2 қазан күні Алматыда қазақ күресінен «Еуразия барысы» турнирі өтеді. Бұл туралы Универсиаданы дайындау мен өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитеті хабарлады.
Турнир Алматыда жаңадан салынған «Алматы Арена» спорт кешенінде өткізіледі. Ол еліміз тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен қаланың 1000 жылдығына арналады. Оған 8 елден 130 балуан қатысады. Жарыс тікелей эфир арқылы KаzSport, «Боец» арналарынан көрсетіледі.
«Еуразия барысы» турнирі бір жағы аталған спорт кешенінің әлеуетін байқауға мүмкіндік береді. Өйткені, онда 2017 жылдың қаңтар, ақпан айларында қысқы Универсиада ойындарының ашылу және жабылу салтанаты, сондай-ақ, мәнерлеп сырғанау мен керлинг сайыстары өтуге тиіс.
«Алматы Арена» спорт кешені 12 мың адамға арналған.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан»