• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
06 Қыркүйек, 2016

Үш ауысымда оқыту

492 рет
көрсетілді

мәселесі облыста толық шешіліп, 1200-дей оқушы сабақты жаңартылған ғимараттарда бастады Биыл өңірде 72 803 шәкірт мектеп табалдырығын аттаса, 8 582-сі алғаш рет партаға отырып, күміс қоңырау сыңғырын естіді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері 37 білім үйінің бой көтергенін, былтыр апатты жағдайда тұрған ғимараттар жайы біржола еңсерілгенін ескерсек, оқу-ағарту саласына мемлекет, жергілікті билік тарапынан үлкен көңіл бөлініп отырғанын аңғару қиын емес. Биылғы жаңа оқу жылындағы басты жаңалықтардың біріне «Нұрлы Жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы аясында үш ауысыммен оқыту жайының түбегейлі шешім тапқанын атар едік. Бұл күнді Ғ. Мүсірепов ауда­нының тұрғындары тағатсыздана тосқан болатын. Өйткені, бұрынғы аупарткомның тар ғимаратында 400-ге жуық оқушының қысыла-қымтырыла отыруларына тура келген. Ата-аналар мұңдарын шағып, талай есіктерді жағалағанмен, өзекті проблема сағыздай созылып келген. Тек «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында айтылған 2017 жылға дейін елдегі барлық мектепті екі ауы­сыммен оқытуға көшіру туралы талаптардан кейін ғана кешенді іс-қимылдар бағдар­ламасы түзіліп, 400 орынды мектеп үйін көтеруге 1 миллиард 600 миллион теңге бөлінді. Бас мер­дігер «Альфа-Север» компаниясы өз ісін жауапкершілікпен атқарып, екі қабатты білім үйін 1,5 жылдың ішінде салып бітірді. Новоишим қазақ орта мектебінің ашылу салтанатына аймақ басшысы Ерік Сұлтанов қатысып, ұстаздар мен ата-аналарды айтулы мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерейтойы қарсаңында Елбасы тапсырмасы абыроймен орындалғанын атап өтті. Бірінші сынып оқушыларына Президент атынан «Менің Отаным – Қазақстан» кітабын, мектеп-интернатқа «Газель» автокөлігінің кілтін табыс етті. – Үш ауысымда оқу оқушы­ларға да, ұстаздарға да ауыр соқ­қан. Бүгінгі қуанышымызды айтып жеткізу қиын. Физика, химия, биология, информатика, мультимедиялық кабинеттерге соңғы үлгідегі құрал-жабдықтар орнатылған. Айыртау мен Шал ақын аудандарынан да оқушылар қатынайды. Олар 200 орынды интернатта тұратын болады, – деді журналистерге берген сұхбатында мектеп-интернаттың директоры Сәрсенгүл Сүйесінова. Бұдан бөлек асхана, акт және спорт залдары, медициналық кабинет, кітапхана, интернет-зал жұмыс істейді. Мектеп жанында стадион, монша орналасқан. Қызылжар ауданына қарасты Бәйтерек ауылы тұрғындарының да көптен күткен арманы орын­далды. Бұл елді мекенді «Орал­мандар ауылы» деп те атайды. 7 жыл бұрын отандастарды ел­ге оралту бағдарламасы шең­берінде осы жерге шеттен келген ағайындарымыз орналасып, жасыл желек жамылған ауыл пайда болды. Бүгінде мұнда 1 550-дей адам тұрса, үштен бірін 18 жасқа дейінгілер құрайды. 300-ден астам оқушының аудан орталығына қатынап оқуы еңбек десе ерінбейтін, қиын­дық­тан қаймықпайтын үл­кен­дердің қабағына кірбің ұя­лататын. Енді жүздеріне нұр ұя­лап, қуаныштарын бір-бірімен бөліскенше асық. Облыстық бюджеттен бөлінген қаражаттың есебінен жарты жылдың ішін­де салынған 300 орынды білім ордасы өз есігін айқара ашты. Осылайша 53 мұғалім, 19 тех­никалық қызметкер тұрақты жұ­мысқа орналасты. Осындағы сал­танатты шараға қатысқан Е.