• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
06 Қыркүйек, 2016

Ислам Каримов және бүгінгі Өзбекстан

475 рет
көрсетілді

Биылғы қыркүйектің 2-сі күні тек Орталық Азия ғана емес, сонымен қатар әлемнің көптеген елдері жұртын еріксіз елең еткізген оқиға орын алды: Өзбекстан парламенті мен үкіметі мемлекеттің тәуелсіздік алған жылдардан бергі президенті Ислам Каримовтің алған инсульт салдарынан ми мен кейбір ағзалардың қалпына келмеуінен қайтыс болғанын хабарлады. Қаралы хабарламада республиканың сол кездерден бері «ұлы тарихи тұлғаның арқасында тәуелсіздік алғаны, даму белестерінде үлкен жетістіктерге қол жеткізгені, жас мемлекеттің жауапты да ауыр кезеңдердегі барлық қиындықтарды жеңіп шыққаны, аймақта алапат соғыстардың болып кетуінің жолы кесілгені» атап көрсетілді. Айтса айтқандай, тәуелсіз Өзбек­станның тұңғыш президенті бұл бағалар мен анықтамаларға толық лайықты тұлға болды. Бұған Ислам Каримовтің дүниеден өткені туралы қаралы хабар жеткен бойда Өзбекстан халқына және марқұмның туыстарына алғашқылардың бірі болып жеделхат жолдаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ерекше тоқталды. Мемлекет басшысы Өзбекстан Парламентінің  төрағасына арнаған көңіл айтуында өзімен 30 жылдай уақыт қанаттаса жұмыс істеген досынан айырылып қалғанына қайғыратынын айта келіп, оның елдің экономикалық әлеуетінің дамуына, халықаралық беделінің өсуіне, қоғамның әл-ауқатының артуына ықпал еткен ауқымды өзгерістердің жүзеге асырылуы Өзбекстан Респуб­ликасы тәуелсіздігінің бастауында тұрған Ислам Каримовтің есімімен байланысты екенін атап өтті. «Ол өзінің бүкіл өмірін туған халқына қалт­қысыз қызмет етуге арнады, әр­дайым Қазақстанның сенімді досы болды және біздің халықтарымыздың арасында достық пен тату көршіліктің нығая түсуіне үлкен үлес қосты», деп көрсетті Қазақстан Президенті жеделхатта. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осындай баға берген Ислам Каримов өткен сенбі күні Самарқанд қаласындағы тарихи Шахи Зинда мав­золейінің жанындағы зиратқа жер­ленді. Өзбек президентін ақырғы сапар­ға шығарып салуға Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов те қатысып қайтты. Үкімет басшысы осында сөй­леген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көңіл айтқан жеделхатын оқып берді. Сондай-ақ, осы күндері Өзбекстанның ор­наласқан геосаяси жағдайының да ор­ны бөлек екені, оның Орталық Азия мемлекеттерінде тыныштық пен бейбітшілікті сақтап қалуда атқаратын рөлі өте жоғары екені де көлденең тартылды. Мұның енді өмірден өткен Ислам Каримовтің мемлекет басшысы ретіндегі қыруар қызметімен тікелей байланысты екені де атап көрсетілді. Соның ішінде Ислам Каримов­тің билік басына өте бір қолайсыз да қиын кезде келгені тілге тиек етілді. Өзбек, орыс және тәжік тілдерін еркін меңгерген ол республика билігі басындағы лауазымын 1989 жылы Өзбекстан Компартиясы Орталық Коми­тетінің бірінші хатшылығы қыз­метінен бас­тады. 1990 жылдың көк­темінде рес­публика президенті болып сайланған Каримов 1991 жылы 31 тамызда елдің тәуелсіздігін жариялады. Күрделі кезеңде басшылыққа кел­ген тұңғыш президент республикаға радикалдық бағыттағы тұлғалар мен топтардың әсерін төмендетуге бар күшін салды. Кешегі алып Одақ құлағаннан кейін елдің экономикасы да қиын жағдайда болатын. Елде тәртіп орнату үшін Каримов қатаң шаралар қолдануға дейін барып, радикалдар­дың толқынын бас­ты. Ұлттық саясатқа айрықша ден қойылды. Соған қарамастан, білікті басшы Ресеймен қарым-қатынаста өз еліне аса бір залалды кесірі тимейтін тірліктер