бейнебайланыста талқыланды
Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметовтің төрағалығымен селекторлық режімде Жамбыл және Қарағанды облыстарының ауыл шаруашылығы саласының жай-күйі мен проблемалық мәселелеріне арналған отырыстар өткізілді.
Жиынға Ауыл шаруашылығы вице-министрлері және ведомстволық комитеттер мен департаменттер басшылары, Жамбыл және Қарағанды облыстары әкімдерінің орынбасарлары мен облыстардың ауылшаруашылық құрылымдарының қызметкерлері, сондай-ақ, «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ еншілес ұйымдарының өкілдері қатысты.
«Еліміздің барлық өңірлерінен күн тәртібінде тұрған АӨК-тің проблемалы мәселелерін жинақтадық. Осы материалдардың негізінде арнайы кесте түзіліп, бүгіннен бастап әр аймақтың түйткілдерін жеке-жеке бейнеконференциялық байланыс арқылы қарауды бастаймыз. Бұл шаралардың басты мақсаты мәселелерді көтеріп қана қоймай, нақты шешімдер қабылдау және Ауыл шаруашылығы министрлігі мен аймақтық атқарушы органдар арасында тиімді қарым-қатынас жүйесін қалыптастыру болып табылады», деп атап өтті А.Мырзахметов. Жаңа форматтағы бұл үрдіс Жамбыл және Қарағанды облыстарының мәселелерін талқылаудан басталды.
Бейнебайланыс барысында жамбылдықтар тарапынан бірінші кезекті мәселе ретінде мал шаруашылығы саласына субсидияның жетіспеушілігі, тиімділігі айтылды. Бұған орай, министрлік өкілдері экономикалық өсім мен 2016 жылғы жұмыспен қамту ауқымын ұлғайту аясында министрліктің облыс әкімдіктерімен бірлесіп мал шаруашылығын дамытуды субсидиялау үшін қосымша 30,2 млрд теңге сомасында қаржы бөлу бойынша бюджеттік сұраным әзірлегенін атап өтті. Екінші кезекте малға арналған нөмірленген құлақ сырғаларының жеткізілуі мәселесі талқыға түсті. 2015-2016 жылдардың өтінімі бойынша сұралған сырғалар діттеген жеріне уақтылы жеткізілмеген.
Бұл орайда А.Мырзахметов жауапты құрылымдарға аталған олқылықтың алдағы уақытта қайталанбауын қатаң ескертіп, сырғалардың арнайы қоры жасалуын және де әр жылдың 1 наурызына дейін сырғалардың тиісті орындарға жеткізу міндетін қолданыстағы ережеге енгізуді тапсырды. Сондай-ақ, Жамбыл облысы аграршыларын мазалап отырған тағы бір түйткіл – лизингке техника беру ережесін елеп-екшеу мәселесі қызу талқыланды. Өңір өкілдерінің пікіріне сүйенсек, әр өңірдің өзіндік ерекшеліктеріне сәйкес лизингтік талаптарды Қазақстан бойынша бірыңғай қолдануға келмейді. Мәселен, бір техникаға байланысты жердің көлемі оңтүстікте солтүстікке қарағанда әлдеқайда төмен. Осыны ескеру керек. Географиялық ерекшелікке қарай мұнда көлем мен көрсеткіштерге байланысты бірқатар қиындықтар бар. Өз кезегінде, сындарлы ұсыныстарды қабылдауға әзір екендігін атап өткен Ауыл шаруашылығы министрі өз қызметкерлеріне лизингтік талаптарды әр өңірдің ерекшелігіне қарай қайта қарастыруға тапсырма берді.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан»