Қазақстан Жазушылар одағында бір топ қаламгерге Халықаралық «Алаш» сыйлығы тапсырылды.
Әлеуеті зор бұл сыйлық ең алғаш рет егемендіктің елең-алаңында Түркиядан қоныс аударған абыз ақсақал Халифа Алтайға берілген екен. Сыйлық содан бері үздіксіз иелерін тауып келеді.
– Халықаралық маңызды сыйлықтың бүгінгі иегерлері бәсекеге түскен 74 адамның ішінен іріктелініп алынды, – деді Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбай. – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесі қарсаңында, еліміз үшін ең ұлық мерекенің алдында осындай марапатқа ие болуларыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Отбасыларыңызға амандық, шығармашылық қызметтеріңізге бұдан да зор табыс тілеймін!
Сыйлық иелеріне арнайы дипломмен қоса лауреаттық төсбелгі, ақшалай сыйлық берілді.
Оза шауып бәйге алған дарабоздардың алдыңғы шебінде ел газеті «Егемен Қазақстанның» екі бірдей қаламгері бар. Бірі – газеттің ардагері, жазушы-журналист, драматург Жұмагүл Қуанышбекқызы (Солтиева). Ол «Сағым қуғандар», «Әйел махаббаты» пьесалары үшін, ал ақын-публицист Қорғанбек Аманжол «Алапа» өлеңдер жинағы үшін иеленді.
...Алғашқы сол бір өлеңмен
Өріліп шыққан өнермен,
Құс жолы қалқып төбемнен,
Қиқумен жаным жебелген,
Әлі де ұшып келем мен!..
– деп салтанаттың шырайын жырмен ашқан адуынды ақын Қорғанбек Аманжолдың сырлы өлеңінен соң ақсақал қаламгерлер – Әдібай Табылдиев пен Әбілфайыз Ыдырысов марапат иелеріне алғыс, тілектерін білдірді.
Сонымен қатар, Молдахмет Қаназов, Сұлтан Оразалинов, Өтеген Оралбаев, Жанат Әскербекқызы, Қуанышбай Құрманғалиұлы қатарлы бірқатар белгілі қаламгерлер әдеби сыйлықтың иегерлері атанды.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ
Суретті түсірген
Нұрманбет ҚИЗАТОВ