Әскер қатарына алынған кез келген азамат өзінің әскери борышын рота буынынан бастайды, сол жерде шынығады, қолына қару ұстап нағыз әскери болуға қалыптасады. Одан қалса, саптық дайындық, темірдей тәртіп пен жауынгерлік қызмет ротадағы ерлер ұжымы үшін бұлжымас қағидаға айналады. Ал сертке беріктік пен антқа адалдық әскери қызметтің кредосы екені сөзсіз.
Осы орайда, Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты Заречный кентінде орналасқан 7552 әскери бөлімінің 2-атқыштар батальоны 5-атқыштар ротасының жауынгерлік қызметі туралы айтсақ дейміз. Іргетасы сонау қылышынан қан тамған кешегі кеңестік кезеңде қаланған бөлімнің басты қызметі сотталғандарды айдауылдау мен түзеу мекемелерін күзету болып табылады. Осы бөлімнің 2-атқыштар батальоны 5-атқыштар ротасының сарбаздары күнделікті жауынгерлік қызмет атқарады. Өзінің бағынышындағы ротасы туралы рота командирі, аға лейтенант Ербол Юсипов: «Біздің ротада жауынгерлік қызметке денсаулығы мықты, кәсіби шыңдалған, тәжірибесі мол әскери қызметшілер мен сарбаздар түседі. Өйткені, біздің жауынгерлер түзеу мекемелерін күзету мен сотталғандарды айдауылдау бойынша жауапты қызметтер атқарады. Ротадағы сарбаздардың да рухы биік, қашан да адал қызмет атқаруға тырысады, біздің рота ұжымы үнемі тек жақсы жақтарынан ғана көрініп жүр» дейді.
5-атқыштар ротасының жеке құрамы №103 жалпы тәртіптегі түзеу мекемесін күзетеді. Жалпы алғанда, тәулік сайын жауынгерлік қызметке қарауыл бастығымен бірге 24 адам түседі. Оның ішінде қарауыл бастығының көмекшілері, кинология маманы да бар. Сондай-ақ, 18 сақшы тәулік бойы қырағы қызмет атқарады. Сақшылар қызметті ауысым бойынша орындайды. Әр ауысым арасындағы уақыт аралығы үш сағатты құрайды. Сыртқы із тексеру жолағына екі сағат сайын кинологтар қызметтік иттерімен тексеріс жасап отырады. Тағы бір айта кетерлігі, қарауыл қызметі бүгінгі заман талабына сай толық бейнебақылаумен жабдықталған. Бұл бір жағынан, қызметті мүлтіксіз орындауға жақсы мүмкіндік жасаса, екіншіден, командирлерге бақылау жүргізуге де ыңғайлы әрі тиімді.
Рота жеке құрамының қырағы қызметтерінің арқасында аталған түзеу мекемесінде тәртіп бұзушылықтар мен құқық бұзушылықтарға жол берілген емес. Өзінің қызметі жайлы қатардағы сарбаз Мұқағали Сейітқазы: «Мен Отан алдындағы азаматтық борышымды Ұлттық ұлан қатарында өткеріп жатқандығымды мақтан тұтамын. Ұлттық ұлан – тәртіп әскері, бұл жерде сарбаздар қызметтерін өткеріп, үйлеріне қайтқаннан кейін де еш уақытта құқық бұзушылыққа жол берген емес. Мұнда командирлеріміз бізге әкеміздей қарайды. Әр сақшы өзіне белгіленген аймақты қатаң бақылауға алып, 15-20 минут сайын қарауыл бастығына баяндаймыз» дейді.
Орайы келгенде, бейбіт күнде қолына қару алып қызметке аттанар сарбаздардың патриоттық намысын жани білетін өз ісінің маманы, рота командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, лейтенант Дастан Тайшыбаевтан сарбаздардың моральдық-психологиялық жай-күйі жайлы да сұрап білген едік.
– Жалпы, Ұлттық ұлан қатарында борышын атқаруға жас жігіттердің құлшыныстары өте жоғары. Оны өңірлердегі Қорғаныс істері жөніндегі мамандар да айтып жүр. Біздің ротадағы сарбаздар іріктеуден сүрінбей өткен. Бәрінің де Отанға деген патриоттық ыстық сезімдері жалындап тұр. Кез келгеніне «Әскерге не үшін келдің?» деген сұрақ қоя қалсаң, мүдірместен «Отанымды қорғау үшін келдім!» деп нық жауап береді. Бұл өз кезегінде әскерде қызмет етудің мәртебелі болып келе жатқандығын дәлелдейді. Біздің ротадағы жауынгерлердің моральдық-психологиялық жағдайлары жақсы. Сарбаздардың осы күнге дейін шағымдары болған емес. Демалыс уақыттарында ата-аналарымен хат жазысып, хабар алмасып тұрады. Мәдени-демалыс күндері рота жеке құрамы түрлі спорттық іс-шаралармен айналысады, дейді лейтенант.
Айдос БАЙШАҒЫРОВ,
Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы