса қайда тұрады, ата-әкелері туралы не айтады?» – деген сұрақтарға жауаптың жоқтығы дер едік. Жоғарыдағы тарауларда баяндалған оқиғаның жалғасы ретінде құрметті оқырман, біз енді осы олқылықтың орнын толтыруға талпыныс жасап көрейік. Сонымен... Алғашқы әңгімені Қасымхан Чанышевке қатысты деректерден бастайық. Ол 1898 жылы өмір­­ге келген. Ұлттық Қауіпсіз­дік ко­­митетіндегі арнаулы мем­ле­кет­­­тік Орталық архив басшысы Е.Бах­­­мутовтың 2010 жылғы бізге берген құжа­т­­­тар топ­та­­ма­сында оны Жеті­су өңі­рі­нің тумасы деп көрсет­кен. Әкесі – Қазан татары, князь Мұха­мед­ғали Чанышев. ХХ ғасыр­дың бас кезінен Жаркент қаласында тұрған бұл кісінің Ташкент пен Құлжа­да үлкен фабрикалары мен тері, жүн өңдейтін кәсіпшіліктері болған. Сәби Қасымханнан кіш­кене кезін­де: «Өскенде кім бола­сың? – деп сұра­ғанда, – кедейлерге үлестіру үшін мына фабрикаларда сабандай көп ақша жасаймын», – дейді екен. Ол гимназияда оқиды. 1917 жыл­­ғы қазан төңкерісі кезінде бір­ден Кеңес өкіметі жағына шы­ға­ды. Бұған үлкен ағасы Аббас қар­сы бола­ды. Алайда, албырт жас оны тың­да­майды. Сөйтіп орыс тіліне жетік, сауат­т­ы, жүріс-тұры­сы ширақ, сымбатты жігітті жер­гілікті жердегі ЧК Жаркент қала­лық милициясының бастығы етіп тағайындайды. Содан үш жыл өткен соң оның атаман Александр Дутовтың көзін жою жөніндегі топқа жетекшілік жасағаны бел­гілі. Ұлттық Қауіпсіздік коми­теті мұрағатында Қасымхан Чаны­шев­тің бұл операцияға қатыстылығы мынадай­ ресми құжаттармен раста­лады. Олар: ВЧК уәкілетті өкілі­нің 1921 жылғы 14 сәуірдегі №1883 куә­лігі; Түркістан майда­ны­­ның Ал­ма­т­ыдағы тіркеу бөлімі басты­ғы­ның 1921 жылғы 20 ма­мыр­дағы №800 хаты; ГПУ алқа­сының 1924 жылғы 4 тамызда берген №54794 грамотасы және Қасымхан Чанышевті алтын сағатпен марапаттау туралы ГПУ Төрағасы орынбасарының қолы қойылған №214365 анықтама. Осылардың ішінен екі құжатқа тоқталып өтелік. Біріншісіндегі мәтін мынадай: «Куәлік. Осыны көрсетуші Чанышев Қасымхан жол­дас 1921 жылғы 6 ақпанда жалпы­рес­пуб­ликалық маңызы бар акт жасап, бірнеше мың адам өмірі мен жалпы еңбекші бұқараның тыныш­тығын қанқұйлы бандылар шабуылынан сақтап қалды. Сон­дықтан бұл жолдасқа Кеңес билі­гі тарапынан сергек қатынас талап етіледі және аталған жолдас­ты уәкілетті өкілдің рұқсатынсыз қамауға алуға болмайды. ВЧК-ның Түркі­стан Республикасы аума­ғын­дағы уәкілетті өкілі Я.Петерс. 1921 жылғы 14 сәуір. №1883. Ташкент». Енді екінші құжатқа зер сала­йық. Онда былай деп жазылған: «Аса құрметті және қымбатты Қасым­хан Чанышев жолдас! Сіз­дің ақ гвардияшыл атаман Дутов­тың көзін жоюдағы ерлі­гі­ңіз­бен қоры­тындыланған револю­ция ал­дындағы батырлы­ғы­­ңыз­ды мақ­тан тұтамыз. Алда да осын­дай даңқты істер атқа­ра­­тын­ды­ғы­­ңызға сенімдіміз. Сіз­дің сіңір­ген жоғарыдағы еңбегі­ңіз­ді ма­ра­­­­­­пат­­­­тауға қазіргі кезде мүмкін­дік­­­­тің шектеулі екенін ескеріп, №5353 үш желілі карабин­ді менің же­ке өз атым­нан және өзім­нің бас­қаруым­­­да­ғы тіркеу бөлімі басшы­лы­­ғы атынан қабыл алуы­ңыз­­ды сұ­­­­рай­­­­мын. Бұл шағын сый бір­­лесіп ат­­­қа­­­рып ке­ле жатқан жұмы­­сы­мыз­дан ес­те­лік болсын. Ком­мунис­­тік сә­лем­­­мен: Түркістан майданы­ның Ал­м­а­т­ы­­­­дағы тіркеу бөлімінің бас­тығы Пят­ниц­кий. 1921 жылғы 20 мамыр. №800». Міне, құжаттарда осылай деп айтылып, жазылған жан, мемлекеттік маңызы бар операцияны орындаушы топқа басшылық жасаған адам одан кейін қайда, кім болып жұмыс істеген? Тағдыры қалай болған? Біз оны білеміз бе? Бұл сауалдарға деген жауапты кейіпкеріміздің туған қызы Неля Чанышеваның естелігінен табамыз. Неля 1925 жылы дүниеге келген. 