Мемлекет басшысы Ұлт жоспары «100 нақты қадам», «5 институттық реформа» бағдарламалық құжаттарында, «Мәңгілік Ел» идеясы жобасында білім беру жүйесінің алдына мазмұнды жаңалау және оны халықаралық стандарттарға сәйкестендіру бойынша нақты міндеттер қойды. Бүгінгідей төрткүл дүние көз ілеспес шапшаңдықпен өзгеріп жатқан заманда білім беру саласының өркениет көшінен қалып қоюына мүлде болмайды. Жаңалық атаулының алдында жүріп, бәсекеге қабілетті жаңа буынды даярлап шығару – сала алдында тұрған сандаған міндеттер ішіндегі ең маңыздыларының бірі.
Соңғы жылдары Қарағанды облысы білім беру жүйесі бойынша бірқатар қанатқақты жобаларды жүзеге асыруда оң нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Атап айтсақ, жалпы орта білім беру саласында біздің облыс электрондық мектеп, білім беру робот техникасы, үштілділік және инклюзивті білім беру сияқты инновациялық жобалар бойынша республикалық тәжірибе алаңына айналды. Бiлiм берудi дамытудың мемлекеттiк бағдарламасын іске асырудың бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша Қарағанды облысы республикада үшінші орында тұр.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада және ғылыми жобалар, конкурстар қорытындылары бойынша Қарағанды облысының командасы биыл да республикада үздік деп танылды. Біздің оқушыларымыздың халықаралық олимпиадалардағы медальдарының саны да көбейді. Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелері бойынша облысымыз республика бойынша алдыңғы қатарға шығып, орташа нәтиже республикалық көрсеткіштен жоғары болды.
Компьютерлік техникамен жабдықтауға келсек, бүгінгі күні облыс мектептеріндегі есептегіш машиналар паркі – 31 мыңнан астам бірлікті құрайды. Бұл ескірген компьютерлік техниканың санын 11,5%-дан 10%-ға дейін, бір компьютерге келетін оқушылар санын 6-дан 5,4-ке дейін азайтуға мүмкіндік берді.
Мектептерді жаңа үлгідегі кабинеттермен жабдықтау 58%-дан 60%-ға дейін өсті. Мектептердің 82%-ы кең жолақты интернетке қосылған. Бұқар жырау және Жаңаарқа аудандарында жаңа мектептер, тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған мектеп-интернатқа қосымша ғимарат салынып, пайдалануға берілді.
Облысымызда екі апатты мектеп бар. Осы жылдың маусым айында Абай ауданының Құрма ауылында 320 орындық мектептің құрылысы аяқталды. 2016 жылдың қазан айында Ұлытау ауданының Бетбұлақ ауылында салынып жатқан 80 орынды мектеп қолданысқа енгізіледі.
«Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша үш ауысымдық оқытуды жою мақсатында Сәтбаев қаласында 600 орындық және Қарағанды қаласында 1200 орындық мектептерді салу құрылысы аяқталуға жақын. Жоспар бойынша жылдың соңына дейін осы нысандар толығымен пайдалануға берілуі тиіс.
Мектептегі білім беру жөнінде айтқанда, облыс мектептерінің 46%-ы шағын жинақтық санатына жататынын ескерткен жөн. Бұл дәстүрлі түрде қалыптасқан сәйкессіздік ауыл мектептерінің білім беру сапасының деңгейімен және қызметінің тиімділігімен байланысты туындайтын проблемалардың бастауы болып табылады.
Осы проблемаларды шешу үшін соңғы жылдары облыста көптеген жұмыстар атқарылуда. Биылғы ҰБТ қорытындылары бойынша қала мен ауыл көрсеткіштері арасындағы алшақтық 2 балға төмендеді. 123 балл алған үш түлектің екеуі ауылдық – Ұлытау және Бұқар жырау аудандарынан. Облыстық олимпиадаға қатысқан ауыл мектептері оқушыларының саны 20%-ға, облыстық кезеңге ғылыми жобаларын ұсынған оқушылар саны 15%-ға көбейді.
Облыста мұғалімдер мен ата-аналарға ыңғайлы болу үшін 10 мектептің базасында алғашқы сынақтан табысты өткен «Электрондық сынып журналы» жобасы жасалып, енгізілді. Жаңа оқу жылынан бастап электрондық сынып журналы жобасына Қарағанды, Балқаш, Саран, Теміртау және Шахтинск қалаларының барлық мектептері көшті. Жобаның мақсаты – қағаз тасымалдаушыларынан бас тарту, бағалау әдісін жеңілдету және ата-аналармен кері байланыс орнату. Бұл ретте ата-аналар Android және iOS ұялы телефондарына жүктеу арқылы «EduMark» мобильдік қосымшасымен баланың оқу үлгерімі мен сабаққа қатысуы жайлы ақпарат ала алады. Мұғалімдермен бірге проблемалық мәселелерді талқылайды. Мобильдік қосымшалардың көмегімен ата-аналар өз балаларының оқу үлгерімі мен сапасын біле алады.
Білім берудің жаңғыртылған мазмұны – ата-аналар мен педагогикалық қауымдастықтан жоғары деңгейдегі ұйымдастыруды, жауапкершілікті, ұтқырлықты, тұтастықты, өзара қолдау мен түсіністікті талап ететін зор міндет және қатаң сынақ.
Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ,
Қарағанды облыстық білім беру басқармасының басшысы
ҚАРАҒАНДЫ