АТЫРАУДА ОСЫ ӨНІМНІҢ ЖАҢА БІР ТҮРІ ШЫҒАРЫЛА БАСТАДЫ
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ел экономикасына шетел инвестициясын салған тұңғыштардың бірі – «Шеврон» компаниясы. Әлемдік мұнай бизнесіндегі алыптардың бірінен саналатын халықаралық ірі компанияның қатысуымен елімізде 1993 жылы «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны құрылып, көмірсутекті шикізаттық қорымен әлемде теңдесі жоқ «Теңіз» кеніші игеріле бастады. «Шевронның» Қазақстанмен серіктестігі тек мұнымен шектелмейді. Бұл компания Қарашығанақ кенішін игеруге де, Қара теңіз жағалауына төтелей тартылған мұнай құбырының іске қосылуына да қомақты инвестиция салды. Сонымен бірге, Елбасының тапсырмасымен Атырауда полиэтилен құбырлары зауытын ашқан еді.
Елімізде бұрын дәл осындай ең сапалы әрі осы заманғы технологияның озық үлгісімен құбырлар шығаратын зауыт болған емес-ті. Атырауда 2003 жылдан бері тұрақты шығарылатын полиэтилен құбырларына тек отандық тұтынушылардан ғана емес, таяу және алыс шет мемлекеттерден де сұраныстар көптеп түсетін болды. Зауыттың бас директоры Меңдіғали Саппаевтың айтуынша, полиэтилен құбырлары қалдық өнім шығару технологиясына негізделген. Өйткені, зауыт әлемдегі ең жаңа, ең жоғары технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Зауыттың өндірістік қуаты жылына диаметрі 25 мм-ден 1200 мм-ге жететін, қалыңдығы әр түрлі, жұмыс қуаты 25 атмосфераға жететін 15 000 тонна газ және су құбырларын шығаруға мүмкіндік береді. Полиэтилен құбырларын шығаруды басқару және технологиялық үдерістерді бақылау микропроцессорлық техникамен қадағаланады. Зауыт жұмысына батыс елдерінің мұнай және мұнай-химия саласындағы компанияларда мол тәжірибе жинаған білікті мамандар тартылыпты. Ал полиэтилен құбырлары мен оған қажетті фитингілерінің ауыз су тасымалдауға жарамдылығы мен 50 жылға дейінгі мерзімге төзімділігі халықаралық стандарттарға сай екендігі АҚШ, Германия, Англия, Италия секілді елдердің лабораторияларында зерттеліп, арнайы сертификаттармен куәландырылған. Сол себептен, зауыттың әр түрлі диаметрлік полиэтилен құбырлары экспортқа да шығарылып келеді.
– Бұл зауыт – «Шеврон» компаниясының Қазақстан экономикасын әртараптандыруға бағытталған ең сәтті инвестициялық жобаларының бірі, – дейді зауыттың бас директоры Меңдіғали Саппаев. – Біздегі бірегей полиэтилен құбырлары өндірісі экспортқа шығарылатын қазақстандық тауарлардың бәсекелестік қабілетін арттыруға, сондай-ақ, ел экономикасының шикізат өндіруден тыс секторлардың үлесін көбейтуге жасалған оң қадам.
Осы зауыттың өндірістік қуаты кезең-кезеңмен кеңейтіліп, 2005 жылғы қыркүйекте экструзиялық желілер саны үштен беске дейін арттырылды. Желілердің көбеюі зауыттың өнім шығару қуаттылығын 6800 тоннадан 15 000 тоннаға жеткізді. Ал 2007 жылы зауытта фитинг шығаратын желі іске қосылды. Атырау полиэтилен құбырлары зауытында Қазақстаннан және көршілес елдерден түсетін сұранысты қанағаттандыру үшін тағы да ең төзімді құбырлардың жаңа бір түрі шығарыла бастады. Бұл – металл пластикті құбырлар. Сөз арасында қайталағандай
болсақ та, дәл мұндай құбырлар Қазақстанда алғаш рет шығарылып отыр. Бұрын елімізге мұндай құбырлар шетелден тасымалданатын. Енді төзімділігі жағынан кемі 50 жылға шыдайтын металл пластикті құбырларды шығаратын жаңа желі іске қосылды. Бұл мақсатқа «Шеврон» компаниясы шамамен 15,5 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция салыпты.
