• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Ақпан, 2011

Қалдырған ізі мәңгілік

689 рет
көрсетілді

Мен мектепте де, институтта да ұстаз мейірімі мен шапағатына мейлінше кенелген адаммын. Әсіресе, Алданыш Нұрымов өмір жолымды дұрыс таңдауыма үлкен ықпал етті. Біздің алғашқы таныстығымыз «сырт­тай» болды. Институттың ішектей созылған ұзын дәліздерінің бірінде тұрғанбыз. Кенет «Бухгалтерлік есеп» мамандығы бойынша оқып жүрген біздің екінші курс студенттері бір-біріне: – «Біздің жаңа меңгерушіміз келе жа­тыр», – деп, сыбырласып қоя берді. Мен де қарадым. Сөйтсем, дәлізбен жүзі ашық-жарқын бір көрікті кісі келе жатыр екен. Ал жүзбе-жүз кездесуім үшінші курстың семестрінде болды. Ол кезде А.Нұрымов бізге «Шаруашылық ісіне сараптама» курсы бойынша дәріс оқитын. Ол кісінің дәрісінің жүрекке тағылымды, құлаққа жағымды болатыны сонша, тым-тырыс тына қалған аудиториядан шыбынның ызыңы естілетін. Неге десең, ол шаруашылық өміріндегі қызықты мысалдарды теориялық біліммен қызықты үйлестіре білетін. Бұл студенттер үшін кәсіпқойлық пен сабақты терең білудің нағыз үлгісі болып табылды. Көп ұзамай Алданыш аға менің дип­ломдық жұмысыма ғылыми жетекші болды. Жетекші болғанда «жоқты тап» деп қиын тапсырманы үйіп тастаған жоқ, мүмкін­ді­гінше шығармашылық еркіндік берді. Оның қысым жасағанын ешқашан сезінген емеспін. Тіпті, ой-пікіріміз үйлеспей жатса да ол өзінің ұстаздық биігінен төмендеген емес. Шалқар көлдей кеңдігінен де тарылған кезін көрмеппін. Төртінші курста Алданыш аға маған оқуды бітірген соң кафедрада, өзіне ассисент болып қалатынымды айтты. Бұл мен үшін күтпеген жаңалық болатын. Өйткені, біздің курсымызда менен де жақсы оқи­тындар, сан түрлі қырларымен алға озып кеткендер жеткілікті болатын. Ал «қызыл» дипломға үміткердің саны сегіз еді. Сон­дықтан мен: ойланайын, – дедім. Сенбідегі дәрістен соң кейін ауылға тар­тып отырдым. Әкеммен ақылдастым. Ме­нің жаңалығымды асықпай тыңдаған әкем: – Ол ақылды және қақ-соғы жоқ дұрыс адам. Сондықтан, ассисентім бол десе, бол. Сенің бойыңнан бір жақсы қасиетті танып, бағалаған шығар, – деді. Сөйтіп, Алданыш ағамен әріптес болып шыға келдім. Бұрынғы ұстаз бен студент арасындағы көзге көрінбейтін шымылдық та сыпырылды. Міне, сол тұс­та ???? ???????оның эру­ди­циясының кеңдігін, ғы­лым-білімге де­ген қатал тала­бын, принципшілдігін бұ­рынғыдан да терең тани бастадым. Кафедрада от­ыр­ғанда Ал­даныш аға бұ­рынғы ұс­таз­дарын жиі еске алатын. Менің бұдан ұққаным, ол өзіне білім беріп, тәрбие­леп өсірген ұстаздарына деген адал­ды­ғы екен. Өз жандү­ние­сі, өз сезімі, өз ақыл-па­расаты арқылы со­ны бізге жеткізгісі келеді екен. Жетпісінші жылдардың аяғында оның педагог, ғалым және кафедра меңгерушісі ретіндегі сарқылмас таланты өркендей түсті. Алданыш ағаның арқасында Мәскеудің қаржы, Алматының халық шаруашылығы институттарымен байланыс жақсара түсті. Кафедраның жас оқытушылары мен аспи­рант­тары үшін бұл өте тиімді болды. Атал­мыш институттарға барып, тәжірибеден қи­нал­май өтіп қайтатын. Ойлап отырсам, А.Нұрымов сол кезде кафедра оқытушыларының педагогикалық шеберлігін шыңдауға, оны жетілдіруге, ұжым­ның ауызбірлікті болуына көп күш-қайрат жұмсапты. Сол кісінің еңбегінің арқасында, біздің кафедрада өзара сыйластық пен принципшілдік, жоғары оқу орнына, оның мәр­тебесіне, есеп ғылымына деген сүйіспен­ші­лік және патриоттық сезім жоғары болды. Алданыш ағамен бірге өткен еңбек жолым босқа кеткен жоқ. Ол кез сүйікті ұстазыңның тәжірибесінен керегіңше алу, керегіңше қажетіңе жарату, оның өмірлік мұраттарын үлгі тұту, педагогикалық шеберлігінен үйрену деген ғибраттардан тұратын үлкен академия еді десе де болады. Мы­салы, мен бүгін ғылым саласында болсын, қызмет бабында болсын азды-көпті табысқа қол жеткізсем, онда Алданыш Нұрымовтың үлкен үлесі бар. Саламатты өмір салты мен спортты сүйе­тін, әзіл-қалжыңды ұнататын Алданыш аға осы қарапайым мінезімен-ақ талай биікті бағындыра білді. Ол ғалымдық пен ұстаз­дықтан бөлек, Жамбыл облыстық компартиясының өнеркәсіп-көлік бөлімін басқарды, Жамбыл об­лыстық атқару комитеті төр­аға­сының орынбасары болды. Од­ан кейін ары қарай өрлеп, Қа­зақстан Компартиясы ОК әлеу­меттік-эко­номикалық бөлімі мең­ге­руші­сі­нің орынбасары, Қазақ­стан Рес­публикасының бас салық инспек­циясы бастығының орын­басары, Қазақ КСР Министрлер Кеңе­сі­нің Іс басқарушысының ор­­ын­ба­сары, Президент аппара­тын­дағы қызметі сияқты айта бер­сек, ұзақ сонар тізімге ұла­са­тын көптеген лауазымды жұ­мыс­тар атқарды. Тәуелсіз еліміздің ал­ғаш­қы Са­лық заңының әзірленуіне қолға­быс етті. Оған өзіндік ой-тұжы­рым­­да­рын қосты. Осындай үлкен ұлағатты ең­бек жолынан өткен Алданыш ағаның Қы­зылорда облы­сын­дағы «Сексеуіл» бекетінде дүниеге келгенін біреу білсе, біреу білмес. Темір жол бекетінің бойында туып-өскен қазақтың қайсар баласы сол теміржолмен ары-бері өтіп жатқан пой­ыз­бен батысқа қарай батыл жол тартып, Мәс­кеу темір жол инженерлерін дайын­дай­тын институтқа оқу­ға түсті. Одан кейін ғылым жолын қуды. Сту­денттер тәрбиелеп, бір топ көрнекті ға­лым­дар шоғы­рына жетекшілік етті. Олар бү­гінде өз алдына бір төбе. Еңбек жайлы сөз болғанда Алданыш Нұ­рымов әріптестері мен студенттеріне: «Кез келген жұмыс пайдалы болуы керек, бірақ бұл аз, өйткені ол сонымен бірге қызықты болуы керек, бірақ бұл да аз, өйткені ол – сүйкімді болуы керек» дейтін. Өзі де осы тәртіпті ұстанды, бізді де соған үйретті. Алданыш аға қазір де сол талабынан жаңылған емес. Мұрат ӘЛИЕВ, экономика ғылымдарының докторы. Жамбыл облысы. –––––––––––––––– Суретте: Алданыш НҰРЫМОВ.