Жуырда Астанадағы «Фолиант» баспасынан журналист-жазушы Қайсар Әлімнің «Сейілмейтін мұң» атты трагедиялық хикаяты жарық көрді. Онда Қазақстанның халық әртісі Әнуар Боранбаевтың өжет өнері мен шырқаулы, шытырманды шығармашылық кезеңі алуан қырынан жарқырап ашылған.
Көрнекті театр және кино актері Әнуар 51 жас қысқа ғұмырында соңына өшпестей із қалдырып кеткен дара тұлға еді. Ол сомдаған бейнелерде әлдебір зиялылықтың нәзік сезімі жүрек қылын тербейтін. Ұлттық дәстүрдің кенішіндей ол тіл құдіретін терең сезіне білген. Рухани зердесі ұшқыр, көрермен жанын баурап алған ол әманда халқының ыстық ықыласына бөленіп жүретін. Оның театр және кино саласында жасаған образдары ұмытылмастай мұра болып қалғаны белгілі. Әлі де халқына мінсіз қызмет етіп келе жатқандай және ұрпақтар кәдесіне де қалтқысыз жарай беретініне кәміл сенімдіміз.
Тағдыр Әнуарды талай сынға салды. Бірақ ол мойымады, қайта шарболаттай шыңдала түсті. Бір аяғынан айырылса да сахнамен қоштаспай, өнер айдынында өжеттене өрге жүзді. Араға біраз уақыт салып, 1994 жылдың сәуірінде «Ана – Жер – Ананың» 30 жылдық мерекелік қойылымына шықты. Көрермендер сүйікті актерін көздеріне жас іркіп тұрып қарсы алған еді...
Әнуар өнер үшін жаралған тұлға болатын. Оның сәні театрдың ажарын ашатын. Ұлтының рухани кемелденуіне қалтқысыз қызмет еткен хас таланттың адами болмысы мен мазмұнды да абыройлы өнер жолы кейінгі ұрпаққа әдемі үлгі болып қалғанын медет тұтамыз.
Міне, автор «Сейілмейтін мұң» трагедиялық хикаятында Ә. Боранбаевтың осындай қайталанбас тағдыр, талайын шеберлікпен әрі көркем өре біліпті. Кітап былай аяқталады: «Актердің мұңы сейіліп көріп пе? Әсіресе, тумысынан талант сыбағасын еншілеген сахнагердің маңдайының бес елі соры бар, болар-болмас бағы бар, мәңгілік сейілмейтін мұңы бар... Не туса да мұңнан туады. Шыншыл ғұмыр мұңнан сүзгіленіп, еленіп, жаратылатын секілді...»
... Иә, осы тұжырымдар Әнуар ғұмырының тылсымын аша түсетіндей!
Сәбит НҰРБЕКОВ.