жасаудың орайын келтіре білді. Дегенмен тәуелсіз мем­лекет қалыптастыруда Ислам Ка­римовтің жасаған өзіндік басты бағыт­тарының бірі оның жаппай жеке­шелендіру мәселесіне өте-мөте сақ қара­ғанында болды. Соның негізінде 1994 жылы аук­цион арқылы қызмет көрсету сала­сындағы ең алғашқы бірнеше кәсіп­орын ғана жекешелендірілді. Ал ауыл шаруашылығында бұл шаралар тіпті баяу жүрді. Экономиканың стратегиялық саласы саналатын ауыр өнеркәсіп, тау-кен мен мұнай өндіру, экспорттық ауыл шаруашылығының мемлекеттің меншігінде бола тұрғаны дұрыс деп есептелді. Соның өзінде 1998 жылы елдегі ішкі жалпы өнімнің 30 пайызы жекеменшік секторда өндірілді. Кейінірек елде нарықтық қатынасқа өтудің өзбекстандық нұсқасы жүзеге асырылды. Ол саясатқа қарағанда экономиканың басымдығы, өтпелі кезеңде мемлекеттің жетекші рөлінің сақталуы, әлеуметтік барлық саланы, көп балалы отбасыларын, зейнеткерлерді, әйелдерді, студент­терді, білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларын қолдауға бағытталған әлеуметтік саясатты жүзеге асыру, заңдардың орындалуы, олардың қо­ғам­ның тыныс-тіршілігі үшін тиімді болуы, нарыққа  өту бағдарламасының кезең-кезеңмен және сатылы түрде жүзеге асырылуы секілді сипаттар арқылы қолға алынды. Қалай айтқанда да, өзбек жұрты Ислам Каримовтің басшылығымен саясатта да, экономика және әлеуметтік салаларында да өзгеге ұқсамайтын өзіндік даму жолына түсті. Әлбетте, бұлардың бәрінің түпкі нәтижелері қалай болып шығатынын уақыттың өзі көрсетеді. Ал экономистер соңғы жиырма жылдың ішінде бұл елдің ішкі жалпы өнімі 1991 жылғы 13,7 миллиардтан 2015 жылғы 66,7 млрд долларға дейін жетіп, өсімнің 5 есеге жуық өскеніне, өнеркәсіпте мақта-мата шығару, машина жасау, газ өндіру мен химия, энергетика, жол- құрылыс салаларына ерекше көңіл бөлініп отырғанына назар аударады. Қазіргі күні сарапшылар Ислам Каримовтің несімен ел есінде қалғаны туралы мәселе көтергенде, оның активіне жататын 10 түрлі жайтты батыл айтып отыр. Осы ретте оның ең бірінші де басты жетістігі есебінде оған әртүрлі этностар мен қоғамдық жіктердің, алуан қилы әлеуметтік топтардың араласуымен мидай қайнаған ортада мемлекетті сақ­тап қалуын алға тартады. Өзі билік басы­на келген уақыттан бері Каримов елде исламизм салтанат құруына жол бер­меу жолында күресіп, ақыры оны жеңіп шықты. Ол елдің тұтастығы мен қауіп­сіздігі таразы басына түскен кезде барынша батыл қимылдап, наразылық толқынын басып тастады. Оған өте қиын жағдайда экономикалық дамуға қол жеткізудің мүмкіндігі туды. Каримов елдің ұлттық мүддесі жолында барынша икемді саясат ұстана білді. Ол қай кезде де сыртқы және ішкі саясатына өте мұқият болды. Соның әсерінен мұнда өзінің ықпалын жүргізгісі келетіндер де, Ислам мемлекетін құрғысы келетіндер де өзбек лидерінің оңай шағыла салатын «жаңғақ» емес екенін тез түсінді. Қазір Өзбекстан Ресеймен сауда айналымы бойынша ТМД елдерінің ішінде 4-ші орынға шықты. Биылғы жылдың соңғы 9 айында көкөніс пен жеміс-жидекті Ресейге тасымалдауды 78,4 пайызға өсіріпті. «Газпром» мен «Өзбекмұнайгаз» 4 млрд текше метр көгілдір отынды экспорттау жөнінде өзара келісімшартқа отырды. Сонымен қатар, қуатты армия да құрып алды. Бұл елде тәуелсіздік жылдары халық саны айтарлықтай өсті. 1991 жылдың басында 19 миллион болса, қазір 31 миллионға жетті. Ислам Каримов соңында дамудың жақсы жолына ­түскен осындай ізгі мемлекет қал­дырды. Бірақ оның осы мұрасына ие болып, болашаққа алып бара алатын жаңа басшының керек екені де ақиқат. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан»