• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
08 Қыркүйек, 2016

Жасампаздық жылнамасы

360 рет
көрсетілді

1992 * 28 қарашада Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының уақытша импорттық кеден тарифі туралы» Жарлығы шықты. * 1 желтоқсанда Абай атындағы опера және балет театрын­да Ғабиден Мұстафиннің туғанына 90 жыл толуына арналған салтанатты кеш өтті. Ал «Егеменді Қазақстан» газетінің 2 желтоқсандағы нөмірінде көрнекті әдебиеттанушы, ғалым Серік Қирабаевтың «Замана жыршысы» тақырыбымен Ғ.Мұстафин туралы көлемді мақаласы жарияланды. * 2 желтоқсанда Орталық концерт залында Роза Бағланова­ның туғанына 70 жыл толуына арналған кеш ұйымдастырылды. Жиын барысында «Егеменді Қазақстан» газетінің бас редакторы, Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев «Қазіргі жер басып жүрген қазақ нәсілінің кейінгі жарты ғасыр ішінде Роза әнінсіз, Роза үнінсіз кешкен сағаты болса болар, Роза әнінсіз, Роза үнінсіз кешкен күні болған жоқ», – деп, жүрекжарды лебізін білдірді. * 4 желтоқсанда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Көп балалы от­ба­сы­ларын әлеуметтік жағынан қолдау жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы шықты. Жарлыққа сәйкес 18 жасқа дейінгі төрт және одан да көп баласы бар отбасыларға бірқатар жеңілдіктер мен артықшылықтар белгіленді. Сондай-ақ, осы күні Президент Н.Ә.Назарбаев «Мемлекеттік басқару органдары лауазымды адамдарының тәртіп, қоғамдық тәртіп және қауіпсіздік жағдайына жауапкершілігін арттыру туралы» қаулыға қол қойды. * 7 желтоқсанда Президент Нұрсұлтан Назарбаев Алматы сту­денттерімен және шығармашылық жастар өкілдерімен кездесті. Қазақ мемлекеттік экономика университетінде өткен жиында Елбасы жоғары мектепті дамытудың жаңа бағдарламасының негізгі бағытына тоқтала келіп, ең басым бағыттардың қатарында білім берудің шынайы ізгілендірілуі мен демократияландырылуын қамтамасыз етуді, экономиканың нарыққа көшуін ескере отырып, ұлттық және жалпы адамзаттық қазыналар негізінде жеке адамның өсіп-жетілуі үшін жағдай жасауды атады. * 8 желтоқсанда Алматы жоғары жалпы әскери коман­далық училищесінде Қазақстан Қарулы Күштері басшы құра­мы­ның алдында Президент Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп, әскеріміздің қалыптасуы мен дамуы проблемаларына тоқталды. * 9 желтоқсанда Парламент үйінде Жоғарғы Кеңестің ІХ сессиясы ашылды. Алғашқы күнгі кешкі мәжілісте Прези­дент, Конституциялық комиссияның Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев баяндама жасап, Конституцияның жобасын талқылауға 3 миллионнан астам адам қатысып, олар 18 мыңнан астам ұсыныстар мен ескертулер енгізгенін, оған қоса, елдің Негізгі Заңының басты-басты қағидаларын тарата айтып берді. * 11 желтоқсанда Қазақстан Республикасы мемлекеттік гимнінің мәтіні бе­кі­тіл­ді. Авторлары – Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Мол­да­ға­лиев, Жадыра Дәрібаева. Гимн мәтіні нотасымен қоса «Егеменді Қазақстан» газе­тінде 15 желтоқсан күні жарияланды. *14 желтоқсанда Ал­ма­тыда Қазақстан халық­тары­ның тұңғыш форумы өтті. «Біз бар­лығымыз қарапайым тұрғындар ғана емес, Қазақ­стан Республикасының аза­мат­тарымыз! Сондықтан адамға лайық өмір жолын таңдаған, ұрпақтар алдында жауап­кершілікті мойнына алған өз мемлекетіміз үшін мақтаныш сезіміне бөле­ніп, біртұтас отбасы сезі­мін сезінуге, қазір бүкіл дүние­жүзі білетін республика Туын, Елтаңбасын, Әнұранын ардақ­тап, құрметтеуге тиіс­піз», – деді Президент форумға жиналғандар алдында сөйлеген сөзінде. Форумда Президенттің Бейбітшілік пен рухани татулық сыйлығы алғаш рет тапсырылды. * 15 желтоқсанда Алматыдағы Республика сарайында Тәуелсіздігіміздің бір жыл­дығына арналған салтанатты жиналыс өтті. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдығы туралы баяндама жасады. Баяндаманың мәтіні «Егеменді Қазақстан» гезетінің 16 желтоқсанындағы нөміріне басылды. *16 желтоқсанда Алматы­дағы Республика алаңында Қазақста­н тәуелсіздігінің бірін­ші жылдығына арналған митингі өтті. Митингіге жи­налғандарды Президент Нұрсұлтан Назарбаев мерейлі мерекемен құттықтады. * 22 желтоқсанда Қазақ­стан Республикасы Жоғары Кеңесі Төралқасының «Қа­зақ­стан Орталық Атқару Комитеті мен КАКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің 1928 жылғы 27 тамыздағы «Бай шаруашылықтарды тәркілеу туралы», 1928 жылғы 13 қыркүйектегі «Аса ірі және жартылай феодал байларды тәркілеу мен жер аударуға қарсы әрекет жасағаны үшін қылмыстық жауаптылық туралы» және 1930 жылғы 19 ақпандағы «Жаппай ұйымдастыру аудандарында ауыл шаруашылығын социалистік жолмен қайта құруды нығайту жөніндегі және кулактар мен байларға қарсы күрес жөніндегі шаралар туралы» қаулыларын зерттеу жөніндегі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы комиссиясының қорытындылары мен ұсыныстары туралы» қаулысы жарияланды. * 26 желтоқсанда Алматыдағы республикалық Оқушылар сарайында Прези­дент шыршасы ұйымдастырылды. Сол жолы Қазақстанның түкпір-түкпірінен кел­ген 650-ге жуық бала Жаңа жылды қарсы алу қуанышын Елбасымен бірге бөлісті. Балалар үйлері мен көп балалы отбасылардың ұл-қыздары қатысатын бұл шара кейіннен дәстүрге айналды. 28 желтоқсанда Қазақстан Республикасының мемлекеттік және қоғамдық өмірінің маңызды мәселелері бойынша шешімдер қабылдау үшін ұсыныстар әзірлеу, өкіметтің өкілетті және атқарушы органдарының қызметін үйлестіру мақсатында Президент Н.Назарбаевтың консультациялық кеңесуші орган – Республика Кеңесін құру туралы Жарлығы шықты. *29 желтоқсанда Республика Ғылым академиясының жалпы жиналысының сес­сия­сы болып өтті. Ғылым академиясының президенті Өмірзақ Сұлтанғазин елдегі ғылыми-техникалық саясат тұжырымдамасының жобасы туралы баяндап берді. Осы күні Алматыда Қазақстан мен Украина үкімет делегацияларының келіссөзі аяқталды. Келіссөздің қорытындысы бойынша өте маңызды бес келісімге қол қойылды. Олардың бірі Украинаның рубль аймағынан шығуына байланысты өзара қарыз міндеттемелері мен несие талаптарын реттеуді көздейді. * 31 желтоқсанда Тәуел­сіз­дік тарихының ал­ғаш­­қы тұтас жылы аяқталды. «Егеменді Қазақстанның» 31 желтоқсан күнгі нөмірінде жарияланған редакциялық мақалаға «Әлі конституциялық тұрғыда бекіп үлгермеген тәуелсіздігіміз қаз басып, апыл-тапыл қадам жасап, тұсаукесер шағына жетті. Қазақстанды әлемнің қаншама мемлекеті танып, небір айдарынан жел ескен елдер республикамен дипломатиялық байланыс орнатуға мүдделілік танытты. Қазақ елі Біріккен Ұлттар Ұйымы секілді дүниежүзілік қоғамдастыққа мүше болып, әлемдік көптеген құрылымдарға қабылданды. Бұл – шын мәнінде ел абыройын асқақтатар оқиғалар»; «Дегенмен, 1992 жылдың тынысты тарылтып, қабырғаны қайыстырған қиындықтары да аз болған жоқ. Өндіріс құлдырап, қымбатшылық әркімнің-ақ қалтасын тақырлатты. Ал тесік қалта жандарды титықтатып-ақ тастады»; «Солай болсадағы 1992-ге артық мін тағудың еш реті жоқ. Ол өтпелі кезеңдегі өзінің тарихи міндетін атқарған жыл болды. Сол үшін де оны жылы қабақпен, барымызды базарлай отырып шығарып салған жөн көрінеді», – деген шүкіршілікке, қанағатшылдыққа бой алдыра айтылған сөздер арқау болды.