• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
06 Қыркүйек, 2016

Әлемдік саясат сахнасындағы Орталық Азия

1006 рет
көрсетілді

АҚШ-тағы Джордж Вашингтон университеті Элиотт халықаралық қатынастар мектебіне қарасты Еуропа, Ресей және Еуразияны зерттеу институты директорының орынбасары, Орталық Азия бағдарламасының директоры Марлен ЛАРЮЭЛЬМЕН әңгіме – Марлен ханым, Ауғанстандағы әлеу­меттік, экономикалық, сая­си мәсе­лелер әлі де шешімін тап­пай келеді. Сіз­дің ойыңызша, атал­­ған мәселелердің түйі­нін тар­қату­­дағы келесі АҚШ Пре­зи­денті әкім­шілі­гінің рөлі қандай бол­мақ? Орта­лық Азияның Ауғанстан мә­­се­­­ле­­сіне қатысты үдерісі қалай өріс­тей­ді? – Менің ойымша, келесі АҚШ Прези­денті әкімшілігінің Ауған­стан­дағы жағ­дай­ға қатысты рөлі қауіпсіздік қал­қаны­ның толықтай әлсіреуіне жол бер­меу си­патын­да ғана болады. Жалпы, АҚШ-тың Орта­лық Азияға қатысты қызығушылығы соң­ғы кездері жаһандық тұрғыда төмен­дей бас­та­ды. Бұл ретте, Ауған­стан мәселесіне орай, Ва­шинг­тоннан қауіпсіздік төңірегінде қай­та жан­дану мен жаңа белсенділікті күту орын­­сыз. Алдағы уақытта да қазіргі деңгей сақ­та­­ла­­ды. Тіпті, әрі қарай төмендей беруі де мүмкін. АҚШ-тың Орталық Азиядағы мәселе­лер­ді шешуге бағытталған «С5+1» бас­та­масы негізінен дипло­ма­тиялық бел­сен­ділікке бағыттал­ғаны белгілі. Яғни, Орталық Азия мем­лекеттерінің Вашинг­тон­мен жұмыс істей алу қабілетін орнық­тырудан ғана туындап отыр. Екіншіден, «С5+1» бастамасы Ресей мен Қытайға «АҚШ-тың Орталық Азияға ықпалы бар» деген­ді көрсетуге ғана арналған. Бірақ, мұн­дай жобалардың орындалуы екіталай. Өйт­кені, ондай бастаманы дипломатиялық көз­бояу­шылықтан алшақ қарастыруға болмайды. – Кейбір сарапшылар Орталық Азия­дағы Ресей мен Қытайдың рөлін тал­қылағанда, Мәскеу мен Бейжіңнің ай­мақ­­тағы «еңбек бөлінісін» айтып жа­та­­ды. Жалпы, Ресей мен Қытайдың Ор­та­­лық Азиядағы қазіргі орны қандай? – Қазіргі таңда Ресей мен Қытайдың Орта­лық Азия мәселесіндегі қызмет күші біріккенін айтуға болады. Жалпы алғанда, Орталық Азия мәселесіндегі ықпалдастықта қос мемлекет арасын­дағы келісім сақталып келеді. Бұл ретте, Ресей Қытайды өзінің батысқа бағыт­талған тежеуші нарративі ретін­де қарастырса, Қытай Ресейді өзі­нің мүдделерін алға қарай жылжыту үшін пайдалануда. Қалыптасқан жағдай Қытай­дың Орталық Азия аймағына қатысты жаңа саяси мүдделері пайда болғанға дейін жалғаса бермекші. Егер Бейжіңнің басқа саяси мүдделері болмаса, бүгінгі жағдай ұзақ уақытқа дейін созылады, себебі, мұндай қызмет бөлінісі екі ойыншыға да ың­ғайлы. Ал Қытайдың жаңа саяси мүд­десі билікке ұлтшыл бағыттағы басшы­лар­дың келуінен кейін пайда болуы мүмкін. Қытайдың Орталық Азиядағы инвес­тициялар қауіпсіздігін қамта­ма­сыз етуде өзінің жеке жауапты сала­лары да бар. Бұл ретте, Ресей жеке өзінің мүд­десіне сәйкес келе­тін және жоғары дең­гей­дегі саяси қатер­лерді реттеуге ғана қа­тыса алады. Бас­қа деңгейдегі келіспеу­шілік­терді рет­теу Қытайдың құзыретінде қала бер­мек. Қытай­дың Орталық Азиядағы инвес­тиция­лар қауіпсіздігін сақтау мәсе­лесінде Бейжің­нің мүддесі басым болған­дық­тан, Ресей­дің бұл мәселеге араласу мүмкіндігі төмендеу. – «Қытайдың «Жібек жолы эконо­ми­ка­лы­қ белдеуі» бастамасы Орта­лық Азия­ның көлік-логис­тикалық жоба­лар арқылы инте­гра­циялануына жол ашады» деген түсі­нік бар. Сіздің ойы­ңыз­­­ша, аталған бастама Орталық Азия­­­да қан­дай басымдыққа ие болуы мүмкін? – Сіз айтқан екі сценарий бір мез­гілде жүзеге асуы да ықтимал. Көлік­тік стра­тегия бойынша Қазақ­стан ұтқандар қатарында болуы әбден мүмкін. Жобалар негі­зі­нен Қытай – Қазақстан – Ресей – Еуропа арқылы жүзеге асады. Ал Қыр­ғыз­стан, Тәжікстан және әлеуетті тұрғы­да Өзбекстан ара­сын­да Қытай көлік­тік жобалары үшін өзара бәсекелестік туындайды. Егер де Қытай – Қазақстан – Ресей – Еуропа тарапы бірінші кезекте жүзе­ге асып, дамитын болса, басқа Орт­а­лық Азия мемлекеттері ұтылуы мүмкін. Сон­дай-ақ, Қытай үшін Иран және Пар­сы шығанағы маңыздырақ екенін ескерсек, онда Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбек­стан және, мүмкін, Ауғанстан көліктік жоба­лар арасында бәсекелестік пай­да болады. Себебі, Орталық Азия мемле­кет­тері арасындағы ынты­мақ­тас­тық дәстүрі әлі де қалыптаса қойған жоқ. – Қытайдың «Жібек жолы эко­но­­микалық белдеуі» бастамасы Орталық Азия аймағына басқа да сыртқы фак­торлар назарын аудара ала ма?  – Бастама аясындағы қарым-қатынас Қытай мен басқа елдердің шек­телген техникалық және логисти­калық қызметі деңгейінде ғана бол­мақ. Ал мемлекеттер арасындағы ұзақ­мерзімді және стратегия­лық ын­ты­­мақ­тастық туралы нақты бол­жам жоқ. Өзара бәсекелестіктегі Жапо­ния, Оңтүстік Корея және Қытай тарап­тары­ның Орталық Азия мәселесіне қатыс­ты ын­ты­мақ­тастығын елестету әсте мүм­кін емес. Бұл ретте, тек қана Қытай мен Пар­сы шығанағы мем­лекеттерінің бас­та­ма аясындағы бірлескен қызметін бай­қауы­мызға болады. Ал Еуропа­лық одақ Қытай­дың «Жібек жолы экономикалық белдеуі» бастамасына техникалық мамандарды даярлау секілді білім беру бағдарламалары арқылы ынтымақтастық орната алады. – АҚШ-тың, Еуропалық одақ­тың, Жапонияның, Оңтүстік Кореяның және өзге де елдердің Орта­лық Азия мемлекеттерінің инте­грациялануына қатысты жоба­лары бар. Бұл жобалардан қандай нәтиже күтуге болады? – Cыртқы факторлардың барлығы Орталық Азия мемлекеттерінің бір­лесе қызмет атқару тетігін нығайта түсті. Се­бебі, олар үшін біріккен тұ­рақ­ты ай­­мақ­­пен қызмет атқару айтарлықтай ыңғай­­лы әрі тиімді болатыны анық. Деген­мен, Ор­та­лық Азия мемлекеттері реин­тегра­ция­­ға қарағанда, екіжақты тарап бойынша жұ­мыс істеуді әлдеқайда пайдалы деп шешті. Қазіргі таңдағы Орталық Азия мем­лекеттері арасындағы өзара байла­ныстың төмендігі саяси бәсекелес­тіктен де өзекті болып тұр. Себебі, ай­мақтағы әр мем­ле­кет ұлт­тық бағытта жеке-дара дамы­ғаны­мен, келер буын бірлескен іс-әрекеттің нәти­­жесі қан­дай болатынын іздестіруі ықти­­мал. Мұндайда, жастарды мәдени және діни факторлар біріктіре алады. Кеңес Ода­ғы ыдырағаннан кейін Орталық Азия ай­ма­ғын­дағы мемлекеттер бір-бірімен бәсе­­ке­лес­тікке ие болды, ал қазіргі таңдағы көр­сет­кіш­ке қарас­ақ, олардың экономикалық даму дең­гейі әр­қилы екеніне көз жеткіземіз. Алайда, Батыстың халықаралық ұйым­д­ары мен институттары аймақ­тық инте­грацияның дамуы қақты­ғыс­тарды шешу­де өте ықпалды күш бола алатынына сенім­мен қарайды. – Енді Орталық Азия елдерінің ішкі мәселелеріне қарай ойыссақ. Кеңес Одағы кезіндегі аймақты бірік­тіруші фактор­лар қазіргі таңда өз маңызынан айырыла бастады. Себебі, әр мемлекет өз даму жолына түсті. Бұл көршілес мемлекеттердің бір-бірінен алшақтауына әкеліп соқпай ма? – Орталық Азия мемлекеттері эконо­ми­калық, саяси, әлеуметтік