60-жылдары Ташкент қала­сын­дағы Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінің орталық аппаратында аудармашы болып жұмыс істеген. Бұл кісінің естелігіндегі мәлі­меттерді 90-жылдары Алматы облысын­дағы Панфилов аудан­дық ішкі істер басқармасы бас­ты­ғының орынба­сары болып Жаркентте қызмет ат­қар­ған, қазір Астана қаласында тұра­тын заң ғылымдарының докторы Сар­қыт­бек Молдабаев былай баян­­дай­ды. Қасымхан Чанышев 20-жыл­­дардың соңында қызмет бабы­мен Әулиеата өңірінің Шу стан­сасы маңындағы Новотроицк ауы­лына келіп, жұмыс істеп жүреді. 1930 жылы ол Қырғызстанның Ош қа­ла­сына шақырылып, Памир авто­көлік басқармасының бастығы болады. Бірақ содан көп ұзамай 1932 жылдың желтоқсан айында жал­ған жала жабылады. Сөйтеді де қолын­дағы Бүкілодақтық Төтенше комис­сия­ның (ВЧК) келісімінсіз тұт­қын­дауға болмайды деген куә­лі­гіне қара­­­­мас­­тан, абақтыға жабылады. Түр­­­ме­д­е жантүршігерлік азап­тарға ұшы­­райды. Ақыры отба­сына 1933 жыл­­дың 2 мамы­рын­да абақтыдан қа­шып шығу­ға әрекеттену барысын­да атып өлті­рілді деген суық хабар жет­­кізіледі. Ең сорақы жағдай сол, оның мәйіті ақ жауып, арулап кө­му­ге кері қай­тарыл­майды. Туыс­тары­на тек өліп жатқан суреті ғана көрсетіледі. Қасымхан Чанышевтің әйелі жо­ғарыдағы жауыздық жағдайдан 33 жа­сында жесір қалады. Содан кейін қайтіп тұрмысқа шықпайды. 1935 жылы өзі туып-өскен Талды­қор­ғанға келіп, осы қалада тұрады. 1974 жылы 74 жасында қайтыс болады. Енді Махмұд Қожамияровқа келейік. Ұлттық Қауіпсіздік коми­теті­нің мұрағатындағы құжаттарда бұл кейіпкеріміздің 1894 жылы қазір­гі Алматы облысының Жар­кент қаласындағы ұйғыр отбасында өмірге келгені айтылған. Бірақ, осы өңірдегі Алмалы ауы­лы­ның тумасы Нұрымбай Бек­құлиев өзінің «Елорда» баспасына тапсырған қол­жазбасында оны Ақкентте дүниеге келген еді дейді. Бұл Жаркенттен 18 ша­қы­рым жердегі елді мекен. Жер­гілікті өлкетанушы осылай десе, Махмұдтың балалық, жас­тық шақтағы, яғни қазан төң­ке­р­і­сіне дейінгі кезеңдегі өмірі тура­лы мағлұматты жазушы Жүсіп­­бек Арыстановтың 1966 жылы жарық көрген «Сұңқар да жерді мекен­дей­ді» атты деректі кітабынан табамыз. Онда қаламгер өзіміз сөз етіп отырған жанның сол кездегі Жар­кент, Көктал аумағындағы күш сынасу жекпе-жектерінде «мұштасу», «ган-гун»  (жұды­рық­тасу – ред.) өнерімен аты шық­қан бірбеткей бозбала екен­­­ді­гінен хабар береді. Ұлт­тық Қауіп­сіз­дік комитетінің іс материал­дарын­да Махмұд Қожа­мияровтың бұ­дан соң, нақты айтқанда 1918-1919 жыл­­дары контрабандамен шұғыл­дан­­ғаны, одан соң контрабандис­тер­ге қарсы күрескені айтылған. Оның осы «қызметі» кейін кәдеге жара­­ған. 1921 жылғы атаман Алек­сандр Дутовтың көзін жою опе­ра­­ция­­сы кезінде шекараның арғы бетін­дегі көз­та­ныстар одан онша көп күдік­тен­бе­ген. Сөйтіп олар оған: «Бұл кеше­гі апиын, көкнар­мен жасырын сау­да жасап жүрген аткезші, делдал ғой», – деп қараған. Аталған операцияға қатысып, ажал аузынан аман оралғаннан кейін Махмұд Қожамияров ВЧК тарапынан арнайы сыйлық – алтын сағатпен марапатталған. Сол 1921 жылы көктемде ВКП (б) қата­рына қабылданып, жергілікті жер­дегі кеңес-шаруашылық жұмы­сы­на тартыла бастаған. Оны кейіп­кері­міздің ЧК қызметкері, МТС директоры, Жаркент қалалық кеңесінің төрағасы секілді атқарған қызмет­терінен анық аңғаруға болады. Ұлттық Қауіпсіздік комитеті мұрағатындағы құжаттар жоға­ры­дағы деректерден басқа бізге мынадай жағдайлардан да хабар береді. Ол Махмұд Қожамияров өмірінің қауіп-қатерге толы бол­ған­дығы. Оның негізгі себебі ер­жүрек чекистің атаман Александр Дутовтың көзін жойған адам екен­дігін білген ақ казактар өшпен­ділігінде еді. Қаны қарайған олар мұны өлтіріп кек алу үшін 1921, 1925 және 1928 жылдары үш рет қастандық жасайды. Бірақ Махмұд Қожамияров осының бәрінен аман қалады. Өкініштісі, сыртқы күш­тердің осындай арам ойлы әре­кет­­терінен жергілікті жердегі бір тыр­нағын ішіне бүккен іші тар, қыз­ған­шақ жандар да қалыспаған. Бұған бір мысал, ол 1936 жылы Ал­м­аты облыстық партия коми­теті­не Махмұд Қожамияров үсті­нен жазыл­ған арыз. Онда: «Бұл – бұрын ірі шон­жар­лармен бай­ланыс жасаған адам. Сеніп жүр­ген кісілеріңіз төң­керіс­ке дейін Жар­кент, Құлжа өңір­лерін­де атақ-даңқы дүркіреп тұр­ған бай, бірін­ші гильдиялы көпес Уәлі­бай Юлдашевтің туысы», – деп қара­­ла­ған. Дабыл хатты облыстық пар­тия комитеті өзінің бюро отыры­сында қарайды. Жиналысқа қаты­су­шылар тексерушілердің сөз­дері­не сүйене отырып, «арыз­дағы ай­тыл­ғандар коммунист аза­матқа жа­былғ­ан жала» деген ұйғарыммен кейіп­кері­мізді жаза­дан аман алып қалады. Өстіп жүргенде... иә, өмір осылай өтіп жатқанда 1937 жылғы 1 қаң­тарда Махмұд Қожамияровтың от­басында сұмдық оқиға болады. Ол ақтар атаманының тірі қал­ған серіктестерінің жергілікті жер­дегі тап жауларын пайдаланып, солар­дың қолымен от көсетуі еді. Соның сал­дарынан кек алу­шылар түн жамы­лып келіп, кейіп­кері­міздің әйелі мен 9 жасар бүлдіршін қызын бауыз­­дап кетеді. Ал 13-тегі ұлы кез­­дей­­соқ жағдайда аман қалады. Оған жас­­өс­пірімнің сол күні анасы­нан көр­ші ауылға барып кино көріп қай­ту­ға сұранып кетуі себеп болған. Ал отағасы іссапарда екен. Бұл фак­ті­­лер «Казахстанская правда» газеті­­нің 1937 жылғы 5 сәуір­дегі «Қыл­мыс­керлер жазалан­бады» деген ма­қа­л­адан алынып отыр. Онда: «1937 жылдың 1 қаңтарына қараған түні Алматы облысындағы Ұйғыр ауданының Мирзоян атындағы МТС директоры, сол кезде іссапарда жүр­ген Махмұд Қожамияровтың әйелі мен қызы айуандықпен өлті­рілді, – делін­ген. – Коммунист бас­­шы­­ның от­басына жасалған бұл зұлым­­дық тап­­тық кек алу фактісі болып табы­­лады және ол Ұйғыр ауда­ны бас­­шы­лығының тарапынан жібе­ріл­ген саяси салғырттықтың сал­дары. Қожамияров өзіне қарсы қас­тан­­дық да­йын­далып жатқаны туралы жер­­гі­лікті органдарға әлденеше рет ескерт­кен. Мұндағы әңгіме оның аза­мат соғысы кезінде Кеңес өкі­­меті­­нің қас жауы генерал Дутов­тың көзін жоюға тікелей қатыс­қан­ды­­ғын­да болып отыр. Содан бері контрреволюциялық кулактар мен Дутовтың тірі қалған серік­тес­тері Қожа­мия­ровтан кек алуға бір­неше рет әре­кет­тенді. Олардың 1937 жыл­дың 1 қаң­тарына қараған түндегі зұлым­дығы осы­ның айғағы». (Жалғасы бар) Суреттерде: 1. ҰҚК архиві­нен алынған құжаттар мен «Казах­станская правда» газеті­нің 1937 жылғы 5 сәуірдегі нөмірінде жарияланған М.Қожамияров отба­сына жасалған қастандық туралы мақала; 2. 1920 жылы түсі­ріл­ген мына суретте Жаркент ЧК-сы мен милиция бөлімінің қыз­мет­керлері бейне­ленген. Алдыңғы қатар­дағы ор­та­да (оңнан солға қарай 5-ші) Қ.Чанышев  отыр. Басқаларының аты-жөндері белгісіз. Жанболат АУПБАЕВ, «Егемен Қазақстан»