– Атырау полиэтилен құбырлары зауытын кеңейту «Шеврон» компаниясының Қазақстан экономикасын әртараптандыру және әрі қарай дамытуға қатысты ұзақ мерзімді міндеттемелерін орындауының бір мысалы. Бүгінгі таңда біздің зауыт Қазақстанда полиэтилен құбырларын өндіру бойынша табысты бизнес құру, өндірісті және еңбек қауіпсіздігін әлемдік стандарттарға сай ұйымдастыру, жергілікті жұмысшыларды оқытып, жұмыспен қамту секілді басты мақсаттарын жүзеге асырып келеді, – деді жаңа өнім шығаратын желінің іске қосылу салтанатында «Шеврон» компаниясы Еуразия бөлімшесінің басқарушы директоры Джей Джонсон. – Алайда, біз қол жеткізгендерімізбен шектеліп қалмай, кәсіпорын қуатын кеңейтуге инвестиция салып, жаңа технологиялар әкеліп жатырмыз. Соның бір дәлелі – металл пластикті құбырлар өндірісі.
Жаңа өндірістің жобалық қуаты – жылына диаметрі 12-110 миллиметрлік 2000 тонна құбыр шығаруға жетеді. Зауыт мамандарының түсіндіруінше, металл пластикті құбырлар коррозияға ұшырамайды. Бұл құбырлардың жер астындағы табиғи құбылыстарға өте төзімділігі зерттелген. Сонымен бірге, бұл зауытта енді коммуналды шаруашылыққа, яғни су, су бұру, газ тарату жүйелерінде кеңінен қолданылатын құбыр қақпақшаларын шығару да жоспарланыпты. Мұндай өнім шығаратын зауыт құрылысы биыл басталады. Зауыт құрылысына шамамен 35 миллион АҚШ доллары салынған. Мамандар Қазақстанда әзірге мұндай қақпақшалар шығаратын өндіріс жоқ екенін айтады.
Жалпы, Қазақстанда полиэтилен құбырларын шығаратын 12 зауыт болса, соның көш басында Атыраудағы зауыт тұр. Зауыт ұжымы Мемлекеттік техникалық басқару және Құрылыс жөніндегі комитеттермен бірге сумен қамтамасыз ету, газ тасымалдауға арналған полиэтилен құбырлар өндіру, оларды сынау әдістері мен қолдану бойынша 20-дан астам қазақстандық стандарттарды дайындауға бастамашы болыпты.
– Қазақстандағы жалғыз салалық зертхана тек біздің зауытта ашылған, – дейді бас директор Меңдіғали Саппаев. – Зертхана қызметкерлері шығарылған өнім түрлерінің сапасын үздіксіз бақылап, әр сатып алушыға қажетті құжаттарды дайындап береді. Біздің құбырлардың сапасының жоғарылығы арқасында еш наразылық болған емес. 2007 жылы зауыт өнімдерінің жоғары сапасы және бизнестегі үздік көрсеткіштері үшін «Еуропалық сапа» халықаралық сыйлығына ие болдық.
Қазір Атыраудағы полиэтилен құбырлары зауытында 120 қазақстандық жұмысқа тартылған. Енді олардың қатары тағы көбейді. Мұны облыс әкімінің бірінші орынбасары Болат Дәукенов орынды атап өтті. «Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында Атырауда жаңа өндірістің ашылуы алдымен, жергілікті жастардың тұрақты жұмыспен қамтылуына жол ашты. Екіншіден, полиэтилен құбырлар, оларға фитингтер секілді күнделікті тұрмыста да, өндірісте де жиі қолданылатын өнімдер өз елімізде өндірілетін болды. Жаңа технологиямен өндірілген жоғары сапалы өнімдер бағасы импорттық өнімдерден әлдеқайда арзанға шығады», деп түйіндеді ойын ол. Ал «ҚазМұнайГаз» ҰК президенті Қайыргелді Қабылдин «Металл пластикті құбырлар қазақстандық үлесті арттыру үшін таптырмайтын өнім», деген пікірімен бөлісті.
Осылайша, «Шеврон» компаниясы ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай жаңа өндірісті іске қосып, ең төзімді, ең жоғары сапалы өнім шығару үлгісінде үлкен тарту жасады.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ.
Атырау облысы.