Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр ӘБДІРӘСІЛҚЫЗЫМЕН әңгіме
− Айнұр Әбдірәсілқызы, таяуда ғана Қазақстанның батыс өңірлерінде қызметтік іссапарда болып қайтқаныңыздан хабардармыз. Іссапарда көрген-білгеніңізбен бөліссеңіз.
− Батыс өңіріне біздер Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының құрамында сапарладық. Ел – аман, жұрт – тыныш, дегенмен, көптің көкейінде қордаланып қалған сан сауал бар.
Сапар барысында бірнеше бағытқа бөлініп жұмыс жүргіздік. Ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелері, «Дінтану негіздері» пәнінің мұғалімдері, арнайы орта білім беру мекемелерінің оқытушылары мен студенттері, медицина және құқық саласының мамандары, жастар және әйелдер ұйымдарының өкілдері, еңбек ұжымдары, жұртшылық өкілдері, түзеу мекемесінде жазасын өтеушілер секілді бірнеше санат қамтылды.
Әр аудиторияның діни ахуалды түсіну және бағалау деңгейі әр түрлі, қызықтыратын мәселелері сан алуан, дегенмен, айқын аңғарылған екі жайт бар. Біріншісі – соңғы кезең оқиғалары дін саласына қатысты қауіптену аралас қызығушылықты күшейте түскен, соған сәйкес халықтың ақпараттану деңгейі жоғарылаған. Екіншісі – салафилікке тыйым салу мәселесі ел арасында ең қызу талқыланып, күн тәртібінен түспейтін мәселеге айналып отыр.
Ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелеріне ең жиі қойылғаны – «Дәстүрлі қазақ мұсылмандығын қалай сақтап қала аламыз?», «Туған топырағымыздағы рухани қайраткерлердің ілімі неге жан-жақты насихатталмайды?», «Дәстүрлі емес ағым өкілдерінің іс-әрекетіне заңмен шектеу қойыла ма?», «Салафилікке қашан тыйым салынады?» деген сұрақтар болды.
Жалпы жұртшылықты қашанғыдай діннің шариғи-сенімдік мәселелерінен гөрі, күнделікті өмірмен қабысып жататын қарапайым әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері көбірек қызықтыратыны көзге ұрып тұрды. Олардың қатарында ешқашан өзектілігін жоймайтын дін мен дәстүр сабақтастығына қатысты сауалдар да бар.
Шешімін таппаған мәселелердің үлкен бір бөлігі білім беру жүйесіне қатысты екені айқындалды. Бұл орайда, мектеп формасына қатысты білім беру саласындағы уәкілетті орган мен оның жергілікті мекемелерінің іс-әрекеті толық үйлесім таппай отырғаны байқалады. «Дінтану негіздері» пәні мұғалімдерінің тарапынан қойылған сауалдар да дінтанудың мазмұндық мәселелеріне емес, негізінен білім саласының ішкі мәселелеріне көбірек бағытталды.
– Әр сапардан кейін «Не істеу керек?» деген дәстүрлі сауал көкейге оралып отыратын болса керек...
– Иә, сол сауалға сан жауап жұптай келген жайымыз бар. Ең маңыздысы – салафилікке заң жолымен тыйым салу мәселесі болса, оған қатысты Елбасы тапсырмасына сәйкес қазір Ведомоствоаралық топ құрылып, осы мәселені жан-жақты зерттеп-зерделеуде. Тиісті шешім қабылданар алдында ол халықтың да, халық қалаулыларының да талқысына салынады.
Бір байқағанымыз, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ендігі жерде тек дін тақырыбымен ғана шектеу мүмкін де, міндетті де емес болып отыр. Қазір қоғам ішіне дендеп енетін, қоғамдық ойға қозғау салатын осы топтардан басқа ешбір балама тетік жоқ. Демек, осы талайлы кезеңде біздің маңдайымызға тек діннің емес, тұтас ұлт руханиятының жүгін көтеру жазылғанын мойындауымыз керек.
Сондықтан аудандық, ауылдық деңгейде де ақпараттық-түсіндіру топтарын құру ерекше маңызды болмақ. Оған бұған дейін де айтып, атқарып жүргеніміздей, ел ішіндегі есті сөз айтатын ақсақал-қарасақалдарды, беделді тұлғалар мен белсенді жастарды, қалам ұстаған қайраткерлерді көбірек тарту қажет. Басты мақсат – қоғамды қараусыз қалдырмау. Қоғам тәрбиесін қоғам мүшелерінің өз қолына берген жөн. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа бар екенін әрбір адам сезінуі тиіс.
«Пайдасыз мың кітапты оқығанша, пайдалы бір кітапты мың рет оқы» деген қанатты сөз бар. Қазір біздің қоғамға дәстүрлі қазақ мұсылмандығына, қазақ мәдениеті мен ислам дінінің терең тамырластығына қатысты ақпараттарды барынша сіңіре түсу әлі де қажет екен. Сондықтан біздің Орталық тарапынан 2014 жылы жарық көрген «Дін саласындағы өзекті мәселелерге қатысты 20 сұрақ-жауап» сериясының «Дін және дәстүр», «Дін және қоғам», «Рухани ұғымдар», «Шетін көзқарас – дінге жат» секілді шығарылымдарын жаппай көбейтіп тарату қажеттігіне көзіміз жетті. Осындай әдебиеттер жүз мыңдап таралып, әрбір отбасының төрінде тұрмайынша, дәстүрлі құндылықтарды ұлт санасында қайта жаңғырту мүмкін болмайды. Бұл кітаптардың бір ерекшелігі – сұрақ-жауап сипатында жеңіл тілмен жазылып, қызықты мазмұнға құрылғандығы. Ұстаған жерде қалып қоятын салмақсыз бүктеме емес, ұстаудан да тартынатын қалың кітап емес, жинақы шағын кітапша түрінде құрастырылған осындай еңбектер қазіргі оқырман сұранысына сай келері күмәнсіз.
Тағы бір түйгеніміз – мектеп қабырғасында балғындарды дінтану әліппесімен сусындататын «Дінтану негіздері» мұғалімдерін ақпараттандыру, оқыту, қайта даярлау, тестілеу арқылы білімін сынау шараларын одан әрі жетілдіру қажет. Білім саласына қатысты қордаланып қалған мәселелерді Білім және ғылым министрлігінің назарына салмай тағы болмайды.
Біздің бастамамызбен жоғары оқу орындарында ашылып, жұмыс жүргізіп жатқан «Қыз Жібек» клубтарын аудандық, қалалық, ауылдық деңгейлерде мектеп қабырғасынан бастап құру өскелең буын үшін теңдесі жоқ балама идея боларына сапар сайын көзіміз жетіп келеді. Радикалды ағымдарға қарсы іс-қимыл мәселесіне келгенде болары болып, бояуы сіңгендерден гөрі, аман қалған аудиториямен жұмысты жандандыру керек.
− Әңгімемізді енді көптің көкейінде жүрген сауалдардың ішіндегі ең өзектісі деп өзіңіз атап өткен салафилік ағымының іс-әрекетіне қарай ойыстырсақ. Осы орайда, қоғамдық ой-сананың қаперіне дәстүрлі емес салафилік ағымның мемлекет пен қоғамға қатері қандай деген мәселені қайта салудың реті келіп тұрғаны анық.
− Алдымен ағым идеологиясының ықпалын мемлекет, ұлт, дін ұғымдарына қатыстылығы тұрғысынан қарастырып көрелік. Ағымның мемлекет тұтастығына төндірер қаупі орасан зор. Өйткені, жоғарыда да шолып өткеніміздей, зайырлы мемлекет құндылықтарын терістеп, ислам мемлекеті идеясын орнықтыру – осы ағым өкілдерінің негізгі мақсаты.
Салафилер шариғат заңдарымен үкім шығармайтын басшыларды да, олар басқарып отырған елді де «кәпір» деп санайды. Мұндай мемлекетті билік иелерімен қоса «тағұт» деп танып, оларға қарсы жиһад (қарулы соғыс) жариялайды. Яғни, бұл ағым идеологиясы ең алдымен зайырлы мемлекетке қарсы шығуға, оны құлатуға бағытталған көзқарастарды қалыптастыруда. Салафилердің діни сенім бостандығын қамтамасыз етіп отырған зайырлы мемлекетті «дінсіз, кәпірстан» деп терістеген жалған идеясына алданып, «мұсылман еліне хижра жасадық» деген сеніммен жүздеген қазақстандық жастардың Сирияға аттанып, ДАИШ қырғынының құрбанына айналғаны белгілі.
Ұлт деген ұғымды жат санайтын салафилік идеологияға мемлекеттің тірегі болып табылатын ұлттың рухани құндылықтарын, төлтума мәдениеті мен салт-дәстүрін, тіпті, мұсылмандық тарихын да жоққа шығару тән. Салафилікті ұстанушылар қазақтың кішіпейілділік пен құрметтен туындаған ізгі дәстүрлерін «Аллаға серік қосу», «бидғат» деп негізсіз айыптап, тарихқа тағзым іспетті зиярат мәдениетін терістеуде. Қазақ даласында бұрын-соңды болып көрмеген қабір қирату секілді қасиетсіздік де салафилік ағым өкілдерінің ортасында орын алды.
Дәстүрлі қазақ мұсылмандығын жоққа шығарудағы тағы бір мақсат – ислам дінін Қазақстанға тәуелсіздіктен кейін ғана келген жаңа дін секілді көрсетіп, сол кезеңде араб елдерінен тәлім алып келген салафиліктің уағызшыларын «таза» исламды таратушылар ретінде дәріптеу болып отыр.
Өзге дін өкілдерін «кәпір» санап, аса төзімсіздік салафилік ағым өкілдеріне қазақстандық менталитетке тән мәмілегерлік (толеранттылық) мүлде жат. «Кәпірлердің мал-мүлкі мұсылмандарға халал, кез келген жағдайда тартып алуға болады» деген дәстүрлі исламға жат түсінікті ұстанатын салафилік ағымы – көпконфессиялы Қазақстан сынды мемлекет азаматтары үшін өте залалды.
− Қоғам ішінде де дәстүрлі емес ағымдар туғызған дүрбелең аз емес секілді ғой...
− Иә, бұл, ең алдымен, біртұтас мұсылман үмбетін екіге жарудан көрініс тауып отыр. Салафилік ағым өкілдері намаз оқымайтын мұсылмандардың өзін кәпірге шығарады. Иманның шаһадат кәлимасын тілмен айтып, жүрекке бекітуден тұратыны, иман мен амалдың бір еместігі туралы дәстүрлі түсінік оларға мүлдем жат.
Намаз оқымайтын ата-анасынан ұл-қызын бездіріп, оларды оқшауланған жамағаттарға тартып, отбасының күйреуіне соқтырып отырған көптеген зардапты іс-әрекеттерге де салафилікті ұстанушылар себеп болып отыр.
Неке мәселесіне жауапсыз қарайтын салафилік жамағат өкілдері арасында уақытша некені заңдастыру әбден белең алған. Ата-аналарының келісімінсіз жамағаттағы әлдебіреулердің куәлігімен неке қия салатын жұптар дәл солай ешбір жауапкершіліксіз оңай ажырасады. Ер адамның көңілі қаламаса үш рет талақ айтып ажыраса салу, отбасы және бала алдында ешқандай жауапкершілікті сезінбеу салдарынан жамағат ішінде қолдан-қолға көшіп жүретін қыз-келіншектер, кімнен туғаны белгісіз балалар көбейген. Ел ішінде мұндай келеңсіздіктер артып келеді.
Салафилік ағым өкілдері өздеріне тән намаз оқу үлгісімен еліміздегі мешіт жамағатынан ерекшеленуге тырысып, ғасырлар бойы жалғасқан діни тәжірибе сабақтастығын күйретуде. Қоғамдық орын болып табылатын мешіттердің ішкі тәртібін сақтамай, жамағаттың бірлігі мен имамдардың беделіне нұқсан келтіруде.
Исламның рухын түстеп танымаған, діннің мазмұндық қырына емес, тек формалық жағына мән беретін, сақалды, қысқа балақ пен хиджабты мұсылмандықтың тікелей көрінісі ретінде танытуға тырысатын салафилік ағымның даму атаулыны қабылдамайтын шектеулі дүниетанымы да мұсылмандар үшін аса қауіпті. Өз кезегінде «Құран аяттарын тура мағынасында ғана қабылдау керек, оны ақылмен пайымдауға болмайды» деген буквалистік көзқарасқа да сол шектелушілік себеп болған.
Осы кертартпа көзқарастың салдарынан ислам ғұламаларын, мазһабтар тағылымын мойындамау, ұлттық дәстүрлерді, мәдениет пен тарихты теріске шығару, исламдағы зайырлылық қағидаттарын, дінаралық үнқатысуды, толеранттылықты жоққа шығару, «жиһад» ұғымын бұрмалап, тек «қарулы соғыс» мағынасында түсіндіру секілді көптеген қате түсініктер қалыптасып, ғасырлар бойы негізсіз қантөгіске ұласып келді. Сол теріс түсініктер қазір қазақ топырағында жалғасып, террорлық әрекеттерге жол ашып отыр...
− Сөзіңіз аузыңызда, мұның барлығы діни сенім бостандығын өз мақсатына бұрмалап пайдалану болып табылады емес пе?
− Одан да нақтылай түссек, ағым өкілдерінің іс-әрекеті діни сенім бостандығы ұғымының шегінен шығып барады деген дұрыс. Діни сенім бостандығын қамтамасыз ету – мемлекеттің өз қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін, тұтастығын бұзуды көздейтін, ел халқын береке-бірлігінен айыратын идеялардың таралуына жол беріп қоюы деген сөз емес.
Салафилік идеологиясы зайырлы мемлекетіміздің негізгі құндылықтарына – мемлекет азаматтарының өміріне, бостандықтары мен құқықтарына, ұлттық қауіпсіздікке, ішкі тұрақтылыққа, халықтың рухани-мәдени құндылықтарына залал келтіруде. Мемлекеттің бүкіл заңнамалары оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатына жұмыс істейді. Сол заңнамалар өз мақсаттарына қайшы қауіпті құбылыстарды айқындап, шектеу қоюға мүдделі әрі міндетті.
– Демек, салафилікке тыйым салмай болмайын деп тұр ғой?
− Біз бұл мәселені талқылайтын кезеңнен өтіп кеттік. Сарапшы ретінде ой түйер болсақ, осынша зардап-залалын көріп тұрып, біздің салафилікке тыйым салмаудан басқа амалымыз қалған жоқ. Және тәуелсіз саясаты, дербес ұстанымы, ішкі-сыртқы қатынастары орныққан ел ретінде біздің бүгінде салафилікке тыйым салудан тартынуымызға ешбір негіз жоқ.
Мемлекет тұтастығына, ұлт бірлігіне сына қағып отырған дәстүрлі емес салафилік ағымына тыйым салу қажеттігін қазір бүкіл қоғам ашына көтеруде, толассыз талқылауда. Еліміздің аузы дуалы, сөзі уәлі зиялылары, айтары бар аға буын өкілдері, саясаткерлері мен сарапшылары, дінтанушылары мен имамдары бір кісідей салафилікке тыйым салу қажеттігін ашық мәлімдеп, айқын дәлелдеп отыр.
Өз кезегінде салафилік ағым өкілдері де әрекетсіз отырған жоқ. 2014 жылы «Ат-Такфир уаль-хиджра» ұйымына тыйым салынғанда өздерінің барлық теріс пиғылды идеяларын тәкфіршілікке аударған салафилер енді күмәнді көзқарас атаулыны уаххабилікке жауып, өздерін ақтап алуға тырысуда. Салафилікті уаххабиліктен бөлек ағым ретінде таныту мақсатында жасанды зерттеулер «жүргізіп», «қалыпты салафизм» деген жалған идеяны негіздеуге күш салуда. Дәстүрлі емес ағымдардың өзін айыптамай, олардың тарала бастағанына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын кінәлап, ел назарын басқа тарапқа бұруда.
Дегенмен, бұл әрекеттер мен идеялардың негізсіз екендігін дінтанушы ғалымдарымыз жан-жақты дәлелдеп отыр. Салафилік пен уаххабиліктің бастау алған негіздерінің бірлігі, «қалыпты салафилік» деген ұғымның мақсатты түрде енгізілген жасанды ұғым екендігі, өзін ақтамағандықтан әлемдік деңгейде, тіпті, араб елдерінің өзінде терістелгені, салафилік ағымдардың барлығына экстремистік шетін көзқарастардың тән екені ғылыми негізде дәйектелуде.
Салафилік – радикалды ағымдардың бастауы, экстремистік идеялардың ошағы. Бүгінге дейін Қазақстан Республикасында сот шешімімен тыйым салынған экстремистік бағыттағы 670 әдебиеттің 334-і салафилік ағым өкілдеріне тиесілі болуы – осының айқын дәлелі.
Салафилікке тыйым салу мәселесі бүгін ғана өзекті болып отырған жоқ. Жоғарыда аталған «Ат-Такфир уаль-хиджра» ұйымына тыйым салу – бір бөлігі тәкфіршілер болып табылатын салафилік ағымдарды бөлшектеп еңсерудің басы деп тануға лайық үдеріс болатын. Ал жоғарыда аталған салафилік әдебиеттердің экстремистік мазмұнда деп танылып, сот шешімімен тыйым салынуы – осы үдерістің орта бөлігі. Ендігі кезекте салафилік ағымына тұтастай тыйым салу арқылы осы үдерісті толық аяқтау қажеттігін соңғы кезде жиілей түскен лаңкестік оқиғалары күн тәртібіне қойылып отыр.
− Салафилікке тыйым салудан қандай нәтижелер күтуге болады?
− Бұл үдеріс салафилікке адасып ерген ел ішіндегі көптеген азаматтардың дұрыс сенімге қайтуына мүмкіндік береді. Отандастарымыздың салафилік идеология ықпалына түсу қарқынын азайтады, уақыт өте келе барынша бәсеңдетеді. Салафиліктің жекелеген өкілдері көзқарастарының радикалдана түсуі мүмкін екендігін де жоққа шығаруға болмайды, бірақ бұл құбылыс салафилікке тыйым салынбаған қазіргі кезеңде де жүріп жатқаны белгілі. Ағымға тыйым салынған жағдайда, керісінше, радикалдану үдерісіне ұшырайтын адамдар саны сөзсіз азаймақ.
Сыртқы саясат мәселесіне келгенде, салафиліктің зиянды салдарынан мұсылман мемлекеттерінің де зардап шегіп отырғанын, сондықтан, араб елдерінің өзінде салафилікке қатысты көзқарастардың бірыңғай жағымды еместігін ескеруіміз қажет. Барлық мұсылман мемлекеттерінің ресми діні – ислам, ал салафилік немесе уаххабилік ешбір елде ресми діни идеология ретінде бекітілмеген.
Мемлекет басшылары уаххабилікке іш тартатын Сауд Арабиясы Корольдігімен қарым-қатынас мәселесіне келсек, мемлекетаралық қатынастарда діни мәселелердің емес, экономикалық мүдделердің басты орында тұратынын назарға алған жөн. Дәстүрлі емес ағымдар зардабын бізден ертерек және тереңірек тартқан Дағыстан, Өзбекстан, Тәжікстан секілді елдерде салафилік-уаххабилікке сот шешімімен тыйым салынғанына қарамастан, бұл елдердің араб мемлекеттерімен қарым-қатынасына нұқсан келмегені белгілі.
Қорыта айтқанда, салафилікке тыйым салу Қазақстан Республикасының зайырлы тұрпатын сақтау мен дамытуға, көпконфессиялы елдегі тыныштық пен тұрақтылықты, еліміздің мұсылман азаматтары арасындағы ішкі бірлікті сақтау мен нығайтуға, Қазақстан халқының дәстүрлі құндылықтары мен төлтума мәдениетін сақтап, дамытуға, отбасылық құндылықтарды күшейтуге, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының беделін арттыруға, Қазақстан халқының бірлігі мен біртектілігі идеясын тұғырландыра түсуге жол ашады.
− Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Самат МҰСА,
«Егемен Қазақстан»