Сұлт­анов ұстаздар алдында білім берудің жаңа жүйесін енгізу, бәсекеге қабілетті, білімді, білікті ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұрғанын жеткізіп, мектеп ұжымына су жаңа автобустың кілтін тарту етті. – Мектептің бой көтергеніне ризашылығымызды білдіреміз. Балаларымыз енді суықта бүр­сең­деп, тоңбайтын болады. Олар­дың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. 5 не­меремнің біреуін бірінші сы­нып­қа, екіншісін дайындық тобына бердік. Қалғандары жоғары сыныптарда оқиды. Алысқа апару әбден қажытып еді, ақ түйенің қарны жарылған осындай бақытты күнге жеткенімізге сене алар емеспіз, – дейді ауыл тұрғыны Меңдібай Рахметов. 5 бала тәрбиелеп отырған Ал­магүл Партизанның шаттықтан жүзі алаулап, жанарынан от ұш­қындайды. Осында жұмысқа орна­ласқанына шүкіршілік етеді. Жолдасы да электр­мен дәне­кер­леуші қызметіне қа­был­да­ныпты. 52 мұғалімнің алтауы «Дипломмен – ауылға!» бағ­дар­ламасы бойынша орналасыпты. Со­лардың бірі Сәкен Құсайынов М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қа­зақстан мемлекеттік университетін информатика мамандығы бойынша тәмамдап, жолдаманы осында алыпты. 4 кабинетке 48 компьютер қойылған. Бөлмелер кең әрі жа­рық, дейді жас маман. 120 орынды асхананың бағасы қолжетімді. Аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасылардан шыққан 75 бала тегін тамақтанады. Мектеп құрылысына, жиһаз­дар, қондырғылар сатып алуға 825 миллион теңге жұмсалыпты. Тайыншалықтар да заманауи мектеп үйінің зарын әбден тарт­қандардың бірі. Оқушылар мен ұс­таздар көп жыл бойы еш­қандай талапқа сай келмейтін ғи­маратты паналауларына тура келген. Қанша жерден жөндеу көрді дегеннің өзінде ескінің жұрнағы анадайдан менмұндалап тұратын. Қазақша дәріс алатын шәкірттер осындай мүшкіл халде жүрсе де, үлгерімдерін тө­мен­детпеді. Қоғамдық бел­сенділіктерін жоғалтпады. Бірде жақсы жаңалық жыл құсындай сағынтып жетті. Әсіресе, мұға­лімдердің әбден зәрезап болып қалғандары соншалық, бас­тап­қыда сенбеген. Мердігер ұйым­дар мен құрылысшылар іске білек сыбанып, ылдым-жылдым кіріскенде ғана үш ауысымның азабынан құтыларына көздері жетіп, көңілдерінде үміт оты оянған. Зәулім сарай іспеттес екі қабатты білім үйі пайдалануға берілгенде қалың жұртшылық аудан орталығындағы жалғыз ұлттық шаңыраққа қарай ағылған. Ортақ қуанышты бөліскен тұрғындар балаларымыз екі ауысымда оқитын болды десіп, арқаларынан ауыр жүк түскендей жеңілденіп сала берген. Салтанатты жиынға келген облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров құрылыс жұмыстарын дер кезінде бітірген «Основание» ЖШС басшылығына алғысын арнап, жиналғандарды айтулы оқиғамен құттықтады. Жас ұрпақтың жоғары білім жетіс­тік­терімен қуантарына сенім білдіріп,  «Газель» көлігінің кілтін табыстады. Біз аудандық оқу бөлімінің басшысы Еркін Оразовты сөзге тартқанымызда ол бұрынғы мектеп үйі 100 ғана орынды болса, жаңа ғимарат 300 орынға лайық­талғанын, оқушылар саны 440 болғанын, үш бірінші сы­нып ашылғанын, 26 кабинет, 30 орынды интернат жұмыс іс­тейтінін жеткізді. 46 мұғалім өс­келең ұрпақ тәрбиесіне атсалысатын болады. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы