«Бауыржан» қайырымдылық қоры осымен 10-шы жыл Ұлттық қоғамдық «Алтын Жүрек» сыйлығын тағайындап келеді. Қазақстандағы қайырымдылық пен меценаттық идеяның қанат жаюына ықпал етіп келе жатқан бұл сыйлық өз жұмысын бастап кетті.
Қайырымдылық жасауды, қиналғанға қолұшын созғанды, көмекке мұқтаж жандарға демеу бергенді өзіне парыз деп білген жандар аз емес. Қоғамның әр саласындағы әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға қайырымдылық жасауды ешкімнің ықпалынсыз-ақ міндетке айналдырған мекемелер, ұйымдар мен жеке тұлғалардың еңбегін елеп-екшеп, бағасын беру, халық атынан алғыс айту аталған сыйлық аясында көрініс таппақ.
Жеңімпаздар төмендегі аталымдар бойынша анықталады:
«Жетім балаларға көрсеткен қамқорлығы үшін» – жетім балаларға, жетім балалар үйі мен интернатына көмек көрсеткені үшін беріледі;
«Білімді дамытуға қосқан үлесі үшін» – мемлекеттік және жеке білім беру мекемелеріне қаржылай көмек көрсету, гранттар бөлу, жаңа білім ордаларын салуға қаржы бөлу, Қазақстан авторларының кітаптары мен ғылыми еңбектерін шығаруға атсалысқаны үшін беріледі;
«Мүгедек жандарға көрсеткен қамқорлығы үшін» – мүмкіндігі шектеулі жандарға және мүгедектерді сауықтыру ұйымдары мен жобаларына қаржылай, медициналық және әлеуметтік көмек көрсеткені үшін беріледі;
«Спортты дамытып, оны қолдағаны үшін» – спорт және басқа да мекемелерге материалдық, қаржылай көмек көрсеткені, Қазақстан спортшыларын халықаралық жарыстарда бақ сынауына мүмкіндік бергені үшін беріледі;
«Ардагерлерге көрсеткен құрметі үшін» – зейнеткерлер, ҰОС пен еңбек, Ауғанстан ардагерлерінің өмірін жақсартуға бағытталған жобаларды іске асырғаны үшін, сондай-ақ, ардагерлер құқығын қорғау және оларға мемлекеттік жәрдемақылардың барлық түрлерін төлеуге қолдау көрсету мақсатында қоғамдық қорлар құрғаны үшін беріледі;
«Жыл меценаты» – мәдениет саласына қолдау көрсеткені үшін, соның ішінде өнер адамдарына (ақын, жазушы, суретші және т.б.) сүйеу болғандарға, қоғамдық маңызы бар мәдени жобаларды іске асырғаны үшін беріледі;
«Ақпараттық қолдаушы» – әлеуметтік мәселелерге жұртшылық назарын аудартқаны, көмекке мұқтаж жандар туралы ақпарат беріп отырғаны, қайырымдылық мәселесін БАҚ-та көтергені үшін беріледі;
«Жылдың қайырымды адамы» – әртүрлі бағыттағы қайырымдылық іс-шараларға қатысып, ұйымдастырғаны үшін беріледі;
«Жыл ұйымы» – ірі қайырымдылық жобалар мен акцияларды ұйымдастырғаны үшін, әлеуметтік жобаларға бас демеушілік көрсеткені үшін беріледі;
«Денсаулық сақтау саласына қолдау көрсеткені үшін» – медициналық ұйымдарға материалдық және қаржылай көмек көрсетіп, сонымен қатар, медициналық қызметтің сапасын, медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру іс-шараларын өткізуге көмек көрсеткені үшін.
«Қазақстанның өркендеуіне қосқан үлесі үшін» – Қазақстан аумағында материалдық және қаржылай көмек көрсеткен шетелдік азаматтар үшін (тек жеке тұлғаларға арналған).
X Ұлттық қоғамдық «Алтын Жүрек» сыйлығына қатысу үшін өтініш үлгісін www.altynzhurek.kz, www.baurzhan.kz сайтынан, сонымен қатар, gulzat.sakhova@baurzhan.kz, info@altynzhurek.kz электронды пошталарына хат жазу арқылы алуға болады.
(Өтініштер және қосымшаларды қабылдау мерзімі –3 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында, сағат 15.00-ге дейін).
Құжаттар 1 данамен 050057, Алматы қаласы, Тимирязев к, 71 үй, 3 кеңсе мекенжайына поштамен жіберілді немесе өз қолымен апарып беріледі. Сондай-ақ, жоғарыда аталған электронды поштаға жіберуге болады.
Толық ақпаратты 8(727) 315-15-11, 274-57-49, 8 707 437 16 01 телефондарына хабарласу арқылы біле аласыздар.
X Ұлттық қоғамдық «Алтын Жүрек» сыйлығының жеңімпаздары 2016 жылы 27 қазан күні Абай атындағы МАОБТ ғимаратында өтетін салтанатты кеште анықталады.