қарым-қатынастары бойынша аймақ­аралық байланысқа қара­ғанда, өзге дамыған мем­лекеттермен ынты­мақтас­тықта болған­ды қалайды. Жал­пы, беделді әрі дамы­ған елдер­мен ықпалдастықта болу­дың эко­но­ми­калық сипаттан бөлек, символи­калық мәні жоғары. Болашақта ислам діні мемлекеттерді біріктіруші фак­торлардың қатарында болуы мүмкін. Ал қазіргі таңда, өкінішке қарай, елдердің бір-бірінен бөлектен­генін мойындауға тура келеді. – Орталық Азия мемлекеттері тәуел­сіздіктің ширек ғасырлық бедерінде қандай мәселелерді шешуде жетістікке қол жеткізді? Қандай жұмыстар нәтижесіз болды? – Мемлекеттер халықаралық байла­ныс­тар орнату мен брэндинг жасау тұр­ғы­сын­да айтарлықтай жақсы жұмыстар ат­қар­ды. Ұлттық мемлекет құру тарапын­да­ғы бастамалары да нәтижелі болды. Себебі, мифтендіру мен символика халық­­тан қолдау тапты. Бұдан бөлек, Тәжік­­стан­дағы азамат соғысынан басқа, Орта­лық Азия бүгінгі күнге дейін үлкен қақты­ғыс­­тарға жол берген жоқ. Оңтүстік Кав­каз мем­ле­кет­тері­мен салыстырғанда, қақ­ты­ғыс­тардың дең­­гейі қаншалықты төмен болғанын бай­қап, бағамдауға болады. Алайда, мықты қыз­мет атқаратын институттар құру мен эко­номикалық, әлеуметтік саясатты жетілдіру бойынша әлі де қарқынды жұмыстар атқару­дың қажеттілігі сезіле бастады. – Сіз Орталық Азиядағы сырт­қы көші-қон мәселелерін де зе­рт­теп жүрген маман­сыз. Экономикалық жағдайдың төмендеуі кезінде аймақ­тағы көші-қон мәселесінде қандай жаңа трендтерді байқадыңыз? – Ең басты трендтердің бірі ретін­де мыналарды айтар едім. Мәселен, Ресейдегі орталықазиялық еңбек мигранттарының (Қырғызстан, Тәжік­стан, Өзбекстан) ақша аударымдары төмендегенімен, олар­дың саны айтарлықтай көлемде азай­ған жоқ. Әрине, статистикаға назар ауда­­ратын болсақ, өткен жылмен салыс­тыр­­ған­да, еңбек мигранттарының саны 1 мил­лионға жуық кеміген, бірақ жап­пай төмен­деу қарқыны байқалмайды. Бұдан бөлек, Ресейден басқа елдерге қарай көші-қон жолдарын із­дес­тіру факті­лері кездеседі, бірақ оған мүм­кіндік­тері өте аз. Мәселен, Өзбек­стан миг­рант­тары­ның Оңтүстік Корея­ға бару үдерісі жал­ғасу­да. Тәжік­станнан Пар­сы шы­­ға­нағы мем­лекет­теріне қарай жыл­жы­­ған көші-қон толқындары пайда бола бас­тады. Орталықазиялықтарға Түр­кия­ға бару мүмкіндігі бар, алайда, бұл жер­дегі бар­лық ұсақ жұмыстарды сирия­лық бос­қын­дар иемдене бастады. Жалпы алған­да, Қыр­ғыз­стан, Тәжікстан, Өзбек­стан мем­ле­кет­­­тері­нен шығатын көші-қон қар­қы­ны тө­­мен­­­де­мейді, керісінше, жоғарылауы мүмкін. – Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі­нің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мү­ше­лігіне сайланды. Мұның Орта­лық Азия аймағының мәселелерін күн тәр­ті­бі­­не шығаруға ықпалы болуы мүмкін бе? – Қазақстанның Орталық Азия мем­ле­кет­тері арасынан БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесі­­нің тұрақты емес мүше­лікке сай­лануы­ның, әрине, аймақтық тұрғыда әсері айтарлықтай болатыны анық. Екін­ші­ден, бұл Қазақстанның сыртқы саяси имиджін көтеруге де ықпал етпек. Қазақ­стан дипломаттары үшін де жақсы тәжірибе болмақ. Себе­бі, олар БҰҰ құры­лым­дарымен тығыз қарым-қатынасқа негізделген бай­ланыс орнатуға мүмкіндік алады. Кейін жинақталған тәжірибені Қазақ­стан үшін пайдаланса, оның тиімді тұстары көп болуы әбден мүмкін. Әңгімелескен Берікбол ДУКЕЕВ, саясаттанушы, арнайы «Егемен Қазақстан» үшін АҚШ, ВАШИНГТОН